Садықова Гүлнар

Рейтинг:
 
Жаңашылдығымен жастарға  үлгі
 
Көш басындағы адам - негізінде, кез-келген істі істеуге 
дайын тұратын және қиындықтардан қорықпайтын адам.
Дейл Карнеги
 
      Өмірдегі көп мамандықтың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, мейірімділікті қажет ететін мамандық – ұстаздық. Олай дейтініміз, мұғалім, біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, «білсем, үйренсем» деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына жүктейді. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» демекші, шәкірт бойындағы ұстамдылық пен тәрбиелілік көбіне ұстазға келіп тіреледі. Бүгінде қызығы мен шыжығы қатар жүретін мамандықтың майталманы атанған жандар көп. Жауапкершілігі жоғары мамандықты таңдау ­ екінің бірінің қолынан келе бермейді. Дегенмен, Садықова Гүлнар Дингуатқызы тәуекелге бел буып, жауапкершілігі жоғары мамандықты таңдағандардың бірі.
      Негізінде, Гүлнар Дингуатқызы ұстаздықты кездейсоқ таңдамай, өзінің бала күнгі арманын жүзеге асырды. Гүлнар Дингуатқызы 1961 жылы 18 қаңтарда Атырау қаласында дүниеге келді. Туған жеріндегі мектептен білім алғаннан кейін, Алматы педагогикалық институтының «Шетел тілдері» факультетіне түсіп, 1983 жылы оқуды ойдағыдай аяқтап, ағылшын тілі пәнінің маманы болып шығады. Әрине, бұл мамандық ол кезде көпшілікке таңсық көрінетін. Мектептердің өзінде бұл пәннен арнайы білімі жоқ, тек курстан өткен мұғалімдер сабақ берді. Гүлнар Дингуатқызына ұстаздық жолды таңдауға қанат бітірген де осы мәселе еді. Бұдан Гүлнардың бойынан жаңашылдыққа жаны құмар екендігін аңғаруға болады. Институтты тәмамдағаннан кейін ол өзі білім алған оқу ордасында ұстаздық етеді. Адамның адамдық болмысы біліммен емес, іліммен қалыптасады. Г.Садықова алғаш педагогикалық еңбек жолын 1992 жылы туған жеріндегі №16 мектеп-гимназиясының ағылшын тілі мұғалімі қызметінен бастап, одан кейін басшылық жасаған білім ордаларында білім, ілім, тәрбие мәселесін қатар алып жүрді.
     Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы барысында орта білім берудің жүйелі реформалануы қоғамдық тұрғыдан үлкен маңызға ие. Білім беруді реформалауды жүзеге асырудың маңызды сипаты қазіргі уақыттағы оқыту үрдісін технологияландырудың қажеттілігінен туып отыр. Мектептерде оқу сапасын жақсартуда әр түрлі жаңа технологияларды пайдалану тәжірибеге еніп, өз деңгейінде нәтиже беруде. 
      Әрбір педагогтың білімі мен біліктілігін көтеруді мақсат тұтқан еліміз ұстаздардың білімін жетілдірсе, біз өскелең ұрпақтың білім көкжиегін кеңейтуіміз керек. Оқытудың озық технологиясын меңгеру мұғалімнің оқу-тәрбие үрдісін жүйелі ұйымдастыруына көмектеседі және оның кәсіби шеберлігіне де байланысты болады. Бұл әрбір ұстазды ойландырып, жаңаша жұмыс істеуге, жаңа ізденістерге жетелейді. Осы орайда, Жүсіпбек Аймауытов: «Сабақ беру үйреншікті жай ғана нәрсе емес, ол жаңаны жаңадан табатын өнер» - деп тұжырым жасайды. Гүлнар Дингуатқызы өз пәніне психологиялық тұрғыдан қарап, әдістемелік шеберлікпен келу керектігін түсінді.Ол ақпараттық технологиялардың ғылыми-теориялық негізін меңгеріп, өз жұмысында қолдана білді. Сол жаңа озық әдістемелік технологиялармен қаруланған, заман талабына сай оқытудың жаңа әдістерін, яғни ақпараттық-коммуникациялық технологияларды толық меңгерген педагог ретінде білім алушының сапалы білім алуына мүмкіндік жасады.
      Г.Садықова 1998-2009 жылдар аралығында Алматы қаласындағы №81 арнайы мектебінде ағылшын тілінен сабақ беріп, шәкірт жүрегіне жол таба білді. Ұстаз деген киелі мамандықтың сырын ашып, қыры мол, терең дүниеге еніп кеткелі көңілдегі арман толастамай, толқу мен қуаныш қатар орын алып, мектеп деген үлкен дарияда еркін жүзе бастаған кезі де осы кез болатын. Қазіргі кездегі білім беру жүйесінің міндеті – оқушылардың білімді үйреніп қана қоймай, алған білімін үздіксіз дамытып, оны бойына сіңіріп, тәрбиелі, әдепті, интеллектуалды болуын қамтамасыз ету. Осындай нәтижеге қол жеткізу үшін Гүлнар Дингуатқызысабақ мазмұнын, оқытудың амал-тәсілдерін түрлендірді, себебі, жаңашылдықпен сабақ өту – заман талабы. 
      - «Әр түрлі әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып өткізген сабақтар бойынша байқағаным, оқушыларды «қабілетті», «қабілетсіз» деп бөле алмайсың. Білім беру үрдісінде білім сапасын жақсарту мақсатында, «Әрбір ұстаз – білікті маман, әрбір оқушы – ойшыл тұлға» деген қағиданы ұстана отырып, оқытудың озық технологияларын пайдаландым. Себебі, біз тәрбиелеген ұрпақ өз біліміне, күшіне сенетін, алдына нақты мақсаттар қойып, оны жүзеге асыруда солқылдақтық танытпайтын болуы тиіс», - дейді Гүлнар Дингуатқызы.
      «Білім жолына түскен жан күнделікті күйбең тіршілікті ойланбауы қажет» деген екен әйгілі Әл-Фараби бабамыз. Осы бір сөз біз әңгіме етіп отырған №81 Astana English School мамандандырылған гимназиядиректоры Садықова Гүлнар Дингуатқызына арналып айтылғандай. Мамандығы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Гүлнар Дингуатқызы тумысынан тынымсыз, жаңалыққа жаны құмар жан. Өз мамандығын құлай сүйгендіктен болар, өз кәсібінің тереңіне сүңгіп, маржанын іздеп, шығармашылықпен жұмыс істеуді әдетке айналдырған.Сол еңбекқор, турашыл, талапшыл қасиеттерінің арқасында жаңадан ашылған білім ошағының нәтижелі жұмыс істеп, мұғалімдердің оқушыларға саналы тәрбие, сапалы білім беруін дұрыс жолға қоя білді. Өмірдің ағымына ілесе алатын, өзінің және елінің болашағы үшін адами жауапкершілік шешімдерді қабылдай алатын, бәсекеге қабілетті, сан қырлы, жүйрік ойлы тұлғаны қалыптастыруды басты мақсат тұтқан бұл мектеп оқушыларына білім беру негізінен ағылшын тілін оқыту бағытында жүреді.
      Садықова Гүлнар Дингуатқызы 2001 жылы №81 мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Гүлнар Дингуатқызы 2004 жылдан бастап, 12 жылдық білім беру бойынша (1-4 сыныптар) әдістемелік кеңесінің мүшесі, 2005 жылы басылымға шыққан 12 жылдық жалпы білім беру мектептеріне арналған «English-2», «English-3» оқу әдістемелік құралдар мен оқулықтардың авторы, 2005 жылы «Алматы кітап» АҚ баспасында шыққан В. Скульте «Балаларға арналған ағылшын тілі» оқулығы және 7 - сыныпқа арналған «Happy English» оқулығына қазақстандық материал енгізе отырып, аударма жасады. 2004жылы ҚР БҒМ Қызылорда облысы ҰБТ бойыншаөкілі.2006 жылы «Use of Kazakh by Almaty high school students: sociolinguistic analysis» тақырыбы бойынша Республикалық ғылыми жобаның жетекшісі.
      Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясын жүзеге асыру үшін қазіргі қоғамға шығармашыл, қабілетті, талантты, іскер мамандар қажет. Ал бүгінгі оқушы - ертең осы стратегияны жүзеге асыратын болашақ маман. Сондықтан, білім беру мазмұнын жаңарту бүгінгі заманның талабы, мемлекеттің ең маңызды стратегиясы болып табылады. Міне, осындай жұмыстардың барлығын өз дәрежесінде атқарып, біліктілігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен Г.Садықова 2005 жылдан бастап №81 арнайы мектептің директоры болып тағайындалады.
      Жаһандану заманында өз тілін, салт-дәстүрін жоғалтып алмай, жаңа ғасыр бәсекесіне түсе алатын, «өзгермелі өмірге икемді» бала оқытып тәрбиелеу - жаңартылған білім беру бағдарламасының негізгі идеясы. Мектептегі өзгерістерді басқарып жетекшілік ету үшін мектеп директорына негізі үш талап қойылады. Алғашқысы - өз ұжымында ортақ ұстаным мен құндылықтарды қалыптастыру, келесісі - мектеп көшбасшылығы мен оны басқару туралы мықты білім мен түсінік қалыптастыру және тиісті жеке қасиеттердің, әлеуметтік дағдылардың болуы мен адамдармен қарым-қатынас жасау өнерін игеру. Осындай талаптарға сай келетін кең көлемді жұмыстарды атқара білген Садықова Гүлнар өзгелерден озық бойы алда тұрды. 2009 жылы Астана қаласындағы ММ №49 орта мектеп директоры болып тағайындалса, 2011-2015 жылдар аралығында Астана қаласы ММ №67 гимназияның директоры қызметін атқарып, абырой биігінен көріне білді. 
      Жаңартылған білім беру жағдайында заманауи мектеп басшысы жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін ынтымақтастық ортада бірлескен жұмыс істейтін табысты көшбасшы болуы керек. Инновациялық басқарудың нәтижесінде ғана біз болашақтың тізгінін ұстайтын функциялық сауатты XXI ғасырдың жаңа буын өкілін тәрбиелей аламыз.
      Осыған орай Г.Садықова Канада мұғалімдері ұйымдастырған мұғалімдерге арналған Халықаралық жазғы лагерьдегі «Ауызша ағылшын тілі» атты курсына қатысып, профессорлар А. Уорд /Канада/ және С.Бич/АҚШ/» өткізген «Оқу үдерісінің әрекеттерін зерттеу» семинарына, «Ағылшын тілін зерттеудегі инновациялық технологиялар» III қалалық форумына және «Study inn» TKT бағдарламасы бойынша пәндік білімді жетілдіру, «Жаңа сөздерді және сөздікті қалай үйрету және оны еске сақтау. Оқылым дағдысын ерте жастан қалыптастыру» тақырыбындағы (Oxford University Press) курстарына қатысып, білімін жетілдірді.
      Қазіргі таңда, халықаралық қатынастардың күшеюі мен шет тілін меңгерген білікті мамандардың қажеттілігіне байланысты тек әдіскер, педагогтар мен психологтардың тарапынан ғана емес, сонымен қатар қоғамның тарапынан шет тілін ерте жастан оқытуға деген қызығушылық арта түсті. Заманауи қажеттіліктен туған №81 Astana English Schoolгимназиясының директоры болып 2015 жылдың 1 қыркүйегінде тағайындалған Г.Садықованың алдында кезек күттірмейтін талай шаруа күтіп тұрған еді.
      Гүлнар Дингуатқызы «Үш тілде білім беру: ұлттық және халықаралық тәжірибе» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда «Дарынды балалармен жұмыс жүйелерін дамыту: талдау және дамыту үрдістері» республикалық семинарларда баяндама оқып, үш тілде оқытудың жетістіктері мен ерекшеліктеріне тоқталды. Тамыз айында өткен қалалық Тамыз конференциясында көптілділікке байланысты ұйымдастырылған көрмеге үш тілділікке байланысты тәжірибені ұсынды. TKT – 1-3 модуль бойынша, KazTEA – халықаралық конференция сертификаттарына ие болды.
      Қазақстан Республикасының мемлекетаралық тілі – ағылшын тілін жаңа технологиялар арқылы оқыту ісі күннен-күнге дамып келеді. 
      Балалардың еркін сөйлеуге, өздігінен сөйлемдер құрай білуге үйрету, балалардың шығармашылық қабілетін дамыта отырып, ағылшын тілін білудің маңыздылығын түсіндіру, ана тілін құрметтеп, өзге тілді игерту арқылы адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеудің маңызы зор. Г.Садықова қазіргі уақытта КММ № 81 «Astana English School» мамандандырылған гимназиясының директоры қызметін атқара жүріп, қала мектептері арасында дарынды балаларды қолдау мен көмек көрсету бойынша игі бастамаларымен көрініп жүр. 
      Жас жеткіншектің бойындағы табиғат берген ерекше қабілетті, дарындылықты тани білу, оның одан әрі дамуына бағыт-бағдар бере білу ерекше қиын іс. Дегенмен, № 81 «Astana English School» гимназиясы ұжымы осы қиын істің күрмеуін шешіп, дарындыларды анықтап қана қоймай, олардың жетістіктерге жетуі үшін жоспарлы және жүйелі жұмыс жасап отырған білім ордасы десек, артық айтқандығымыз емес.
      Сөзіміз дәлелді болу үшін айтар болсақ,№ 81 «Astana English School»  гимназиясы Ағылшын тілі бойынша «Use of Kazakh by Almaty high school students: sociolinguistic analysis» тақырыбындағы Республикалық ғылыми жоба жүлдегерінің жетекшісі. Халықаралық «Лев» зияткерлік сайысында жүлделі І, ІІ орындарды жеңіп алса, қалалық «Достық» олимпиадасында ІІ орынды иемденді. Халықаралық «British Bulldog» зияткерлік сайысы бойынша  І, ІІ, ІІІ орындар, ғылым негіздері бойынша қалалық олимпиадада ІІІ орынды иемденсе, Джундыбаева Тимеа қалалық ағылшын тілі бойынша "MY CONTRIBUTION TO THE EXPO-2017" қалалық сайыста жүлделі 3 орынды жеңіп алды. Сонымен қатар, Республикалық «Зерде» конкурсында гимназияның 13 оқушысы жүлделі орындардан көрініп, ұстаздар мен ата-аналардың үміті мен сенімін ақтап, биік белестерді бағындырды.
      Көптілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, баланы жан-жақты дамытатын, өз қабілетін танытуына мүмкіндік беретін бүгінгі күннің ең басты талабы. Гульнар Дингуатқызы дарынды оқушылармен жұмысты жандандыру мақсатында 1-9 сыныптарда «Білім жәрмеңкесі» мектепішілік олимпиаданы ұйымдастыруға демеушілік көрсетіп және басшылық етті.
      Гимназия ұжымы қала көлемінде ұйымдастырылған көптеген іс-шараларға қатысып, жүлделі орындардан көрінген. "Жарқын өмір сүр" атты театрландырылған балалар байқауында 81 "Astana English school" гимназиясының оқушылары қатысып, "Үздік екінші пландағы кейіпкер" номинациясы бойынша Дипломмен марапатталды. "Отаным деп  шырқаймын "əн байқауында Бас жүлдені, "Шаттық -2017" жасөспірімдер мен балалар шығармашылық байқауында жүлделі ІІ орынды жеңіп алып, Күміс медалін иемденді.
      Ұлы данышпан бабамыз Абай: «Адамның адамнан айырмашылығы – оның iлiм-бiлiмiнде, ақыл мен мiнезiнде» десе, осы қасиеттерге қоса Гүлнар Дингуатқызы iскерлiгi мен өз iсiне деген аса бiр жауапкершiлiгi әр оқушы мен ата-ананың жүрегiне жол таба бiлетiндiгiмен ерекшеленедi. Білім беру саласында 40 жыл тынбай еңбек етіп, әріптестері мен шәкірттері арасында іскерлігімен, біліктігімен және адамдармен жұмыс істеу мәдениетімен ұжымның зор құрметіне бөленген жан қашан да зор құрметке лайық.
      Г.Садықованың білім беру ісіндегі ерен еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол шығармашылық қызметі мен жаңашылдығының арқасында көптеген мадақтама мен марапаттарға ие болды.Гүлнар Дингуатқызы 2013 жылы Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімінің Алғыс хатын, қалалық білім басқармасының «Кәсіби біліктілігі және білім беру жүйесіне қосқан үлесі үшін» Құрмет грамотасын, Астана қаласы «Өрлеу» БАҰО «Кәсіби біліктілігі және білім беру жүйесіне қосқан үлесі үшін» Алғыс хатын, 2014 жылы Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін,Алматы мен Астана қалаларының аудандық және қалалық білім беру бөлімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректорының Алғыс хатын, ҚР Білім және ғылым министрінің Алғыс хатын, «АРНА LTD» Республикалық ғылыми-әдістемелік журналдар редакциясының директорынан мақтау қағазын, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы директорынан Алғыс хатын иеленіп, марапатталды.Жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісінде елеулі табыстарға жеткен Г.Садықова 2017 жылдың 25 желтоқсанында «Ыбырай Алтынсарин» медалінің иегері атанды.
      Гүлнар Дингуатқызы 2016 жылы «Үш тілде білім беру: ұлттық және халықаралық тәжірибе» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция; «Дарынды балалармен жұмыс жүйелерін дамыту: талдау және дамыту үрдістері» республикалық семинар;ҚР Тәуелсіздігінің - 25 жылдығына орай өткізілген «EXPO-2017» халықаралық мамандандырылған көрме – заманауи ғылыми-техникалық жетістіктер, даму перспективалары» тақырыбындағы семинар; 2017 жылы «Жаңа сөздерді және сөздікті қалай үйрету және оны еске сақтау. Оқылым дағдысын ерте жастан қалыптастыру» тақырыбындағы әдістемелік семинар, Oxford University Press;«Білім берудің жарқын болашағына арналған құндылықтар, әл-ауқаттылық және инновация» ІХ Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысқаны үшін сертификат;«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы әзірлеген ҚР жалпы білім беру ұйымдары басшыларының біліктілігін арттырудың білім беру бағдарламасы бойынша 640 академиялық сағат көлеміндегі курсты аяқтағаны үшін куәлік;«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы әзірлеген ҚР Орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде жалпы білім беру ұйымдары басшыларының біліктілігін арттыру білім беру бағдарламасы бойынша 40 академиялық сағат көлеміндегі оқыту курсын аяқтағаны үшін сертификат; ҚР Жалпы білім беру ұйымдары басшыларының біліктілігін арттыру бағдарламасы бойынша курсты аяқтағаны үшін сертификат иегері болып, біліктілік деңгейін жетілдірді.
      Ағылшын тілі – қазақ елін әлемге танытатын, әлемдік деңгейге шығаратын тіл. Сол себепті ағылшын тілін үйренудің маңызы зор. Білім беру жүйесінде кәсіби икемділік пен ұтқырлықты, сан қырлы шығармашылық қызмет пен өзін-өзі басқару, өзін-өзі ұйымдастыру жағдайындағы біліктілікті ұштастыра білген тәжірибелі ұстаз, білікті басшы Садықова Гүлнар Дингуатқызы осындай даралық қасиеттері арқылы  ұстаздық бақытқа жеткен жан, өзі басқаратын №81 «Astana English School» мамандандырылған гимназиясы қазірдің өзінде көптеген жетістіктерге қол жеткізіп, биік белестерді бағындырып келеді. Бақыттың үлкені – өзіңді-өзің тану. Ұстаз өзін-өзі қай уақытта таниды?! Ол алдындағы шәкіртінің қияға қанат қағып, елінің азаматы болған сәтінен таниды.Ендеше, бүгінгі білім мен біліктілік бәсекесі заманында ұстаз келбетінің жаңашылдығы көрініс табады.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...