Нұрпейісов Алданыш

Рейтинг:

Ұлт болашағын тәрбиелеген

      «Алты алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын мұғалімдікі» деп алаштың педагог-ақыны Мағжан Жұмабаев айтпақшы, білім бұлағының бастауы бола білген ұстаздарға деген құрмет қашан да көрсетіле бермек. Заманның ағымы мен тіршіліктің талабына қарай, түрлі мамандықтар пайда болып, жарықтың жылдамдығынан да тез дамыған ғылымның тұлпарынан түспей, дарын мен талантты қамшы етіп келе жатқан бүгінгі таңда әр мамандықтың атқаратын қызметі, сапасы, міндетіне қарай түрліше болады. Бірақ, осы мамандықтардың ішінде, өмір шуағына жүзін нұрландырып, мектеп табалдырығын аттаған оқушының көкірек көзін ашатын, сауаттылығын арттыратын ұстаздық мамандығы. Ендеше, отыз тістен шыққан сөзің отыз рулы елге тараған, өлең жолдарында тылсым мен қасиет, тәрбие мен тағылым, тұрмыс пен адами қасиеттер менмұндалап жатқан ақын бол, тегеурінімен әлемді дірілдеткен патша бол, ән қанатындағы әуезге еріп, сахна төріне көтерілген әнші бол, басқа да сала маманы бол бәрі де осы ұстаздың алдынан өтеді. Сондықтан, бүгінгі таңда өзінің несібесін жеп, тіршіліктің арбасын сүйреп келе жатқан, жетістікке жеткен қай саланың да қызметкерлері, жұмыр жүрегіне адамдықтың дәні егілген адам баласы ұстаз алдын кесіп өте алмайды. Өйткені, кешегі алаңсыз ойын баласын – бір-бір мамандықтың иегері еткен ұстаздардың алдында бас иеді.
      Біздің де бүгінгі кейіпкеріміз, осы бір ұлағатты мамандықтың ұлт алдындағы жауапкершілігін жан-жүрегімен сезініп, қиындығы мен қызығы мол мұғалімдік шекпенін киген, көмейіндегі күміс сөздерді күмбірлетіп, қазақ әдебиетінің өр тұлғалары және олардың өнегелі де өршіл шығармаларымен оқушылардың жан-дүниесін байытып, рухани әлеуетін көтеруде өз үлесін қосып келе жатқан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі – Нұрпейісов Алданыш Нұрахметұлы болмақ. 
      Мың жыл өтсе де іргесі мызғымайтын алып ғимараттың беріктігі шын пейілмен  сапалы қаланған кірпіштерінде болатыны секілді, тәуелсіздік алып, мәңгілік ел болуға ұмтылған дарқан көңілді халықтың болашағын нұрландыратын, ертеңгі ел тізгінін ұстайтын, жалын жүректі жастарды тәрбиелеп, бойына қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық болмысын сіңіріп келе жатқан ұстаздың өнегелі өмір жолы мен тағылымды тәліміне үңіліп көрсек.  Белгілі бір білім беру мекемесінің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан, жүздеген баланың алаңсыз білім алуына жағдай жасаған, олардың білікті де білімді болуына септігі тиген ұстаз Алданыш Нұрахметұлы 1956 жылдың 7 мамырында Көкшетау облысы, Володар ауданы, (қазіргі Айыртау ауданы) Қарақамыс ауылында дүниеге келді.
      От ауызды, орақ тілді атақты Орынбай ақын, Ақан сері мен Үкілі Ыбырай сынды сал-сері, жезтаңдай әншілер сайрандап өткен өлкеде балалығын өткізген Алданыштың әкесі Нұрахмет Ұлы Отан соғысының ардагері, колхозшы, шешесі де колхозшы еді. Саялы бәйтеректің беріктігі құшақ жетпес діңінде емес, тамырында болатыны секілді, бүгінгі кейіпкеріміздің арғы аталары да тегін адам болмаған. Әділдік пен адалдықты ту еткен атасы Нұрпейістің Нұрахмет, Қапшық, Көшебе, Сәтен атты 4 баласы да Ұлы Отан соғысында қан майданға аттанған. Соғыстың сояу тырнағы қай ананың жүрегіне жара салмады десеңізші, қанды қырғын майданнан елге аман-есен Нұрахмет қана оралады. Ата жағынан Арғынның Қарауыл тармағының Көшей ата баласына жатады, Нұрпейіс Көшей атаның ауқатты, белді кісілерінің бірі болған, көршілес Көлдей атаның беделді адамы Уәли молдамен өте сыйлас болғанға ұқсайды. Өйткені, Алданыштың шешесі Уәли молданың қызы болса, ұлы шешесі Қазиза да Уәлидің қарындасы болып келеді, ол кездегі қыз бен қарындастың кіммен тұрмыс құратынын үлкендер шешкенін ескерсек, жоғарыдағыдай түйін түйгеніміз дұрыс сияқты. 
      Біраз дәулеттің иесі бола тұра Нұрпейіс қасіретті қара кәмпескенің алдында малдарын өз еркімен жұртқа таратып беріп, «бай-құлақ» атанудан аман қалған, үлкен баласынан басқаларына арнайы орта білім деңгейінде білім алуларына жағдай жасаған. Үлкен баласы Нұрахметті (кейіпкеріміздің әкесі) өзі алып, екінші баласы Қапшықты Тотыбас деген ағасына берген, үшінші баласын інісі Сыздыққа беріп, төртінші баласын, Сәтенді өзі тәрбиелесе керек. Көшей атаның Момай атты биінің баласы, оқыған, дәулетті адам бола тұра кәмпескенің қара тізіміне ілікпей, «халық жауы» атанбай 1939 жылы дүниеден озған. 1960 жылдары Алданыштың шешесі Күлбәшке (Гүлбану) жолдасы Нұрахмет қайтыс болған соң Абай, Ақбидай және Алданыш атты үш баласын алып, әкесі Уәли молдадан жесір қалған Мәриям шешесінің қолына көшіп келеді. Жас болса да өмірдің ащы-тұщысымен қатар, еңбекті де көріп өскен Алданыш жастайынан еңбекқор, елгезек, бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын жауапкершілігі мол бала болып өсті. Оқуға ынталы, кітап оқуға құмар Алданыш шағын ауыл кітапханасынан шықпай жүріп Карл Маркс атындағы сегізжылдық мектепті аяқтайды да, Көкшетау қаласындағы №3 мектепте орта білім алуды  жалғастырады. Ұстаз сөзін қағып алатын зерек, қағылез, сөзі мен ісінде адалдық байланысып жатқан досқа берік, сертке адал бола білген оқушы мектепті бітіріп шыққан соң 1975- 1977 жылдар аралығында Германиядағы кеңес әскері тобы құрамында әскери борышын өтейді. Жоғарғы білім алуға қанша құштар болғанымен Алданыш Нұрахметұлы әскерден келген соң жоғарғы оқуға түсуге ұмтылса да, сол кездегі саясаттың жетегінде болған өзі туған өңірде білім саласында қазақ тіліндегі оқу орындары жоқтың қасы еді. Сол себепті ол 1978 жылы  өзі секілді білім қуған достарымен қазақ тілінде білім беретін жоғарғы оқу орнына түсу мақсатымен Алматы қаласына келіп № 9 құрылыс басқармасына жұмысқа орналасады. Бір жағынан табыс тауып, екінші жағынан оқуға түсуге даярланып жүріп 1979 жылы С.М.Киров атындағы (қазіргі Әл-Фараби атындағы мемлекеттік университет)  университетінің  филология факультетіне сырттай бөлімге оқуға түседі.
      Ұстаздық атты ұлы мамандықты жаны сүйіп қалаған Нұрпейісов Алданыш 1980 жылы оңтүстіктің Күләш есімді аруымен көңіл қосып, өзі өскен Дәуқара ауылына, заманына сай жаңа ғимарат салынып, кешегі сегізжылдық мектептен жаңа ғана Дәуқара орта мектебі ретінде қайта құрылған мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Әрбір бала – бір әлем. Оны тәрбиелеудің өзіндік қыр-сырлары мен бойындағы бұғып жатқан талантының көзін ашып, қоғамдық жұмыстарға, өткізілген іс-шараларға қатыстыра білу – мұғалімнен  асқан нәзіктік пен шексіз мейірімді, өзі ісіне деген ерекше махаббат пен сабырлылықты, табандылықты, білімділік пен біліктілікті талап етеді. Өзі оқыған мектепті, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің беделін көтеру жолында шабыттана жұмыс істейді. Өйткені, Алматы қаласында болған екі жылында кішігірім ұлтаралық жанжалдарға араласып, ұлт тағдыры, ұлт болашағы туралы жұмысшы жастар, студенттер мен университет оқытушыларының пікірлеріне қанық болған ол өз ауылындағы қазақ тілінің екі ұдай күйіне бейжай қарай алмаған еді. 
      Сол кезде Көкшетау облысын басқарған Еркін Әуелбеков ағамыздың арқасында шаруашылығы өркендеп, кешегі бөлімшеден ірі мамандандырылған совхоз орталығына айналған ауыл мектебінде шаруашылыққа келген орыс тілді мамандардың талабымен орыс сыныптары ашылып, қазақ тілі ығыса бастаған еді. Бірде-бір басқа ұлт өкілі жоқ бола тұра ауыл мектебі мемлекет, партия ұйымдарының ықпалымен бірнеше жылда аралас мектепке айналып шыға келді. Заманауи ғимаратқа орналасқан, материалдық жағдайы жақсы, заман талабына сай пән кабинеттері бола тұра білім сапасы төмен еді. Өйткені, шала-шарпы орыс тілін білетін балаға мұғалімдер де шала-шарпы орыс тілінде сабақ жүргізетін. 1985 жылы мектеп директорының орынбасары қызметіне тағайындалғаннан кейін бірнеше жыл ішінде бүкіл жауапкершілікті өзіне ала отырып, орыс сыныптарын жапқызып тастады, бұл кезде оны жұртшылық қолдады. Себебі, осыған дейін ол білім сапасы қазақ баласының ана тілінде білім алуында екенін партия, мемлекеттік ұйымдар алдында өткір пікірталастар кезінде өзі сияқты жастармен бірлесе отырып дәлелдеп шыққан еді. Осы Дауқара орта мектебі таза қазақтілді мектеп ретінде әлі күнге дейін жұртшылыққа қызмет етіп келеді. 
      Нұрпейісов Алданыш болашақ ұрпақ тағдырына алаңдайтын ұстаз әрі басшы ретінде өз кезінің жаңашылдығын батыл енгізуде бастамашыл бола білді. Аталған мектепте мұғалімдер Шаталов, Амоношвили, Ривин сынды озық кеңес педагогтарының жаңашыл әдістерімен табысты жұмыс істеді, өзі де А.Ривиннің «ұжымдасып оқу» әдісін қолданды, әрі қазақ тілін тереңдетіп оқытатын мектеп санатына қосылды. Дауқара орта мектебі ауданда, облыста алдыңғы қатарлы мектептердің қатарынан көріне білді, танымалдыққа ие болды. Алданыш Нұрахметұлы бүкіл саналы ғұмырын осы мектепке арнады: 20 жыл қатардағы ұстаз, 10 жылында мектеп директорының орынбасары, 10 жылында мектеп директоры болып қызмет етті. 
      Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары талан-таражға түсіп, материалдық базасы тұралап, білім сапасы төмендеп кеткен мектебіне 2009 жылы директор болып тағайындалып, 2019 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін материалдық-техникалық базасы мықты, заманауи кабинеттермен жабдықталған, аудан бойынша алдыңғы қатарлы қазақ мектептерінің қатарына жеткізді. Білім мекемесінде білікті басшы, қиын кезде жол тауып, басқаларды шабыттандыра білетін көшбасшы, мектептің материалдық жағдайын шешу үшін әлеуметтік серіктес таба білген іскер адам болғандықтан 2018 жылы Айыртау ауданының өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі үшін «Айыртау ауданына 90 жыл» мерекелік медалімен, 2019 жылы Айыртау ауданының білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Айыртау ауданының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. 
      Алданыш Нұрахметұлы 2000 жылдары екі жыл фашистік концлагерде, 7 жыл Сталиндік лагерьде азап шеккен Ұлы Отан Соғысының ардагері, нағашысы Уалиев Тұрсынханның «куәлік жаңалау» деген сылтауымен айырылып қалған «Ұлы Отан Соғысының ардагері» атағын қайтарып алу жолында көп еңбек сіңірді, нағашысының кінәсі Түркістан легионында болғаны еді. Тиісті мекемелерді жағалап жүріп, қаншама архивтерге сұрау салып, нағашысының Ұлы Отан Соғысы ардагері атануына лайықты екенін дәлелдей білді. Сөйтіп, әділдіктің салтанат құруына кішкене болса да өз үлесін қосты. Зейнеткерлікке шыққанымен мемлекетіміздің ұлттық жаңғыру саясатына, Абайтану саласына арналған 15 шақты мақаласын баспасөз бетінде жариялады. Ең соңғысы «қаңтар қасіретіне» арналған «Фейк сөздерді білеміз бе?» атты мақаласы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің Қазақстан халқына арналған үшінші үндеуін қолдауға арналды. Осы уақыт ішінде кейіпкеріміз Ұлы Отан соғысында хабар-ошарсыз кеткен үш ағасын іздеуін тоқтатқан емес, үлкен ағасы Абай тынымсыз іздеуінің арқасында олардың қайда, қандай жағдайда қаза тапқанын біле алмаса да 1942 жылы Казгородок ауылында (қазіргі Сырымбет ауылы) орта мектепте мұғалім болып жүрген жерінен майданға аттанған Сәтен ағасының, «Алабұға» совхозында бухгалтер болып істеп жүрген жерінен қан майданға аттанған ортаншы ағасы Көшебенің фотоларын тапқан еді. Дұрысында, олардан майдан даласынан хат та, фотолары да сан мәрте келген еді. Тіпті ол хаттардағы өлеңдерді Күлшара апасы жатқа айтып та отыратын, ұқыптап сақталған құжаттар өрт болып, үй күйген кезде сандығымен бірге жанып кеткен еді. 2019 жылы ұзақ ізденістің арқасында үлкен ағалары Қапшықтың дерегі мен фото суретін табу мүмкін болды. 1945 жылы 16 қаңтар күні Польша республикасы, Маслув селосы маңындағы 330,6 биіктікті алу кезінде ерлікпен қаза тапқаны оны ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапаттау қағазынан белгілі болды. Қызметтік деректеріне қарағанда 1939 жылы көрші Бірлестік ауылында мұғалім болып қызмет етіп жүрген жерінен әскер қатарына алынған Қапшық ағасы Фин соғысына қатысыпты, тіпті 1941 жылы Мәскеу қаласын қорғау кезінде үш ай кіші лейтенант ағасына ротаны басқаруда сеніп тапсырылған екен. 
      Алданыштың ендігі арманы - ағасы мәңгілік жай тапқан жерге барып, басына белгі қою, рухына тағзым ету, белгісіздік тұманына тұмшаланып қалған екі ағасының тағдыры туралы деректер табу. Тұғырлы тұлғаның өсіп-өнген отбасына келер болсақ, жұбайы Күләш (Күлән) Ілесбекқызы ауылдық кітапхана меңгерушісі болып қызмет атқарып барып зейнеткерлікке шықты. Ол да тәуелсіздігіміздің алғашқы аласапыран жылдары ауыл кітапханасын сақтап қалу жолында аянбай еңбек етті. Тіпті екі жыл тегін жұмыс істеді, бірақ 7,5 мың кітап қоры бар ауыл кітапханасын мемлекет тарапынан қаржыландыруды тоқтатса да таратып жібермей сақтап қалды. Бұл ауыл кітапханасы әлі күнге ауыл тұрғындарына қызмет етіп тұр. 
      Алданыштың екі қызы, бір ұл баласы бар, үшеуі де жоғары білімді мамандар. Үлкен қызы Ардақ Нұр-Сұлтан қаласында Сәкен Сейфуллин атындағы ауыл шаруашылығы университетінің оқытушысы, экономика ғылымдарының докторы. Кіші қызы Нұр-Сұлтан қаласындағы Президенттік клиникада дәрігер, бөлім басшысы, ұлы Айқын Көкшетау қаласында Ақмола облыстық экология департаментінде бас маман, магистр атағы бар. Үшеуі де жоғарғы оқу орындарында, магистрлік дәрежелерін мемлекеттік гранттарын ұтып алып оқыды. 
      Сондай-ақ ол – Айдана, Гүлдана, Елдана атты немерелері бар бақытты ата, бір әулеттің тарихын зерттеуші, шежіреші, қажеті бар жерде ақылшы, ұрпағына ұстаз, қиындығы мен кедергілері де мол жарқын болашаққа бет алған еліне, жұртына тілекші, өмірден түйгені - жасампаздық дегеннің ұсақ-түйек жақсы істерден тұратыны, әдемі қартаю идеясын қолдаушы қарапайым жан, байырғы мұғалім. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, білім ордасының табалдырығын имене аттаған періште көңіл сәбдің қолына алғаш рет қалам ұстатып, жазуды, санауды үйреткен, одан кейін он бір жыл бойы білім нәрімен сусындатып, үлкен өмірге қанаттандырған ұстаздың еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Ұстаздың көңілі - Алатаудың басын бауырлап жатқан бұлттан да биік, ұстаздың тәлімі – ақынның жүрегінде, суретшінің қалам ұшында, әншінің ән жолдарында, күйшінің домбырасында көрініс табатын құбылыс. Ал, ұстаздың еңбегі – ғасыр өтсе де құндылығын жоймайтын тасқа қашалып жазылып қалған таңбалар секілді шәкірттерінің бойынан көре аласыз. 
Бүкіл ғұмырын қиындығы мен қызығы мол ұстаздық жұмысқа арнаған Алданыш Нұрахметұлы – бір кездері бала бабын таба білетін, оларды жарқын келешекке қажетті құзыреттілік дарытып баптай білген жақсы мұғалім, өзі басқарған ұжым мүшелерін жақсы істерге бағыттап, шабыттандыра алған білікті басшы болған тәуелсіз Қазақстан Республикасының 
азаматы.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

1 ноября 2025 08:58
Назым
Гульбану Жоламановна творит чудеса.  Она знает ключ к счастливой жизни — и щедро делится им с другими. Классная женщина...
16 октября 2025 07:21
Людмила
[hide] [/hide Евгений! Вопрос: в далёком детстве Вашем Вы были в Монголии?? 1975-1980гг. Я из Москвы, ищу своих... если...
4 октября 2025 14:45
ERLAN
Барака Аллаху фикум пусть Аллах сделает болгим в обеих мирах твой труд и старание для людей ради Аллаха...