Ибрагимов Жәнібек, Жиенбаева Ыдық

Рейтинг:

Тектілікті ту еткен отбасы

      Тасын түртсең тарихы сөйлейтін қайран қазақ даласы не көрмеді?! Ел шетіне жау тұлпарының тұяғын тигізбей, қабырғасын қақыратып сөксе де қалқанымен елін қорғап қалған батырлар, туырлығы тесік болса да түндігінен түтінін түзу ұшырған ақ жаулықты аналарымыздың ерлік істері мен қайсарлықтарын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ұлы суретшілер қаламын бояуға қанша малыса да, ұлы тұлғалардың болмыс-бітімін айқындай алмайтыны анық. Ұлы ақындардың жырына арқау болып, ақындары мен әншілерінің күміс көмейінен атқарған игі істері мен жақсылықтары әуен болып қалықтағанда, ата-анамыздың қалыпқа сыймайтын ұлы тұлғаларына бас июден амалымыз қалмайды. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, тамырлы әулетке айналып, дүйім елдің алғысына бөленіп отырған жандардың ата-анасы ғана емес, саналы ғұмырын ұстаздық жолына арнап, асуды бағындырған дарынды тұлғаларды тәрбиелеп шығарған ұлағатты мамандық иесі болған алтын жүректі жандар. Өмір теңізінде солақай саясат тағдыр қайығын теңселтсе де, адамдық қалпынан айнымай, шәкірт тәрбиелеп, сұлу сырдың өлкесінде білімді нығайтуға өзіндік үлесін қосып кеткен қалыпқа сыймайтын алып тұлғалар жайлы қалам тербемекпіз.
      Бастауын тау мұздықтары мен тұма бұлақтарынан алып, бірнеше елді елдестіріп, бірлестіріп бейбітшіліктің символы болып ағып жатқан Сырдарияның жағасындағы елдің білім саласын ілгерілетіп, болашақ ел тізгінін ұстаған талай шәкірттерді тәрбиелеп, ел қызметіне қосқан, тарихта ұстаздық ізі, өлмес істер мен жақсылықтары қалған жандардың бірі – Ибрагимов Жәнібек Қонысбекұлы мен Жиенбаева Ыдық Рүстембекқызы. Өткенін құрметтеп, болашағына сабақ ала білетін, ата сөзін арда тұтып, ана тәлімін кейінгі ұрпақтың тәрбиесіне енгізе білген ел озады. Басы бұлтпен таласқан асқаралы Алатаудың ұстаздық деп аталатын бір шыңында өздерінің есімдерін таспен жазып қалдырған ұлағатты ұстаздардың жеке өмірі туралы таратып айтсақ.
      Жәнібек Қонысбекұлы 1929 жылдың 12 сәуірінде Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, №9 Интернационал ауылдық Кеңесіне қарасты Коммунизм колхозында дүниеге келді. Тағдыр желінен қорған болған 1909 жылы Ақтоғанда дүниеге келген асқар тау әкесі Ибрагимов Қонысбек Абайділләұлы есеп саласында қызмет еткен. Үкіметтің саясаты мезгілімен көшіп, мал соңында жүрген елдің дәстүрін бұзып, бір қазаннан ас ішіп, бір жеңнен қол шығаруға шақырып жатқан кезде, білім саласына ден қойып, сауат ашуға ұмтылған әкесі 1926 жылы Орынбор қаласына білім іздеп аттанып, семинарияны бітіреді. Таным көкжиегін кеңітіп келген сауатты маман туған жерге оралып, түрлі жауапты қызметтер атқарады. Ұлы Отан соғысы басталған алғашқы жылдары облыстық әскери комиссариат бастығының орынбасары болып тағайындалып, халыққа қызмет етіп жүрген кезінде, өзі бас болып сұранып, 1943 жылы өз өтінішімен майданға аттанады. Сол бір жылдары бейбітшілік аспанын соғыс өрті торлаған жылдары, сарбаз үшін майданның қай тұсы да қауіпті еді. Ызыңдаған оқ бұйрық тыңдаған ба, осындай сұрапыл шайқастардың бірінде ауыр жараланып, әскери госпитальға түседі. Соғыс аяқталған соң елге оралып, 1950 жылға дейін Қазақстанның 30 жылдығы атындағы колхозда бас бухгалтер, одан кейінгі жылдары Сырдария МТС-да, Сырдария аудандық ауылшаруашылығы басқармасында, Жамбыл атындағы колхозда бас бухгалтер қызметін атқарады.
      СССР-дің 50 жылдығы атындағы совхозда бас бухгалтер болып, құрметті еңбек демалысына шыққан айбында майдангер 1974 жылы 26 тамызда дүниеден озды.
      Бүгінгі кейіпкеріміздің анасы Ақбибі атақты Мақат байдың қызы болған екен. Төл соңында жүрсе де төл өнерді дәріптеп, бірлік пен татулыққа, ағайынның берекелі өмір сүруіне алып келетін, дәстүрлерді ұстанған аталарымыз ізбасары болған Қонысбек атамыз үлкендердің шешімімен бесікте құда болған қызға үйленеді. Ақбибі анамыз өте сабырлы, ақылды, артық сөз айтпайтын, бөтенді жамандап, күңдегенді жақтырмайтын, өте салиқалы, бүкіл туыс-жаранға сыйлы, атына заты сай жан болған екен. Ол кісі жасы тоқсаннан асқанда да кәрілікке мойымаған. Жасы келсе де ағайынның тойынан, қазасынан қалмайтын, жан-жағын түгендеп, үйіне кісілерді шақырып қойып, келінге қазан асқызып, дастарханды жайнатып жайғызып, үйдің берекесін келтіріп отыратын жан еді. «Жақсы – жүрісімен пұл болады, жаман – жүрісімен құл болады» деп отырады екен. «Осы кемпірлер бастары қосылса келіндерін жамандайды, түсінбеймін, сонда жиналған жұрт оларға жақсы келін тауып береді ме екен» - деп өсекті ұнатпай, қынжылатын. Өзі ешуақытта ешкімді жамандамайтын, ақылын айтып, дұрыс емес жақтары болса, сол кісінің өзіне айтар ойын әзілмен жеткізетін. Аузынан дұғасы, қолынан құраны мен тәпсісі түспейтін, бес уақыт намазы мен отыз күн оразасын қаза қылмайтын Ақбибі әжеміз әулеттің бірлігін, амандығы мен берекесін тілеп, жаратқанға жатса-тұрса табынуынан танбаған анамыз 2003 жылы 20 қараша айында 94 жасында дүниеден озды.
      Алып бәйтеректің беріктігі тамырын тереңге қаншалықты жібергенінде болатыны секілді, өз заманында бақуатты адамдардың бірі болып, қолында барымен елмен бөлісіп, қиын-қыстау кезеңде қиын жылдар желкенін халықпен бірге жамылған Қонысбек Абайділләұлы мен Ақбибі анамыз екеуі Жәнібек, Гүлсім, Жәмила, Галина, Ұлықман, Гүлсана, Ербол, Айбол атты сегіз перзент сүйіп, тәрбиелеп өсіреді. Өмір көрген адамның айтар да, тәлім-тәрбиесі де бөлек болады емес пе, олар дүние – байлық емес, білім мен кітап, ағайынмен сыйласып, дос-жаран жинаған кісі болатын. Сондықтан, балаларының бәрі де жоғары білім алуына жағдай жасады, олардың барлығы еліміздің әр түкпірінде жауапты қызмет атқарды. Осындай ата-анадан өрбіген ұрпақ тамырын тереңге жіберіп, ата-анасының берген тәрбиесімен, тектілігімен, білімділігімен елдің құрметіне ие болып отыр.
      Жәнібектің балалық шағы тарих беттерінде қара дақ болып қалған, ел ішін ашаршылық дейтін бөрі кезіп жүрген, сапыран кезде өтті. Қауғасы құдық басына төңкерілмеген қазақтардың ол кездегі тіршілігі де мал еді. Көктем шыға қозысын көгендеп, бұзаулы сиырын желі басында ұстаған кез. Атасы Абайділлә Сыр өңіріне белгілі, шаңырағына ырыс пен құт қонған, қорасынан төрт түлік мал арылмаған, қиналғанды қолтығынан демеген бақуат адамдардың бірі болатын. Бірақ жұттың жалғыз келмейтіні белгілі емес пе, кәмпескелеуді сылтау етіп, малменен мерейін өсіріп, байлығын арттырып отырған қазақ ауылдарына жоғарғы жақтың бұйрығы түрпідей тиді. Осы уақытта ірі байларды Сібірге жер аударып, орта байларды мал мүлкін кәмпескеледі. Саулық қойы барын жартылай бай деп, асханасында артық ожауы мен қасығы барын ақсүйектің тұқымы деп кінәлаған асыра сілтеушілер күн өткен сайын ауыл іргесін сөге берді.
      Ресейде патша тақтан құлап, Кеңестік дәуір күшіне енген заманда Ибрагимовтер әулеті аз қиындық көрмеді. Шаш ал десе, бас алатын, «Ләппай тақсыр» аузынан түспеген жандайшаптардың кесірінен Ибрагимов әулеті де үстем тап өкілі саналып, қуғынға түскен соң Сыр бойындағы Қарақыпшақ ауылы Өзбекстанға үдере көшеді. Абайділлә да амалсыздан туған жермен қоштасып, туған-туысқандарын соңына ертіп, Өзбекстанның Ташкент төңірегіне қоныс аударуға тура келеді. Бірақ, туған жердің түтіні қашан да ыстық болады емес пе, көршілес жерде жүрсе де өз туған жерінен үнемі хабар алып, байланысын үзбепті. Кейінгі жылдары ел іші тынышталып, ауылдағы ағайындар ес жия бастағанда туған жерге қайта оралып, атажұртқа табан тірейді.
      Жәнібек Қонысбекұлы Коммунизм орта мектебін бітірген соң 1950 жылы Қызылордадағы педагогикалық институттың тарих факультетіне оқуға түседі. Әке тәлімімен бойына енген әділдік пен адалдық, ана мейірімімен сіңген ол тек білім алуға ден қойып, болашақ елге пайдасы тиер белді бір мамандықтың иесі болуды көздейді. Еңбекке жастанып өскен, алған қойған мақсатына жету жолында өзін жиі қамшылайтын Жәнбектің бұл жағынан жолы болды десек те болады. Жоғары оқу орнында оқып жүргенде мүмкіндік болған барлық оқулықты қолданып, сала бойынша білімі мен танымын кеңейтіп, өзі жан-жақты қырынан ашыла түседі. Ұстаздық ету – жауапкершілігі жоғары мамандық болумен қатар сауапты іс. Өзіңнен тәрбие алған шәкірттерің белгілі бір жетістікке жетіп, ел қуанышына бөленіп жатса, сенің де мерейің тасып, марқайып қалады емессің бе?! Осыны сана-түйсігімен түсінген ол білімді де білікті маман болып шығуы үшін аянбады, ізденді, оқыды, талпынды, тек ілгері жүріп отырды. Осылайша жас маманның алғашқы еңбек жолы Сұлутөбедегі Қазақстанның 30 жылдығы атындағы мектепте басталды. 
      Орыс ойшылы Анатолий Луначарский: «Ұстаз – бұл жас ұрпақтың бойына ғасырлар бойы жинақталған барлық асылдарды сіңіруші, ал оларды соқыр сезімдерден, жамандықтардан және жұқпалы мерездерден аулақтатушы адам» деп жазып қалдырған екен. Ал Ахмет Байтұрсынов: «Мұғалім – мектептің жаны» деп бағалаған. Міне, осыдан-ақ, ұстаз деген ұлы есім екенін талассыз аңғаруға болады. Оқушымен етене жұмыс жасау, түсінбегенін түсіндіру, мектеп бағдарламасын берілген уақытта барлық оқушының санасына жеткізіп, түйсігінде қалдыру – ұстаз үшін арқаға бататын ауыр жүктердің бірі. Бірақ, тамырында педагогтік қаны айналып жатқан, өзінің таңдаған мамандығын ерекше махаббатпен атқара алатын Жәнібек Қонысбекұлы өзінің сауаттылығымен, оқушылармен етене жұмыс жасай алуымен, бір іске жанындағыларды үйіріп алып кететін ұйымдастырушылық қабілетімен басшылықтың көзіне түсіп, абырой биігіне көтеріле білді. «Сауатсыздық жойылсын!» деген ұран жиі ауызға айтылып жүрген кезде, оқыған, көзі ашық, көкірегі ояу жас қай салада да сұранысқа ие, таптырмас маман еді. Оның үстіне өзінің де еті тірілігі бар, сауатты оқушыларды тәрбиелеп шығарсам деген ұстаным соңында барын салып еңбек етіп келе жатқан ұстазды қызмет барысында да сатылай көтере білді. 
      Білімділігімен, еңбексүйгіштігімен көзге түсіп, аудандық партия комитетіне қызметке шақырылып, бөлім меңгерушісі болып жұмыс жасайды. Бірнеше рет аудандық Кеңестің депутаты, аудандық халық сотының заседателі болып сайланады. 1962-1968 жылдары Сырдария ауданындағы №44 орта мектепте директор, 1968 жылдан 1989 жылы құрметті демалысқа шыққанға дейін Ы.Алтынсарин атындағы №147 орта мектептің директоры қызметін атқарады. Содан облыстық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шығады. «Ер дәулеті – еңбекте» деген, білікті мамандар тапшылық танытып жатқан кезде, уақытпен санаспай ұстаздық етіп, аудандық партия комитетінде қызмет жасап, ел артқан сенім үдесінен депутаттық қызметте жүріп шаға білген Жәнібек Қонысбекұлы адал атқарған еңбегі үшін алғыс алып, түрлі марапаттарға ие болды. Азаматтың ажарын кіргізіп, айбынын асқақтатқан, мерейін тасытып, мерейлі еткен жетістіктеріне көз жүгіртіп көрсек:
      ✦ 1963 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің «Құрмет грамотасы»;
      ✦ 1965 жылы Қазақ ССР саяси білімдер тарату қоғамының Грамотасы;
      ✦ 1967 жылы Жас ұрпаққа білім берудегі өлшеусіз еңбегі үшін «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен марапатталады.
      Күн болмаса айнала қап-қараңғы болар еді. Жаңбыр жаумаса жер көктемес еді. «Жер өз білігінде жақсы адамдардың арқасында айналып келеді...» деген сөзді құлағым шалған сайын саналы ғұмырын ізгілік жолына сарп етіп, жақсымын деп жар салмай, жалғыздың жанына желеу, зәруге қол ұшын берген жомарт, том кітаптың парақтарына түспесе де, кейінгі буынның, жас ұрпақтың есінде есімі жиі аталып, құрмет төріне көтеріле білген адамдарды көргенде кеудеңді ерекше бір қуаныш сезімі кернейді. Олар жасағанын істеп жар салмады, қайта қамыққан көңілге демеу болып, өзіне тапсырылған міндеттер мен жауапкершілік жүгін мойнымен көтере білді.
      Ықыласында ыстық мейірім, шапағатында шуақты нұр, азаматтық айбыны аласармаған, құм астында жатса да шірімейтін қанжардай уақыт өте келе манаураған Алатаудай ұшар шыңы биіктеп келе жатқан ұстаздық мамандығының шоқтығын биіктетіп, артына өшпес із қалдырып кеткен жандардың бірі Жәнібек Қонысбекұлының жары, ардақты ұстаз – Жиенбаева Ыдық Рүстембекқызы. 
      Саналы ғұмырын білім саласына арнаған Ыдық Рүстембекқызы Қармақшы ауданы, Ленин атындағы совхозда 1934 жылы 20 қарашада атақты Жиенбайұлы Рүстембек жыраудың отбасында дүниеге келді. Жыр мен әннің ордасы, даласының өзі әндетіп тұрған Қармақшы өңірі дүйім қазақ жұртына танымал аймақ. Атадан балаға жалғасқан жыраулар әулеті жөнінде Қазақ Совет Энциклопедиясынан бастап, кейін жарық көрген анықтамалықтарда жан-жақты мәліметтер берілген. Ыдық – қазақы болмыстың, өнер мен мәдениеттің, өсиет пен ақылдың қазықтай байланған саласы жыраулық өмірге зор үлесін қосқан Қазақтың ұлттық жыраулық өнерін дамытуға атасы Дүзбенбет жырауды, әкесі Жиенбай жырауды дәріптеуде өлшеусіз еңбек еткен Рүстембек жыраудың қызы. 
      Ыдық Рүстемқызының да балалық шағы, талай үйдің терезесін қараңғы етіп, соңғы шырағын өшірген соғыс жылдарында өтті. Майданда жеңіс пен жеңіліс итжығыс түсіп жатқан кезде, 1942-1943 жылдары Жалағаш ауданында мектеп табалдырығын аттап, 1952 жылы Ақжар ауылындағы орта мектепті бітірді. Жастайынан білімге құштар, шәкірт тәрбиелеуді жаны сүйетін ол мектепті бітірген соң, оқу ізденіп Қызылорда қаласына аттанды. Талаптыға қашан да тау да аласа болатыны секілді, өзінің біліміне деген сенімі зор, ұстаз болуға деген ынтасы ерекше талапкер, Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы пединституттың математика факультетінің студенті болып шыға келді. Бұл, тек алдыға ұмтылған жас талапкердің алдына жағылған шырақ болды. Осы білім ордасында жүріп, атақты ұстаз-ғалымдардан, әлемге әйгілі математик, академик А.Д.Таймановтан білім алған Ыдық ұстаздықтың қыр-сырымен танысып, өзі таңдаған мамандық бойына танымын тереңірек ете жүріп, оқу орнының да қоғамдық өміріне белсене араласты. Қабілетті жас, қандай орта, қандай істе де қабілетті болып қала бермек. Мектеп қабырғасын үздіктердің бірі болып бітірген Ыдық жоғарғы оқу орнында да өзін жақсы жағынан көрсете біліп, оқытушылардың үлкен сенім артқан шәкіртіне айналды.
      Жоғарғы оқу орнын бітірген соң Ыдық Рүстембекқызы 1956 жылы алғаш ұстаздық еңбек жолын Коммунизм орта мектебінде бастады. Жаспын деп жасымады, еңбекке ерте араласуы оны ерте есейткен еді. Бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын, өзіне берілген тапсырманы қандай күрделі болса да оң шешімін тауып шешіп шығатын, киын сәттерде табандылық пен сабырлылық танытып тез шешім қабылдай білетін өзгеге ұқсамайтын, өзіне тән осындай қасиеттерімен ұжымдастары арасында да, жолдастары ортасында да бедел биігіне көтеріле білді.
      Одан кейінгі ұстаздық қызметін 1958-1961 жылы Тасбөгет кентіндегі №11 орта мектебінде, 1958-1967 жылдары №44 орта мектебінде жалғастырған, математика пәнінің майталманы, талапшыл, ізденімпаз ұстаз Ыдық Рүстембекқызының тәрбиесін алған талай шәкірттері арасынан елге танымал ірі тұлға шықты. Ұстаздық қана емес, ауылдың қоғамдық өміріне де белсене араласқан кейіпкеріміз 1963 жылы 3 мартта сайланған еңбекшілер депутаттары Сырдария селолық аудандық Советіне депутат болып ел сенімін арқалап, 1967-1989 жылдарда №147 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінде математикадан сабақ беріп, 1984 жылы зейнеткерлікке шығып, 2020 жылдың 20 маусымында дүниеден озды. 
      20 жылдан астам уақыт Бесарық ауылы әйелдер кеңесінің төрайымы қоғамдық жұмысты абыроймен атқарды. Жас отбасыларға аналық ақылын айтып, жөн сілтеп, кеңес беруден әсте жалыққан емес. Ел ішінде беделді, құрметке ие болған Ыдық анамыз халықтың сүйіспеншілігімен ел анасы атанды. «Жаншуақты» әжелер ансамблінің белді мүшесі. Адал еңбек қашан да еңбек иесінің абыройын асқақтатады. Ыдық Рүстембекқызы да еңбегінің бағасы ретінде түрлі жетістіктерге қол жеткізіп, дипломдармен марапатталды. Ендеше ұстаздық деген ұлағатты есімді еншілеген жанның марапаттарына кезек берсек:
      ✦ 1969 жылы І дәрежелі «Медаль материнства» медалі;
      ✦ 1973 жылы ІІІ дәрежелі «Материнская слава» ордені;
      ✦ 1980-1981 оқу жылында облыстық, аудандық «Құрмет грамоталары»;
      ✦ 1984 жылы «Еңбек ардагері» медалі;
      ✦ 1987 жылы «Еңбек ардагері» медалі;
      ✦ 2001 жылы Сырдария аудандық білім бөлімінің Мақтау грамотасы;
      ✦ Облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың «Алғыс хаты»;
      ✦ Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен 1941-1945 жылдардағы «Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 60 жыл, 65 жыл, 70 жыл» мерекелік медальдары;
      ✦ 2003 жылы Президент Жарлығы бойынша «Күміс Алқа» иегері;
      ✦ 2011 жылы «Алтын алқа» иегері сынды марапаттары бар.
      «Ағаш тамырымен, Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, бүгінгі мақаламыздың басты кейіпкері болған Жәнібек Қонысбекұлы мен Ыдық Рүстембекқызы 8 перзент тәрбиелеп, олардан 20 немере, 18 шөбере көрді. Тұңғыштары Бегайым мектепті алтын медальмен, Қызылорда педагогикалық институтының ағылшын тілі факультетін бітіріп, Шымкенттегі іргелі оқу орнының бірінде басшылық қызметтер атқарған жоғары санатты ұстаз, қазіргі таңда құрметті еңбек демалысында.
      Қызы Күнайым Қызылорда педагогикалық институтын қызыл дипломмен бітірген жоғары санатты ұстаз. Зеренді ауданында Шағалалы орыс-қазақ мектебінде 13 жыл оқу ісінің меңгерушісі, Көкшетау қаласында орыс мектебінде қазақ тілінен сабақ беріп, зейнеткерлікке шықты. 
      Үшінші баласы Бекбол Қызылорда педагогикалық институтын бітірген, жоғары білімді мұғалім.
      Гүлайымы Алматы медициналық институтынан терапевт мамандығы бойынша білім алып, қазір Бесарық ауыл емханасының басшысы қызметін атқарып келеді. «Денсаулық Сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, «Астана қаласына 20 жыл» медалімен, «Сырдария ауданына 90 жыл» мерекелік медалімен наградталды. 
      Нұрайымы Қорқыт Ата атындағы университетінің физика-математика факультетінде Лениндік стипендиямен оқып, қызыл дипломмен бітіріп, Ресейде аспирантураны оқып, ғылым кандидаты, қазір Қорқыт Ата университетінде дәріс береді.
      Алтыншы баласы Айгүл балабақшада тәрбиеші болса, мектепті күміс медальмен бітіріп, екі жоғары оқу орнын бітірген Айбек баласы облысқа танымал қаржы қызметкері. Нұргүл – күміс медаль иегері атанған математик, колледжде сабақ береді. Ұстаздар әулетінде Болашақ бағдарламасының 4 иегері бар, олар Англияда, АҚШ, Малайзия мен Ресейде білімін жетілдіріп, Астана қаласында министрлікте, Англияда бас офисте жұмыс атқарып жатыр.
      Ұстазға ақын да, ғалым да, малшы да, хан да бас иген. Ерен еңбегін құрметтеп, ұстаз есімін үнемі ұлықтаған. Себебі, ұстаздық ету – үлкен шеберлік. К.Д.Ушинский өзінің бір сөзінде: «Мұғалім кісі сырттай қарапайым болғанымен – тарихтағы ең ұлы істің бірі» деп үлкен баға берген болатын. Қажет кезінде әртіс де, әнші де болады. Ұйымдастырушы, режиссер, биші, бағдарламашы, суретші... Бұл қасиеттердің барлығы бір ғана ұстаздың бойынан табылатыны таң қалдырады. Бір емес, бірнеше асыл қасиеттерді өз бойына арқалап жүрген аяулы ұстаздарымыздың еңбегі – баға жетпес асыл еңбек. Жер бетіндегі жақсылық атаулы аналардың үлкен жүрегімен әрленеді десек, болашақтың азаматтарын білім нәрімен сусындатып, тәрбиелеген ұлағатты ұстаздардың еңбектерін бағалап, оларға құрмет көрсету көптің парызы. Көңілі құлаған адамына дастарханның төрін, сүйген адамына құрметтің жоғарғысын көрсеткен қазақ елі сөздің асылын да елі үшін еңбек еткен перзентіне арнай білген.
      «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған...» деп кемеңгер Абай айтпақшы, білім саласында, артында өшпестей етіп із қалдырып, елімізге танымал тұлғаларды тәрбиелеп, адамгершілік пен азаматтықтың үлгісін көрсетіп кеткен Жәнібек Қонысбекұлы мен Ыдық Рүстембекқызының игі істері ұмытылмайды, келер ұрпақтың жадында. Бүкіл ғұмырын халқының білім көкжиегін кеңейтуге жұмсаған арда тұлғаларымыз өмірден өткенімен, елінің көкейінен кетпейтін өнегелі ісі қалды.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...