Сағынышқа айналған асыл бейне
Бүгінгі біздің мақаламыз саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған ардақты ұстаз – Құлымбетов Тынымқұл Құрманбайұлына арналмақ. Өшпейтұғын артына із қалдырып кеткен ардақты тұлға бүгінде ортамызда жоқ болса да, ол кісінің тәлімін көріп, тәрбиесін өнеге еткен, шәкірттері бүгінгі таңда ел қызметін өтеп жатқан әрқайсысы бір-бір саланың білікті мамандары.
![]()
Тынымқұл Құрманбайұлы 1945 жылдың 22 ақпанында Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Октябрь ауылдық округінде қызметкерлер отбасында дүниеге келді. Ата аманатын ту етіп ұстанып, адал еңбек етіп жүрген әкесі – Құлымбетов Құрманбай ұзақ жылдар бойы есепші қызметін атқарған Ұлы Отан соғысының ардагері болса, жүрегіндегі мейірім, жүзінен нұр болып тамып тұрған анасы – Жұртшыбаева Зәрухан ауылдық совет төрағасы қызметінде ұзақ жылдар бойы еңбек еткен, ел ішінде ісімен де, сөзімен де сыйлы, абыройлы болған.
Болашағын жарқын етер білім ордасының табалдырығын Тынымқұл 1950 жылы Қоғалыкөл ауылдық округіндегі мектепте аттады. Әкесі есепші, анасы да қызметкер бала Тынымқұл мектепке барғаннан-ақ өзінің алғырлығымен, зейінділігімен, қабілетімен ұстаздарының көзіне түсіп, мектеп бағдарламасын меңгеруде алдыңғы қатарлы оқушылардың сапында болып, 8-сыныптан бастап оқуын Тасбөгет кентіндегі № 11 орта мектепте жалғастырды.
Жаратқан бұйрық етсе, тастан да от шығатыны секілді, қолына қалам ұстатқан ұстаздарына деген ерекше қызығушылығы, үлгі етуінің арқасында өзі де шәкірт тәрбиелеп, мұғалімдік етуді мақсат еткен Тынымқұл білім ордасын үздіктер қатарында бітіріп шыққан соң, алға жетелейтін арманның жетегіне еріп, Сырдарияның құлай аққан суымен тербеліп жатқан облыс орталығы Қызылорда қаласына аттанды. Өзіне деген сенімділігі басым, білімі де жоғары талапкер осылайша 1962 жылы талай қырандардың қанатын қолдан ұшырған іргелі білім ордасы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түседі.
Расында, мұғалім дегенде көз алдымызға жан-жақты білімді, педагогикалық қызметіне адал, мінез-құлқы, жеке мәдениеті, іскерлігі, ұйымдастырушылық қабілеті, мейірімділік пен жанашырлық қасиеттері, шығармашылық еңбегі мен жаңашылдық ізденістері айшықталып тұрған ұлт зиялысы келетіні сөзсіз. Сондықтан да болар оларды барлығы ардақтайды, құрметтейді, әрі-беріден соң барша адамзат баласы басын иеді. Ұрпақтың ертеңі үшін, жарқын болашағы жолында ұстаздыққа бет бұрған Тынымқұл Құрманбайұлы жоғарғы оқу орнының ішкі, қоғамдық, спорттық және мәдени өміріне белсене араласумен қатар, өзі таңдаған саланың білікті маманы болып шығу жолында аянып қалмады. Ізденді, оқыды, еңбектенді.
![]()
Шығамын деген талаптыға тау биік болып па, өзінің алғырлығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен, сертке адал, досына ашық жомарт қолымен ортасының құрметіне бөленген Тынымқұл Құрманбайұлы 1966 жылы іргелі оқу орнынан «Математика» пәнінің мұғалімі болып шықты. Осы жылы алдынан күтіп тұрған әскерге аттанып, азаматтық борышын өтеп келді. Қайраттылық пен қайсарлық жүзінен менмұндалап тұрған жастың білім беру саласындағы алғашқы еңбек жолы 1967 жылы өзі түлеп ұшқан №11 мектепте математика пәні мұғалімі болудан басталды.
Одан кейінгі ұстаздық қызметі Айдарлы совхозына №139 орта мектебіне жолдамамен жалғасса, 1970-1971 оқу жылынан бастап мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды, бір жылдан кейін мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалып, 1995 жылға дейін абыроймен атқарды. Ұстаздық еткен жылдары еңбегі бағаланып, түрлі марапаттарға ие болды. Өзінің жоғары білімі мен біліктілігін көрсете білген Құлымбетов Тынымқұл 1978 жылы 5 мамырда Қазақ ССР оқу министрлігінің «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен наградталды. 1997 жылы математика пәні мұғалімдеріне арналған республикалық «Алтын кілт» байқауының аудандық кезеңінен 1 орын иегері атанды. Бірнеше рет облыстық, республикалық олимпиадаларға әділқазы алқасы болып, алтын белгі иегерлерінің жұмыстарын тексерген.
![]()
Дарынды адам барлық қырынан да өнерлі болып келетіні рас. Соның дәлелі ретінде Тынымқұл Құлымбетов баянда ойнап, домбыра тартатын. Бұл өнері балаларына да дарып, ұл-қыздары да өнерден құр алақан емес, ән айтады. Ал немерелері атасы сияқты шашканы да, шахматты да жақсы ойнайды. Мінезі біртоға, өте адал, шыншыл Тынымқұл ұстаз бірнеше жерге қызметке шақырылды. Бірақ та, еңбек жолын бастаған мектепте абыройлы қызмет етіп, осы жерде зейнет жасына дейін жұмыс жасады. Есепке жүйрік Тынымқұл ұстаз қаншама адаммен өз тәжірибесімен бөлісіп, түрлі қиын есептердің майын ішіп, жілігін шаққан. Алдынан өткен, білім алған шәкірттерінің көпшілігі қазіргі таңда беделді қызметте, басшылық орында отырған жандар. Саналы өмірінің 42 жылын шәкірт тәрбиелеу ісіне арнады.
Құлымбетов Тынымқұл ұстаз ретінде талай бұлақтың көзін ашып, арнасын кеңейткен тәжірибелі маман еді. Тек шәкірт тәрбиелеп қана қойған жоқ, талай жас маманға бағыт-бағдар берді. Адамгершілігі жоғары, иманжүзді, сабы
![]()
рлы да орнықты мінезімен, парасаттылығымен, кәсіби іскерлігімен дараланып тұратын ұлағатты ұстаз артынан өшпес із қалдырды.
- «Осы еңбек жолында жары Башенова Жолдыбикенің де қосқан үлесі зор. Бірге қызметтес бола жүріп, үнемі қолдау жасай білді. Отбасында алты бала тәрбиелеп, оның төртеуі мұғалімдік жолды таңдады. Алғашында райком комсомолында жұмыс жасаған Башенова Жолдыбике жұбайымен екеуі бір мектепте бірге абыройлы қызмет атқарып, зейнетке шыққан.Алғаш ауылдық комсомол комитетінде Сейілбек Шаухаманов, Алмагүл Божановалармен бірге қызмет атқарған. Осы кездердегі қызметі жөнінде С.Шаухаманов өз өмірі жайлы естелік кітабында Жолдыбике анамыздың есімін ерекше атап өткен болатын. Балаларының барлығы да жоғарғы оқу орнын бітірген, қазіргі таңда өз ісінің білімді мамандары. Ұл-қыздарын шыншылдыққа, адалдыққа, біреудің ала жібін аттамауға тәрбиеледі. Қазіргі таңда үлкен қызы Құлымбетова Сауле Қызылорда қаласындағы № 264 мектеп-лицейінде жоғары санатты орыс тілі мен әдебиеті пән мұғалімі. Екінші ұлы Сахаббадин 28 жасында сырқаттанып өмірден өткен болатын. Одан кейінгі қызы Баян бірнеше жыл балабақшаның меңгерушісі болған. Медицина колледжінде тәрбиеші, негізгі мамандығы бастауыш пәнінің мұғалімі. Ал қызы Жанат 12 жыл бойы мектепте жұмыс жасағаннан кейін, «Mary Кay» компаниясында директор лауазымында. Одан кейін шаңырақта отырған ұлы Жандос медицина саласында қызметте. Келіншегі Нұргүл бастауыш пәнінің мұғалімі. Ең кіші қыз Лаззат Қызылорда қаласындағы Білім-инновация лицейінде география пәні мұғалімі. Барлығы да ұлағатты ұстаздық жолда бірнеше марапаттар мен алғыс хаттарды иеленіп жүрген зиялы қауым өкілдерінің ұрпақтары. Артында қалған ұл-қыздарынан16 немере сүйіп, ұрпақ өрбіткен.
Зейнетке шыққаннан кейін де сүйікті ісі – есеп шығаруды тоқтатпады. Үнемі бөлмесінде есеп шығару немесе кітап оқу үстінде көретінбіз. Кітап оқуды жаны сүйетін. Өзі жинақтаған кітаптардың біразын екі қайтара оқып шыққан болатын. Шахмат ойнағанда алдына жан салмайтын. Бұл ойынға балаларын, немерелерін де баули білді. Зейнетке шыққан соң сүйікті істерінің бірі сөзжұмбақ шешу болды. Сөзжұмбақ газетінің жаңа саны әкеміз үшін керемет сыйлық болатын. Сонымен қатар, керемет бірін-бірі қайталамайтын баталар жаттауды әдетке айналдырды. Анамыз бата жазылған кітап сыйлаған болатын. Өте балажан еді, немерелерінің әрқайсысын ерекше еркелете білді. Жас кезінде керемет ән салатын. Баян, домбыра аспаптарында ойнағанды жаны сүйетін. Кейін баласының қазасы ауыр тиіп бұл өнерлері өткен шақтың еншісінде қала берді. Айдарлы ауылындағы №139 орта мектебінің ардагер-ұстазы, математика пәні мұғалімдерінің майталманы Құлымбетов Тынымқұл 2020 жылдың 1 ақпанында 74 жасында дүниеден озды», - дейді еңбегі ел есінде қалса да, перзент жүрегінде асыл бейнесі сағынышқа айналған ұстазын сағына еске алған перзенті.
![]()
Білім күші құдіретті. Ол бар жерде үздіксіз даму үрдісінде жүреді. Сондықтан да біз білімнің қаншалықты маңызды екеніне көз жеткіземіз. Ұстаздардың әсерлі үнімен, асықпай мәнерлеп сөйлеген сөзінен әрбір оқушыға деген қамқорлықтың, аналық, әкелік сезімнің, дана ойдың ыстық лебі есіп тұрғандай көрінеді. Әрбір шәкірттің жан-дүниесін түсініп ренжітпей, қателігін сездіре білу де шеберлік. Бауыржан Момышұлы: «Ұстаздық ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді... Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз», - деген екен. Расында бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам ол – мұғалім. Ендеше өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаздардың жөні де, жолы да бөлек. Жауапкершілікті талап ететін осы қызмет жолында бар білімі мен тәжірибесін аямай, адал қызмет етіп, шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстазға айналған Тынымқұл Құрманбайұлының асыл бейнесі, тәлім алған шәкірттерінің жүрегінде ақтық демі біткенше сақталып, жасаған істері ел қызметіне жарай бермек.
![]()