Қарауылтегі Тәуірбек, Диханбаева Жадыра

Рейтинг:

Білікті бапкер, әділ төреші

      Спорт – өлмейтін, жоғалмайтын, адамзатпен бірге өмір сүретін сала. Осы спорт саласында жетістікке жетіп, олимп төрін бағындырғандар қазақ елінің туын көкке көтеріп, әнұранын әлемдік деңгейде шырқатуы – қазақ елінің абыройын асқақтатқандығы. Көп жағдайда спортшы айтылады да, оны қандай қиыншылықпен, тынымсыз еңбекпен ел мерейі үшін дайындап апарған бапкерлері тасада қалады. Жеңіске жеткен әрбір спортшының артында бапкердің ащы тері, аяусыз еңбегі, біліктілігі мен тәжірибесі жатыр. Сондықтан да, бапкерлер де спортшылар сияқты құрметке лайық. Жасампаз жанның істерін атқарып, бапкерлік еткен, тұғыр биігіне көтеріп, жеңіске жетелей білген – Қарауылтегі Тәуірбек Әбітайұлын ерен еңбегіне куәгер болып отырған халық ешқашан ұмытпайды. Қайта, бедел биігіне шығарып, сыйластық танытып, құрмет бесігіне бөлеп келеді.
      Міне, осындай спорт әлемінің серкесі атанып, ел намысы сынға түскен әлемдік ареналарда қазақ халқының мерейін үстем етіп, көк туымызды аспандата желбіретіп жүрген талантты спортшыларды дайындап, қанаттандырып, аламанға түсетін тайбурылдай баптаған бапкер Тәуірбек Әбітайұлы 1957 жылдың 22 қыркүйегінде Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Мырзатай ауылдық округіне қарасты Дихан-2 ауылында дүниеге келді. Балалығын топырағына құт дарыған берекелі өңірде өткізген Тәуірбек мектепті бітірген соң 1979 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының «Инженер-гидротехник» мамандығы бойынша оқуға түсті. Ауылшарушылығына байланысты мамандықтардың беделі өсіп тұрған сонау жылдары қолынан іс келетін жас таңдаған саласы бойынша еңбек етіп, ауыл өміріне біте қайнасып кетті. Бірақ, әр адамның өзінің қабілет-қарымына қарай берілетін мүмкіндіктері мен ерекшеліктері болатыны секілді, кішкентайынан спортқа жақын болып өскен Тәуірбектің белді мамандықта қызмет етіп жүрсе де, спортқа аңсары ауып тұрды.
      Шапшаң қимылды жас 1990-1995 жылдары Жамбыл педагогикалық институтында «Дене тәрбиесі және спорт факультетін» бітіріп шығады. Тоқырау дейтін асау жүгенді үзіп, ел ішінде жұмыссыздық жайлап, аласапыран болып жатқан кезде, алдында кездескен қиыншылықтарға қарамай, Жамбыл облысы, Жамбыл ауданындағы Спорт мектебіне жаттықтырушы болып орналасады. Жас болса талай істерде бас бола білген, оның үстіне кішкентайынан ұстаз алдын көріп, жаттықтырушысынан тәжірибе жинақтаған жас біліктілігін сала жұмыс істеп, өзін жақсы қырынан көрсете біліп осы қызметте жүріп сатылай өсті. Талапты жасқа тау да биік емес, білікті маманға қай жерде де орын бар. Осы бүгінгі құрмет төріне көтере білген еңбек жолының жалғасы 1985-1997 жылдар аралығында жаттықтырушы, оқу-жаттығу ісінің меңгерушісі, осы спорт мектебінің директоры қызметіне дейін көтерілген Тәуірбек Әбітайұлы спорт саласының тереңіне, адал еңбекпен сүңгіп кетті. Одан арғы қызметінде 1997-2002 жылдары Жамбыл облысы, Тараз қалалық олимпиада жеткіншектерін даярлайтын және ұлттық спорт түрлерінің кешенді спорт мектебінің директоры, 2002-2012 жылдары №2 облыстық мамандандырылған олимпиада жеткіншектерін даярлайтын балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры қызметінде болып, 2013 жылдан бері Халықаралық Қазақ Күрес Федерациясының жарыстарды өткізу және бақылау бөлімінде жетекшілік етіп келеді.
      Әр еңбектің атқарылуына, маңыздылығына байланысты өз жетістіктері мен халық тарапынан берілген бағалары болады. Осы уақыт аралығында өз ісінің білікті маманы және ұжымды басқару мен ұйымдастырудағы қабілеттілігімен таныла білген Тәуірбек Әбітайұлы да өзінің оқып білгенін шәкірттеріне үйретіп келеді. Өзі басқарған мектептің оқу-жаттығу жұмыстарын жоғарғы деңгейде және сапалы ұйымдастыруына байланысты мектептің түлектері көптеген Әлем, Азия чемпионаттарына, Азия және Олимпиада ойындарына қатысып, көптеген жүлделер мен жеңімпаз спортшыларды даярлай білді.
      Шәкірт пен бапкер ретінде ғана сыйласпай етене қарым-қатынаста болып, жас спортшыларды қайрап, қайсарландырып, қайраттандырып, рух беріп, жеңіске жетуге ұмтылдырып келеді. Нәтижесі де жоқ емес, дарындары мен шеберліктерінің арқасында көптеген шәкірттері Қазақстан Республикасының спорт шебері мен спорт шеберлігіне үміткер болды. Бапкерге шәкірт жетістігінен артық не керек. Кейіпкерімізді мерейлендірген де осы шәкірттерінің жетістігі болатын. Бір марқайып қалсын деген ниетпен бапкердің үкілі үмітін ақтап қазақ елін бүкіл әлемге танытқан талантты спортшылардың есімін атап өтуді жөн көрдік.
      Елімізге белгілі олимпиада чемпионы, Баркер кубогының иегері, атақты боксшымыз Бақтияр Артаев және олимпиаданың күміс және қола жүлдегері, қазақ жастарынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы, дзюдо күресінің майталманы Елдос Сметов те осы мектептің түлектері. Ал Тәуірбек Әбітайұлы жаттықтырушылық қызметте жүргенде жеке оқушылары Сапарғалиев Ғалымжан самбо күресінен Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы, Азия чемпионы, Әлем кубогының жүлдегері, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Екінші шәкірті Мұхаммедқалиев Руслан самбо күресінен Қазақстан Республикасының чемпионы, Әлем кубогының жүлдегері, қазақ күресінен Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы, Азия чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының чемпиондары ағайынды Дәмір, Әмір Хабибуллаевтар мен басқа да көптеген Қазақстан Республикасының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындаған бапкер. 
      Жанамын деген жүрекке от берген спорттық мектебінде жүріп Тәуірбек Әбітайұлы шапқанда шашасына шаң жұқтырмайтын жүйріктер дайындап шығарып, талшыбықтай болып табалдырық аттаған жас спортшыларды емендей етіп қатайтып, татами төрінде табандылық көрсететін қайратты да қайсар, жеңіске деген үміт оты ешқашан сөнбейтін спортшыларды даярлап шығарды. Мектепке басшылық ету жылдарында мектептің 126 спортшысы «Қазақстан Республикасының спорт шебері», 35 спортшысы «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері», 2 спортшысы «Қазақстанның еңбегі сіңген спорт шебері» атағына ие болды.
      Әсіресе, осы ұлттық қазақ күресінің халықаралық деңгейде Азия, Әлем чемпионаттары мен біріншіліктерінің өтуіне сонау 2004 жылы Германия мемлекетінің астанасы Берлин қаласында өткен дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының құрылтайы сеп болды. Сол құрылтайға Қазақстан делегациясымен бірге барған ұлттық спорт түрінің мамандары ретінде, дүниежүзі қазақтарының алдында Ұлттық Қазақ күресі туралы баяндама жасалып, дүниежүзі қазақтарының қолдауымен тұңғыш рет дүниежүзілік Қазақ Күрес Федерациясы құрылды. Осыған үлкен еңбегі сіңген азаматтарымыз: Серік Тукеев, Бауыржан Жаналин, Марат Жахитов, Диханбай Биткозев, Алмас Мусабеков сынды ардақты азаматтарымыздың қатарында Тәуірбек Әбітайұлы да бар еді. Бұл күн біздің ұлтымыздың қазақ күресі үшін тарихи күн болып тіркелді. 
      Шәкірттерін жеңіске ұмтылдыра білген Тәуірбек Әбітайұлы өзі де түрлі деңгейдегі спорттық сайыстарда төрешілік атқарып келеді. Бұлшық еттері бұлқына қалай да бір-бірінің қапысын тауып, айлаларын асырғысы келген спортшыларға төрелік ету де оңай іс емес. Төрешілікке де аяқ астынан шешім қабылдайтын тапқырлық, қиядағы қызылды көзі шалған қырандай қырағылық, спортшылардың белдесудегі тактикаларын қадағалап отыратындай шапшаңдық пен итжығыс түскен белдесулерде екі жақ риза болатындай шешім қабылдайтын әділдік керек. Төрешіліктің осы бір қатаң қағидаларына талапты болып, өз ісін әділетті орындай білген білікті бапкер аудандық сайыстардан бастап, Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен Әлем, Азия чемпионаттарында және халықаралық деңгейлерде өтетін барлық жарыстарда төрелік етті. 
      Өйткені, Тәуірбек Әбітайұлы Қазақстандағы қазақ күресінен шыққан алғашқы Халықаралық дәрежедегі FILA төрешісінің бірі. 
      Қай салаға барса да, қандай спорттық сайысқа барса да жарысқа екпін беріп, бойына қан жүгірткен Тәуірбек Әбітайұлы өзгелерге үлгі боларлық істер атқарды. Жамбыл облысы, Тараз қалалық екінші және үшінші шақырылған мәслихаттың депутаты болып сайланған кейіпкеріміз спортты дамытуға өзінің үлесін қосумен қатар туған ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуына да көмектесіп, түрлі іс-шаралар атқарып келеді. Соның бірі өзі білім алған мектебінің жанына Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арнап, сол ауылдан соғысқа аттанған аталарына және сол соғыс жылдарында ауыр күн кешіп, еңбек еткен ардагер аналарымыздың аттары жазылған үлкен ескерткіш орнатып «Жеңіс аллеясын» ашты. Қолымнан келмейді демеді, қолында барды қолданып шәкірттерін жеңіс тұғырына көтерді. Спортқа қызығушылық танытқан жастарға шектеу қоймай, жас айырмашылықтарына, бойындағы қабілеттеріне қарай әр спортшымен жұмыс жасап, ұмтылған жастың бетін қақпай, қайта алға ұмтылдырды. Адами қасиеттер бойынан көрініс тапқан төреші спортшының жасаған әр қимылында жеңістің сыры бұғып жатқанын байқап, белдесулерде әділдік танытты. Осы бір жүрегінің тазалығы, ақ пейілімен, еңбекқорлығымен ұжымдастары, шәкірттері арасында құрметке ие болды.
      Саналы ғұмырын спорт саласына арнап, оның дамуы үшін жұмыс жасап келе жатқан талантты спортшы, білікті бапкер, әділ төреші көп жылдар бойы Жамбыл облысы, Қазақ Күрес Федерациясының президенті қызметін абыроймен атқарып келеді. Ешкімнен қарсы сөз болмай, шыншылдығының арқасында қошемет пен марапаттарға ие болған. 
      «Спорт – салауатты өмір салты ғана емес, бұл елдің мерейін өсіріп, спортшының беделін көтеретін үлкен абырой» деп, мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамнан бөлектемей, қайта қатарға тартып, жасын шектемей спортта жеңістерге жетуге, өмір сүруге құлшындырып жүрген, атқарған істері бағасыз, ел тарапынан құрмет көрсетуге лайықты тұлға Тәуірбек Әбітайұлының қол жеткізген жетістіктері мен еңбегінің бағасы болған марапаттары да аз емес. Атап айтар болсақ:
      ✦ Қазақстан Республикасы Президентінің «Құрмет Грамотасы»;
      ✦ «Қазақстан Республикасы Егемендігінің 10 жылдығы» мерекелік медалі;
      ✦ «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» мерекелік медалі;
      ✦ «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалі;
      ✦ «Қазақстан Республикасының спортына сіңірген еңбегі үшін» медалі;
      ✦ «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт қайраткері» Құрметті атағы;
      ✦ «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы» Құрметті атағы;
      ✦ Байзақ ауданының «Құрметті азаматы» сынды атақтарды игерген. Басқа да көптеген Жамбыл облысы әкімінің, Жамбыл облыстық мәслихатының құрмет грамоталары мен және алғыс хаттарымен марапатталған.
      Өзінің осы ауылда халқымыздың мақтанышы, еліміздің ардақты ұлы, Олимпиада чемпионы, Әлем, Азия чемпионы, еліміздің «Еңбек Ері» Жақсылық Үшкемпіров ағамызбен бір ауылда туып, бір мектепте оқып, кішкентай балалық шақты бірге өткізгеніне өзін дүниедегі ең бақытты адам деп санайтын Тәуірбек Әбітайұлының жұбайы – Жадыра Шабденбекқызы екеуі бір ұл, екі қыз өсіріп, тәрбиелеп, жеткізіп, құтты орындарына қондырып отырған бақытты жанұя. Ардақты азаматымыздың ақ жағалы болуы жолында қызмет етіп, түтінін түзеткен жары туралы айтып өткенді жөн көрдік. Себебі, әрбір жетістікке жеткен ер азаматтың артында жары тұратыны рас. 
      Бала тәрбиесі саласындағы мамандықтар мен осы салада қызмет етіп келе жатқан тұлғаларға деген ұсынылатын орын әрқашанда төр болмақ. Міне, осындай келешек қоғамдағы қазақтың қамын ойлап, жаңа қауым иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени-ғылыми өресі озық азамат етіп тәрбиелеуге терең мән беріп отырған кәсіпкерлеріміздің бірі – Диханбаева Жадыра Шабденбекқызы. Жүрегіндегі балаға деген махаббаты, жүзінен мейірбандылық пен қайырымдылықтың желі болып есіп, ұлт болашағын тәрбиелеуде өзіндік үлесін қосып келе жатқан Жадыра Шабденбекқызы 1964 жылдың 24 мамырында Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Дихан ауылында дүниеге келді. Әкесі – Жауатаров Шабденбек осы Дихан ауылында көп жылдар бойы есепші болып қызмет етіп, одан кейін бас есепші қызметтерін атқарып құрметпен зейнет демалысына шықса, жүзінен аналық мейірімі төгіліп тұратын анасы – Дидарбаева Пивакүл осы Дихан ауылындағы Тірек мектебінде 40 жылдан аса мұғалімдік қызмет еткен ұлағатты ұстаз.
       Төрт мезгілін де мақтанышпен айта алатын қазақ даласының қай өңірінің де табиғаты менмұндалап тұрған өзіндік сұлулықтары бар емес пе... Бала Жадыра да Қырғыз Алатауының етегін баса орналасқан төсі малға, төскейі жасыл шөпке толы құтты мекенде бақытты балалығын өткізді. Түрлі қиындықтармен бетпе-бет келсе де, ойын баласы кезін еңбекке айырбастаса да ата-анасының құшағында болған барлық бала бақытты. Міне, әкеден тәрбие, анадан тәлім алған Жадыра өзінің жылдам қимылы, ой ұшқырлығының арқасында тетелес достары арасында ерекше көрініп, Дихан ауылындағы Тірек мектебінің табалдырығын аттаған соң да, есте сақтау, алғырлық қабілеттерімен көзге түсе білді. Жас кезінде алған білімің тасқа жазылғандай болатыны секілді, мектеп өмірімен біте қайнасып кеткен ол сыныптағы, кейіннен мектептегі алдыңғы қатарлы оқушылардың бірі болды. Ұлы арманға қол жеткізу үшін де ата-анасының өнегесімен қатар, терең білім керек. Осы мақсатта өзін жиі қамшылап сыныпішілік, мектепішілік білім байқауларына қатысып қана қоймай, таным көкжиегін кеңейту жолында түрлі кітаптарды көптеп оқыған Жадыра 1978 жылы 8 жылдық мектепті бітіріп шыққан соң, Тараз қаласындағы «Жамбыл есеп-санақ техникумының» есеп бөліміне оқуға түседі. 
      Еңбекқорлық, тиянақтылық, ұйымдастырушылық қабілетінің мол болуы, ойлағанын орындауға талпынатын шыдамдылығының арқасында қалаған мамандығының хас шебері атануы да бек мүмкін. Біз білетін мамандықтардың ішіндегі есепшілік мамандығын ғалымдар шығармашылық жұмысқа жатқызады екен. Өйткені, есепші бас қатыратын жұмыс жасап, креативті ойлап, тұрақты даму үстінде болады. Сонымен қатар есепшілердің ойлау қабілетінің ерекше екенін да алға тартады. Расында болашағына жоспар құрмайтын жан жоқ шығар сірә?! Ал есепшілікті таңдау кез келген адамның қолынан келе бермейді. Есеп деген шексіздікті білдіреді. Оның шегі мен шеті болмайтындығымен, тылсымдығымен, сан қилы жұмбағымен де қызықты. Осы саланы өмірінің мәні етіп, есеп-қисаптың қыры мен сырын ұғынған Жадыра Шабденбекқызы техникумды бітірген соң жолдамамен Байзақ аудандық дезинфекциялық станцияға есепші болып орналасты. Сол салада көп жылдар қызмет етіп, кейіннен аудандық сауда басқармасында абыроймен қызмет ете білді. 
      Барлығымыз білетіндей тоқсаныншы жылдар экономиканы тұралатып, ел жағдайын қиындатып жіберген кезең еді. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында көптеген жұмыс орындары жабылып, жанұя қамы үшін көбісі базар аралап кеткенде, Жадыра қолынан келетін бір істі бастауға бел буды. Тәуелсіздік таңғы шуағымыз болғанымен, тұрмыстың жүзі солғын тартып, тіршіліктен әр кетіп тұрған кезде, конституциясын бекітіп, экономиканы көтеру жолында түрлі бағдарламалар дайындап жатқан еді. Осылайша, тарихта таңбасы қалған, елдік пен бірлік, аманат пен тағзым, сабырлылық пен төзімділік сынға түскен сәттерде артта қалып, уақыт өте келе ел тұрмысы да еңсесін көтерді. Бір шаруашылыққа бекініп қалған жұмыс орындарын, ғимараттар мен өзге мемлекет қарамағындағы әлеуметтік нысандарды жекеге өткізіп, жекешелендіру жұмыстары жүріп жатқан кезде, Жадыра Шабденбекқызы да өзінің жеке кәсібін ашты. Ол – ұлт болашағын тәрбиелеп шығаратын балабақша орталығы еді.
      - «Балабақша – болашақ бастауы. Содан бері осы салада аянбай еңбек етіп келемін. Бүгінгі таңда Тараз қаласының орталығында 300 балаға арналған балабақша ғимаратын алып, алпыстан аса жұмыс орнын мамандар, өзге де қызметкерлермен қамтамасыз етіп, барлығына заман талабына сай лайықты жалақыларын беріп отырамыз. Осы балабақшада 300-ден аса жас бүлдіршіндер, еліміздің болашақ бетке ұстар ұл-қыздары заман талабына сай тәрбиеленіп келеді. 
      Міне, осы тірліктердің барлығына менің ұядағы ата-анамның берген тәлімі мен бүгінгі өзімнің отбасымдағы ынтымақ пен бірліктің арқасы деп білемін», - дейді өзінің өмірлік мектебінен алған өнегені ұстанып, табысты кәсіпкер болумен қатар қайырымдылық іс-шараларына да белсене қатысатын Жадыра Шабденбекқызы қазіргі таңда «Гүлім Тараз» ЖШС құрылтайшысы және директоры қызметін абыроймен атқарып отыр.
      Кәсіпкерлік саласында жүріп, көлденең кездескен түрлі қиындықтарды сабырлықпен жеңе білген Жадыра Шабденбекқызы кәсіпкерлік сала басшылары, жергілікті билік және ата-аналардың ыстық ықыласы мен риясыз алғысына бөленіп келеді. Заты нәзік болса да, ер-азаматтың иығына ауырлық танытар істі мойнымен көтеріп жүрген кәсіпкер бола білген жан жанұясында адал жар, аяулы ана болып, шаңырақтың ішін шаттыққа бөлеп, бір әулеттің береке-бірлігіне ұйытқы болып отырған ғазиз жан. Арқа сүйер азаматы, «Қазақстан Республикасына Еңбегі сіңген жаттықтырушысы», «Байзақ ауданының Құрметті азаматы» және «Қоғам қайраткері» Қарауылтегі Тәуірбек Әбітайұлы екеуі Нұрлан, Гүлжан, Ұлжан есімді перзенттер өсіріп, тәрбиелеп, құтты орындарына қондырып, олардан Айлин, Алинұр, Аймира, Нұрали есімді оттан да ыстық немере сүйіп отырған бақытты ата-әже. 
      Батыста Еділ мен Жайықтан бастау алып, Шығыста Алтай тауына дейін созылып жатқан қазақ даласының атын шығарып, көк туымызды әлемдік аренада желбіретіп, жер-жаһан көз тікке әлемдік додаларда әнұранымызды асқақтата шырқатып жүрген азаматтарымыз баршылық. 
      Қараның емес халықтың қамын ойлап, ауыр болса да жалқының емес жалпының міндетін атқарып, ауданның емес, аймақтың, қазақ елінің мерейін үстем етіп жүрген Тәуірбек Әбітайұлы сынды ардақ тұтар азаматтарымыздың еңбегін айтпай кету мүмкін емес. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған кіл жүйріктердің аламан жарысында, шын жүйрік атанып топ жарып келіп жүрген спортшыларымызды тәрбиелеп шығару жолында жар құлағы жастыққа тимей келе жатқан азаматымызға деген құрметіміз ерекше, оларға берілер орын әрқашан да дастарқан төрі болмақ.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

9 марта 2025 15:21
Даурен
Maruash, Көп рахмет!...
6 марта 2025 11:31
Гульнар
Сіздерге рахмет! Әкеміздің өмірі кейінгі ұрпақтарына сіздердің осы еңбектеріз арқылы естелік болып қалады. Еңбектеріңіз...
2 марта 2025 13:57
Гульнар
мы члены большой семьи Нуржановых ценим в людях чувство ответственности,человеколюбия и  профессионализма..так...