Бектаева Ғалия

Рейтинг:

Бала жанының бағбаны

      Қазақ халқының діні де, дәстүрі де әйел затын ерекше құрметтеп, аялауға дәріптейді. Әйел затының жаратылысы табиғатынан әлсіз де нәзік болғанымен, ішкі жан дүниесінің айрықша төзімді, жігерлі екенін баршамыз да мойындаймыз. Әйел затының ақылымен озық, жүрегімен батыл, ісімен өжет болып келетінін де білеміз. Бүгінгі таңда да ер-азаматтың қолынан келген істі қыз-келіншектеріміздің де еңсере алатынына көптің көзі жетті. Тіпті қатардан озып, алдыңғы шепте жүрген аналарымыз да бар. Тек қазақтың қызы деген атқа лайық әйел затынан ғана табылатын тазалық пен биязылықтан ұстанып, ер азаматтың құрметін өзінен жоғары ұстайтын.
      Тәрбиеші сөзінің астарында зор мағына жатыр, түсінген жанға. Әр отбасының тәрбиесіне машықтанған балалардың бір ошаққа жиылып, бір тәрбиеге көндігуі үлкен еңбекті қажет етеді. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы. Тәрбиесіз берілген білім, адамзатқа апат әкеледі» деген екен ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фараби. Әрине, әр сәбидің өзінше тұлға болып қалыптасуы үшін ең алдымен өнегелі тәрбие керек. Бір отбасының берген тәлімі ол баладан үлкен азамат тәрбиеленіп шығуына аздық етеді. Дәл осы орайда бүгінгі заманның балалары үшін балабақшаның орны ерекше. Үлкен шыдамдылықпен, шексіз сабыр, терең ақыл-парасатты қажет ететін осынау жауапты қызметтің иелері – тәрбиешілерімізге зор құрмет көрсетілуі тиіс.
      Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де бала жанының бағбаны бола білген, ұлт болашағын тәрбиелеуде өзіндік үлесін қосып келе жатқан Бектаева Ғалия Төлемісқызының өнегелі өмірі туралы болмақ. Өмірдің гүлі, әрбір әулеттің лаулап жанар шамшырағы болған перзенттерін тәрбиелеп, үлкен өмірге қадам бастырып келе жатқан Ғалия Төлемісқызы 1962 жылдың 15 наурызында Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Жаңаталап ауылында дүниеге келді. Асқар тау әкесі – Бектаев Төлеміс механизатор болып ауылда еңбек етіп, өзінің ақыл-парасатымен 20 жыл ауыл ардагерлерінің төрағасы болып қоғамдық жұмыс атқарған елге сыйлы, ағайынға құрметті жан. 1979 жылы «1978 жылғы Социалистік жарыстың жеңімпазы», 1991 жылы 22 сәуірде Қазақ СССР-нің жоғарғы кеңесінің жарлығымен «Еңбек ардагері», Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы №992 Жарлығымен «70 лет Победы в Великой Отечественной войне 1941-1945 гг», 2004 жылы «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 60 жыл», 2010 жылы «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65 жыл», мерекелік медалімен марапатталған. Қызылорда облысының дамуына үлес қосқаны үшін «Қызылорда қаласының 70 жыл», 2018 жыл «Қызылорда қаласының 200 жыл» мерекелік медалімен марапатталған аузы дуалы қария қазіргі таңда да ауылдың ең үлкен батагөй ақсақалы болып отыр.
      Ал, мейірімі күн нұрынан да жылы анасы – Әшірбекова Сәнімкүл өмірге жеті қыз бала, төрт ер бала әкеліп, оларды өсіріп, жетілдіріп, құтты орындарына қондырып, ауыл шаруашылығында еңбек еткен ғазиз ана. 1974 жылы 30 желтоқсанында Қазақ СССР-нің жоғарғы кеңесінің жарлығымен «Батыр Ана» атағы берілген, 1967 жылы «Медаль материнства» медалімен, 1972 жылы І дәрежелі «Материнская слава» орденін алған ақ жаулығына кір шалдырмаған анасы Сәнімкүл «1978 жылғы Социалистік жарыс жеңімпазы», «Дружбы народов» орденінің иегері, Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 20 қазандағы жарлығы бойынша «Алтын алқа», 1982 жылы Сәнімкүл №9 сайлау округінен Қазақ СССР-нің Қызылорда облысындағы Жалағаш аудандық халық депутаттарының Калинин ауылдық Советінің депутаты болып сайланады. 1982 жылы Мәскеу қаласында ауыл шаруашылық қызметкерлерінің, бүкілодақтық кәсіподақ сьезіне қатысып, пленум мүшесі болып 5 жылға сайланып, Мәскеу қаласына барып екі рет пленумға қатысқан. 1983 жыл желтоқсан айында №54 сайлау округінен СССР-нің Қызылорда облысындағы халық депутаттарының Жалағаш аудандық Советтің депутаты болып сайланып, 1985 жылы қаңтар айында №61 сайлау округінен Қазақ СССР-нің халық депутаттарының Қызылорда облыстық Советінің депутаты болып ел үшін қызмет еткен, үнемі ағайын-туыстың жағдайын ойлайтын өте қамқор жан. Әкесі мен анасы отбасында 11 бала тәрбиелеп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, олардан 43 немере мен 52 шөбере сүйіп отырған ата-әже.
      Міне, осындай саналы ғұмырын ел қызметіне арнаған текті отбасынан тәлім алған Ғалия Төлемісқызы бақытты балалық шағын, сырдың самалы тербеткен өңірде өткізіп, 1969 жылы №117 Мақпалкөл орта мектептің бірінші сыныбына қабылданды. Кішкентайынан ата-анасының қолғанаты болып, кәдесіне жарап, еңбекке ерте араласқан Ғалия мектепті үздіктер қатарында бітірген соң, бір жыл ауылда өндірісте жұмыс жасайды. Өзінің мектепте оқығаны мен тоқығанын санаға түйіп, 1980 жылы М.Мәметова атындағы Қызылорда қыздар педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, 1983 жылы «Мектепке дейінгі мекемелердегі тәрбие» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Осылайша, балаға деген махаббаты жалындап тұрған жастың еркін жеңіп, алғашқы еңбек жолы Жаңаталап ауылындағы №15 «Жауқазын» балабақшасында тәрбиеші болудан басталады.
      Бала өмірдің – гүлі. Аяғын тәй басқан сәбидің ертеңгі күн үлкен азамат болып шығуы үшін үлкен білім мен өнегелі тәрбие керек. Бұл ұстаздардың мойнына артылған ауыр жүк. Қиын да күрделі жолын таңдаған Ғалия білімін одан әрі толықтырып, шәкірт жүрегіне тура жол табу үшін әр түрлі кітаптар оқып, өзінің жан-жақтылығын үнемі дамытып отырды. Жас маман өмірлік тәжірибесінде тәлім болып жинақталып, парасаттылығын арттырған ілімін, өмірге ұмтылыс жасаған бала жүрегіне нұр етіп төкті. Жүрегінде мейірімнің оты лапылдап, аналық махаббаттың бесігінде тербеліп келе жатқан әрбір әйел заты үшін періште сәбимен жұмыс жасау – үлкен бақыт. Періште көңіліндегі алып ұшқан қызығушылық сезімін өнер мен білімге бағыттап, балабақшада өткізілген іс-шараларға бейімдеп, белсене қатыстыруға жетелеуі – жүздің бірінің ғана қолынан келетін іс. Тәрбиешілік осындай нәзік әрі жүрегіңе қуаныш ұялататын қызықты сәттерімен жақсы мамандық. Балалармен жұмыс жасауда алғырлық танытып, қарамағындағы сәбилерді алға ұмтылдырып, өнерге баулып, әр балаға тән бойындағы ерекше қасиеттерін оята білді.
      Шыңның биіктігін қыран ғана сезетіні секілді, саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған Ғалия Төлемісқызының одан арғы еңбек жолы туралы өз аузынан естісек...
      - «2007 жылы «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға» ерекше көңіл бөлініп, барлық жерлерде республика, облыс, аудан, ауылдық жерлерде балабақшалар қайта ашылды. Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Т.Жүргенов ауылындағы №15 «Балбөбек» бөбекжай-бақша коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып, Жалағаш аудандық әкімдігінің 2007 жылғы 5 наурыздағы №49 қаулысымен қайта құрылды. 10 жыл бойы жабық тұрған балабақшаны қайта ашу оңай болған жоқ. Балабақшада 2 топ ашылып 40 баланы қамтыдық. 2010-2014 жылдары «Балапан» бағдарламасымен топтар ашылып, 85 балаға толықты. Қазіргі таңда балабақшада 4 топта 85 бала тәрбиеленуде.       Ғимаратта қабылдау бөлмесі, ойын бөлмесі, жатын бөлмелері талапқа сай ұйымдастырылған және бейне бақылау орнатылған. Балабақшаның материалдық-техникалық базасы толық жабдықталған. Бөбекжайда балаларға медициналық қызмет көрсету бөлмесі бар.
      Бүгінгі таңда білім реформасының түпкілікті жүзеге асуының басты шарты – жаңа технологияны тиімді пайдалану педагогтар қауымының іскерлікті, ізденімпаздықты, кәсіби деңгейлерінің жоғарылығын талап етуде. Біздің бөбекжайымызда білімді де білікті педагогтарымыздың тынымсыз еңбегімен жауапкершіліктерінің арқасында биіктерден көрініп келеді. Қазақ халқы қай уақытта болмасын ұрпақ тәрбиесін ұлттың болашағы деп білген. Сондықтан, тәрбие мәселесіне көңіл бөліп, оған тиімді әдіс-тәсілдерді қолданып, қарастыру ұжымның тапқырлығы мен іскерлігінің, ізденімпаздығы мен шығармашылығының көрсеткіші.
      Мектепке дейінгі кезеңдегі тәрбие болашақ адам қалыптастырудың алғашқы баспалдағы. Тәрбиешінің бойында балаға тәлім берерлік асыл қасиеттер болмаса, тәрбиені бала бойына жеткізу қиын. Қазіргі таңда ата-аналар балаларын балабақшаға бермес бұрын «ол жерден балам нені үйреніп шығар екен, тәрбиешісі қандай болар екен» деген сұрақтар мазалуы мүмкін. Ал, «Балбөбек» балабақшасына баласын тапсырған ата-ана өзінің баласының сенімді адамдардың қолында екеніне сенімді. Өйткені, бүлдіршіндердің өмірі мен денсаулығы, қауіпсіздігі мен тәрбиесіне, ертеңгі азамат болып өсуіне балабақша ұжымы тікелей жауапты», - деп балабақша өмірі мен атқарылып жатқан жұмыс туралы айтып өткен Ғалия Төлемісқызы өзін үнемі толықтырып, білімін арттырып отырды. 2003 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне «Тарих құқық және экономика» факультетіне оқуға түсіп, осы аталған оқу орнын 2006 жылы «Тарих құқық және экономика негіздері» пәнінің мұғалімі мамандығын толық бітіріп шаққан соң, 2007 жылдан бастап КМҚК №15 «Балбөбек» балабақшасында меңгерушілік қызмет етті.
      Талапқа сай өзінен жүктелген міндеттер мен адамдық қасиеттерді жоғары қойып, нәтижелі жұмыс атқара отырып, әрбір бала бойында ұлттық мінез-құлық, сыпайылық пен кішіпейілдік, Отанды сүюге деген қасиеттерін қалыптастыруға тырысады. Даму мүмкіндіктері шектеу-лі жеткіншектерді өмірге құлшындыра отырып, білім алуға деген қызығушылықтарын оятып, олардың жеке мәдениетін әлеуметтендіру мақсатында көп ізденіс жұмыстарын жүргізді. Жүрегі ата-ана мен бауырға, үлкен-кішіге деген ізетке толы Ғалия Төлемісқызы өзінің әр тәрбиеленушісі мен ұжымдас қызметкерлеріне аса мейірбандылықпен қарайды. «Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл, құлша тәрбиелесең – құл болады» деген А.Байтұрсынұлының ұлағатты сөзін өзінің басты кредосына айналдырған балабақша меңгерушісі қарамағындағы қызметкерлерге сәбиге жекіп, көз алартпау керектігін ең бірінші талап етіп қояды.
      Қандай қызметтің де атқарған еңбегіне байланысты берілетін бағасы болады. Бұл жағынан келгенде кейіпкерімізді мәртебелі маман деуге болады. Атап айтар болсақ:
      ✦ 2009 жылы Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитетінің «Құрмет грамотасы»;
      ✦ 2010 жылы «Бота» қоғамдық қорының «Алғыс хаты»;
      ✦ 2011 жылы Қызылорда облысы білім басқармасының «Құттықтау хаты»;
      ✦ 2012 жылы Аудан әкімінің «Құрмет грамотасы» мен «Алғыс хаты» және «Құттықтау хаты»;
      ✦ 2015 жылы «Тіл сақшысы» қазақ тілі қоғамы облыстық филиалының «Алғыс хаты»;
      ✦ 2018 жылы Мақпалкөл ауылдық округі әкімінің «Алғыс хаты»;
      ✦ 2019 жылы «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының «Алғыс хаты»;
      ✦ 2021 жылы Облыстық кәсіподақ комитетінің төрайымының «Құрмет грамотасы;
      ✦ 2022 жылы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Жалағаш аудандық филиалының төрайымынан «Құттықтау хат»;
      ✦ 2022 жылы Жалағаш ауданы әкімінен «Алғыс хат»;
      ✦ 2022 жылы Кәсіподақ комитетінің төрайымының атынан «Құттықтау хат» сынды марапаттардың иесі.
      - «Әйелден ерді бір саты биік қойған қазақпыз ғой. Біздің де отбасымызда осы үрдіс сақталған. Жолдасым – Жаметов Назарбай 1961 жылы өмірге келген. Қарапайым қазақтың азаматы. Мамандығы механизатор. Еңбектің адамы. Құдай қосқан қосағыммен 1983 жылы отау құрдық. Отау құрғанымызға 40 жыл. Ата-енемізбен бірге бір шаңырақ астында тұрдық. Атам – Жаметов Жайылхан 1923-1996 жылдары өмір сүрген, Ұлы Отан соғысының ардагері болған. Енем – Оңалбаева Қанымжан 1927 жылы дүниеге келген, ауыл шаруашылығында еңбек еткен. 1983-2018 жылдар аралығында енеммен 35 жыл бірге тұрдым. Енемнің әрбір сөзі мен іс-әрекеті әлі күнге дейін маған үлгі-өнеге. Енем 2018 жылы 91 жасында дүниеден өтті. Менің осындай дәрежеге жетуім үшін ата-енем, жолдасым үнемі қолдау көрсетіп келді. Жолдасым екеуіміздің үш қыз, екі ұлымыз бар. Үлкен қызым – Жаметова Гүлназ Назарбайқызы 1984 жылы туылған. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Тарих» факультетін бітірген. 2013 жылы отбасын құрған жолдасы Ізтілеуов Алмат. Атырау облысындағы компанияда «Электр бақылаушысы және КИПиА» мамандығы бойынша жұмыс жасайды. Отбасында екі бала тәрбиелеп отыр. Қызы Жәния, ұлы Рамазан – озат оқушылар. Қазіргі таңда Қызылорда қаласында Н.Назарбаев зияткерлік мектебінде тәрбиеші қызметін атқарады.
      Екінші қызым – Жаметова Жадыра Назарбайқызы 1985 жылы туылған. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Тарих және география» факультетін бітірген. №6 техникалық колледжінде мұғалім болып жұмыс жасады, қазіргі уақытта «Ақбалжан» балабақшасында тәрбиеші болып қызмет атқарады. Жолдасы Әбдікеров Ерғазы тарих пәнінің мұғалімі. Отбасында үш бала тәрбилеп отыр. Қыздары: Жансая, Балнұр, ұлы Жансерік. №4 С.Сейфуллин атындағы мектептің озат оқушылары.
      Үлкен ұлымыз – Жаметов Мақсат Назарбайұлы 1988 жылы дүниеге келген. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Тасмалдауды, жол қозғалысын ұйымдастыру және көлікті пайдалану» мамандығын 2005-2009 жылдар аралығында бітірген. Қызылорда қаласындағы Болашақ университетінде «Құқықтану» мамандығын 2011-2013 жылдары бітіріп, Жалағаш аудандық полиция бөлімінің креминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі. Полиция майоры болып қызмет атқарады. Жары Балымбетова Арайлым Болатқызы. Ақтөбе қаласында М.Оспанов атындағы медициналық академиялық факультетінің «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығын бітірген. Жалағаш аудандық ауруханада дәрігер-статист қызметін атқарады. Үш баланың ата-анасы. Балалары: Ерсінбек, Нұрмұхаммед, Хантөре. 
      Екінші ұлым Назарбаев Нұрсұлтан Назарбайұлы 1994 жылы дүниеге келген. Астана қаласында Л.Н.Гумилев атындағы университетінде «Көлік, көліктік техника және технологиялар» мамандығы бойынша 2014-2018 жылдары бітірген. Қазіргі таңда ТОО «Локал Кейтринг» компаниясының директоры.
      Кіші қызым – Назарбаева Айару Назарбайқызы 2007 жылы дүниеге келген. Қызылорда қаласында Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы», - деп отбасылық өмірі туралы айтып өткен Ғалия Төлемісқызы атқарған адал еңбегі, игі істерімен құрметтеуге лайықты тұлға.
      Кейіпкеріміздің жұмысына табыс, отбасына амандық, деніне саулық тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

9 марта 2025 15:21
Даурен
Maruash, Көп рахмет!...
6 марта 2025 11:31
Гульнар
Сіздерге рахмет! Әкеміздің өмірі кейінгі ұрпақтарына сіздердің осы еңбектеріз арқылы естелік болып қалады. Еңбектеріңіз...
2 марта 2025 13:57
Гульнар
мы члены большой семьи Нуржановых ценим в людях чувство ответственности,человеколюбия и  профессионализма..так...