Шорабаева Әтіркүл

Рейтинг:

Жүрегіне ізгілік орнаған

Асылы, адам - өз өмірінің суретшісі. 
Ол өмірді сырлап бояуға, оған ажар, түр беруге, 
оны әшекейлеп, өрнектеуге еңбек етеді.
                                                                                            Ғабит Мүсірепов
 
      «Қазақ әйелі бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген тәмсіл бар халқымызда. Әрине, бұл жерде мәселе әйел – аналардың отбасы қазығын мықты ұстап, саналы, салауатты ұрпақ тәрбиелеуі тұрғысында ғана емес, қоғамда қызмет етуі туралы да айтылған. Олай болса, дәл бүгінгі қоғамда да әйелдер қауымының мойнына артылар жүк осал емес. Ер азаматтармен иық тірестіре еңбек етіп, қоғамға өз игілігін тигізіп, елеулі қызмет атқарған қазақ қыздарының бірі әңгімеміздің кейіпкеріне айналып отыр.  
      Әңгімеміз  қазақ халқының кең ұғымындағы ұлағатты сөзіне лайықты, дүйім көпке танымал жан – Шорабаева Әтіркүл Дүйсенқызы жайында болмақ. Дана Абайдың «Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» деген сөзі Әтіркүл апамыздың өмірлік ұстанымына айналғанын, оның өсу жолымен танысқанда байқайсыз және көзіңіз жетеді. Әтіркүл Дүйсенқызы көршілес жатқан Өзбекстан елінің Ташкент облысы, Сырдария ауданы, Велико-Алексеевское селосында  (қазіргі «Бақыт» елді мекені) 1950 жылы 13 сәуірде дүние есігін ашады. Марқұм әжесі Қаншагүл атақты Көтібар батырдың ұрпағы. Қаншагүл әжейдің «Өзге елде сұлтан болғанша, өз жеріңде ұлтан бол» деген сөзі қамшы болып, отбасы қазақ жеріне көшуді ұйғарады. 1956 жылы олар қасиет қонған құт мекен Қызылорда облысының Шиелі ауданына ат басын тірейді. Әтіркүл Дүйсенқызы 1965-1967 жылдары А.С.Пушкин атындағы орта мектебінде оқып білім алады. 1967 жылы мектепті ойдағыдай аяқтап, Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының «физика-математика» факультетіне сырттай оқуға түседі. 
      Оқу мен еңбекті ұштастыруды ойлап жүргенде, 1968 жылдың 1 қазанынан бастап Шиелі аудандық партия комитетінің саяси кітапхана меңгерушісі болып қызметке қабылданады. Осылайша Әтіркүл Шорабаеваның халыққа адал қызмет көрсету кезеңі басталады. Жастық жігері жалындаған өткір әрі инабатты, ақылды және сабырлы қыз жан-жағындағыларды жұмылдырып, өзіне үйіріп әкетеді. Ұлы философ Кант былай дейді: «Екі нәрсеге таң қаламын: ол - төбеміздегі жұлдызды аспан және біздің ішіміздегі адамгершілік заңы».
      Адамгершілік салмақ әрқайсымызға берілген, оларды дамыту керек, міне жас болса да Әтіркүл осыны түсінді, іштей бағамдады, жан жүрегімен сезінді. Адамгершілік рухты қалыптастыру жолдарын іздеу барысында, сөзсіз, тарихи естеліктерге, өткенді терең ой елегінен өткізуге, бүгінгі күн мен болашақтың көкжиегін талдауға жүгінуіміз керек. Мемлекет құдіреті халықтың өзіне және өзінің болашағына деген сенімінде ғана тұр.
      Ә.Шорабаева елінің жарқын болашағына сол кездің өзінде нық сеніммен қарайтын. Осыдан болар Әтіркүл Дүйсенқызы 1971 жылдың маусым айынан бастап аудандық партия комитетінің мектептер бөлімінің меңгерушісі, кейінірек ІІ хатшы қызметін абыроймен атқарады. 1974 жылы аудандық тұтынушылар Одағы басқармасының кадрлар жөніндегі орынбасары, аудандық кооперативтік универмаг директоры және осы мекеменің бастауыш партия ұйымының хатшысы болып қоғамдық негізде сайланады. 
      «Қазақтың баласын арман өсірген, Қазақтың баласын тәуекел пісірген. Қазақтың баласын еңбек қатарға қосқан. Осы үшеуі болса, талай биіктерге шығармыз» деген еді заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев. Осы бір үш қасиетті қатар ұстап жүру үшін қаншама қажыр-қайрат, күш-жігер қажет. Осы қасиеттердің бәрі бір бойынан табылғандықтан болар, Әтіркүл Дүйсенқызына осынша жауапкершіліктің жүктелгені. Жауапкершілік -  адам бойындағы белгілі бір істі, өзіне тапсырылған міндетті орындап, жүзеге асыруынан байқалатын адамгершілік қасиет; тұлғаның қоғамда немесе ұжымда қабылданған әлеуметтік, өнегелі және кұқықтық нормалар мен ережелеріне, борыш сезіміне сәйкес өз қызметін бақылау қабілеттілігі. Өсіп келе жатқан адамды жауапкершілікке тәрбиелеу – қай заманның да  өзекті мақсаты. Саяси қызметкердің жауапкершілігі мол болғаны жөн. Адамның қоғам алдындағы азаматтық борышын атқарумен бірге, өзіне жүктелген жауапкершілікті орындап шығуы оның кісілік беделін қалыптастырып, іскерлігін шыңдайды. Әр адам ерік-жігеріне, қайраты мен табандылығына қарай жауапкершілікті әрқалай сезінеді. Жүктелген міндетіне жауапкершілікпен қарайтын адам туған-туыстары, жора-жолдастары, ұжымдағы қызметтестері, жалпы әлеумет алдында жоғары бағаланып, оған жауапты да күрделі істерді атқаруға сенім артады. Адамның мақсатына жетуі, ісінің сәтті болуы, көбінесе, оның жауапкершілікті сезінуіне тікелей байланысты болып келеді.
      «Өмірден үйренген адамдар ғана ұлтының ұлы перзенті бола алады» деген екен Қытай реформасының атасы Дян Сяопин. Осы сөз ойға оралған сайын сыры терең жан Әтіркүл Шорабаева көз алдыма келеді. Өйткені, Әтіркүл апамыз өмірдің қиын да қызық жолында жоққа жасымай, барға асып-тасымай, ізгіліктің ізімен келе жатқан зерделі жан. Өткен заманның, тәуелсіз Отанымыздың сан соқпақтарында да ұлтының туын биік ұстап жүрген  қайраткер жан ол кезде жауапты қызметтің жүгін арқалап жүрген-тін. Көптеген істің иірімін тауып, айналасындағы адамдармен кеңесе отырып, берілген тапсырмаларды мұқият орындап, өз қызметіне адал, табанды, принципшіл жан  екендігін көрсете білді. Жауапкершілігін арттырып, сенім үдесінен шыға білген Әтіркүл Шорабаева 1986 жылдың тамыз айынан 1989 жылдың тамыз айына дейін Алмалы Халық депутаттары ауылдық кеңесінің хатшысы қызметіне тағайындалады. 1989 жылдың тамыз айынан 1992 жылдың маусым айына дейін аудандық тұтынушылар Одағы ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметін және бастауыш партия ұйымы хатшысы қызметін атқарады. Мақсаты - елге абыройлы қызмет ету. Елдің аманаты сезіне білгенге - ауыр жүк. Кез келген мәселеде адамның тағдыры тұрғанын естен шығармау қажет. Әтіркүл апай түйткілді мәселенің тиімді жолмен шешімін табуына қызмет етуге міндеттімін деп санайтын санаулы жандардың бірі. 
      1992 жылдың маусым айынан бастап 2008 жылдың сәуір айына дейін Иіркөл халық депутаттары кеңесінің төрайымы, Иіркөл ауылдық округінің әкімі болып 16 жыл қызмет атқарады. Осы қызмет атқарған жылдары тек жақсы жағынан көрініп, халықтың көңілінен шығып, талай игі істердің ұйытқысы болды. Әтіркүл апай алдына келген әр адамды жеке тұлға деп танып, оған көмек беруге тырысатын, қиындықтарымен бөлісіп, қуанышына ортақтасатын кемел ойлы жан. Қандай да бір мәселені шешуде істі созбақтатып немесе кейінге қалдырмайтын, аяқсыз қалған, шешімін таппаған істерді назардан тыс қалдырмай, үнемі қадағалап отыратын. Әтіркүл Дүйсенқызының талай жетім мен жесірдің көз жасын сүртіп, кем-кетіктің қатарға қосылуына қол ұшын бергенін, алдына көмек сұрай келген жанның бетін қақпағанын көпшілік осы күнге дейін айтып жүр. Бұл жағынан келгенде, Әтіркүл Шорабаева өз қызметінде парасаттылық көрсетіп, азаматтық жолды берік ұстанды. 
      Сол бір өтпелі кезеңде қаншама қиыншылықтарға тап болып, қаншама күрмеуі қиын мәселелерді шешуге тура келді. Әкім болып сайланғаннан кейін әуелгіде неден бастарын білмегені де рас. Мемлекеттен берілуге тиіс зейнетақы, жалақы, жәрдемақы дер кезінде төленбейтін еді. Жалақысыз күн кешу оңай емес, оның үстіне ауылдық жерлерде көпбалалы отбасылардың болуы заңдылық емес пе, күн көріс қамымен жүрген ата-аналарға да оңай тиіп жатпағаны анық. Жекешелендіру саясаты бойынша әрбір отбасындағы тұрғындарға жер телімі берілді. Осы кезде колхоз бөлшектеніп, әуелі 3 ұжымға, кейін 7-ге, әрмен қарай да бөліне бастады. Колхозшылардың өздері отырған үйлері жекешелендіріліп, өздеріне берілді. «Балдырған» балабақшасы, Мәдениет үйі және колхоз басқармасы кеңсесі ғана жекешелендіруден аман қалып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Онымен қоса әкімнің аты бар да заты жоқ, себебі, көлік, қаражат, бөлінген бюджет жоқ болатын. Заман талабына сай тұрғындарды қамтамасыз ету әкімдерге жүктелетін. Түрлі дақылдарды егіп, тыным таппай егіс даласында жүретін адамдар осы егілген егіннің өнімдеріне сенетін.
      Біртіндеп қиыншылықтарды жеңіп, жағдай бір қалыпқа түсе бастады. Халықтың ауызбіршілігі арқасында қиыншылықтар артта қалып, халық заман ағымына сай қарекет етуге көшті. Әтіркүл Шорабаева қай кезде болса да халқымен бір жүрді, жұрт тоңса бұл да тоңды, жұрт күлсе, бірге күлді. Ауылды көркейтуге, гүлдендіруге бар күш-жігерін сарп етті, ештеңеден аянып қалмады. 2003 жылдан бастап жақсы өзгерістер мен бетбұрыстар басталды. Әкімдерге бюджеттен қаражат бөлініп, қағаз, компьютер, жиһаз алуға мүмкіндік туындады, бірінші рет көлік те берілді. Осы жылы «Хабар» арнасынан арнайы келгендер ауыл келбетіне қарап тамсанды, сүйсінді. Еңбек Ері атанған төрт анамыз – Шырынкүл Қазанбаева, Закира Ержанова, Жадыра Таспамбетоваларды және ақ күріштің атасы атанған Ыбырай Жақаевтың отбасын түсіріп қайтты. Ауыл адамдарының ұйымшылдығы мен сыйластығы, ауыл көркі, халықтың еңбексүйгіштігі түгелдей көңілдерінен шығыпты. Ә.Шорабаева осы оқиғаларды айтып отырғанда, өз мүддесінен халық мүддесін жоғары қойып, баласының  қалыңдығына құда түсуге әрі сырға салуға бара алмағанын еске түсірді. Әтіркүл апай жұмысының жауаптылығына, қызметтің қауырттылығына байланысты бара алмай, өзінің орнына құда түсуге Әбдіғани есімді інісін жіберген екен. Әсіресе, «су тасқыны болады» деген хабарды естіген кезде, ер-азаматтарға тән мінез көрсетіп, қайратына мініп, шұғыл әрекеттер жасағандығын айтып берді.
      Хакім Абай 14-ші қара сөзінде «Рақымдылық, мейірбандық, әр түрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі. Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды» деген екен. 
      Мінеки, осы қасиеттердің барлығы бойынан табылған Шорабаева Әтіркүлдің есімі аталғанда көз алдымызға, ең алдымен кішіпейіл, қарапайым, ақкөңіл, адал, ұлтын сүйген, адамгершілігі мол, мейірімді жан елестейді. 
      Біз Әтіркүл апамыздың қызметтегі дәрежесінен елге жасаған жақсылығы мен көмекке мұқтаж жандарға көл-көсір қамқорлығы арқасында, халықтан алған алғысының әлдеқайда басым екендігін айтқымыз келеді.
      Әтіркүл Дүйсенқызы Шорабаеваның ел алдында еңбегі ескеріліп, басшылық тарапынан көптеген марапаттарға ұсынылды.
      - 1984 жылы – мемлекеттік «Медаль Материнства ІІ степени»
      - 1991 жылы – «Отличник Советской потребительской кооперации» - төсбелгісі
      - 2011 жылы – «Ыбырай Жақаевқа – 120 жыл» медалі 
      - 2015 жылы – «Мұстафа Шоқайға – 125 жыл» медалі
      - 2016 жылы – «Ыбырай Жақаевқа – 125 жыл» медалі
      2003 жылы 8 наурызда, Халықаралық Әйелдер күніне орай ұйымдастырылған Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қабылдауына Шиелі ауданы атынан қатысу құрметіне ие болды.
      2005 жыл қорытындысымен Қызылорда облысы әкімінің жанындағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі комиссия шешімімен «Ел билігі» номинациясымен марапатталды.
      2006 жылы Облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Д.Ақмағанбетованың «Алғыс хаты»
      2006 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі және баспасөз хатшысы М. Құл-Мұхамедтің «Құрмет грамотасын» алды.
      2006 жылы Қызылорда қаласы және кент ауылдық округтері арасындағы «Көгалдандыру және көркейтудегі  үздік жұмыстары үшін» облыстық конкурсының  ІІ-орын жеңімпазы ретінде диплом және 630 000 теңге ақшалай сыйлық иеленді.
      - 2007  жылы Облыс әкімінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
      - 2008  жылы аудан әкімі Н.Нәлібаевтың «Алғыс хаты» 
      - 2016 жылы «ҚР Тәуелсіздігіне – 25 жыл» толуына байланысты облыс әкімі Қ.Көшербаевтың «Алғыс хаты»
      - 2017 жылы «Ана сезімі» қайырымдылық қорының төрайымы Алма Тайлақбаеваның «Алғыс хатымен» марапатталды.
      Әтіркүл апа сәби шағынан ұстанған адалдық, алға ұмтылу, біреудің ала жібін аттамау, өзгеге қиянат жасамау сияқты абзал қасиеттерді ұрпақтарының бойына сіңіре білді. Әтіркүл Дүйсенқызы – құт-береке дарыған отбасының алтын қазығы. Құдай қосқан жары Елтай Әбішұлымен 40 жыл отбасылық ғұмыр кешті. Елтай Әбішев – белді экономист, «Алмалы» жеміс-жидек кеңшарының директоры және басқа да көптеген жауапты қызметтер атқарған жан, ол 2012 жылы өмірден өтті. Алтын асықтай перзенттері: 3 қыз, 2 ұлы  өмірден өз орындарын тауып, әр қайсысы бір-бір кірпіш боп қаланды, мамандықтарының шебері атанды. Қазіргі кезде бұл отбасында Әтіркүл әжесін шаттыққа бөлейтін немерелер көбеюде.
      Қажылық – мұсылманның бес парызының бірі. Қажылыққа аттанбастан бұрын әрбір адам «Қажылыққа қандай мақсатпен барамын?», «Қандай нәтижелерге қол жеткіземін?» деген сауалдарға жауап іздеуі керек. Өзі үшін осыларды айқындап алған адам қажылықтың мән-маңызын терең түсінеді әрі өзгелерге де жеткізе алады. Қажылығын өтеп болған соң алға қойған мақсаттарына, көздеген нәтижелеріне жеткен, жетпегені жайлы өз-өзіне есеп беретін болады. Алланың бұйырған парызын орындау мақсатымен 2015 жылы Әтіркүл апамыз қажылыққа барып, мұсылманның бес парызының бірі қажылықты өтеп, елге аман-есен оралады. Қажылық мектебінен көп нәрсені көңілге түйіп қайтқан Әтіркүл Шорабаева қазіргі таңда, еткен еңбегі мен көрген бейнетінің зейнетін көріп отырған бақытты әжелердің қатарында болғанына шүкіршілік етіп, отбасы амандығы мен еліміздің тыныштығын тілеп дұға қылатынын айтты.
      Адам жақсылықа кенелген сайын алға, жан жадыратар жақсы істерге ұмтылады демекші, Әтіркүл Шорабаева жалынды жылдарын адал, абыройлы еңбекке арнады. Әтіркүл апай қазақтың қадірлі қызы ғана емес, қазақтың қайраткер қызы. Өмірдің сан тарауын басынан өткерген ғазиз жан халқымнан «не алам» деп емес, халқыма «не берем» деп күн кешуде. Әрдайым жақсылыққа, игі істерге ұмтылады. Ұрпаққа арнап айтқан ұлағатты ойлары да халық жадында жаңғырып тұр. Есімі де ел есінде сақталып, жатталатыны хақ.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
11 августа 2023 05:57
Лайла

Сәттілік серігіңіз болсын!
10 августа 2023 21:59
Айгуль

Сәттілік серігіңіз болсын. Барлық марапатқа лайықты жансыз.

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...