Байболов Қанат

Рейтинг:

Ғылымның шырағын жаққан

      «Өнер-білім бар жұрттар, Тастан сарай салғызды, Айшылық алыс жерлерден, Көзді ашып-жұмғанша, Жылдам хабар алғызды. Аты жоқ құр арбаны Мың шақырым жерлерге, Күн жарымда барғызды» деп ағартушы ғалым Ыбырай Алтынсарин айтпақшы, өнер мен білім, ғылым қай дәуірде де алдыңғы қатарда болған. «Ақ найзаның ұшымен...» білектілердің заманы болғанда жеріміз бен елімізді аталарымыз қорғап қалса, білімге сенген заманда Тәуелсіз Қазақстан көптеген елдердің алдына, түсіп экономикасы мен ғылымы дамыған алпауыт елдермен терезесі тең, керегесі кең дәрежеде келеді. Әрине мұның бәрі мектептегі ұстаздар мен жоғарғы оқу орнындағы оқытушылардың, ғалымдар мен өз саласының үздері аталған мамандардың үлкен еңбегінің, заман талабына сай жабдықталған жоғарғы оқу орындарының арқасында деп білеміз. Біздің бүгінгі мақаламыз талай қырандарды қанаттандырып, талай тұлпардың аламанда тұсауын кескен техникалық ғылымдар кандидаты, доцент, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академияның корреспондент мүшесі Байболов Қанат Сейтжанұлы туралы болмақ.
      Ғылымның шырағын маздатып, боламын деген баланың белін буған Қанат Сейтжанұлы 1966 жылдың 6 тамызында Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Бәйдібек ата ауылында дүниеге келді. Сонау қылыштың жүзіндей қылпылдап тұрған заманында да тура жолдан таймаған, туғанына мойын бұрмай әділдікті қара қылды қақ жара отырып айтқан тұлғалардың табаны тиген өлкеде балалығын өткізді. Сұлу табиғаты суретшінің ұлы картинасына сұранып тұрған жасыл өлкенің самалымен жарысып өскен бала Қанат білім ордасының табалдырығын 1973 жылы Алмалы ауылындағы сегіз жылдық мектепте аттады. Кішкентайынан алғыр, тапсырылған жұмысты орайын тауып аяғына дейін жеткізе білетін, үлкеннің айтқанын тез қағып алатын құймақұлақ болып өскен Қанат мектеп қабырғасында да өзінің қабілетімен, ойының ұшқырлығымен, зейінділігі және зеректігмен көзге түсе білді. Мектепке үлкен дайындықпен келіп, ұстазынан тек жоғарғы баға алуды мақсат еткен ұлан білім ордасының қоғамдық-мәдени, спорттық өміріне белсене араласып, сыныптастары, ата-анасы мен ұстаздары болашағынан зор үміт күткен шәкірттің бірі бола білді.
      1983 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепті бітірген соң, арман тұлпарын тақымға басқан Қанат армандар орындалатын үлкен қалаға аттанып, Қазақ химия-технологиялық институтына оқуға түсті. Қандай іске де бейімі бар, әр тапсырмаға жауапкершілікпен қарайтын, өзі таңдаған мамандығының қыр-сырын меңгеріп шығуда аянбай еңбектене білген студент Қанат жоғарғы білім ордасының қызығы имен қиындықтарға толы өміріне біте қайнасып кетті. Білім ордасынан 1990 жылы «Ауылшаруашылық құрылысы» мамандығы бойынша инженер-құрылысшы біліктілігін алып шыққан Қанат Сейтжанұлы білім министрлігінің үлестіруімен Қазақ химия-технологиялық институтына жас маман ретінде Қазақ химия-технологиялық институтының «Үй мен ғимараттардың архитектурасы» кафедрасына инженер қызметіне қабылданды. Міне, тереңіне бойласаң жеткізіп болмайтын ғылым әлемінің табалдырығын, осылай аттаған еді. 
      Осы білім ордасында жүріп, өзінің оқығаны мен тоқығаны, санасына түйгенін тәжірибе жүзінде іске асырып, еңбек жолын бастаған жас маман білімін одан әрі жетілдіру мақсатында 1993 жылы Қазақ химия-технологиялық институтының аспирантурасына түсіп, 1995 жылы аяқтады. Әр мамандықтың өз саласына қарай қиындықтары болады. Бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын, түсінбеген ісін толық танып білмейінше тыным таппайтын, жауапкершілігі мол Қанат Сейтжанұлы 1990-1995 жылдары Қазақ химия-технологиялық институтының «Ғимараттар мен құрылыстар сәулеті» кафедрасының инженері, 1995-2004 жылдары Қазақ химия-технологиялық институтының оқытушысы, аға оқытушысы, доценті қызметтерін атқарды. Ғылым жолына түскен студент – алдын ашсаң арқырай жөнелетін, тау мен тасты бұзып-жарып өтетін тау өзеніндей күшке ие. Тәлім алған шәкірттерінің ғылымға деген қызығушылығын одан әрі арттырып, еңбектерінің жемісті болуы үшін еңбек етіп, қолынан келгенін аянбады.
      Бұрыс жерін жөндеп, білмегенін түсіндірді. Тау мүсін болып өткені мен сырын ішіне бүгіп жатқан тарихтың дүлдәмал тұстарын айқындап, кейінгі ұрпақ білуі тиіс құндылықтары мен жазбаларын ашуда студенттерімен бірігіп көптеген жұмыстар жүргізді. Ғылым жолына түскен шәкірттер арасында жанамын деген жүрекке от, шабамын деген жүрекке ат беріп білікті де білімді, көкірегі ояу, сауатты, қазақ ғылымында өз таңбасын қалдыратын шәкірттерді тәрбиелей білді. Білмеймін демеді, білуге ұмтылды, қолымнан келмейді демеді, білім мен қабілетіне арқа сүйеп, түйіні мол шешімнің түйінін тарқата білді. Енжар басқан, ұйқыдағы шәкірт жүрегін селт еткізіп, түн қараңғылығын сейілтіп іліммен жарық шашумен қатар, ғылым жолына шырақ алып түскен әр баланы, әр студентті ғылым ашылмай жатқан тылсымдарын зерттеуге, ашуға бағыттады.
      Ғылым дамыған заманда, болашақ жас мамандарды даярлап шығатын ғалым мен оқытушы үшін де әрдайым білім деңгейін көтеріп, біліктілігін арттырып отыру керек. Оқытушылық ете жүріп, ғылым қараңғылығына шам ұстап кірген Қанат Сейтжанұлының еңбегі өз нәтижесін берді. 2004 жылы «Исследование работы фундаментов в вытрамбованных котлованах в инженерно-геологических условиях Юга Казахстана и разработка автоматизированного метода расчета их несущей способности и деформаций» тақырыбында кандидаттық диссертацияны «05.23.02- Основания и фундаменты, подземные сооружения» мамандығы бойынша сәтті қорғап шықты. Осы жылы PhD, техника ғылымдарының кандидаты (Л.Гумилев атындағы ЕҰУ) болған Қанат Сейтжанұлы 2004-2006 жылдары Алматы экономика университетінің экономика бакалавры екінші жоғары білімін алып шықты. Қызметте де әділдігі мен жауапкершілігін көрсетумен қатар, ғылым жолында да өзінің берік баспалдағын қалай білген кейіпкеріміз қызметте де өсе түсті. 2004 жылы наурыз айында университеттің оқу әдістемелік басқармасының «Жұмысқа орналастыру» бөлімінің бас маманы болып қызмет атқарса, 2005 жылы қаңтар айында оқу секторының басшысы қызметіне ауыстырылып, шілде айында «Құрылыс материалдарының технологиясы және конструкциясы» кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалды. 
      Жұмыс істеймін, ғылымды да қатар алып жүремін деген талапты жасқа, тау да аласа. Өзінің уақытын тиімді пайдаланып, оқығаны мен тоқығанын тәжірибеде қолданып, жас болса да бас болып, ғылым жолына өзінің тың үдерісін әкеліп, соны сүрлеуін сала білген Қанат Сейтжанұлы қызметте де, ізденісте де қарқынды алға жылжып келе жатты. «Қой асығы демеңдер, қолыңа алса сақа ғой, жасы кіші демеңдер ақылы асса аға ғой» деп қара қылды қақ жара әділдігін айтқан төбе билеріміз, ғылымда жас болмайтын, талабы мен талабы толысқан жас қандай биікті де бағындырып, қандай құрметке лайықты болу керек екенін кейіпкеріміз тағы бір дәлелдеді.
      Одан кейінгі 2007 жылдар кейіпкеріміз үшін де табысты жылдардың бірі болды десек те болады. Қандай қызметке барса да жан бітіріп, өзіне артылған жүк пен сенім биігінен көріне білген Қанат Сейтжанұлы 2007 жылы қаңтар айында «Жоғары оқу орнынан кейінгі даярлау орталығының» бастығы қызметіне келді. Осы қызметте жүріп, ғылымнан да қол үзбеген кейіпкерімізге 2007 жылы «Құрылыс» мамандығы бойынша доцент ғылыми атағы берілді. Міне, ғалымның еңбегі еленгені, ұзақ жылғы үмітінің ақталғаны осы болды.
      Одан арғы қызметінде 2009 жылы тамыз айында «Құрылыс, машина жасау және көлік» факультетінің деканы, 2010 жылы қыркүйек айынан бастап М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Оқу ісі және ақпараттық технологиялар жөніндегі проректоры, 2018 жылдың қаңтар айынан бастап М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақсан мемлекеттік университеттің оқу және оқу-әдістемелік жұмысы бойынша проректоры болған Қанат Сейтжанұлы 2020 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі уақытта Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің бірінші проректоры қызметін абыроймен атқарып келеді. 
      Түн қараңғылығында сәулесін шашқан ай секілді болған ғылым мен білім саласы маман иесінен, басшыдан, ғалымнан үнемі өзін жетілдіріп отыруды, біліктілігін арттыруды талап етеді. Осы мақсатта Қанат Сейтжанұлы 2012 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ біліктілікті арттыру институтында «Жоғары мектеп менеджменті» курсын өтті, 2014 жылы Назарбаев университетінде Қазақстанның жоғары білім саласындағы басшыларға арналған кәсіби дамыту бағдарламасын тыңдап, Сингапурдың Ұлттық университетінде «Жоғары білім беру университеттерінің көшбасшылары» курсынан өтті. 2017 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Білім берудегі менеджмент» және басқа да бірқатар жоғары білім беруді басқару бойынша, 2018 жылы ақпанда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ біліктілікті арттыру институтының «Жоғары мектеп менеджменті» толық курсын тыңдады. Кейіпкеріміздің менеджмент саласында халықаралық, республикалық деңгейлердегі 50 сертификаты бар. Барлығын жазып өтуге, мақаламыздың көлемі көтермейді, сондықтан негізгі дегендеріне тоқталып өтсек. «ЖОО дербестігі Қазақстанда жоғары білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру механизмдері ретінде», «Қазақстан білімі бағдарламаларын аккредиттеу арқылы сапаны қамтамасыз етудің Еурпалық стандарттарына барар жолда», «Кредиттік оқыту технологиясының мәселелері», «ECTS үлгісіндегі Қазақстандық кредиттік модель», «Еуразиялық жоғары білім көшбасшыларының форумы», «Университеттердегі өзгерістер және стратегиялық үдерістер», Болон процесі және жоғары білімді жаңғырту (Пиза университеті, Италия), «Құзіреттер және оқыту нәтижелері негізінде инженерлік-техникалық бейіндегі білім бағдарламаларын жобалау мен әзірлеу», «Білім беру үдерісіндегі ЕСТS имплементация мәселелері», Назарбаев университеті «Curriculum design» біліктілікті арттыру курстарынан өтті. 
      Үлкен спортқа келген әр спортшының бағындырар өз биігі, әр ақынның өзіне тән бір шығармашылығы, әр суретшінің таланты мен қабілетінің айғағы болып жұртшылықты тамсандыратын бір картинасы болатыны секілді, әр ғалымның да өзіндік қолтаңбасы бар, ел тарихына қызмет ететін, ізденген шәкіртке бағыт-бағдар беріп тұратын еңбектері болады. Ғалым осындай еңбектерімен ұлы, тұғыры биік, тарих беттерінде есімдері жазылып қалады. Байболов Қанаттың ғылымның дамуына, білім саласына, экономиканың өркендеуіне қосқан үлесі аз емес. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқу ісі және ақпараттық технологиялар жөніндегі проректоры қызметінде жүріп, білім беру және тәрбиелеу үдерісін дамыту және жетілдіру бойынша, оқу орындарының әлемдік рейтингтегі позициясын жақсарту және ТОП 501+ QS World Ranking, QS «Дамушы Еуропа және Орталық Азия» ТОП 100 аймақтық рейтингке кіру бойынша үлкен жұмыстар атқарды. Бұл университеттің Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының Ұлттық рейтингісінің үштігіне кіруге мүмкіндік берді.
      Қанат Сейтжанұлының бастамасы бойынша оқу орнында білім беру бағдарламаларын жақсарту және екі диплом бағдарламасын дайындаудың жүйелі жұмысы атқарылды. Нәтижесінде оқу орнының мамандықтарының 43% үштікке кірді, 77% - ұлттық рейтингісінің үздік бестігіне кірді. Оқу орнының білім беру бағдарламалары ұлттық және халықаралық аккредитациядан өтті, Евроинженер, Евробакалавр, Евроинформатик сапасының еуропалық белгілеріне ие. 
      2013 жылы оқу орны институционалды аккредитациядан өтті.
      Сондай-ақ, оның жетекшілігімен оқу үдерісіне оқытудың инновациялық технологиялары, шет тілінде оқыту, дуалды оқыту енгізілді, Қазақстан Республикасының жетекші кәсіпорындарымен бірлесіп, 105 оқу-ғылым-өндірістік кешендер құрылды. Аграрлық бағыттағы мамандарды дайындау үшін аграрлық өнеркәсіп кешені ұйымдастырылды. 
      Байболов Қанат Сейтжанұлы – шұңқырларды тегістеуге негіз дайындау және іргетас құрылғысының сенімді, тиімді және апробацияланған әдістерін әзірлеу облысындағы көрнекті ғалым. Зерттеу нәтижелері шұңқырларды тегістеуге іргетасты есептеудің автоматтандырылған әдістерін қолдану бойынша нұсқауларда, оларды Қазақстанның оңтүстігінде құрылыс нысандарын тұрғызу кезінде осы іргетастарды кеңінен қолдану мақсатында жобалау тәжірибесіне көрсетілген. 
      Әрі қарайғы жетістіктері халықаралық және республикалық ғылыми конференцияларда, монографияларда және мақалаларда ұсынылған. Тәжірибелік жолмен алынған нәтижелер аймақтың ірі нысандарына ендірілді және оның жоғарыда аталып кеткен тақырып бойынша бірқатар зерттемелердің авторы болуына мүмкіндік берді, сондай-ақ, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-не зерттемені қолдану құқығын бекітті. 
      Оның тікелей қатысуымен ҚР жетекші өнеркәсіптік кәсіпорындарымен, «КазАтомПром» Ұлттық Атом Компаниясымен және «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясымен, «ПетроКазахстан» Ойл Продактс ЖШС-мен оқу, өндірістік, диплом алды тәжірибелерді жүргізу және бітірушілерді әрі қарай жұмысқа орналастыру үшін келісімшарттар жасалды. Білім беру үдерісін құзіреттілік ыңғай мен тәжірибеге бағытталған оқыту негізінде ұйымдастыру - мамандарды дайындау сапасын арттыруға бағытталған 2015-2020 жж. университетті дамытудың Стратегиялық жоспары оның қатысуымен дайындалды. Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің бірінші проректоры қызметінде оқу орнының оқу және оқу-әдістемелік жұмысының дамуына айтарлықтай үлес қосты, ол жоғары оқу орнының институционалды және бағдарламалық рейтингтердегі тұрақты орындарымен сипатталады.
      Қанат Сейтжанұлы Оңтүстіктің құрылыс кластерін дамыту мен құруға, сондай-ақ Қазақстанның Оңтүстігінде кадрлық қамтамасыз ету жүйесін қалыптастыруға едәуір үлес қосты. Оның жетекшілігімен шетелдік серіктес жетекші оқу орындарымен және жұмыс берушілермен бірлесе отырып, ИИДМБ-2 кіретін кәсіпорындар үшін мамандарды дайындау бойынша жұмыстар ұйымдастырылды. Белсенді халықаралық іс-әрекеттерді жүргізуде, бірқатар ірі халықаралық білім беру жобаларына жетекшілікті жүзеге асыруда, оның ішінде қаржыландырылатын Erasmus+ халықаралық бағдарламаларына атап өту керек. Кейіпкеріміз жоғары мектептің тәжірибелі ұйымдастырушысы ретінде, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің білім беру бағдарламаларын халықаралық және ұлттық аккредитациядан өткізуге үлкен үлес қосты, оның нәтижесінде оқу орны Еуропалық университеттер Ассоциациясының, Еуропалық тақырыптық химиялық желінің (ECTNA), дизайн университеттерінің халықаралық Ассоциациясының (IAF) толық мүшесі болды. Алыс және жақын елдердің 68 оқу орнымен бірлесу келісімшарттары жасалды. Оқытушылар мен білім алушылардың академиялық ұтқырлығын белсенді дамытуға үлес қосты. 
      Байболов Қанат жоғары жетістіктегі спортты және жаппай спортты дамыту үшін шарттарды жасау бойынша үлкен жұмыстарды жүргізді. Университетте бірқатар олимпиада чемпиондары мен әлемдік чемпионаттардың жеңімпаздары тәрбиеленуде, бұл республиканың спорт орталығы ретінде аймақтың беделін арттырды. Ұлттық санасы, азаматтылығы, патриоттылығы және әлеуметтік жауапкершілік деңгейі жоғары студенттік жастарды тәрбиелеуге үлкен көңіл аударады, жоғары адамгершілік қағидаларына негізделген тұлғаны қалыптастыруға бағытталған студенттік жастармен серіктестіктің тиімді үлгісін құруға ат салысты.
      Қанат Сейтжанұлының қоғамдық қызметі ОҚО-ның қоғамдық-саяси және әлеуметтік-мәдени өміріне қатысуымен тығыз байланысты, «НұрОтан» партиясының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының «Білім» бағыты бойынша комиссия мүшесі болып табылады. Халықпен белсенді жұмыс жүргізеді, бұқаралық ақпарат құралдарында жастарды тәрбиелеу және білім беру облысындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру жұмысы бойынша жарияланымдары бар. Жоғары мектептің тәжірибелі ұйымдастырушысы, кәсіби қызметі қазақстандық жас ұрпақтарды дамытуға және тәрбиелеуге, білім беру облысындағы мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға бағытталған Қанат Сейтжанұлының ғылыми-педагогикалық қызметінің нәтижелері ретінде 200-ден аса ғылыми-әдістемелік еңбектері жарияланған, оның ішінде 140 ғылыми еңбектері ҚР және алыс және жақын шет елдерінің ғылыми журналдарында жарияланды. Сонымен қатар, 9 оқу құралы, 1 монография, 5 оқулық жарық көрді. 1 электрондық оқулыққа және 5 авторлық кұқық обьектісіне құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы куәлігіне және 4 өнертапқыш куәлігіне ие. Қанат Сейтжанұлының жетекшілігімен 1 ғылым кандидаты, 3 доктор PhD және 10 магистрант ғылыми диссертацияларын дайындап табысты қорғаған. 
      5 авторлық куәлік, авторлық құқық объектіcіне құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы 4 куәлік, қаржыландырылатын 7 ғылыми грант жобасының орындаушысы, ҒЗЖ өндіріске ендіру бойынша 15 актіден тұратын негізгі зерттеу жобаларын жүзеге асырып келе жатқан Қанат Сейтжанұлы көптеген ғылыми-зерттеу орталықтарының мүшесі. 2015 жылы Халықаралық ақпараттандыру академиясының толық мүшесі, 2017 жылы ҚР Ұлттық Инженерлік Академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланған Байболов Қанат ҚР БҒМ республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ҚР БҒМ РОӘК ОӘБ, М.Әуезов атындағы ОҚМУ республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің ОӘК, «ОҚМУ ғылыми еңбектері» республикалық ғылыми журналының редакциялық алқа мүшесі, ҚР Ұлттық Инженерлік Академиясының корреспондент-мүшесі және Білім беруде сапаны қамтамасыз ету жөніндегі Тәуелсіз Қазақстандық агенттіктің ұлттық сарапшысы.
      «Ер дәулеті – еңбекте» деген ғылым саласының дамуына өзіндік үлесін қосып, болашаққа бет түзеген студенттерге, жастарға сара жол көрсетіп келе жатқан, өзінің адалдығы мен еңбексүйгіштігінің адами асыл қасиеттерді биік қоя білген парасаттылығының арқасында Қанат Сейтжанұлы түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды. Атап айтар болсақ:
      ✦ 2011 жылы «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» мерекелік медалі;
      ✦ Қазақстан Республикасының білім саласындағы ерекше қызметтері үшін «Қазақстан 
      Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі;
      ✦ 2012 жылы ҚР БҒМ «Алғыс хаты»;
      ✦ 2013 жылы Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалі;
      ✦ ҚР БҒМ кәсіподақ төсбелгісімен марапатталған;
      ✦ «М.Әуезов атындағы ОҚМУ 70 жылдығы» мерейтойлық медалі;
      ✦ ҚР БҒМ ДШжС ҰҒӨО төсбелгісі;
      ✦ 2014 жылы «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгісі;
      ✦ 2016 жылы ҚР БҒМ кәсіподақ төсбелгісі;
      ✦ Шымкент қаласы әкімінің «Алғыс хаты»;
      ✦ 2017 жылы ОҚО Әкімінің, «НұрОтан» партиясының Облыстық филиалының, Шымкенттік қалалық мәслихатының «Алғыс хаттары»;
      ✦ Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының Мақтау қағазы;
      ✦ 2018 жылы «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытудағы ерекше қызметі үшін» төсбелгісі;
      ✦ «М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің 75 жылдығы» мерейтой төсбелгісі;
      ✦ 2021 жылы Түркістан облыстық мәслихатының Грамотасымен марапатталды.
      «Ай мен Күннің өлгені – еңкейіп барып батқаны, Ағын судың өлгені – Алты ай қыста қатқаны, Қара жердің өлгені – қар астында жатқаны. Дүниеде не өлмейді – жақсының аты, ғалымның хаты» деп аталарымыз қалдырып кеткен өнегелі сөз әлі күнгі өз өміршеңдігін жойған жоқ. Отбасы жүгімен қатар ұстаздықты, ғылым жолын алып жүріп, көлдей қазақ ғылымының дамуына тамшыдай болса да үлес қосуды алдына мақсат етіп қойып, арманына жете белген Қанат Сейтжанұлының еңбектері мен ғылыми жұмыстары қоғам мен ғылымға қызмет етіп, есімі ел есінде алтын қыранның қанатындай мәңгі қалықтай бермек.
      Үлкен өмірге қадам басқан сәбидің жүрегіне білім нұрын сеуіп, өнегелі адамгершілік жолына бағыттап, болашағының берік кірпіштерін нық қалап келе жатқан ұстаздар қауымы қандай құрметке де лайық. Жел айдаған қаңбақтай дөңгеленіп зырғыған уақыт бірді шарықтатып құрмет биігіне көтерсе, енді бірін түпсіз терең тұңғиыққа лақтырып жатады. Бірақ, текті қазақтың тарихында батырлар мен ақындар, хандар мен билер болған. Оған куә – ғалымдар мен зерттеушілердің еңбегі. Мәңгілік ел болып қалыптасуы үшін тарихты білуіміз керек. Өйткені, өткенін білмеген елдің, болашағы бұлыңғыр, туы тұғырында шатқаяқтап тұра алмайды. Осындай Тәуелсіз Қазақстанның туын биіктетіп, ғылым саласының өркендеуіне өз үлесін қосып, кезіндегі түрлі саясаттың кесірінен жең ұшында, том астында жасырынып қалған аталар тіршілігі мен мәдениеті. Тұрмысын қайта тарих бетіне шығарып, өткеннің алтын тамырын бүгінгі күнмен байланыстырған ғалымдардың еңбегі том-том кітапқа сұранып тұрған дүние.
      Осындай, мәңгілік ел болуға бет бұрған Қазақ елінің ғылымының өркендеуіне өз үлесін қосып, артында өшпес із қалдырған Қанат Сейтжанұлының деніне саулық, отбасына амандық тілейміз. Ғылымға бет бұрған әр студентке дұрыс бағыт сілтер бағдаршам болып жүре беріңіз демекпіз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

9 марта 2025 15:21
Даурен
Maruash, Көп рахмет!...
6 марта 2025 11:31
Гульнар
Сіздерге рахмет! Әкеміздің өмірі кейінгі ұрпақтарына сіздердің осы еңбектеріз арқылы естелік болып қалады. Еңбектеріңіз...
2 марта 2025 13:57
Гульнар
мы члены большой семьи Нуржановых ценим в людях чувство ответственности,человеколюбия и  профессионализма..так...