Қасенова Назгүл

Рейтинг:

Пайымында парасат тұнған тұлға

      Мәдениеті мен өркениеті дамыған, білімге арқа сүйеген қай қоғамды алып қарасаңыз да, еңбек адамының құқығын қорғайтын, әлеуметтік болмысы мен тұлғалық қасиетіне мән беріп, лайықты құрметке ие болуын қадағалайтын ұйымдар болған. Теріскейден соғатын желдей жылдамдықпен дамып жатқан бүгінгі таңда да бұл ұйым бедел биігінен, өзіндік тұғырынан түскен жоқ. Қоғам мен адам қажеттілігі үшін туындаған, салауатты да берекелі өмір сүру үшін тіршілікте түрлі мамандықтар бар секілді, олардың жұмысын қадағалап, реттеп, заңдық сүзгіден өткізіп, сала бойынша үздіктерін анықтап, оларды одан әрі де өнімді жұмыс жасауға ынталандырып, оларға зиян тиген жағдайларда қауіптіліктен сақтандырып, зардап шеккендер болса құқығын қорғайтын ұғым бар, ол – кәсіподақ деп аталады.
      Кәсіподақ ұйымының жетекшілері мен жұмысшылары, қозғалыс белсенділері өздерінің уақыттары мен күш-жігерін еңбек адамының құқығының сақталуына жұмсап жүрген қайраткерлер. Олардың белсенді өмірлік ұстанымдары мен ұйымдастырушылық қабілеттері, шығармашылық күш қуаттары отандастарымыздың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Міне, осындай еліміздің ертеңі саналатын бүгінгі ұрпақты тәрбиелеуде маңызды рөл атқарып келе жатқан, білім қызметкерлерінің, ұстаздардың жоғын түгендеп, құқықтық қолдап, мерейін тасытып келе жатқан білім қызметкерлері кәсіподағының, саланың ауырын арқасымен көтеріп келе жатқан мейірімді де мерейлі азаматшаларымыздың бірі, «Шығыс Қазақстан облысы білім және ғылым қызметкерлері жергілікті кәсіподағы» қоғамдық ұйымының төрайымы Қасенова Назгүл Базарбайқызы туралы әңгіме қозғамақпыз.
      Тәлімгерлік болмысында өнеге, пайымында парасат, адалдығы мен әділдігінде адами асыл қасиеттер тұнып жатқан, лауазымды қызметте жүрсе да қарапайымдылық қалпын бұзбаған Назгүл Базарбайқызы 1959 жылдың 19 желтоқсанында Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Никитинка ауылында дүниеге келді. Шыңдары көк тілгілеп бұлтпен тілдескен өңірде балалығын өткізген жас, үлкен өмірге сүрлеу салар білім ордасының табалдырығын 1967 жылы Никитинка ауылындағы орта мектепте аттады. Мектеп партасына шынтағы тиген әрбір өрен, ертеңгі күнгі үлкен мамандықтың иесі, баптай білсең жүлде алатын тұлпар. Кішкентайынан зерек, ұстаздарының сөзін тез қағып алатын алғырлығы мен ұйымдастырушылық қабілеті басым болған жас мектептің сабағын жақсы оқумен қатар білім ордасының қоғамдық-мәдени, спорттық өміріне белсене араласты. 
      Ашық, қандай ортаға барса да еркін араласып кете беретін, сөзге беріктігі мен әділдігінің, барын жолдасымен бөлісетін жомарттығының арқасында қатарының алды бола білген жас 1977 жылы орта мектепті үздіктер сапында бітірді. Мектеп – үлкен өмірге қадам басқан әрбір балапан жүректің қанатын қатайтып, ақ жол тілейтін, ұлы армандарды шәкірт жүрегіне ұялата білетін киелі білім ордасы. Мектеп қабырғасында жүріп, ұстаз болуға аңсары ауған Назгүл мектепті бітірген соң облыс орталығы Өскемен қаласына арманмен аттанды. Бел асуды көздеген білімді жасқа, асулар кедергі болып па, өзінің білімі мен таңдаған мақсатының дұрыстығына сенімі мол түлек осылайша 1977 жылы Өскемен педагогикалық пединститутының «Тарих және педагогика» факультетіне оқуға түседі.
      Әкеден әділдік пен адалдық, анадан мейірімділік пен махаббат, инабаттылық пен ибалылық, имандылықты бойына сіңіріп өскен Назгүл жоғарғы оқу орнында да жүріп, өзін жақсы жақтарынан көрсете білді. Қолымнан келмейді демеді, ебі мен ыңғайын тауып қолына алған істі жалғастырып кететін табандылығымен қатар, жанындағыларды бір іске үйіріп алып кететін ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында жоғары білім ордасында да жақсы оқып, алдыңғы қатарда жүрді. Өз ісінің білікті де білімді маманы болып шығуы үшін көп оқуға, көп іздену керек екенін жүрегімен түсінген кейіпкеріміз қайта айналып келмейтін алтыннан да бағалы уақытын тиімді пайдаланып, «Жастық шақ білім іздеу нақ дер шағың» демекші, студенттік шақты ізденумен, талаптанумен, оқумен, білумен өткізді.
      1982 жылы іргелі білім ордасын «Тарих және мемлекеттік құқық мұғалімі», «Тәрбие жұмысының әдіскері» мамандығы бойынша тәмамдаған жас маманның алғашқы еңбек жолы Өскемен қаласындағы Ленин атындағы орта мектеп-интернатында аға тәлімгер ретінде басталды. Әрбір жас маман көктемде бүр жарған алма талының жас шыбығындай жұмсақтығымен қатар төзімді, берік, әрі иілгіш келеді. Жұмыс болған соң бәрі маманның айтқанындай бола берсін бе, қызмет барысында кездескен қиындықтарды өзінің табандылығы, сабырлылығы, білімділігі арқылы жеңіп шыққан ол жауапкершілігімен, тиянақтылығымен, іскерлігімен, ойының ұшқырлығымен ұжымдастары алдында құрметке ие болып, бедел биігіне көтеріле түсті. Әрбір ісінен өзінше бір демеу алып, жұмыс атқарумен қатар өзінің білім-біліктілігін арттырып, таным көкжиегін кеңейте білген Назгүл Базарбайқызы одан әрі қызметте өрлей түсіп, өмір ағынымен білім саласында әртүрлі лауазымдық қызметтерде болды. Мектеп меңгерушісі, Ұлан ауданының оқушылар үйінің директоры, Ұлан аудандық білім бөлімінің гуманитарлық цикл және шет тілдері бойынша әдіскері, Ұлан ауданы білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы, Ұлан ауданы білім бөлімінің басшысы ретінде деңгейі жоғары білікті маман, басқарудың тиімді әдістерін өз тәжірибесінде шығармашылықпен қолдана алатын заманауи басшы ретінде еліне танылған. 2007 жылы Орталық Азия университетін «Заңгер» мамандығы бойынша бітірген кейіпкеріміз 2011 жылы көпшіліктің қалауымен «Шығыс Қазақстан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы болып алғаш рет сайланса, кейіннен үш дүркін әріптестер ниетімен осы лауазымға қайтара сайлану арқылы қызметін абыроймен жалғастырып келеді. Оған қоса 2005 жылдан бастап қазіргі таңға дейін «Нұр Отан» партиясының белсенді мүшесі.      Кәсіподақ ұйымы – тұрақтылық пен еңбек қауіпсіздігінің кепілі ретінде, еңбек ұжымдарындағы тұрақтылықты сақтау, жалпы жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы алтын көпір третінде өз қызметтерін атқарып келеді. Елдің экономикалық дамуы мен қоғамның әлеуметтік белсенділігінің берекелі істерге бастауы алдында, салық кәсіподақ мамандарының атқарып отырған еңбегі ауқымды. Осы мақсатта өзі басшылық ететін ұйымның жұмысын ілгерілетіп, еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайларының жақсы болуы үшін заңда көрсетілген барлық жеңілдіктер мен көмек түрлерін алуды және еңбек заңдылығының сақталуын қадағалап келеді. Жұмыс барысында туындаған келіспеушіліктерде әр адаммен жеке жұмыс жасап, заң бойынша көмек беріп, екі жақты бітістіріп, атқарылып жатқан жұмыстың берекесін кіргізіп келе жатқан Назгүл Базарбайқызына білім қызметкерлерінің көңілі тоқ, айтар алғысы шексіз, көрсетер құрметі ерекше.
      «Жақсы адам жарық жұлдыз сияқты жан-жағына шуағын шашып жүреді» демекші, жылы жүрегімен, үлгі-өнегесімен, адами асыл қасиеттерімен ерекшеленген, өмірден көргені де, түйгені де мол тұлға Назгүл Базарбайқызының кәсіподақ қызметіндегі атқарған істері мен қол жеткізген жетістіктері туралы кеңінен таратып айтсақ. Төрайым лауазымындағы жұмыс мерзімінде өзін нормативтік актілерді, қолданыстағы заңнаманы жете меңгерген және оларды өз жұмысында шебер қолданатын белсенді де бастамашыл кәсіподақ көшбасшысы ретінде көрсете білді. Өз қызметтік міндеттерін атқаруға аса жауапкершілікпен қарады. Білім қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғауда облыстық салалық кәсіподақ ұйымдарының жұмысын шебер ұйымдастырады және дұрыс бағыт бере біледі. Әлеуметтік әріптестік келісімінің, ұжымдық шарттардың рөлінің маңыздылығына басты көңіл бөледі. Адамдармен жұмыс істеуде ілтипатты, жергілікті жерлердегі жұмыстарды әділ және қағидаттылықпен бағалайды. Кәсіподақ мүшелері мен олардың балаларының сауықтырылуына, демалысын ұйымдастыруға, әлеуметтік қорғалмаған санаттағы қызметкерлерге қамқорлық көрсетуге үлкен көңіл бөледі. Облыста кәсіподақ жұмысын жетілдіру, кәсіподаққа мүшелікке ынталандыру, жастарды кәсіподаққа тарту, кәсіподақ белсенділерін оқыту жұмыстарын басты назарда ұстайды. Жұмыс барысында ол облыстың мықты кәсіподақ активін біріктіріп, оқыту арқылы мықты кадрлық резерв құрды. Ұжымдардың мәселелерін, олардың мүшелерінің ұсыныстары мен талаптарын қорытындылай келе жоғары тұрған ұйымдар, Үкімет, депутаттар алдында үнемі сұрақтар қойып, оларды шешуге тырысады. Қасенова Назгүл – жауапты, адал кәсіпқой және белсенді азаматтық ұстанымы бар адамгершілігі жоғары адам. Әріптестері, кәсіподақ мүшелері, студенттер және ата-аналар қауымы арасында лайықты құрметке ие.
      Соңғы съезд бекіткен кәсіподақ қызметінің бағдарламасымен кәсіподақ органдарының алдына қойылған міндеттердің бірі әлеуметтік-еңбек саласының нормативтік құқықтық базасын жетілдіруге және дамытуға қатысу міндеті болып табылады. Кәсіподақ – жұмыскер мен жұмыс берушінің арасындағы дәнекер, екі тараптың өзара келісімі арқылы көптеген әлеуметтік маңызы зор мәселелерді шешетін қоғамдық тұлға болғандықтан атқаратын істер мен қойылатын талаптар да ауқымды. 
      2012 жылы Үкіметтің әйелдердің зейнет жасын 58-ден 63 жасқа көтеру бастамасына кәсіподаққа мүше әйел азаматтардың келіспеушілігін қолдаған кәсіподақ белсенділерінің бірі де осы Назгүл Базарбайқызы болды. 2012 жылы әйелдер үшін зейнеткерлік жасты 2014 жылдан 63-ке көтеру туралы мәселені қарау кезеңінде келіп түскен көптеген өтініштерге байланысты 20-дан астам ұсыныс облыс әкімшілігімен талқыланып, Президентке, Үкіметке ашық хат жолданды. Ұсынылған 20 ұсыныстың 14-і қайта қаралып, Елбасы енгізген өзгерістерде орын алды, соның ішіндегі ең қомақтысы 1960 жылы туғандармен қоса 58 жастан зейнеткерлікке шығару; 2020 жылға дейін зейнет жасын өсірмеу ұсынылса, қабылданған реформада 1959 жылы туғандарды 58 жастан зейнеткерлікке шығару, ал заңның күшіне енуін 2018 жылға дейін шегеру кәсіподақтың ұсынысымен жүзеге асқаны қуантады.
      Көптеген әлеуметтік мәселелер облыс әкімі мен облыстық білім басқармасының екіжақты Келісімі аясында шешімін тауып, халықтың көңілінен шығуда. 2018-2020 жылдардағы Келісім аясында білім ошақтарының автокөлік жүргізушілерінің жалақысы тек Шығыс Қазақстанда 50 пайызға артты. Сонымен қатар білім беру мекемелерінің қызметкерлері жұмыс істейтін аумақтарында Семей полигонының аймағында ядролық сынақтардан зардап шеккендері жөніндегі экологиялық куәлігінің бар-жоғына қарамастан қосымша еңбекақы және қосымша төленетін еңбек демалысын алу құқығы берілді. Кейіннен ШҚО үлгісінде осы екі жетістік Қазақстандық салалық Келісім аясында республика көлемінде енгізілді.
      Шығыс Қазақстан облысының Білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы 2021 жылдың басында 556 бастауыш кәсіподақ ұйымын қамтыған кәсіподақ мүшелерінің жалпы саны 31557 қызметкерді құрайды.
      Назгүл Базарбайқызының басшылығымен атқарылған жұмыстар көптеп саналады. Маңызы ретінде біреуін айтар болсақ, 2021-2023 жылдары облыс әкімі Д.Ахметовпен жасалған Келісім Қазақстан бойынша тек қана Шығыс Қазақстан облысына қосымша екі әлеуметтік мүмкіндік алып берді:
      1. Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігі, Кәсіподақ Орталығы «Шығыс Қазақстан облысы» өкілдері және жұмыс берушілер арасындағы 2021-2023 жылдарды қамтитын әлеуметтік әріптестік туралы үш жақты Келісімде білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне жыл сайын төленетін отын шығындары мен коммуналдық төлемақы мөлшері 2020 жылға 32662 теңге көлемінде белгіленіп, алдағы әр жыл сайын кемінде 20%-ға көтерілу келісілген. Бүгінгі таңда коммуналдық төлемдер бойынша Ақмола облысынан кейін (45945 теңге -15 АЕК) екінші орында ШҚО (32662 теңге). Тек Тарбағатай ауданында 23336 теңге төлемақы мөлшерін облыстық деңгейге көтеру мәселесі 3 жақты комиссияның талабымен аудан басшыларына жүктелді.
      2. Сондай-ақ мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындардың штатындағы арнайы мамандықты қажет етпейтін қызметкерлердің жыл сайынғы еңбек демалысына қосымша 1 айлық жалақы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысын төлейді, бұл да тек Шығыс Қазақстанда ғана жүзеге асқан жетістік.
      Экономикалық көрсеткіштерімізге келетін болсақ, жалақылық құқықтық қорғалымның өзі тек 2020 жылы білім қызметкерлерінен заңсыз ұсталған немесе төленбей қалған кәсіподақ мүшесінің 348 725 438 теңгесі қайтарылды. Ал осындай қайтарымдар 2021 жылы 539 560 000 теңгені құрады. Бұл соңғы республика бойынша 2 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.
       Міне, Назгүл Базарбайқызы өзі жұмыс істеп отырған саласының жан-жақты маманы, ұжымымен тіл табысып, қойған міндеттерін абыроймен атқарып жүрген білікті басшы ретінде өзін таныта білумен қатар, өзіне жүктелген тапсырмаларды үлкен жауапкершілікпен атқарып, қызмет барысында ұйымдастырушылық қабілеті жоғары екенін сан мәрте ісімен дәлелдеді.
      Қоғам игілігі үшін қызмет еткен маман иесінің еңбегі бағасыз қалмайды. Саналы ғұмырын білім саласына, кәсіподақ өміріне арнаған Назгүл Базарбайқызы адал еңбегі үшін басшылық, білім ұйымдары, халық тарапынан марапаттарға ие болды. Атап айтар болсақ:
      ✦ 2005-2009 жылдары Білім беру және ғылым қызметкерлерінің облыстық кәсіподақ ұйы-мының «Құрмет Грамотасы»;
      ✦ 2006 жылы Шығыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар кеңесінің «Құрмет Грамотасы»;
      ✦ 2008 жылы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Құрмет Грамотасы»;
      ✦ 2011 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым қызметкерлерінің Кәсіподағының «Құрмет Грамотасы»;
      ✦ 2012 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым қызметкерлері Кәсіподағының «Білім және ғылым қызметкерлерінің Кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі;
      ✦ 2015 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі;
      ✦ 2016 жылы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі;
      ✦ «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалі;
      ✦ 2019 жылы Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына айрықша сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі;
      ✦ 2020 жылы Ұлан ауданына сіңірген еселі еңбегі үшін «Ұлан ауданына 90 жыл» мерейтойлық төсбелгісі;
      ✦ «Шығыс Қазақстан кәсіподақтарына – 100 жыл» мерейтойлық төсбелгісі;
      ✦ 2021 жылы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақтардағы белсенді жұмысы үшін» медалімен марапатталды. 
      Әйел затының бағзы заманнан жер бетіндегі ізгіліктің, нәзіктік пен кеңдіктің көрінісі болып келе жатқаны әмбеге аян. Сондай-ақ, қалтқысыз көңілдің, жоғары адамгершілік пен қайырымдылықтың да өлшемі. Ерлік рухтың да адам баласына ана сүтімен даритынын ғылым дәлелдеген. Ендеше, Жаратқан иеміз фәни тірлікте адамзатқа жұғысты қылған ізгі қасиеттердің бәрін осы ана-әйел арқылы қалыптастырып сіңірген. Біз мұны күнделікті тірлігімізден әрдайым көріп те жүрміз. Қалай дегенде де әйел – өмірдің гүлі, отбасының ұйытқысы, алтын қазығы. Назгүл Базарбайқызы екі ұлдың сүйікті анасы және алты немеренің қамқор әжесі. Ұлдарына барлық жақсы қасиеттерді беріп, дарыны болса дамытып, дұрыс білім алуына жағдай жасады. Қос қанаты Нұртас пен Нұржан еліне сыйлы, абыройлы азаматтар. Келіндері Әлия мен Жанар да үлкеннің алдын орамайтын, кішінің көңілін қалдырмайтын, әдептіліктері ана сүтімен бойларына біткен.
      Нұртас пен Әлиядан сүйген төрт немерелері Айзере, Әдемі, Алдияр мен Сафияны әжелері «апта сайын асыға күтетін асылдарым» деп еркелетсе, Нұржан мен Жанардың қос құлындары Нұрали мен Мансұрды «қос жанарым» деп мейірімін төгіп отырады.
      Балаға жүрек жылуын сыйлай білген асыл ана аялы алақан жылуын, әулеттің салиқалы салт-дәстүрлері мен бетке ұстар қасиеттерінің болашақ ұрпағының бойынан табылатынына үміт артады. Немерелерін сапалы біліммен қаруландырып, тәрбиелі азамат етіп шығару әжесінің ең басты арманы.
      Ықыласында ыстық мейірім, шапағатында шуақты нұр, азаматтық айбыны аласармаған, құм астында жатса да шірімейтін қанжардай, уақыт өте келе манаураған Алатаудай ұшар шыңы биіктеп келе жатқан Назгүл Базарбайқызы сынды өз саласының білікті мамандары бары көңіл қуантады. Алла ісіне береке беріп, кейіпкеріміздің өмірі салиқалы, отбасы аман, дені сау болғай!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...