Ұлағатты ұстаз
Ұстаз – қанша қалам тербесең де таусылмайтын алтын қазына. Ұстаз келбеті – жүзін шаң баспас кітап, ұстаз болмысының кірпіші – әділдік, махаббат пен мейірім, парасат кірпішімен өрілген, ұстаз тұлғасы – алыстаған сайын биіктей түсетін асқаралы Алатаудай биік жер. Ұстаз туралы, ақындардан асыра айта алмаспыз, десек те, жүректе толғанған сырды қызыл тілдің шарпуын, қаламы ұшына салып еркіне бір жібергенді жөн көрдік.
![]()
Тұла бойында тұлпардай тулаған дарынын қамшылай түсіп, жаңа шыңға көтерілем деген бала әркез өмірден өзінің шынайы орнын табатыны хақ. Әйтсе де тал бойына біткен талантын барлығы байқап, көрсете білмейтіні де бар. Тұтанайын деп тұрған жас шоқты үрлеп, лап еткізіп жандыратын жандар да кездеседі өмірде. Олар – өмірдің асуларынан асып, тұңғиығын сүзіп, адамгершілік пен намысты, мейірімділік пен адалдықты тең ұстаған жүректі жандар. Ол жандарды біз «ұстаз» дейміз. Ұстаздарымыз болмысындағы бар қасиет-құрметін, өмірден санасына түйген байлығының барлығын оқушысына сыйлап, жүрегіне су сепсе де сөнбейтін алау жағады, шабытын шыңдайды. Шәкірттерінің келешегі жөнінде ойланып, олардың қабілетті шәкірт болып, үлкен биіктерден көрінуін қалайды. Ұстаздарымыздың бар бақыты өзі тәрбиелеп, өзі білім беріп отырған оқушыларында екені рас. Кез келген шәкірттің бойында адам сүйсінетін қасиеті болады. Оны байқау үшін жіті бақылау мен асқан сезімталдық қажет. Өзгенің бақытын аялаумен, өз уақытын аямаумен ғұмырын өткізетін ұстаздар қауымына бүгінгі таңда артар міндет аса салмақты.
Міне осындай асыл сөздерге лайықты, тұлғалық болмысын ешқандай қалыпқа сыйдыра алмайтын ұлағатты жандардың бірі, саналы ғұмырын білім саласына арнаған ұстаздарымыздың бірі, Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы, №49 жалпы білім беретін КММ-ның математика пәнінің мұғалімі – Асқарова Бейбітгүл Мәмиқызы. Ұлт болашағының тұсауын кесіп, бойына адами асыл қасиеттерді сіңіріп, жаңа өмірде өз орнын табуға себепші болып келе жатқан Бейбітгүл Мәмиқызы 1962 жылдың 23 қазанында Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Киров (қазіргі Жаңалық) ауылында дүниеге келді.
![]()
Сырымды аш деп тас бүркеніп жатса да, табиғат сұлулығын шектемеген шырайлы өлкеде балалығын өткізген ол, абыройлы, ағайын арасында сыйлы ата-анасының құшағында тербеленіп өсті. Асқар тау әкесі Асқаров Мәми сол кездегі ауыл шаруашылығында алғашқы шопырлардың бірі болып жұмыс істесе, анасы Бикеш ауыл дәрігері болып қызмет жасады. Анасы да, әкесі де тұрғылықты жерлеріне танымал, еңбекқор адамдар болған. Әкесі Мәми Асқаров ауыл шаруашылығына қосқан орасан зор еңбегі үшін «Еңбек Қызыл ту» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталса, анасы Бикеш дүниеге келген барлық баланың кіндік шешесі, дертіне дауа іздеген жандардың сүйікті дәрігері, ақ халатты абзал жандардың бірі болған. Жақсының ісі тайға таңба басқандай етіп жазылып, кейінгі ұрпақ жадында сақталып қалады емес пе, өмір тәжірибесі мол, парасаттылықтың биігіне көтерілген жандардың игі істері мен жасап кеткен жақсылықтары туралы ауыл адамдары әлі күнге тамсанып айтып келеді.
Қыранның балапаны тек қияда қанат қағатыны секілді, табиғаты әндетіп тұрған өлкенің сұлу самалымен жарысып өскен Бейбітгүлдің бойындағы ұстаз болсам деген арман оты бала кезінен оянды. Таңғы шолпандай арманға жөн сілтеп, шақыратын білім ордасының табалдырығын Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепте аттап, білім әлеміне сүңгіп кетті. Талаптың тұлпарын тақымға қысқан жас 1980 жылы күміс медальмен аяқтап, Өскемен қаласындағы педагогикалық институттың физика-математика факультетінің математика мамандығы бөліміне оқуға түседі. 10 жылдықты бітірген балғын жастың арманы бірде әділдікті ашып беретін заңгер болуды қаласа, бірде ұстаз болып, шәкірттерге білім мен тәрбие беруді армандады, бірде журналист болуды да ойлап кететін. Оның себебі де бар. Кішкене кезінен тілге жүйрік, әдеби тілде сөйлеуді, шығарма жазуды ұнататын. Ақыры математика пәнінен сабақ берген Аманжол ағасының ықпалы көп болды ма, осы пәннің мұғалімі болуды қалады. Ұстаз деген ұлы мамандықты игеруді қалаған студент, институтта оқып жүргенде де, өзінің ізденімпаздылығымен, білімділігімен көзге түсіп, алдыңғы қатарлы білім алушылардың бірі болумен қатар қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, ғылыми-практикалық конференцияларда жұмыстарын қорғап, марапаттарға ие болды.
![]()
Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық емес пе?! Әсілі, мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін мейірімді абзал жандар. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Өмірдегі көп мамандықтың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, өте шеберлікті, ерекше балаға деген сүйіспеншілікті қажет ететін мамандықтың бірі – мұғалімдік. Олай дейтініміз мұғалім еңбегі біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, ол үнемі оқушы-шәкірттермен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді өз мойнына алатын маман.
Әдепті сөйлеу, тәртіпті болу, таза жүру, өтірік айтпау, қарапайым, ізетті болу, ақ адал, әділетті болуды бойына сіңірген Бейбітгүл Мәмиқызы байсалды мінез, көркем жүзді әкесінің тәрбиесін, парасат-пайымы мол мейірімді, бауырмал анасының мінезін ұстаным ете білді. Жас кезінен «Мұғалім болсам, туған ауылымдағы мектепте келешек ұрпақты білім нәрімен сусындатып, оларды тәрбиелесем» деген арманы жүзеге асып, институтты ойдағыдай аяқтап шыққан білімді маманның ұстаздық жолы өзі білім алған туған жерінен басталды.