Бақбергенов Нұржан

Рейтинг:

Құрмет төріне көтерілген ұстаз, білікті басшы

      «Ұстаз болу – жүректің батырлығы, Ұстаз болу – сезімнің ақындығы, Ұстаз болу – мінездің күн шуағы, Азбайтұғын адамның алтындығы», - деп Ғафу Қайырбеков айтқандай, ұстаздық үлкен міндет, ұлы абырой. Ол – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарытып қана қоймай, үлкен өмірге бағыт-бағдар береді. Демек ұстаз болу – шәкіртке ата-анасындай болып тәрбие сыйлау, жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беру. Ұстаз – ұлағатты есім. Құм астында жатса да қасиетін жоғалтпайтын алтындай, уақыт өткен сайын салмағы басым болып келе жатқан осы бір мамандық иелеріне деген құрмет ерекше. Тарыдай болып мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің қолына қалам ұстатып, жүрек түбінде жасырынып жатқан қабілеттері мен талант бұлақтарының көзін ашып, үлкен өмірге бейімдеуде үлкен жауапкершілікті талап етеді. Таудың сай-саласы болмаса өзен жолы өз ағысын таба ала ма?! Иілуге қайым жас шыбықты күтіп баптап саясы кең, үлкен бәйтерекке айналдырған бағбан секілді, қалам ұстауды енді үйренген өскіндердің жүрегіне үміт отын жағып, үлкен өмірге ұмтылдыратын да осы ұстаздар қауымы. Ұстаздар туралы айтылған мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер де аз емес. Осының бәрі ұстаз еңбегіне берілген баға.
      Саналы ғұмырын ағарту саласына арнап, шәкірт тәрбиелеуде көп еңбек сіңірген ұлы ұстаз, білім мекемесінің жұмысын ілгері жүргізе білген білікті басшы Бақбергенов Нұржан Қожабайұлы 1969 жылдың 27 сәуірінде Қызылорда облысы, Жалағаш қыстағында дүниеге келді. Перзентінің амандығы таңдайынан түспей, тілеуі болған әкесі – Бақберген Қожабай білім саласында ұзақ жылдар қызмет еткен, мектеп директорлығына дейін көтеріліп, басшылық еткен жылдары №116 мектепті республика көлеміне дейін танымал білім ордасына айналдырған, ұлағатты ұстаз, пайымында ұлылық пен даналық тұнған парасат иесі. Ал алақаны жібектен де жұмсақ анасы – Саткеева Гүлбану да биология пәнінен ұстаздық етіп, отағасы екеуі 7 бала тәрбиелеп өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған тұлғалық болмысы аласармайтын кісілер болатын. Ата-анасының педагогикалық саладағы еңбектері еленіп, «Қазақ ССР-нің озық қызметкері» атағын алды. 
      Ұлттық тәрбие, аталы сөзге тұру, үлгі-өнеге көрсету – біздің әрқайсысымыздың көкірегімізде маздап жатса, текті халық мәңгі жасары ақиқат. Егер үлкеніміз де, кішіміз де адамды ізгілікке, мейірімділікке, төзімділікке, ибалылыққа, ұяңдыққа бастайтын ұлттық тәрбиемізді жалғастыра білмесе, бүгінгі таңда құлақ естіп, көз көріп отырған жақсы қасиеттер мен абыройлардың бірі де болмас еді. Міне, осындай адами асыл қасиеттерді бойына сіңіріп, бүлдіршіндердің болашағына жарық сәуле, даңғыл жол салып келе жатқан кішілігінде – кісілік, құрметінде – өнеге тұнып жатқан, нар тұлғалы азаматтардың бірі – Бақбергенов Нұржан Қожабайұлы туралы тарқатып айтсақ.
      Балалық табаны тиген туған жердің туын тік ұстап, талай қырандардың қанатын қомдап, тұлпарларды тағалап, білім саласының дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан Нұржан Қожабайұлы 1976 жылы Жалағаш ауданы, Ақсу ауылындағы №116 мектептің 1 сыныбына қабылданды. Әкенің қанымен, ананың мейірімімен келген бала бойындағы әдептілік, ерекше жанашырлық, бауырмалдық, білімге деген құштарлық ұстаздарының сүйікті шәкірті болуына себеп болған еді. Мектеп сабақтарын толық меңгеріп, білім ордасының қоғамдық-мәдени және спорттық өміріне белсене араласқан бала Нұржан сыныптағы белсенділердің бірі болды.
      Мықты деген мамандықтардың өзі ауылшаруашылығының құрылымында болған сол жылдары, колхоздар мен совхоздарға жұмыс күші жетпей жатқан жылдары техникалық кәсіптік мамандықтар үрдіс болатын. Кішкентай кезінен еңбекке араласып, үлкендердің қолқанаты бола білумен қатар, өзіне сеніп тапсырылған істі тиянақты атқара білген Нұржан мектепті бітірген соң, осы бір жастар толқынының қатарында 1987 жылы Жалағаш аудандық СПТУ-15 училищесінде 5 айлық курс оқып, механизатор-тракторист мамандығы бойынша диплом алды. Одан әрі қайсарлығы қақпаны жарып өтер жасына келген 1987-1989 жылдары Кеңес әскері қатарында Отан алдындағы борышын өтеп келді. Бұғанасы қатпаған жасты соқпалдай етіп, өмір сынақтарына салып қайнаудан шыныққан болаттай етіп қайтаратын әскер – ер азамат үшін үлкен мектеп, шынайы өмір, батылдық пен Отанды сүюге тәрбиелейтін тәжірибе ортасы. Осындай, қыңыр мен қырсықты тезге салып жөндеп, азамат етіп шығаратын екі жылдық әскер қатарынан өмір тағылымын жинап оралған Нұржан Қожабайұлы елге оралған соң 1989-1991 жылдар аралығында Ақсу ауылында механизатор болып еңбек жолын бастады. 
      Мамандықтардың бәрі жақсы, барлығы да өмір сүріп отырған қоғам үшін керекті салалар. Қара жұмыстың қолғабын киіп, еңбекке араласып кеткен Нұржан Қожабайұлы кәсіптік техникумда алған білімі мен тәжірибесін жұмыс барысында кездескен қиындықтарды жеңуде қолдана біліп, мұржасынан түтін ғана емес, шаруашылықтың берекесі будақтаған механизаторлық салада адал еңбек етті. Аунап түскен күн мен бірге, шыңға көз тіккен қыран қанатын қағуды тоқтатпайтыны секілді, механизаторлық жұмыс атқара жүріп, ізденіп, емтиханға дайындалып, 1991 жылы Қызылорда педагогикалық институтының жаратылыстану факультетіне оқуға түсті. Бұл, жанарындағы ұшқынды отқа айналдыра білген өз-өзіне деген сенімі мол жастың, әке жолын қуып, ұстаздық деген әлемнің табалдырығына аяқ салған алғашқы сәттері еді. Осылайша Қорқыт Ата атындағы гуманитарлық университетін 1996 жылы географ-эколог мамандығы бойынша бітіріп шыққан жас ұстаз Нұржан Қожабайұлы 1996 жылы партасынан тәлім алған мектебіне география пәні мұғалімі болып жұмысқа қабылданды. 
      Ұстаздай ұлы тұлғаны мектептің айнасы деп бағалайтын халық ерте кезден-ақ ұстазды алыс-тан көрген бетте сәлем беріп, құрмет жасайтын болған. Ұстаз қасиетті мамандық, сондықтан ол мектептің жүрегі, тірегі, алып бәйтерегі деп баға берсек артық болмайды. Мұғалім еңбегінің әлеуметтік мәніне, елдің мәдени өміріндегі белсенді рөліне кезінде қазақ зиялыларының өзі көп көңіл бөлгенін білеміз. Олардың ішінде ұлт ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы: «Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді, басқа кемшілігі болса, мұғалімнің жақсылығы жабады, білдірмейді» деп мұғалімнің қандай болмағына баға берген. Балаға білім нәрін себуші, жан-жақты жақсы білім беруші, білгенін ерінбей үйретуші ұстаз ғана өз жемісін көре алады. Педагогтар отбасында туып-өскен, олардың парсат нұрымен көмкерілген, адами асыл қасиеттерімен қапталған, ақыл-кеңесі тау суынан да таза, мөлдір, әр сөзінде бір мағына жатқан жандардың өнегесін көріп, өмірін үлгі етіп өсірген Нұржан Қожабайұлы ұстаздық қызметті игеріп кетуде көп қиындықтарға кезіккен жоқ. Өйткені, оның бүкіл өмірі мен жастығы ұстаздық дейтін ұлы мамандықты өмірлерінің серігі еткен алтын жүректі жандардың жанында жүрумен өтті. Сабақ барысында әдістемелік құралдарды қолдана отырып, оқушылардың берілген тапсырманы толық меңгеру бағытында түрлі жұмыстар жасап, санасына тоқып алу жолында аянбай еңбек етті. 
      Салмағы мен қадірін түсіне білген адамға ұстаздық – ұлы міндет пен абырой. Әке тәліміндегі тәрбие мен тағылымды бойына сіңіріп, ұлт болашағын тәрбиелеуде білімге, ғылымға ұмтылған жастардың көңіл терезесін сүртіп, таңдаған саласына дұрыс бағыт сілтеуде бағдаршам бола білген Нұржан Қожабайұлы шәкірттердің құрмет тұтар ағайы ғана емес, ұжым ортасында да бедел биігіне көтеріле білді. Өзінің де үлкенге құрметпен қарап, кішіге ізет көрсете білетін кішіпейілділігі, өмір көрген ұстаздардың өмірін өнеге етіп, сабақ барысында олардың алтынға айырбастамас сөздерін қолдана отырып, ертеңгі күні ел тізгінін ұстар перзенттерді отансүйгіштікке тәрбиелеуде барлық қабілетін сала жұмыс жасады. 
      Қолынан іс келетін жасқа қай ортада артылар жүктің салмағы ауыр емес пе, әскер өмірін көріп, ел қорғаны болар жас жігіттермен бір нанды бөлісіп жеген Нұржан қызметте көргені мен өмірден түйгенін бір доғада ұштастырып, 1998 жылдан бастап алғашқы әскери дайындық пәнінен шәкірттерге сабақ бере бастады. Ертеңгі күні ел күзетін нығайтып, аталарымыз аманаттап кеткен ұлан-ғайыр атырапты қорғап қалу – мектеп қабырғасында тәрбиеленіп жатқан оқушылардың басты мақсаты. Осы бір ел қызметін өтейтін жас жауынгерлерді тәрбиелеп, оларды отансүйгіштікке шақыруда жас маман аянып қалмады. Оқушыларды Алғашқы әскери даярлық пәні бойынша дайындау жолында тың жолдарды іздеп тауып, кабинетті заман талабына сай безендіріп, қажетті құрал-жабдықтармен толықтырып отырды. Тоқыраудан ілініп шығып, жаңа реформаны күтіп жатқан білім саласының олқылығына тіреліп тоқтап қалмай, әскерде көргендері мен санасына түйгендерін тұжырымдап, жоғарғы сынып оқушыларының жүрегін патриоттық сезімдерге толтыра білді.
      Әл-Фараби: «Ұстаз… Жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, жақындарына да, жат адамдарға да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ер жүрек болуы керек», - деген. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаз ретінде Нұржан Қожабайұлының орны ерекше. «Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» деген, нәтижесінде бап салып барған шәкірттері түрлі додаларда, саптық байқауларда топ жарып, ұстаздың ғана емес, мектеп мерейін үстем етіп жүлдегерлер қатарынан көріне білді. Міне, ұстаз еңбегінің ақталғаны деген осы. 
      Тек ұстаздық қана емес, қоғамдық өзгерістерді де бақылап, үнемі байланыс орнатып, өзінің білім біліктілігін арттыру жолында жұмыс жасап келе жатқан Нұржан Қожабайұлы адал атқарған еңбегінің ұжым арасындағы сыйластығының арқасында қызмет бабында сатылай өсіп, 2006 жылдың 6 қаңтарында № 116 мектептің директорлығына келді. Шәкірттердің санасын оятып ұстаз болу бір басқа да, білім мекемесіне жауапты басшы ретінде қам жасап, білім ордасының көшін ілгері жүргізу бағытында көптеген жұмыстар жасап, қызметкерлермен тонның ішкі бауындай араласып қызмет ете білу – өз алдына бөлек қызмет, біліктілікті, парасаттылықты талап ететін жұмыс. Әрдайым өз-өзіне деген сенімділігі басым болып, қызметке бар ынта-жігерімен кірісіп кетіп, марапат үшін емес, мерейлі ұрпақ, талантты шәкірттер үшін қызмет еткен Бақбергенов Нұржан басшылық қызметке келгелі ұжым мен білім ордасына де бірқатар өзгерістерді ала келді. Талантты ұл-қыздарға үлкен мүмкіндіктер беріп, олардың бойындағы қабілеттерін аша түсуде көп көмегін тигізетін, ғылыми, жаңа заманауи жабдықтарды әкеліп, шабамын деген жігітке ат, жанамын деген жүрекке от бере білді. Қиындықтан қорықпайтын, жауапты істерге ұмтылып тұратын, атқарған ісінен адалдық пен сенімділік сезіліп тұратын басшы қарамағындағы қызметкерлердің де білімін көтеріп, біліктілігін арттыру жолында көптеген жұмыстар атқарып, оларды біліктілікті көтеру курстарына, ғылыми конфренцияларға жіберіп, тәжірибе алмастырып отырды.
      «Ұстазы талантты болса, шәкірті талапты болады» деген, білім ордасын сандық технологиямен, әлемдік стандартқа сай жабдықтаған Нұржан Қожабайұлы қарамағындағы қызметкерлердің шығармашылықпен айналысуына да еркіндік, ғылым жолына түскен педагогтарға мүмкіндіктер беріп отырды. Мектеп оқушыларына сапалы білім мен саналы тәрбие беруде білім саласындағы жаңалықтарды енгізе білген басшының біліктілігінің арқасында ұжым көптеген жетістіктерге жетті. Атап айтар болсақ, 2009 жылы 12 шәкірті мемлекеттік білім грантын жеңіп алса, 2010 жылы 8 мектеп бітіруші түлек ҰБТ қорытындысы бойынша білім грантына ие болып, мектеп оқушылары түрлі аудандық, облыстық, республикалық байқауларға, пәндік олимпиадаларға қатысып жеңімпаз атанды. Мектеп ұстаздары да түрлі кәсіби байқаулар мен конкурстарда жүлделі орындарды иеленіп, 2011 жылы оқу жылының қорытындысы бойынша мектеп «Шабыттың ақ желкені» номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылды. 
      Осылайша, ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмеген мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, балалардың білім алуына толықтай жағдай жасаған Нұржан Қожабайұлының еңбегі бағаланып облыс, аудан әкімінің «Алғыс хатымен», білім бөлімінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. 
      Балаға білім нәрін себуші, жан-жақты жақсы білім беруші, білгенін ерінбей үйретуші ұстаз ғана өз жемісін көре алады. Егер білімді ұстаздан білім алған шәкірті өзгелерден оза шабатын болса бұл тіпті ұстаздық еңбектің ақталғанын көрсетеді. Әрине, өсіп келе жатқан ұрпақ бұл саналы адамзат баласының болашағы, жалғасы. Адамның артында қалатын ұрпағы саналы болса, адам баласының жер бетінде жасауы да сан ғасырларға жалғаса береді. Білім күшінің құдіреті де осында жатыр. Бұдан біз білімнің қаншалықты маңызды екеніне де көз жеткіземіз. Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіліп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымыз танылып жатқан кезеңде елдің болашағы жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуі қажет. Адамның адам болып қалыптасуына ата-аналармен қатар мұғалімнің де рөлі зор.
      Жер бетіндегі жақсылық атаулы аналардың үлкен жүрегімен әрленеді десек, болашақтың азаматтарын білім нәрімен сусындатып, тәрбиелеген ұлағатты ұстаздардың еңбектерін бағалап, оларға құрмет көрсету көптің парызы. Тарих беттерінде жасырынған қай дәуірді алып қарасаңыз да шәкірт тәрбиелеген ұстаздардың тұғыры қашан да биік болған. Ұстаз – ұлы ұғым. Осыны қаламмен қағаз бетіне түсіру оңай болғанымен, оқырман жүрегіне жеткізе білу қиынның қиыны. Өмір болмысынан бейхабар, балалық бақыттың бесігінде тербеліп өскен бүлдіршіннің қолына қалам ұстатып, кіршіксіз жүрегіне білім нұрын себетін ұстаздардың еңбегі әрқашан да жоғары құрметке лайық. Сондықтан, бүгінгі кейіпкеріміз, ұлағатты ұстаз, білікті басшы Нұржан Қожабайұлына көрсетілер құрмет пен ұсынылар орын әрдайым төр болмақ.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

9 марта 2025 15:21
Даурен
Maruash, Көп рахмет!...
6 марта 2025 11:31
Гульнар
Сіздерге рахмет! Әкеміздің өмірі кейінгі ұрпақтарына сіздердің осы еңбектеріз арқылы естелік болып қалады. Еңбектеріңіз...
2 марта 2025 13:57
Гульнар
мы члены большой семьи Нуржановых ценим в людях чувство ответственности,человеколюбия и  профессионализма..так...