Өрнекпен өрілген өмір иесі
Маған айтып берсең – ұмытып қаламын, көрсетсең – есімде сақтаймын, өзіме жасатсаң – үйреніп аламын»,- деп Конфуций айтқандай, кейіпкеріміз Индира Жақсылыққызының алға қойған мақсаты – шәкірттеріне өнердi қолмен үйретіп, өмірлік азық болатындай бойына сіңіріп, ұғындыру. Осы мақсаттың орындалу баспалдағы ретінде ол үнемі ізденіс үстінде жүреді. Өзінің шығармашылық қабілетін, теориялық білімін әрдайым шыңдап отырады. Заман талабына сай мұғалім рухани жағынан дамыған, әлеуметтік тұрғыдан есейген, педагогикалық құралдардың барлық түрлерiн шебер меңгерген білікті маман, өзін-өзі жетiлдiруге ұмтылатын шығармашыл тұлға болу керек. Мұғалімнің кәсіби білігін шыңдаудың үздіксіздiгi – оның шығармашылық қабілеті дамуының кепілі және өзіндік жеке педагогтiк тәжiрибесiнiң дамуының алғы шарты болып табылады. Ұстаздың кәсіби шеберлігінің негізі, біріншіден, мұғалімнің өмірге көзқарасы, оның идеялық нанымы. Екіншіден, пәндi жетiк бiлуi, ойын оқушыларға жеткізу үшін жан-жақты, терең дайындықпен баруы, оқушылар бойына әдеп, әдет, дағды сияқты жақсы қасиеттерді сіңіруі, моральдық нормаларды білуі. Үшіншіден, оқыту мен тәрбиелеудің әдіс-тәсілдерін міндетті түрде меңгеру болып табылады. Бұл ретте білімді маман алда келеді. Олай дейтін себебіміз, Индира Жақсылыққызы көпжылдық тәжірибесінде талай жетістіктерге қол жеткізіп, лайықты марапатқа да ие болды. Даралығы мен даналығын қолөнеріне тоғыстырып, өмірін өнермен өрнектеп келе жатқан шебер қолды жанды қалай мақтасақ та жарасады. Тал бойында бір міні жоқ, жібектей мінезі бар Индираның қолынан шыққан түрлі бұйымдарына көз алмай қарап қаласың. Ойының тереңдігін, оның жасап шығарған дүниесінің тым талғаммен жасалғанына куә болып, оның шын мәнінде дара шебер екенін мойындайсың да. Он саусағынан өнері тамған шебердің тағы бір ерек қасиеті – қолынан шыққан туындылары ашық тұрған кітап іспетті. Қарап оқи аласың, қарап тұрып жаның жай табады.
![]()
Бүгінгі жаңару, жасару заманында білім беру саласындағы жаңа бағдарламалар, оқытудағы жаңа стратегиялар оқытушының да өзгеруін талап етіп отырғаны белгілі. Сондықтан сәт сайын өзгерiп жатқан жаңалықтарға еріп, жаңашылдықтарды өз істерінде кеңінен пайдаланып, оқыту шеберлiгiн жетiлдiрiп отыру оқытушы үшін аса маңызды. Сабақты түрлі стратегиялармен түрлендіріп өткізу, оқушылар бір-бiрiне пікір айтып, ашық, нақты, сенімді сөйлеуге машықтандырып, өзіндік ойы бар, өзіндік көзқарасы бар жеке тұлға ретiнде қалыптастыруда Индира Жақсылыққызының атқарып отырған жұмысы жоғары бағаға лайықты деуге болады.
Шамшатова Индира Жақсылыққызы 1971 жылы 1 қыркүйекте Ақтөбе қаласы, Шалқар ауданында дүниеге келген. 1986 жылы Ақтөбе педагогикалық училищесiне «Жалпы бiлiм беретiн мектептердегі 4-8 сыныптарға еңбек сабағын оқыту» мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1990 жылы жақсыға тәмамдайды. Қолына дипломын алған жас маман сол жылы Ақтөбе педагогикалық институтына «Бейнелеу өнерi және сызу» мамандығы бойынша оқуға түсiп, 1994 жылы ойдағыдай жақсыға аяқтап шығады.
Өзінің еңбек жолын 1994 жылы Ақтөбе қаласындағы №32 қазақ гимназиясында бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі болып бастады. 1997 жылы Қызылорда қаласына отбасымен қоныс аударып, 1998-2021 жылдар аралығында М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжiнде «Бейнелеу өнері және сызу», «Дизайн», «Көркем еңбек» мамандықтары бойынша студенттерге сурет, сәндік-қолданбалы өнер, бейнелеу өнері тарихы пәндерінен дәріс берді. Қазіргі кезде Ақтөбе қаласында тұрады. Өмірі өнегемен өрілген Индира Жақсылыққызының жолдасы Азишев Ержан Сейілханұлы – дәрігер. Жолдасы да бос уақытында түрлі қолөнер бұйымдарын жасағанды ұнатады. Бұл шеберлік қасиеттер әкесі Сейілхан мен анасы Бақыттың бойынан дарыған-ды. Қызғалдақтай қыздары Алина – тіс дәрігері. Әкесі Шамшатов Жақсылық ауыл шаруашылық маманы болып жұмыс жасаған. «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалінің иегері, елге еңбегі сіңген ардагер-зейнеткер. Анасы Әбдінасырова Жұмагүл ардагер-ұстаз. Бүгінде ата-анасы немерелерінің ортасында отырған бақытты ата мен әже. Әнуарбек, Әсет, Ақтоты, Әйгерім есімді бауырларының әрқайсысының өз отбасы бар, таңдаған салаларының шебер мамандары.
![]()
– Менің өнерді таңдауым ата-анамнан берілген қасиет деп ойлаймын. Анам шебер ұстаз болумен қатар, он саусағынан өнері тамған шебер, тігін өнерімен айналысады, құрақ құрайды. Атамнан да шеберлік өнер берілген деп ойлаймын, атам Аймұқанбет шебер ұста адам болған екен. Сонымен қатар нағашы атам Әбдінасыр да ағаштан түйін түйген шебер болған. Менiң өмiрдегi мақсатым – оқу үдерісін ұйымдастыру барысында баланың басқаға ұқсамайтын қабiлетiн ашу және өз iсiн жетік меңгерген, оқу әдістемесін жақсы игерген, бiлiктi, тәжiрибелi, шығармашыл маман атану. Үнемi оқып, iзденiп, өз ойларыммен бөлісу үшін, тәжірибе алмасу үшiн түрлі деңгейдегі ғылыми конференция, байқауларға қатысамын. Атап айтқанда, Астана қаласында әр жылдары өткізілген Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестиваліне студенттер дайындап, көркем сурет, қолөнер бағыттары бойынша қатыстық. Нәтижесінде шәкірттерім алғыс хат, сертификаттармен марапатталды,- дейді өз ісінің шебері.
Индира Жақсылыққызы ҚР Суретшілер одағының мүшесі, WCC - Europe World Craft Couneil мүшесi. ОФ «Наше наследие» президенті А.А.Беккулованың «Валение полых форм» атты шеберлік сабағына қатысып, сертификатын иемденді. Шеберлік сабағында жүн материалынан түрлі бұйымдар жасауды меңгеріп, өз шығармашылығын арттырды. Сонымен қатар Республикалық «Қанатты Әйел - 4» атты әйелдер әзірлеген және дайындаған идеялар мен тауарлар жәрмеңке-көрмесiне қатысты. Бұл байқау оның өнер жолының шыңдалуына үлкен себеп болды. 2005-2018 жылдар аралығында Қызылорда облысы бойынша облыс әкiмi шыршасының безендiрiлу жұмыстарына қатысты. Бұл жұмыс оның дизайнерлік қырынан ашылуына, шыңдалуына көп үлесін тигізді және еңбектері елеусіз қалмады. Облыс әкімі және облыстық білім басқармасының марапаттарын иеленді. 2014 жылы «Қолөнер – сырлы өнер» атты II Республикалық қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесінде «Ақмоншақ» номинациясы бойынша III орын иеленді. 2014 жылы Қызылорда облысы бойынша «Жыл Ұстазы» номинациясының иегері атанды. 2015 жылы Қызылорда облысы бойынша «Қолөнер – сырлы өнер» қолөнер шеберлерiнiң облыстық көрме-конкурсына өз қолөнер шығармаларымен қатысып, облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар студенттерге кәсіби білім беруде де еңбегі еленіп, марапатқа ие болды. Техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының арасында өткізілген «Үздік техникалық және кәсіптік білім беру оқу орны - 2015» облыстық байқауына қосқан үлесі үшін алғыс хатпен марапатталды. Еліміздің жас жеткіншектерін оқытып, тәрбиелеу жолында сіңірген еңбегі үшін құрмет грамотасының иегері. 2017 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ұйымдастырған байқауына студенттер дайындап, байқауға кәсіби жоғары деңгейде жетекшiлiк жасағаны үшiн Қорқыт Ата атындағы ҚМУ ректоры К.А.Бисеновтің алғыс хатымен марапатталды. 2017 жылы Республикалық «2017 жылдың үздік педагогі» атағының иегері атанды. 2017
![]()
жылы жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін омырауына жарқырата тақты.
Шығармашылық өнерде жетекшілік жасап, шәкірттерін түрлі байқауларға қатыстырып, өнер биігінен көрінулеріне себепкер болды. Халықаралық «Дети рисуют мир. Центральная Азия» тақырыбындағы байқау фестиваліне, Республикалық «Земля – наш общий дом» тақырыбындағы сурет байқауы, «Өсе бер, өркенде, Қызылорда» қолөнер бұйымдар байқауы, «Студент көктемі» өнер фестивалінің «Жас қолөнер шеберлері» байқауы, Қызылорда қаласының жоғары және орта оқу орындары арасында «Есiрткiсiз болашақ!» тақырыбында өткiзiлген плакатка салынған суреттер сайысы, облыстық «Тәуелсіздік теңдігім» атты солақай суретшiлер байқауы, облыстық «Сүйікті қалам Қызылорда» жас суретшілер байқауы және тағы да басқа байқауларда түрлі марапаттарға ие болды.
Әр жылдары облыстық кәсіптік-техникалық оқу орындары арасында өткен еңбек форумдарына қатысып, қолөнер бұйымдарынан шығармашылық көрме ұйымдастырып, қолөнер түрлерінен шеберлік сағаттарын өткізеді. Мұғалім өз шығармашылығы арқылы оқушы шығармашылығын ұйымдастырады, дамытады, шыңдайды. Ал Индираның басты мақсаты – оқу үдерісін ұйымдастыру барысында баланың басқаға ұқсамайтын қабілетін ашу. 28 жыл еңбек тәжірибесі бар білікті ұстаз қазіргі кезде Ақтөбе қаласындағы «Білім» мектеп-гимназиясында көркем еңбек пәнінен сабақ береді.
Шамшатова Индира Жақсылыққызы көп уақытын шығармашылыққа арнайды. Майлы бояумен кенеп, қағаз бетіне түрлі жанрларда суреттер салады. Қолөнер бұйымдарын жасайды. Нәзік жанның қиялында шек жоқ. Алдына қойған мақсат-міндеттері де көп. Өзіндік қолтаңбасы бар өнер иесіне сәттілік серік болсын дейміз!
![]()
![]()
![]()
![]()