Баламенен жаны бір
Жарық дүниенің есігін ашқан әрбір адам өмір атты әлемде өз орнын тауып, адамдық кірпішін қалап, сәл де болса қоғамның дамуына өзіндік үлесін қосып, халықтың перзенті болуымен қатар, шексіз сүйген мамандығы бойынша қызмет ете жүріп, абырой биігіне көтерілу – міндеті. Арман атты тұлпарды тақымға қысқанымен, жеңіс атты мәреге жету жолында қанша қамшыласа да, тағдырыңа жазбаса, бәрі бекер. Пендесіне қабілет пен дарындылықты берген Алла, еңбегіне қарай сыйын да дайындап қояды. Ол – халықтың алғысы, көмек көрсеткен адамның жүзіндегі айтқызбай-ақ оқуға болатын риясыз сезімі. Міне, осындай құрметке лайықты, жүрек түкпірінде мейірім көлі тұнып тұрған, талай сәбидің шат күлкісіне себеп болып жүрген логопед-дефектолог мамандарымыздың бірі – Қойбағарова Дидар Қожагелдіқызы.
Ата-анасы асыға күткен сәбидің дені сау болып, жарық жалғанда көз қуанышына айналғаны – дүниенің асылы екендігінде дау жоқ. Ал сол көп күткен шаттықтың орнын шымбайға батар дерт алмастырса ше? Қатарынан кем болмасын деп шырылдаған ата-ананың мұңын мұндайда кім бөліседі? Иә, мұндайда көмек қолын созатын мамандар бар. Сол мамандардың бірегейі – логопедтер.
![]()
«Ісім оңсын десеңіз, сол істің маманы болыңыз. Даңқым шықсын десеңіз, көпшіліктің адамы болыңыз»,- деп ұлы ғұлама, әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фараби айтқан болатын. Логопед маманы Дидар Қожагелдіқызы 1987 жылдың 8 мамырында Батыс Қазақстан облысы, Бұлдырты ауданында дүниеге келді. Тарих тасын төңкеріп қалсаң, сайрай жөнелетін құтты мекенде бақытты балалығын өткізген өрен Бұлдырты жалпы білім беретін мектебінің табалдырығын аттайды.
Мектеп – болашаққа бет бұрған өреннің жолына жарық нұрын шашып, адами асыл қасиеттерді шәкірт бойына сіңіре білетін, бала қабілетінің бұлақ көзін ашатын киелі мекен. Дидар осы бір талай сұңқардың қанатын қомдаған білім ордасында жүріп, таным қауашағына білімнің нұрлы сәулесін септіріп, мектептің қоғамдық өмірімен етене араласты.
Оқуда озат, қатарластарының көшбасшысы, мектебінің мақтанышы, ұстаздарының сүйікті шәкірті болған Дидар табиғатынан белсенді, жан-жақты, ізденімпаз жан. Үнемі қозғалыста болып, жаңаны үйреніп, жаңашылдыққа батыл қадам басып, көппен араласып кететін көпшілдігімен де өз ортасына сіңімді. Сөз саптауы, сұраққа сауатты жауап бере алатыны, әр нәрсенің парқын біліп, түсінетіндігі, үлкенді де, кішіні де сыйлай білетін мінезіне мектептегі ұстаздары да, сыныптастары да сүйсініп, тәнті болатын. Өзіне ғана тән биязылығы мен сыпайылығы, батылдығы, қайсарлығы бар. Бір істі бастау үшін басқадан көмек күткенді ұнатпайды. Қандай істі болмасын өзі бастап, аяқтауға ұмтылып тұрады. Айтқан сөзіне аса мән беретін ол босқа уәде беруді ұнатпайды. Болатынын не болмайтынын бетке айтатұғын қасиеті де бар. Мейірімді, тіпті шектен тыс қамқорлық жасауға бейім жан.
Бала күнінен бойында осындай қасиеттері бар Ардақ білім ордасынан түлеп ұшқан соң тесттік алғашқы реформадан өтіп, 2004 жылы Ж.Досмағамбетұлы атындағы педагогикалық колледжге «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығына оқуға түседі. Қандай ортаға барса да еркін араласып, қоғамдық өмірмен біте қайнасып кете беретін Дидар колледжді тәмамдап, алғашқы еңбек жолын Трекин жалпы орта білім беретін қазақ мектебінде бастайды. Ұстаздық – ұлы міндет. Түрлі баланың бойында жасырынып жатқан қабілет бұлағының көзін ашып, шабамын деген жігітке ат, жанамын деген жүрекке от беру үшін де тереңірек білім, таусылмайтын төзім мен таңдаған мамандығы бойынша тәжірибе керек. Оның үстіне күн санап өзгеріп, дамып жатқан бүгінгі заманда жоғары білім бірінші орында болуы керек.
![]()
Мектепте жұмыс жасай жүріп, білімін одан әрі М.Өтемісұлы атындағы жоғары оқу орнында жалғастырған Дидар Қожагелдіқызы «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің» мұғалімі мамандығын игеріп шығады. Осылайша еңбек арқаны 2009 жылдан бастап Батыс Қазақстан облысы, Бәйтерек ауданы, Трекин орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жалғасып, өріліп кете береді.
Көкірек көзін тауып үңіле білсең, әрбір адамның ішінде өзіндік ерекше қабілеті бұғып жатады. Ұзақ жыл ұстаздық еткен Дидар Қожагелдіқызы Ресей мемлекеті, Мәскеу қаласындағы Педагогтар мен психологтар Халықаралық академиясында «Логопед-дефектолог» мамандығы бойынша білімін жетілдіріп, 2016 жылы «Super start» балалар дамыту орталығында логопед-дефектолог маманы ретінде балаларды қабылдайды. Көңілі қалаған істі қолға алып, өзі сүйген мамандықпен жұмыс істеу – жұмыр жүректі пенденің арманы емес пе?! Сезімталдығы басым сәби күлкісінен өмірге деген құлшынысы артып, өмір сүруге деген екінші тынысы ашылған кейіпкеріміз өзі ұнататын жұмыстың қыр-сырын меңгеруге талпына түсті.
Ең әуелі, «Логопед кім?» деген сұрақтың жауабын іздесек, ол – ғажап мамандық иесі. Біріншіден, адам жанын емдеуші, тіл мүкістігі бар шарасыз жандардың көзі мен көңілінен жанын ұғынушы. Екіншіден, балаларды әрдайым назарда ұстап, жандарына қамқорлық пен жылу беруші. Үшіншіден, даму мүмкіндігі шектеулі немесе түрлі санаттағы балалармен тіл табысып, оларға өмірдің бағытын нұсқаушы. Міне, осындай жауапты саланы меңгерген Дидар Қожагелдіқызы бүгінгі күнге дейін абыройлы қызмет етіп келеді. Ерекше қажеттілігі бар балаларды дамыта-түзету мен ата-аналарды психологиялық қолдау жұмысын дамытуға зор үлесін қосып үлгерген Дидар Қожагелдіқызы өз қызметіне аса үлкен жауапкершілікпен қарайтын, арнайы білім беру саласының әдіс-тәсілдерін жетік меңгерген, тәжірибесі мол маман, шығармашыл ұстаз.
Дефектология – жаңадан тұсауын кескен сәбидей, отандық ғылымда алғашқы қадамын енді бастап келеді. Тоғыз ай, тоғыз күн жүрегінің астында болған ананы,
![]()
алаңға шығып, баламмен бірге ойнаймын деген әкені сәбиінің қорқынышын көрген кезде жанын азапқа салары хақ. Ойын ойнап, өздігінен тәттілерді жеу тұрмақ, бір орнынан қозғалуы мұң болған балаға осы кезде дефектолог маманның көмегі ауадай қажет. Арнайы маманға үлкен үміт артып, жаны сыздаған ата-ананың бетін қақпай жақын тартып, мүмкіндігі шектелген баланы, ең әуелі, әлеуметтік-тұрмысқа бейімдеп, өз-өзіне қызмет етуді үйреткен балаға дефектологиялық оқыту мен тәрбиелеу жұмысы қатар жүреді. Мұғалімнің оқушы алдындағы жауапкершілігі үлкен болса, дефектологтың жауапкершілігі одан он есе зор болмақ. Өз ісіне адалдығы мен қажырлы еңбектің арқасында зақымдалған мүшенің орнын басқа анализатор арқылы толтыру – дефектологтың түзете-дамыту жұмысының нәтижесі байқалады. Дефектологиялық қызмет дүние жиып, байлық қуғандардың ісі емес. Сүрінгенге сүйеу болар, жабырқағанның жан жарасын жеңілдететін шипалы мамандық. Үлкен еңбек пен төзімділікті талап ететін бұл мамандық иесі – Дидар Қожагелдіқызы ісін жауапкершілік пен мейірімділікке ұштастыра білген. «Super start» орталығы ашылған күннен бастап қайырымдылық қорларымен бірлесе жұмыс жасап, мүмкіндігі шектеулі балаларға тегін дефектологиялық және логопедиялық көмек көрсетіп келеді.
Логопед – мақтан тұтатын керемет мамандық. Дидар өз ісіне адалдығы мен қажырлы еңбегінің арқасында көптеген жетістіктерге жетті. Логопед – дарынды мұғалім мен тәжірибелі дәрігерді біріктіретін адам. Дидар Қожагелдіқызы адам жанын емдеп қана қоймай, тіл мүкістігі бар шарасыз жандардың көзі мен көңілінен жанын ұға білетін ерекше маман иесі.
Қорыта айтқанда, мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет. Ол үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін еңбек. Кімде-кім өзінің мамандығын сүйіп, жүрек қалауымен қызмет етсе, өз басына да, қоғамға да үлкен пайда әкелері анық.
– Орталығымда балаларды сабаққа қабылдаумен қатар, логопед-дефектолог мамандарға оффлайн форматта тәжірибе және теория негізінде білім жетілдіру
![]()
курстарын жүргіземін. 2020 жылдан бастап Қазақстан Республикасы бойынша педагогтар мен психологтар қауымдастығының БҚО бойынша өкілімін. Мамандарға білім жетілдіру курстарын, байқаулар, оқушылар мен балабақша тәрбиеленушілеріне арналған байқаулар онлайн және оффлайн форматта ұйымдастырып келемін. «Super start» балалар орталығымда 7 маман қызмет атқарады. Ерте жастан дамыту, мектепке дайындық, логопедиялық және дефектологиялық сабақтар өткіземіз. Биыл 1 маусымда орталыққа 6 жыл толды,- деп кейіпкеріміз қызметінен аз ғана хабар беріп өтті.
Дидар Кожагелдіқызы отбасында аяулы жар, ақ жаулықты ана. Өмірлік жолдасы Жанабаев Қайрат Қайдарұлы екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.
Бүгінде мамандық иесі шын жүрегімен еліміздегі ерекше балалардың танымын дамытып, қоғамға бейімдеу үшін жанын салып еңбек етуде. Атақты Конфуцийдің «Өзіңе ұнайтын жұмыс істесең, өміріңде бір күн де жұмыс істемегендей боласың» деген сөзі дәл кейіпкерімізге арнап айтылғандай. Ерекше балалармен ерекше жұмыс атқарып жүрген, ісіне адал жанның отбасына бақыт, қызметіне жемісті еңбек тілейміз.
![]()
![]()