Жүрегі нұрдан жаралған
Адамзат баласына қойылатын басты талап – асыл да ізгі адамгершілік қасиеттері, бойына сіңірген ұлағатты азаматтық қалпы. Өйткені адам өзінің адамгершілігімен, қайырымдылығымен, адалдығымен және әділеттігімен ардақты. Халқымыз қайырымды, мейірімді жанды «адамгершілігі мол адам» деп дәріптеп жатады. Қайырымды, мейірімді адам өзгелерді ойлап, соларға қол ұшын беруді мақсат етеді. Ал адамдардың қамын жеу дегеніміз адамгершілікке келіп саяды. Адамгершілік – адамның рухани арқауы. Имандылық – адамның өмірдегі іс-әрекеттерін бір қалыпқа түсіріп, рухани қадыр-қасиетін арттыратын ізгілік белгісі. Сондықтан ата-бабаларымыз имандылыққа көп мән берген. Имандылықтың ішіне, негізінен, ата-ана мен баланың қарым-қатынасы, үлкен мен кішіні сыйлауы, инабаттылық, көркем мінез мәселелері кіреді. Қазақ халқы жастардың үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіруін өмір салтына айналдырған.
![]()
Бойында адамгершілік асыл қасиеттері бар, мұсылмандық дүниетанымы кең, жүрегінде иманы бар Аманкелді Еренғайыпұлы әңгімемізге арқау болып отыр. Кейіпкеріміз өз ортасында шыншылдығымен, адал еңбегімен, жақсылармен жолдас болып, ілім үйреніп, оны басқаларға үйретумен, мейірімді де қайырымды мінез-құлқымен сыйлы да құрметті. Қашан көрсең де көркем мінезінен айнымай, үнемі көңілді жүреді. Мұсылмандық бес уақыт намазын қаза қылмайды. Иманның басы – сенім, ал иманның тәні – бес уақыт намаз, жүрегі – Құран, күмбезі – ықылас, ниет, тілек емес пе?! Иманның сөзі – Алланы еске алу, нұры – шындық, хақ сөйлеу, дәмі – пәктік, жемісі – ораза тұту, жапырағы – тақуалық, дәрісі – ар, ұят. Міне, осы қасиеттер оның бойына ұя салған.
Иман төрт жерде сақталады дейді, яғни көңілде, жүректе, көкіректе және тәнде. Ал ұят – көзде, бетте, санада сақталады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) «Ислам – нақты, яғни көзге көрнекті. Ал иман – адамның жадында, яғни көзге көрінбейді, жасырын тұрады»,- деп бұйырған. Бұл ретте Аманкелді Еренғайыпұлы қазіргі күннің өзекті мәселенің бірі – жас ұрпаққа адамгершілік, рухани тәрбие беруді қолға алып отыр.
Әбдіқалық Аманкелді Еренғайыпұлы 1973 жылы Қостанай (бұрынғы Торғай) облысы, Аманкелді ауданында өнегелі отбасында дүниеге келген. Әке иманын, тәрбиесін бойына сіңіріп, ананың ақылын тыңдап есейген Аманкелді Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте оқыды. Мектепте көшбасшы оқушылар санатынан көрініп, іс-шаралардан қалыс қалмайтын. Ұстаздарының мақтаулы шәкірті болып, алтын ұя мектебін 1990 жылы жақсыға аяқтап шықты. Талапты жас 1991-1992 жылдары әскери борышын абыроймен атқарып келді.
![]()
Аманкелді Еренғайыпұлы 1992-1994 жылдары Меркі қаласында медреседе діни сауатын ашып, 1994 жылы Египет астанасы Каир қаласының әйгілі Әл-Әзhәр университетіне оқуға қабылданды. Оқу-білімге ынталы жас жоғары оқу орнын 1999 жылы ойдағыдай бітіріп шықты. Білімді маман 2002 жылдан бастап «Спутник Қазақстан» туристік компаниясында қажылық бөлімнің меңгерушісі болып қызмет жолын бастады.
Ежелде ғұламалар ортасында бір салт болған екен. Сол салт ғұламаға қойылған негізгі талаптың бірі десе болады. Білім аманатын арқалаған тұлғалар тек белгілі бағдарлама негізінде шәкірт тәрбиелеумен шектелмейтін. Олар қоғамда таразы міндетін атқарды. Базардағы саудагерден бастап сұлтандарға дейін ықпалы жүретін. Десе де, олардың әлеуметтік тұрмысы кісі қызығатын жағдайда емес еді. Сондықтан да болар, ғылымның даңғыл жолында мансап пен дүниені мұрат еткен адам шыдас бермейтін. Ал ғылымның мың бір сынағынан сүрінбей өткен ғалымдардың мұқалмас мінезі мен қайтпас қайсарлығын хан да, қара да ерекше бағалайтын. Кешегі ғалымдар бас қосып кездессе, үш ауыз сөзбен мәселелерін шегелеп отыратын. Ал ұзақ уақыт дидарласа алмай қалса, хат-хабар ішіне сол сөздерді жазып жіберетін көрінеді. Мұны неге тілге тиек етті дерсіз. Кейіпкеріміз Аманкелді Еренғайыпұлы, міне, осындай даңғыл жолды таңдады. Таңдауына қылаудай да қиянат келтірмей, саналы ғұмырын арнап, күш-жігерін салып, адамзаттың діни сауатты болуы жолында тер төгіп, табанды қызмет етіп келеді.
![]()
Рухани білім жетілдіру институтының директоры қызметін абыроймен атқарып, философия ғылымдарының кандидаты, доцент атанды. Ал бұл атақ пен абырой жайдан-жай келген жоқ. Әрбір кезеңнің артта қалған өзіндік даңғыл жолы бар. Оның қиындығы өзіне ғана аян, ал жарқын істерінің игілігін елі көріп жүр. Сонымен қатар Аманкелді Еренғайыпұлы көптеген ғылыми еңбектердің авторы. Ол Қажылықта (22 үлкен қажылықта, 88 умра) 110 мәрте болды. Осы уақытқа дейін 19 мыңнан астам Қазақстан қажыларын Сауд Арабиясына алып баруға жетекшілік етті. 2007 жылдан бері «Нұр-Қазақстан» қажылық компаниясының президенті қызметін атқарып келеді. 2007 жылы Сауд Арабиясы шейхтарының қолынан Қағбаның алтынмен жалатылған жазуы бар кисуәсын (жамылғысын) сыйлыққа алды. Ал 2008 жылы Қасиетті Қағбаның ішіне кіріп, дұға тілеу мүмкіндігіне ие болды. 2009 жылы «әл-Ақса мешітінің тарихы» еңбегі Палестинада жоғары бағаланып, әл-Ақса мешітінің бас имамы Шейх Мұхаммедтің қолынан «Қуббатус-Сахра» мешітінің алтын күмбезінің бір бөлігі бейнеленген ескерткіш сыйлығына ие болды. 2010 жылы екінші рет қасиетті Қағбаның ішіне кіріп, дұға тілеу мәртебесіне ие болды және Сауд Арабиясы шейхтарының қолынан екінші рет Қағбаның кисуәсын сыйға алды.
![]()
2011 жылы халықтар арасындағы бірлік пен ынтымақтастықты нығайта отырып, имандылық саласында жүргізген еңбегі үшін Халықаралық «Ата Түрік» атындағы алтын медальмен марапатталды. 2012 жылы Палестина өлкесі, Иерусалим қаласындағы «Әл-Ақса» академиясының Құрметті профессоры атағын алды. 2013 жылы БҰҰ атынан «Қоғам алдындағы еңбегі үшін» алтын медалін омырауына тақты. Бұған қосымша «Бейбітшілік миссиясының елшісі» деген дипломатиялық атаққа ие болды. 2014 жылы БҰҰ «Адам құқығын қорғау комитеті» атынан «Алтын қыран» төсбелгісімен марапатталды. 2015 жылы Ұлттық бизнес рейтингісі бойынша ТМД елдері арасындағы қажылық компаниялары ішінен «Нұр-Қазақстан» қажылық компаниясы «Сала көшбасшысы» атағын жеңіп алды. 2016 жылы Қазақстан Республикасы «Даңқ Жұлдызы» орденінің, 2017 жылы Құрмет орденінің иегері. 2018 жылы Халықаралық ақпараттандыру академиясының «Академик» атағына ие болды. 2019 жылы 2 қарашада қасиетті Меккеден 100-ші сапардан оралуына байланысты «Аллаға шүкір және шүкір» атты рухани кешін өткізді. Ол тойға Сауд Арабиясынан Пайғамбарымыздың (с.а.у.) 44 ресми ұрпағы Шейх Турки Әш-Шариф, Исламдағы үшінші қасиетті орын – Палестинадағы Құдыс қаласынан Әл-Ақса мешітінің бас имамы Шейх Мәзин-Аш-Шариф, Египеттегі қасиетті Әл-Әзhәр университетінің деканы,
![]()
доктор Ато Әс-Сынбәти және т.б. алыс-жақын шет елдерден қонақтар шақырылды. 2022 жылы 19-шы наурызында Сауд Арабиясы мемлекетіндегі Мұхаммед Пайғамбар (с.а.у.) заманынан бері қасиетті қағбаның кілтіне иелік етіп келе жатқан Бәни Шейбә ұрпақтарының қолынан қасиетті Қағбаның алтын құлпы мен кілтін алу бақытына жетті. «Қағбаның кілті мен құлпы таза алтыннан құйылып жасалған, салмағы 6-7 келідей болады. Ислам тарихында осы уақытқа дейін 59 Қағбаның құлпы жасалынған екен. Оның 56-сы музейде, 2-і Бәни Шейба ұрпақтарында, 1-і қасиетті Қағбада. Аманкелді қажының еңбегін ерекше құрметтеген Бәни Шейба ұрпақтары өз қолдарындағы екі құлыптың біреуін елімізге сыйлап отыр»,- деп жазды Сәкен Майғазиев қажы. «Бұл мүбәрак сыйлық қазақ елі үшін жаңа өзгерістермен құт-ынтымаққа серпін береді деген ойдамыз. Құдыреті күшті Алланың қазақ еліне деген мейірімі мен рахметі төгіле берсін!»
– Имандылық қазіргі кезде мұсылманнан бұрын, ең алдымен, діни қызметкерлердің бойынан міндетті түрде табылуы тиіс деп ойлаймын. Ал имани қағидаттарды, адамгершілік нормаларын қатаң сақтай алған жан ғана діннің атынан сөйлеуге, халыққа уағыз-насихат жүргізуге құқылы. Діни қызметкер болу мен үшін үлкен мәртебе. Осы жолға бар жан-тәніммен келгендіктен дініміздің қасиетін айнадай етіп елге насихаттау азаматтық парызым санаймын. Былайғы жұрт имам-молдаларға қарап діннің қадір-қасиетін бағалайды. Сондықтан да әрқашан
![]()
жұртты иман жолына үгіттеп, тікелей ағартушылықпен шұғылданатын шынайы діндар атына лайық болғанымыз жөн. Шын мәнінде, халықты имандылыққа, тәлім-тәрбиеге, парасаттылыққа шақыратын, жамағатты рухани іліммен сусындатып, тура жолға бағыттайтын рухани орын – мешіт. Алланың бір үйі болып саналатын киелі орынға бүгінде жастарымыз көбірек барып, Исламды құрметтеп жатқанына көңілім қуанады. Теріс қылықтарға қарсы күресудің өзі әділетті іс. Имандылықтың тармақтары өте көп, солардың ең үлкені – «Лә Илаһа Илла Аллаһ» кәлимасы. Ең төмені – жолда жатқан тасты адамдарға кедергі болмасын деп алып тастау. Ата-анаңа көмектесуің – иманнан, басқа да адамдарға көмек беруің – иманнан, тіпті интернетте отырып та басқаларға көмегіңді тигізуің – иманнан. Ең бастысы, ниеттің дұрыстығы. Имандылық – адамның болмысын білдіретін үлкен құндылық,- дейді кейіпкеріміз.
«Иман тонын үстіңнен шеше көрме»,- деп түрік ғұламасы Жүсіп Баласағұн айтқандай, Алла жолында түзу жүріп, бойындағы иманымен елдің алғысына бөленіп жүрген азаматқа Алланың нұры жаусын дейміз.
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()