Қасенова Балкен

Рейтинг:

Білім саласының үздігі

      Дүниедегі көп мамандықтың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық – ұстаздық. Өйткені мұғалім еңбегі, біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым - қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алады. Иә, адам баласы үшін ұстаз есімі әрқашан ардақты болып қалады. Ұстаздық ету кез келгеннің қолынан келе бермейді. Шәкірт тәрбиелеу, оны биікке жетелеу, қанаттандыру, жаны мен тәнін, болмысы мен барын беру тек ұстаздың ғана қолынан келетін қасиеттер. Себебі әрбір көзі ашық адам сауатын ашу үшін алдымен ұстазға жүгінеді. Ал ұстаздың міндеті ештеңеден хабары жоқ шәкірттен тұлға дайындап шығару болып табылады.
      Сан ғасыр өтсе де, ұстаз деген ұғым өзгерген емес. Қай дәуірде болмасын, ұстаздың еңбегі зор. Әрбір күнін өзгенің болашағына арнайтын оның еңбегі, расымен де, ұлы. Тарыдай болып кірген күнінен бастап, әрбір оқушысының қателіктерін түзеп, оларды сүйіспеншілікке баурап, махаббатқа тәрбиелеп, өмір сүрудің қыр-сырын үйрететін ұстаздың еңбегі ұшан-теңіз. Таудай болып шыққан шәкіртінің талабына тілекші болатын тағы да ұстаз. 
      Білім нәрімен сусындатып, үйретуден талмаған ұстаздың сан жылдар бойғы еңбегінің жемісі – аяулы әрі білімді шәкірт. Бәйгеден оза шауып, мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік келген шәкірт үшін ұстаздың қуанышын жай сөзбен айтып жеткізудің өзі мүмкін емес. Өзінің саналы ғұмырын білім саласына арнаған, Қазақстанның педагогика саласы тарихында атын алтын әріптермен жазуға лайықты Қасенова Балкен Қыстаубайқызы әңгімемізге арқау болып отыр.
      Балкен Қыстаубайқызы 1946 жылы 21 қарашада Ақмола облысы, Қараегін ауылында дүниеге келген. 18 жасынан бастап ұстаздыққа келіп, оны жауапкершілікпен атқарып, көптің алғысын алды. Бүгінде жарты ғасыр, яғни 50 жыл талмай еңбек етіп, мыңдаған шәкірт тәрбиелеп шығарды. Парасат пайымы келіскен, байыпты та салмақты мінезді жан өзінің еңбек жолын бастауыш сынып мұғалімі болып бастап, түрлі мектептерде оқу ісінің меңгерушісі, аудандық комсомол комитетінде мектеп бөлімінің меңгерушісі секілді лауазымдарда беделді қызмет атқарды.
      Білімді ұстаз 2004 жылы зейнеткерлікке шықса да, мектепті қимай, тағы 8 жыл ұстаздық етіп, талай шәкірттің сүйікті ұстазы атанды. Балкен Қыстаубайқызы қазақ тілінің мұғалімі ғана емес, жанашыры да. Жас ұрпаққа ана тілін үйретумен қатар, сүйіспеншілігін арттырып, жол көрсетер шамшырағындай болған жанды ұжымы құрметтейді, шәкірттері сыйлайды. Ол 1996-2006 жылдар аралығында Астана қаласындағы ер балаларға арналған Қазақ-түрік лицейінде қызмет етіп, орыс тобы оқушыларының мемлекеттік тілді меңгеруде айтуға тұрарлық табысқа жетулеріне ықпал етті. Лукашевич Александр 10, 11-сыныптарда, Гуляренко Евгений 9, 11-сыныптарда Республикалық олимпиадаларда Бас жүлде иеленіп, 4 алтын медальді омырауларына тақты. 
      Әрбір мұғалімнің рухани дүниесінің байлығы, шығармашылық, жаңашылдық көзқарасы, көпшілдігі, кәсіптік жұмысына қабілеттілігі, өзін сәт сайын дамытып отыруы маңызды дейтін болсақ, Балкен ұстаз үнемі өзінің білімі мен біліктілігін көтеріп, заманауи жаңашылдықтарға да тез үйреніп алатындығымен жастарға үлгі болды. Сократ мұғалімдерді «Ойды тудырушы, ойдың кіндігін кесуші» деп бағалаған екен. Балкен ұстаз әрбір шәкірт бойындағы жасырынып жатқан дарынды ашуға себепші болды. Ұстаз ретінде оқушысына деген сенімділігі, оқу-тәрбие кезінде кездесетін қиындықтарды жеңе білуі, дұрыс шешім қабылдауы оның парасаттылығын көрсетті. К.Ушинский: «Мұғалім – зор тұлға, ол күннің құдіретті сәулесі сияқты»,- деген екен. Балкен Қасенова дәл сондай жан-жағына нұрын шашып тұратын жарық сәуле іспетті. 
      Рас, тәрбие көптің ісі. Ол талап баршаға міндет болса, біріншіден ата-ана, сонан соң мұғалім, соңында қоғам жауапты. Сондықтан да ұлттық рухтың мықты, ақыл-ойдың биік, тәлім-тәрбиенің терең, сана-сезімнің мөлдір болмағы абзал. Болашақ ұрпақты тәрбиелеу үшін сарқылмас қажыр-қайрат, өзгеге деген ыстық махаббат болуы шарт. Жалпы қазақтың қанында ұрпақ тәрбиесіне деген өзіндік ерекше қағидалары қалыптасқанын да білеміз. Демек қазақ халқы жақсы ұрпақты тәрбиелей отырып, болашақ ұлтты қалыптастыратынын терең түсінген ғой. Осындай қасиетті мамандықты жарты ғасыр атқарған Балкен Қыстаубайқызының ерен еңбегі еленіп, 1987 жылы Республикалық ХХІV Педагогикалық оқуларға қатысып, Ы.Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу институтының құрмет грамотасымен марапатталды. 1991 жылы методист-мұғалім атанып, «Жыл мұғалімі» облыстық байқауында І орынды иеленіп, диплом, бағалы сыйлықтар алды. Және осы жылы Жоғары санатқа ие болды. 1992 жылы «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін омырауына жарқырата тақты. Білікті ұстаз 1998 жылы «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» атағын алды. 2002 жылы Астана қаласы әкімінің алғыс хаты мен ақшалай сыйлығын иеленді. 2002 жылы «Катеv» Халықаралық қоғамдық қорының грамотасын, 2003 жылы Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің құрмет грамотасын, сол жылы «Катеv» Халықаралық қоғамдық қорының құттықтау хатын алды. 2008 жылы Астана дарыны өңірлік ғылыми-практикалық орталығының грамотасын иеленді. 2008 жылы Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының «Қазақ фольклоры фестивалінде» І орынға және бағалы сыйлыққа ие болды. 2010 жылы Астана қаласының Білім басқармасының грамотасымен марапатталды.
      Ұстаздың іс-тәжірибесін жас мамандарға үйрету мақсатында аудандық, қалалық, облыстық семинарлар өткізіп, 1987 жылы «Әдебиет сабақтарында тіл дамыту жұмыстары» деген тақырыпта плакат, 1988 жылы «Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімдеріне арналған методикалық нұсқау» ашық сабақ үлгілері, 1990 жылы «Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімдеріне арналған методикалық нұсқау» (5-сынып әдебиетіне арналған түсіндірме сөздік), 2005 жылы 7- сыныпқа арналған «Әдебиет оқулығына арналған түсіндірме сөздік», 2003 жылы «Ұстаздыққа 40 жыл» тақырыбында 2 кітапша, 2009 жылы 8-қазақ сыныбының «Әдебиет оқулығына арналған түсіндірме сөздік» шығарылып, таратылды. 
      «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, Майқанова Алма, Махметов Тоқтар, Байдильдина Гүлбаршын, Сыздықова Жаңылсын, Мұхтарова Зәуре, Рахметов Жасұлан, Бейсекеева Рабиға сынды шәкірттерін тәрбиелеп, бағыт-бағдар беріп, ағартушылық ісімен айналысты. 
      Балкен Қыстаубайқызы мұғалімдіктен тыс қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Ересектерге мемлекеттік тілден сабақ беріп, Қорғалжын ауданы әкімшілігінде, Астана қаласының Білім беру басқармасында, Алматы ауданы әкімдігінде, Сыртқы істер министрлігінде қазақ тілі үйірмесін жүргізді. 
      Қазіргі кезде құрметті зейнет демалысында болса да, ұлағатты ұстаз қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. 2012 жылдан бері Нұр-Сұлтан қалалық ардагерлер ұйымының, Алматы аудандық ардагерлер ұйымының мүшесі, «Сырдария бастауыш ұйымының» төрайымы, «Әжелер әлемі» клубының жетекшісі. Ардагерлер ұйымы мүшелерінің арасында «Алтын алқа» алмаған аналар, тыл еңбеккері статусын иемденбеген зейнеткерлерге өздеріне лайықты марапаттарын алуға көмектесті. «Қазақ хандығының 550 жылдығы», «Қазақтың батыр қыздары» деген тақырыптарда баяндамалар жасап, зейнеткерлер алдында, жас өрендер алдында оқыды. Өмірде көргені мен түйгені мол, жастарға берер тәлімі мен айтар ақылы бар ақ сақалды аталар мен ақ жаулықты әжелер мектеп қабырғаларында оқушылармен кездесулер ұйымдастырып, жас буын, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болып келеді. Сонымен қатар «Дені саудың жаны сау» демекші, 20 астам белсенді қарттар саябақта жаттықтырушымен бірге қытайдың ушу гимнастикасымен айналысады.
      Балкен Қыстаубайқызының ішкі дүниесіне сай сүйікті істері де бар. Сөзжұмбақ шешкенді, баталарды жинағанды, ерекше есімдерді іздеп тауып, жазып алуды, мандолина тартқанды өзінің хоббиі еткен. 2012 жылы Шыңғыс Айтматовтың әкесі Төреқұл, Төреқұлдың әкесі Кімбілді, оның әкесі Қонышыжоқ екенін оқыған ұстаз содан бері қызықты, ерекше есімдерді естіп немесе оқып қалса, өзіне жазып алып отырады. Бүгінгі таңда 2500 астам түрлі есімдерді жинақтаған. Сонымен қатар сөзжұмбақ шешу бойынша байқауларға қатысып, 4 мәрте домбыра ұтып алды.
      «Қарты бар елдің қазынасы бар» дегендей, ардақты жан «Ене мен келін», «Өнегелі отбасы» байқауларында қазылар алқасының төрайымы болып, қазақы болмысты, ұлттық құндылықтарды дәріптеп келеді. 
      – Заман дамыған сайын ұлттық салт дәстүрлеріміз кейін қалып жатқан сияқты. Себебі немерелер тәлім-тәрбиенің бастауы, үлгі-өнеге көрсетер асыл жандар, қазыналы бұлақтың қайнар көзі болар ата-әжемен бірге тұрмайды. Ел бірлігі үшін ата мен немеренің арасындағы сабақтастық жібі үзілмей, әже мен немере арасындағы жаныңа жылулық сыйлайтын мейірімділік, тазалық сезімі ұлғая беруі керек. Жастар білім мен ғылымға жақын болып, дүниетанымын кеңейту жолында талмай ізденіп, өнерге көңіл бөліп, әсіресе қазағымыздың домбыра аспабын дәріптеп, спортпен шұғылдануды да ұмытпаса деймін. Ол үшін, ең алдымен, ата-ана балаларына үлгі болулары керек, - дейді кейіпкеріміз.
      Қасенова Балкен Қыстаубайқызы – шәкірттеріне ұлағатты ұстаз болса, өнегелі отбасында асыл жар, ардақты ана, асыл әже. Шаттықты шаңырақта жұбайымен бірге 2 ұл мен 2 қыз тәрбиелеп өсіріп, олардың барлығына жоғары білім алып берді. Балалары да өз саласының білікті мамандары. Бүгінгі күні ардақты ана балаларынан тараған балдан тәтті 6 немере және 8 жиен немере сүйіп отырған бақытты әже.
      Білім деген алып теңіздің толқынында тербеліп, мектеп деген кеменің кемеңгері болу дегеніміз – әркімге бұйыра бермейтін бақ. Білім өмір шырағы, ұстаз сол шырақты өшірмей, жандандырып, шәкіртінің бойына білім нәрін құятын адамзаттың асылы. Ұлылықтың өлшемі саналатын ұстаздықтың қыр-сырын терең меңгерген, шәкірт тәрбиелеуде өзіндік қолтаңбасы бар жанға мықты денсаулық тілейміз.
      Шәкіртжандылықтың үлгісін көрсеткен ұстаздың өмірі көпке үлгі болып, ізбасарлары көбейе берсін деген тілектеміз.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...