Ұлағатты ұстаз
Ұстаздық ету – екінің бірінің басына қона бермейтін бақыт. Өйткені өзгенің баласын бауырына тартып, бар білгенін үйретуден шаршамайтындығымен дараланады. Енді ес білген баланы жылы қарсы алып, оның дұрыс жолға түсіп, жеке тұлға болып қалыптасуына көп үлесін қосады. Бойына мейірімділік, қаншама жылулық сыйғызған білімді де білікті, биік парасат иесі болу үлкен абырой. Білімнің жолы қиын да қасиетті. Оған тынымсыз еңбек, толассыз ізденіс керек. Мектеп білім ошағы, тәрбие ордасы, тағылым табалдырығы, тұлғаның толық қалыптасуына жағдай жасайтын әлеуметтік орта болғандықтан, заман ауысқан сайын заманауи өзгерістердің де болып отыруы заңдылық. Әр бала өзінше бір зерттелмеген құпия, ал оның жан-дүниесін танып, бойындағы өзіне ғана тән қабілетті аша білу білікті маманның ғана қолынан келетін іс.
![]()
Келешек жас ұрпақты тәрбиелеп шығару, әрі онымен үздіксіз айналысу, білімнің биік шыңына шығу, әрбір баланың білім жолындағы мінер баспалдағына ықпал ете білу өте тынымсыз еңбекті талап етері сөзсіз. Бала тәрбиесі өте нәзік нәрсе, себебі әр баланың табиғаты әр қалай. Жалпы адамзат баласының оқу-білімсіз күні жоқ. Ес білген шақтан балабақша қабырғасын аттап, одан мектеп табалдырығын аттайды. Мектепте 11 жыл білім алып, оңы мен солын таныған шағында, кім боламын деген сұрағына саналы түрде жауап тауып, арман жетегімен жоғары оқу орнына табан тірейді. Иә, адамның тіршіліктегі мың сан тірлігінің өзі біліммен ұштасып жатады.
Қаншама кедергілер мен ауыр-ауыр асуларды бағындыруға, әрі оған қасқайып қарсы тұруға мықты ерік пен жігер керек-ақ. Ұстаз бойына көпте кездесе бермейтін мықтылық, төзімділік, сабырлылық, шыдамдылық, байсалдылық пен байыптылық та керек. Осындай қасиеттері бір бойына ұштасқан жанды нағыз өз ісінің маманы деуге болады. Олардың қатарын толықтырып отыратын жас мамандар да талмай, үнемі ізденіс үстінде болып, әр пәнді жоғары деңгейде, сапалы етіп өткізсе, шығар асулары да биік болады. Болашақта елінің патриоты болатын, ана тіліне, ата дініне ие бола алатын, салауатты өмір салтын ұстанатын саналы да жаңашыл жеке тұлғаны тәрбиелеу тек білімді ұстаздың қолындағы дүние. Өзінің қажымайтын қайсарлығы мен батыл мінезінің арқасында ұстаздық жолында үнемі толассыз білім мен үлкен ізденістің үстінде жүретін Төребай Ділман көпжылдық тәжірибесімен, ерекше қасиеттерімен жастарға үлгі болып келеді. Ол білім берудің небір қырлары мен сырларын игере отырып, оны өз тәжірибесінде орынды, тиянақты, дұрыс әрі дәл пайдаланып, қолдана білетін тәжірибелі, білімді де білікті ұлағатты ұстаз.
Ділман Төребай Бимағанбетұлы 1956 жылы 30 қыркүйекте Қызылорда қаласында ұстаздар отбасында дүниеге келген. Ол Ғани Мұратбаев атындағы №171 орта мектептің түлегі. Ұстаздар жанұясынан шыққандықтан да, ол бала күнінен оқу-білімге құштар болды. Барлық пәнді өз деңгейінде меңгеріп, түрлі пәндік сайыстарға қатысып, қатарластары арасында көш бастап жүрді. Жан-жақты ізденімпаздығының арқасында мектептің мақтаулы шәкірті атанды. Мектептің қоғамдық іс-шараларынан қалыс қалмай, үнемі ұйымдастырушылық қабілетімен де дараланып жүретін. Ұстаздарының сүйікті шәкірті болған Төребай орта мектепті өте жақсыға ойдағыдай аяқтап шықты.
![]()
Арманшыл жас 1973 жылы Гоголь атындағы педагогикалық институтына оқуға түсті. 1977 жылы жоғары оқу орнын «Математика пәні мұғалімі» мамандығымен тәмамдады. Сол жылы өзімен бір топта оқыған Жақсыбаева Бақтыгүл Қайырқызымен 8-наурыз күні отбасын құрды. Қатарластары арасында ойының озықтығымен, бастаған ісін аяғына дейін жеткізбей тынбайтын табандылығымен дараланған Төребай Бимағанбетұлы өзінің алғашқы еңбек жолын Гоголь атындағы педагогикалық институтының ұстазы ретінде бастады. Аспирантураны Новосибирскте оқып бітіріп, кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты.
Парасатты өмір иесі Төребай Бимағанбетұлы Қорқыт ата атындағы университеттің доценті, беделді ұстазы. Өте еңбекқор ұстаз Халықаралық, Республикалық мақалалардың және бірнеше оқулықтардың авторы екенін де мақтана айтуға болады. Сонымен қатар қажырлы да қайратты, жігері мен күші мықты. Бастысы адамгершілігі мол, сіз бен бізден ажырамаған, өз ортасына сыйлы азамат. Өр мінезді, бірсөзді, иманы берік, адал да әділ жан. Осы қасиеттері оның адами бейнесін елден ерекшелеп тұратыны бар. Қашан да өз ісіне тиянақты, қай кезде болмасын ізденіс үстінде жүреді. Терең ойлы, өзіндік пікірі бар тұлға.
Жұбайы Бақтыгүл Қайырқызымен бірге өнегелі отбасында 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп, өсіріп отыр. Тұңғыш ұлы Ділманов Әбдіғаппар 1977 жылы дүниеге келді. Ішкі істер қызметкері, лейтенант шенінде болатын. 2000 жылы Президент пен Үкіметті қорғайтын арнайы батальонда инспектор болса, кейіннен Парламент үйі күзетінің бастығы қызметін атқарды. 2001 жылы Астана қаласында патрульдік қызмет барысында, жұмыс бабында мезгілсіз қаза тапты. Ерлігін мадақтап, Нұр-Сұлтан қаласынан және туып өскен жері Қызылордадан Ділманов Әбдіғаппар атындағы көшелер берілді. Қызы Айжан ғылым жолында. РhD доктор. Ұлы Әбдіхалық пен Әбдіжаппар отбасылы, екеуі бірлесе отырып, Қызылорда қаласы бойынша құрғақ құрылыс материалдарын өндіретін «ВЕГАПРОМ» жеке шаруа серіктестігі зауытын басқарып отыр.
![]()
– Мамандығына адал адамға қашанда ырыс пен құт ереді. Мұны менің ата-анам үнемі айтып отыратын. Мұғалімдер отбасында дүниеге келгендіктен, бала күнімнен бастап білім саласына қатты қызығатынмын. Жақсыны армандай білсең, жарылқаушы жақсылығын аямайды екен. Азамат болып ер жетіп, жан-жағымды бағамдай білген шағымда ата-анама өзімнің де олардың жолын жалғастырғым келетінін айттым. Оны ата-анам әу бастан-ақ білген екен. Разылықтарын айтып, өздерінің батасымен менің жарқын болашағыма ақ жол тіледі. Адам деген бұл өмірде тек тамаша тірлігімен еліне сыйлы болады. Елге қажетінше еңбек етсең, олардан да соншалықты шынайы ризашылықтарын аласың. «Ер мойнында қыл арқан шірімес» деген емес пе?! Басқаларға өзімнің білгенімді айтудан, жастарға бағыт-бағдар беруден еш жалыққан емеспін. Ел «Ұлағатты ұстаз», «Беделді педагог», «Жас ұрпақтың жанашыры» деп мадақтап жатады. Бұл сөз мен үшін қандай да бір марапаттан артық дер едім. Осындай елдің мақтау сөздері ұстаздың кескін-келбетін, болмыс-бітімін, барлық қыр-сырын жан-жақты айқындайтыны бар. Ұстаз болуға үлкен жүрек керек. Кейде алдыңдағы отырған оқушыңның деңгейіне түсіп, оны терең түсінуіңе тура келеді. Жақсы ұстаз болу – тек сабағын жоғары деңгейде өтуінде емес. Жақсы ұстаз ол – оқушысының жан-дүниесін танып білуі, мұңдасы, сырласы бола білуі дер едім. Көпжылдық тәжірибемде талай озық ойлы ел болашағын тәрбиелеп, қанаттандырып, ұшырып жібердім. Тағдырыма разымын. Саналы ұрпағыммен мақтанамын, - дейді кейіпкеріміз.
![]()
Қазіргі таңда Төребай Бимағанбетұлы және жұбайы Бақтыгүл Қайырқызы екеуі құрметті зейнет демалысында. Немерелерінің үлкені Жібек Сүлейман Демирел университетінің үздік студенті. Басқа немерелері мектеп қабырғасында білім алуда. Үлкен жүректі, парасатты, білімді де ұлағатты ұстаз Төребай Бимағанбетұлы сыр бойы мақтаныштарының бірі де бірегейі. Ол қай іске де бейімділігінің, іскерлігінің, адамдармен тез тіл табыса білетін қасиетінің, еңбекқорлығының арқасында биіктерді бағындыра білді. Иә, ол сонымен қатар абыройлы маман, ортасында өзіндік орны бар беделді азамат екенін дәлелдеді. Адал атқарсаң, қызмет еңбекқор адамды өсіреді. Көпке танытып, беделін арттырады. Оған біз әңгіме еткен Төребай мырзаның өмір баспалдақтары, батыл жүріп өткен жолдары куә.
Ұрпақ қызықшылығын жұбайыңызбен тең көріп, 100 жасаңыз, жақсы Аға!
![]()
![]()