Мұғалім ардақты есім ұмытылмас…
Ұстаздықтың ұлы жолымен жүріп, шәкірт санасына білім шуағын шаша білген мұғалімдеріміз ешқашан жадымыздан кетпек емес. К.Ушинский бір сөзінде: «Егер мұғалім өз бойына іс пен шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті біріктірген болса, ол – кемел ұстаз» деген болатын. Қазіргі таңда кемел де кемеңгер, білімді де білікті ұстаздарымыздың мерейі артып, құрмет-қошеметке бөленіп келеді деуімізге әбден негіз бар. Бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған жан Қойбасарова Төлеуғайша Қойбасарқызы ұстаз атты ұлы мамандықтың басы-қасында лаулаған жалынымен әр жүрекке жылу беріп нұр құятын, шәкірттерінің бойына адамгершіліктің дәнін еккен ардақты жан.
Төлеуғайша Қойбасарқызы Семей облысы, Абай ауданы, Арқат ауылында 1951 жылдың наурыз айының 20-жұлдызында дүниеге келген. Қарапайым отбасында балаларының әрбірін сауатты етіп тәрбиелеуге тырысқан Төлеуғайша ханымның асқар тау әкесі Маметреев Қойбасар Ұлы Отан соғысының ардагері, өмір бойы шопан болып еңбек етіп, адал еңбектің жемісін жемекке зейнет демалысына аттанады. Қойбасар ақсақал Кеңес үкіметі орнаған жылдардан бастап еңбекке араласады. Өз кезегінде ауыл шаруашылығының жандана түсуіне өз септігін тигізген ел азаматы болған. Соғыс жылдары майдан шебіндегі еңбегі үшін «Қызыл жұлдыз» орденіне және бірнеше төсбелгілерге қол жеткізеді.
Кейіпкеріміздің ақ жаулықты анасы – Берікболова Сәруар. Соғыс аяқталғаннан кейін Қойбасар ақсақал Сәруар анамызбен шаңырақ көтереді. Отбасында алты қыз, екі ұлды дүниеге әкеледі. Қойбасар ақсақал қыздарының жоғарғы оқу орнынан білім алып, тұлға болып қалыптастыруға атсалысқан ардақты жан.
![]()
![]()
Отбасындағы үшінші перзент болған Төлеуғайша Арқат ауылында орналасқан сегіз жылдық мектепте білім алып, абыроймен аяқтап шығады. Сол тұстағы қоғам тынысына орай бір жыл шопандар бригадасында еңбек етеді.
Болашақ мамандығын ұстаздық жолмен байланыстырғысы келген жас түлек 1969 жылы Семейде орналасқан іргелі оқу орны педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, ойдағыдай тәмамдап шығады. Адам баласының жарық дүние есігін ашқанда ата күші мен ана сүтінен бойына даритын адами қасиеттерінен бөлек, өмірлік білім нәрімен сусындап, ақылының толықсуына тікелей жәрдемші болатын ұлы тұлғалар –Ұстаздар екендігін санасына сіңіріп өскен жан, алғашқы еңбек жолына қадам басу жолында да жауапкершілік атты арда жүкті мойнына алып, 1971 жылдан бастап өзі білім алған «Арқат сегіз жылдық мектебіне» бастауыш сынып мұғалімі болып қызметке орналасады. Әрбір мектеп табалдырығын енді аттаған шәкірт үшін бастауыш сынып мұғалімінің орны ерекше. Еңбек жолында осы жылдары Төлеуғайша ұстазымыздың да есімі ерекшелене білді.
Әрбір қыз баласы үшін отбасы ұйытқысы бола білу – зор қуаныш. Осы ретте, кейіпкеріміз де 1973 жылы отбасын құрып, өмірлік жолдасы Тілеумбердин Слямбек екеуі өнегелі отбасы тізбегін құруға тырысады. Тілеумбердин Слямбек мырза отбасындағы он баланың үлкені болатын. Кейіпкеріміз үлкен шаңырақтың үлгілі келіні болып, еңбек жолы мен отбасы арасындағы алтын көпірді ұштастыра білді. Отбасындағы атасы Тілеумбердин Закен Арқат ауылында совхоз директорының орынбасары болып еңбек етсе, екінші анасы – «Алтын алқа» иегері, ұлағатты ана. Төлеуғайша ханым қайын жұртына сыйлы келін атанып, туғандарына қамқор болып, өзінен кейінгі бауырларына көмектесуді әрдайым мақсат тұтты. Кейіпкеріміздің жұбайы Слямбек мырза тағдырдың тосын сыйына тап болып, елу жасында жаман аурудың салдарынан келместің кемесіне мініп кете барды.
![]()
1975 жылдың қыркүйек айынан бастап Төлеуғайша ұстазымыз отбасылық жағдайына байланысты аудан орталығында орналасқан Абай атындағы орта мектебіне бастауыш сынып мұғалімі болып қызметтік жолын жалғастыра түседі.
Білікті әрі тәжірибелі ұстаз қай ортада болмасын өзінің іскерлігімен ерекшеленетіндігі ақиқат. Міне, осы жолда Төлеуғайша ұстазымыздың да еңбек жолында келелі өзгерістер орын алып, 1977 жылдың қыркүйек айынан бастап, жаңа құрылған Қарауыл бастауыш сыныбына мұғалім болып ауыстырылады.
Зымыраған уақыт арасында ұлағатты ұстазымыз ана бақытына ие болып, 1974 жылы Қазбек Закенов, 1975 жылы Тілеумбердина Әлия, 1976 жылы Тілеумбердина Шынар және 1977 жылы Тілеубердин Марат, кейін Тілеумбердин Дарын, Тілеумбердин Дастан атты перзенттерді дүниеге әкеледі.
Ертеңін ойлайтын, болашағына үмітпен қарайтын ел ең алдымен ұрпақ тәрбиесіне, шәкірт біліміне назар аударып, қазіргі бағдарламаны оқушыларға жетік түсіндіріп, игерте алуды жіті назарда ұстап, бұл мақсатты жүзеге асыратын шебер, білікті, майталман мамандарға, яғни ұлағатты ұстаздарға жүгінеді. Біздің ұстазымыз да өз білімін жетілдіре түсу аясында 1979-1984 жылдары сырттай бөлімде Семей облысының Крупская атындағы педагогикалық институтын оқып тәмамдайды.Ұстаздық жолдағы ерен еңбегі еленіп, кейіпкеріміз 1985 жылы Қазақ ССР оқу министрлігі «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісі мен куәлігіне қол жеткізсе, 1991 жылы аудандық халыққа білім беру мекемелері қызметкерлерінің аттестациядан өткізудегі аудандық комиссиясының шешімімен «Жоғарғы санатты маман» атағын еншілейді. Бұдан бөлек, Төлеуғайша ханым еңбек еткен жылдарында аудандық, облыстық Құрмет грамоталарына қол жеткізеді.
![]()
1992 жылы Төлеуғайша ұстазымыз 17 жылдық қызмет өтілінен кейін еңбек демалысына шығады. Өзін-өзі жетілдіруден танбайтын, ылғи әріптестері мен жас мамандар арасында сыйластық қарым-қатынасты берік ұстанатын кейіпкеріміз штаттан тыс әдіскер болып қызмет атқара бастайды. 1992 жылдың қыркүйек айынан бастап Орда ауылында орналасқан Мамай атындағы орта мектебіне оқу ісінің меңгерушісі болып тағайындалып, осы ауылда 10 жыл қызмет атқарады. Ұстазымыз халық арасында білікті әрі тәжірибелі маман ретінде танылып жүрді. 1995 жылы кейіпкеріміз негізгі еңбек демалысына қол жеткізеді. Кейіннен Семей қаласына қоныс аударып, 2004 жылдан бастап 2007 жылға дейін №1 мектеп-гимназиясында бастауыш мектеп мұғалімі болып жұмыс істейді.
Ұстаз – шығармашыл тұлға. Еңбек демалысына шықса да Төлеуғайша ханым халықпен тығыз қарым-қатынаста болып, мәдени-әдеби іс-шаралардан қалыс қалған емес-ті. 12 жылдан бері кейіпкеріміздің есімі Абай ауданының орталығында құрылған «Нұр-Сана» салт-дәстүр орталығының белді мүшесі болып, халқымыздың ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрін аудан арасында насихаттап келеді. Шығармашылық жан кей мезеттерде қара сөздің қаймағынан дәм татып, өлең сөздің сырын атқарып, ішкі жан дүниесін қағаз беттеріне түсіретіндігі де өзінше бір өн бойына жинақтаған табиғи дарыны деп білеміз.
![]()
Бүгінде ұстаз-анамыз Семей қаласында кенже егіз ұлдары Тілеумбердин Дарын және Дастанмен тұрып жатыр. Егіздер де Семейдің «Авиценна» медициналық колледжін тәмамдап, қазіргі таңда фельдшер болып жұмыс жасайды. Төлеуғайша Қойбасарқызы 10 немере, 1 шөбереге жылы-жұмсағын ұсынып отырған ардақты жан.
Тағдырдың кезіккен қиындықтарына қаймықпай, алты баланың анасы, «Күміс алқа» иегері атанып отырған Төлеуғайша Қойбасарқызынан жас ұрпақтың, жас мамандардың үйренері көп демекпіз.
Еңбегі мен адамгершілік асыл қасиеттерінің арқасында ұжымында сыйлы, білімді маман, сенімді әріптес атанып, әрқашанда үлкенге құрметі бөлек, кішіге ізет білдіріп, айналасына қамқорлық шуағын шашып жүретін ұстазымыздың ұлағатқа толы өмірі кейінгі жастарға үлгі. Ұлт мүддесі үшін қызмет етіп, ел азаматшасына айналып отырған Төлеуғайша ханымға алғыс айта отырып, осындай жанашырларымыз көп болсын деген тілек білдіреміз!
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()