Ұстаз болу сый етілген өміріне…
Ұстаз бейнесі – шәкірт үшін адамгершіліктің ең жоғары үлгісі. Ұстаздың лаулаған жалыны – әр жүрекке жылу сеуіп, нұр құятын қуаттың қайнар көзі іспеттес. Тіршіліктегі шырақтың сөнбес ошағы атанып, өзінің өмірін бала тәрбиесіне сарп етуге бел буған жандар бүгінгі қоғамда да аз емес-ті. Шәкірттің жүрегінде мәңгілік із қалдырған ұстаз бейнесі қандай мейірбан, қандай сұлу десеңізші?! Бүгінгі сөз кезегі Мамиланова Күлсара жайында болмақ. Өн бойына ұстаздық атты ұлы мамандықтың бар жақсысын қалап, өзгенің перзентін тұлға қылып қалыптастыру жолында аянып қалмаған шәкірттің есімін ел білуге тиісті.
![]()
Мамиланова Күлсара ханым 1951 жылдың мамыр айының 20-жұлдызында Шығыс Қазақстан облысына қарасты Тарбағатай ауданы, Жаңа ауыл ауылында шопандар отбасында дүниеге келеді. Өн бойына ата-анадан дарыған мейірбандық пен ізгілікті қалыптастыра білген ел ардақтысы 1958-1968 жылдары аралығында М.Горький атындағы орта мектебінде білім алып шығады. Мектеп қабырғасын тәмамдағаннан кейін болашақ мамандығына таңдау жасаған жас талапкер 1968 жылы іргелі оқу орны Өскемен педагогикалық институтының жаратылыстану факультетінің химия-биология бөліміне оқуға түсіп, 1973 жылы үздікке аяқтап шығады.
Арманның асқарына ұмтылған жас ару өзінің алғашқы қызметтік жолын 1973 жылдың тамыз айынан бастап өзі білім алған М. Горький атындағы орта мектептен бастайды. Аталмыш білім ордасында химия-биология пәндерінен сабақ береді. Педагогикалық ұжымның әдістемелік және шығармашылық жұмыстарымен айналыса отырып, қызмет барысында өзінің ұйымдастырушылық қабілетін әріптестеріне таныта білді десек, артық айтпағандығымыз. Ұстаз – шығармашыл тұлға. Күлсара ханым да бойына дарыған шығармашылық қабілетін шыңдай түсіп, мектептегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласа білді.
Қандай адам болмасын оңашада отырып ұстаз туралы ойға кетсе, көз алдарына ақ жарқын мінезді, ақ жүректі, жылы жүзді ұстаз бейнесі көрініп, ерекше қиялға елітіп, еріксіз нұрлы естеліктерге жетелей жөнелетіндігі жасырын емес-ті. Күлсара ханымның да өмір көкжиегінде сан мың шәкіртке мейірбандық тізгінін ұстаған кәсіби маман болғандығына көз жеткізу қиын емес. Өзінің қызметтік жолынан бөлек әрбір қыз баласы арман етерлік ақ көйлек кию бақытына кейіпкеріміз де ие болған-ды. Білім саласында аянбай қызмет етіп жүрген қос тұлғаның бір саланың пұшпағын илеп, бір отбасында тұруы – тағдырдың тарту еткен тосын сыйы іспеттес. 1975 жылы қаңтар айында кейіпкеріміз тұрмысқа шығады. Жолдасы Сүлейменов Асыпхан Қанағатұлы физика пәнінің мұғалімі. Жолдасы екеуі, балаларын жеткізе жүріп, ұстаздық жолда да қызмет ете білді. Бар білгенін шәкірттерінің бойына сіңіруге тырысты. Ауыл арасында, ұжым ортасында, шәкірттерінің алдында адал еңбектерімен үлкен сый-құрметке ие бола білді. Қызмет барысынан бөлек кейіпкеріміз дүниеде алтын құрсақты ана атана білді. 1993 жылы 20 жыл еңбек өтілімен, сол кезеңдегі заңдылық бойынша 10 баланы дүниеге әкелген Батыр ана ретінде жеңілдікпен зейнетке шығады.
![]()
Білікті маман қай кезеңде де сұранысқа ие. Күлсара ханым да зейнеткерлік демалысқа шыққан соң 1995-2008 жылдары аралығында Б. Момышұлы атындағы орта мектепте қайтадан педагогтық қызметін жалғастыра түседі. Химия-биология пәндерінен сабақ беріп, талай шәкірттің зейінін аша түсті. Мектепте психолог қызметін де бірге алып жүрді. Жалпы айтқанда ұстаздық атты сара жолға Күлсара ханым өмірінің 30 жылын арнады.
Қай саланың қызметкері болмасын өз саласында жеткен жетістігі - халықтың шынайы алғысы болып табылады. Бала жанының бағбаны атанып, қиындығы мен қызығы қатар жүретін саланың тізгінін ұстап, өскелең ұрпақты тәрбиелеу жолында аянып қалмаған кейіпкеріміз еңбек еткен жылдарында аудандық, облыстық оқу-бөлімінің бірнеше дүркін мақтау грамоталарымен, «Комсомол», «Коммунистік еңбек екпіндісі» төсбелгілері мен бірнеше дүркін марапаттарына ие болды.
Шәкірттері аудандық және облыстық олимпиадаларда топ жарып, химия пәндерінен І, ІІ, ІІІ орындар алып жүрді.
Күлсара ханымның өмірлік жолдасының да ұстаздық жолда еткен еңбегі бағаланып, бүгінде өнегелі отбасының мүшелері шәкірттері мен ауыл тұрғындарының ерекше ықылас-ілтипатына бөленіп отырған жайлары бар. Ерен еңбектері еленіп, өздері қызмет жасаған мектепте физика кабинетіне «Сүлейменов Асыпхан атындағы физика кабинеті» аты берілді. Бұл дегеніміз Асыпхан мырзаның ұстаздық жолындағы ерен еңбегінің талай жылдарға мұра болып сақталып, өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие, өнеге болып жалғасын тауып жатқандығының нақ көрінісі іспеттес.
![]()
Күлсара ханымның жолдасы Асыпхан мырза физикамен қатар информатика пәнінен де сабақ берді. Мектептегі ең үлкен сыныптардың бірін сол кездегі компьютер «Корвет» есептегіш машинасымен әр оқушыда өзінің компьютері болатындай етіп жабдықтауға бар күшін салды. Сол кезден бастап оқушылардың информатика пәніне деген қызығушылықтарын арттыра түсті.
Асыпхан мырза бірнеше жылдар бойы мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.
«Ұстаздан шәкірт озады» демекші, бүгінде ел жақсыларынан білім алған шәкірттерімен кейіпкерлеріміз мақтанады. Атап айтқанда, Қиябаев Серік, Хамзаева Анар, Етекбаева Бихан және тағы басқа шәкірттер ел игілігі аясында аянбай еңбек етіп жүрген жандардың қатарын толтыруда.
Шәкірт тәрбиелеу ісінде үздік деп танылған ел ардақтылары 10 баланың ата-анасы атанып, олардың тұлға болып қалыптасу жолында аянбай еңбек ете білді. Күлсара ханым үкімет тарапынан 1990 жылдың 24 қазанында Кеңес Одағының «Батыр Ана» орденімен марапатталды. 2004 жылы 26 мамырдағы ҚР Президентінің Жарлық бойынша «Алтын алқа» алқасымен наградталды.
Өзінің екінші анасы, балаларының әжесі Қанипа Қожабергенқызына деген кейіпкеріміздің айтар алғысы шексіз. Қызмет барысында алаңсыз еңбек етуіне сеп болған осы жан деп те мақтанышпен айта алады.
...Бала тәрбиесінде әжеміздің орны ерекше болды. Әр немересін жалғызындай көріп, еркелетіп өсірді. Өзінің бай руханиятының арқасында балаларды имандылыққа, тазалыққа, еңбеккқорлыққа тәрбиеледі,-деп сөз етеді.
![]()
Тағдыр өзінің тосын сыйын әлдеқашан дайындап қойған-ды. Бұл жолда кейіпкеріміздің жұбайы Асыпхан Қанағатұлы 56 жасында дүниеден өтті. Отбасындағы барлық баласын жеткізіп, оқытты. Алды қызметке ілініп, енді осылардың қызығын көреміз деген шақта, жарын жалғыз балаларымен қалдырып, өзі келместің кемесіне мініп кете барды. Өзекті өртеген өкініш пен жүрекке түскен жара мәңгілік сағынышқа айналды да қалды. Қайткенмен тірі адам тіршіліктегі тірлігін жасауда. Күлсара анамыз 2009 жылы зейнет жасымен екінші зейнетке шығады. Осы жылдан бастап Өскемен қаласында тұрып келеді.
Қазіргі таңда балаларының барлығы жоғары білімді, мамандықтары бойынша қоғамның әр саласында қызмет етіп жүрген жандар.
Сулейменова Айжан 1975 жылы туған. Өскемен педагогикалық училищені тәмамдаған. Қазір таңда жеке кәсіпкер. Аяулы жар, үш баланың анасы. Жолдасы Алмаз екеуі өнегелі отбасын құрып, бауырларына үлгі болып отыр.
Қанағатова Айман 1977 жылы туған. С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін аяқтады. Өскемен қаласындағы №15 орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі, жоғарғы санатты ұстаз. Жолдасы Саматпен бірге 4 баланы тәрбиелеп отырған жандар.
![]()
Сулейменова Толқын 1978 жылы туған. Д. Серикбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін аяқтады. Қазірде Д. Серикбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде экономика пәнінен аға оқытушы. Жолдасы Ермекпен 2 бала тәрбиелеуде.
Сулейменова Алтын 1980 жылы туған. Д. Серикбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін бітірді. Өскемен қаласының Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде бөлім меңгерушісі. Сонымен қатар ардақты келін, аяулы жар. Жолдасы Серікпен бірге 3 бала тәрбиелеп отыр.
Сулейменова Балжан 1981 жылы туған.С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдады. Қазірде Д.Серикбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде кітапханашы.
Сулейменов Мақсат 1983 жылы туған.
Д.Серикбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін аяқтады. Қазіргі таңда жеке кәсіпкер. Баласы Мақсат жұбайы Гүлнұрмен Кербез бен Ғибрат атты балалардың ата-анасы атанып отырған жандар. Бүгінде олар қара шаңырақта Күлсара ханыммен бірге тұрады.
![]()
Асыпханова Ардақ 1984 жылы туған. Д.Серикбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін бітірді. Бухгалтерлік қызметпен айналысады. Жолдасы Нұржанмен 3 бала тәрбиелеп отырған жайы бар.
Асыпханқызы Дана 1986 жылы туған. Д. Серикбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін тәмамдады. «ҚазЭнергоСвет» ЖШС электр желісінің маманы. Жолдасы Аманжол екеуі 2 баланың ата-анасы.
Сулейменов Даулет 1988 жылы туған. Д. Серикбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін аяқтады. Өскемен қаласының өнеркәсіп арматура заводында сандық бағдарламамен басқарылатын станоктарда 5-ші дәрежелі токарь болып жұмыс жасайды. Даулеттің жұбайы – Айжан. Бүгінде олар Дария есімді тәтті баланың ата-анасы.
Асыпханұлы Думан 1988 жылы туған. Д.Серикбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін аяқтады. Қазірде Шығыс Қазақстан аймақтық энергетикалық компаниясында инженер. Думан ағаларынан бұрын шаңырақ көтеріп, алғашқы жылдарында жұбайы Айжан екеуі Күлсара апасының қолында болды. Кейіннен баспаналы болып, бөлек шықты. Бүгінгі күні Айару, Райымбек және Адия есімді тәтті балалардың ата-анасы.
Осылайша ұлдарын өз отауларына, қыздарын құтты босағаларына қондырып, немере сүйіп, аяулы әже атанып отырған Күлсара ханымның бақыты баршаға жұғысты болғай дейміз. Немерелерінің алды да жоғары оқу орнын бітіріп, өздері оқыған салада қызмет ете бастаған.
![]()
Ең үлкен немересі Динар Алмазұлы Алматы қаласындағы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медициналық университетінде өзі білім алған мамандығы бойынша бағдарламашы болып қызмет етуде.
Одан кейінгі немересі Ақбота Саматқызы ата-әжесінің жолын қуып, Өскемен қаласындағы №48 орта мектебінде математика пәнінен ұстаз болып еңбек жолын бастады.
Ата-апасының ізін жалғауды алдына мақсат етіп қойған немересінің бірі – Мейіржан Серікұлы. Ол бүгінгі таңда С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «физика-математика» факультетінде білім алуда.
Жақсылық атаулыны жан дүниесімен қабылдап, жүрек түкпіріндегі сезімін, берік қалыптасқан көзқарасын оқушы бойына дарыта біліп, өз бойындағы жасампаздығы мен шығармашылығын, өз-өзіне деген сенімділігі мен сабырлығын, табандылығы пен төзімділігін, мінез-құлық ерекшелігін, өзгелерге қолдау көрсете білетін, жылы жүрегімен жақсылық сәулесін шашып, мейірім шуағын төгіп, мұғалімдікті мамандық деп біліп, ұстаздық атты ұлы қызметті өне бойына ұлы қасиет деп сіңіре білген бүгінгі біздің сөз еткен кейіпкеріміз Мамиланова Күлсара ханым барша қошемет пен мақтауға лайықты.
Еңбегі мен адамгершілік асыл қасиеттерінің арқасында ұжым арасында сыйлы, білімді маман, инабатты да сенімді әріптес, жүрегі кең, пейілі ақ, айналасына қамқорлық шуағын шашып жүретін жаны жайсаң адамның ұлағатқа толы өмірі кейінгі жастарға қашанда үлгі бола бермек!
Күлсара ханым осы ретте, деніңізге саулық, басыңызға амандық, отбасыңызға шаттық тілейміз!