Жұмалиев Мұхсимат

Рейтинг:

Ұлағатты ұстаз, өшпес бейне

      Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
      Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,
      Ұстаз болу – мінездің күн шуағы
      Азбайтұғын адамның алтындығы
,- деп ұстаз тұғырын биіктете жырлағандай, мұғалім қоғамның тамыршысы, бағыт-бағдар беруші адамы, ұлы тұлғасы. Әлі күнге дейін мұғалім көрсек именіп тұратынымыз, мектеп табалдырығын аттаған сайын сол бала күнгідей ерекше көңіл-күйді, толқуды бастан кешетініміз бар емес пе?! Иә, қанша жылдар өтсе де, қанша жасқа келсек-дағыны ұстаз алдында кімде-кім болмасын шәкірт. Мектеп ұлт рухын тербеп тұрған киелі бесік деуге болады. Өйткені, сол алтын ұя адамзаттың біліммен азықтанып шығатын мекені. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегенде осыны меңзесе керек. Әркім мектепте алған білімімен қоғамға пайдасын тигізеді. Қоғамға пайдалы маман бола отырып, ол өзінің ата-анасының ғана емес, ұстазының да атын асқақтатып шығарады. Адам баласының отбасынан, мектептен алған тәрбие, тағылымы бұл оның өмірге берілген ең алғашқы жолдамасы, рухани талшығы дер едім. Педагогикадан арнайы оқулық жазған Алаштың күн келбетті көркем ақыны, ардағы Мағжан Жұмабаев «Алты Алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын ұстаздікі» деп тегін айтпаса керек.
      Біздің бүгін, саналы ғұмырын білім беру саласына арнап, талай қыранның қанатын қомдап, талай тұлпарды баптаған, шәкірттері мен ұжымдастарының, сыйлас ағайынның көңілінде аласармайтын адамдық болмысымен қалған Жұмалиев Мұхсимат Хисымұлының өмірі мен жақсылығын сезінген жандарың естеліктері туралы айтып өтпекшіміз. Мұхсимат Хисымұлы 1930 жылдың 10 қыркүйегінде Атырау облысы, Новобогат ауданы, Забурын ауылында дүниеге келді. Тағдыр желінен қорған болан әкесі Хисым аудандық партия, кеңес мекемелерінде 2-хатшы, бөлім меңгерушісі сияқты жұмыстар атқарған қарапайым, еңбекқор, қара қылды қақ жарған ары таза, адал, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосқан жетекшілердің бірі болса, перзентінің тілегі таңдайынан түспеген анасы Бақыт – мәдениетті, мейірімді, өнерлі ана, өнегелі отбасының берекелі ұйытқысы болған алтын жүректі Ана! 
      Шабысына қарап тұлпарды таныған текті, тамырлы қазақ емеспіз бе, қиын замандар балалығын ұрласа да, кішкентайынан алғыр, өжет, еңбексүйгіш болып өскен бала Мұхсимат өзінің тілалғыштығымен, үлкеннің тапсырмасын екі етпей орындаудағы тиянақтылығымен ауыл ақсақалдарының алғысы мен батасын алып, «болашағы бар бала екен» деген жағымды сөзді естіп өсті. Қимылы ширақ, қандай істі де зердесіне салып, сараптай білетін зерек жас өзінің ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында ұстаздарының артқан үмітін ақтап, 1946 жылы Амангелді атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін 1946-1948 жылдары пионер үйін басқарып, сол мектепте қазақ тілінен сабақ береді. Балаң жүзді балғындардың жүзіне сәуле шашып, сөздік қоры бай қазақ тілі мен рухани жан дүниенің байлығы көрнекті тұлғалардың шығармаларымен сусындатты. Тереңіне үңіліп қараған жанға әдебиет – берері мол, ақыл мен тәрбиеге толып жатқан алтын қазына. Сабақ беру барысында мектептің бекітіліп берілген бағдарламасымен қатар, оқушылардың қарым-қабілетіне қарап олардың әдебиетке деген сүйіспеншілігі мен қызығушылығын оята білді.
      Мұғалім – озық ойдың адамы. Ол ұлттық құндылықтардың қадірлеушісі, бардың бағасын, жоқтың қадірін білдіретін адам. Қайсыбір ұстаз болмасын шығармашыл әрі ізденімпаз болса, шәкірттерге деген ілтипаты мен берері мол болса, бұл оқушылардың бақыты болып табылады. Балалардың арасында жүріп, олардың қуанышы мен жеткен жетістіктеріне куә болу, соған үлес қосу ұстаздардың баға жетпестей байлығы деуге болады. Себебі, олардың маңдай терімен оқытқан білімдерінің нәтижесі сол оқушылардың жеткен жетістіктерінен көрініс табады. Білім беруде ең алдымен оқушы санасына отансүйгіштік қасиетті сіңіру қажет. Әр шәкірт бойына өз елінің тарихын және оның үлгі етер жақтарын ұқтырып, халқының біртуар ұлдары мен қыздарын мақтаныш етіп, олардың ерлігі мен жетістіктерін айтып отыру орынды.
      Білікті ұстаздардың жетіспеушілігі, бойында таланты гүлі бүр атып тұрған Мұхсиматты білім әлемінің тереңіне тартып алып кетіп, 1948 жылы Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институттың филология факультетіне оқуға түсіп, оны 1952 жылы үздік дипломмен тәмамдайды. Одан арғы білімін 1952-1954 жылдары аудандық оқу бөлімінің мектеп инспекторы болып жалғастырған Мұхсимат Хисымұлы 1954-1957 жылдары аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, 1957 жылдың қарашасында Новобогат ауданы таратылып, Бақсай ауданына қосылғаннан кейін 1958-1963 жылдары сол ауданның оқу бөлімін басқарады. 
      Қызметте сатылай өскен Мұхсимат Хисымұлы 1963-1973 жылдары Амангелді орта мектебінің директоры, 1973-1985 жылдары Сарайшықтағы селолық кәсіби-техникалық училищесінің директоры, 1993 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін осы училище жанындағы еңбек және демалыс лагерінің бастығы қызметтерін атқарды. Қоғамдық ортамен де тығыз байланыста болып, етене араласқан кейіпкеріміз 1960 жылы мұғалімдердің республикалық съезіне делегат, 1974 жылы кәсіби-техникалық білім қызметкерлерінің республикалық активіне қатысып, 1976-1978 жылдары Санкт-Петербург, Киев қалаларында біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Келісті келбетімен, көңілге қонымды мінезімен, жаныңды жадыратар жақсы сөздерімен, елінің ертеңі үшін атқарған ізгілікті істерімен есімі жұртшылықтың жүрегінде күні кешегідей сақталған, ұмытылмастай жатталған танымал тұлғалардың бірі болған, өмірден өтсе де өміршеңдік іс жасап, артына саналы ұрпақ қадырып кеткен Мұхсимат Хисымұлы 1960 жылы «Ерен еңбегі үшін», 1970 жылы В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына «За доблестный труд», 1988 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. 1983 жылы «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі», 1988 жылы «Қазақ ССР-нің кәсіби-техникалық білім беру ісінің үздігі» құрметті атақтарын иеленген, Ұлықпандай ұлылығы құрмет төріне шығарған парасат иесі. 
      Ол кешегі Кеңес заманында елдің өз ортасынан шығып, жұртты ұлы мұраттар жолындағы үлкен іске бастап, туған елінің мәртебесін көтерген азаматтардың қатарынан орын алады. Ол еңбекке ынталы, азаматтық белсенділігі жоғары, қарым-қатынаста қарапайым, әрі қайырымды, халық арасында жиі болып, кенже келе жатқан буындарды тез тауып, оны жетілдіруге күш салатын іскер басшы болып танылды. Парасаты мол, жаны жарқын адамның еліне жасаған жақсылығы да көп болды. Сырт қарағанда, жақсы адамдардың мінезі бір-біріне ұқсас сияқты. Адамгершілік, кішіпейілділік, адалдық, қайырымдылық – жақсылардың бәріне ортақ. Ал үңіле қарасақ, осы қасиеттердің әр адамның бойынан көрінуі, жеке бір оқиға, факт арқылы танылуы әрқилы. Ал Мұхсимат Хисымұлы – адамгершілік, имандылық, адалдық, ізгілік сияқты адами қасиеттердің құнарлы дәні бойына молынан себілген тұлғалардың бірі. Өйткені оның қарапайымдылығы, кішіпейілдігі, бауырмалдығы ешкімге ұқсамайды. Оның елгезек мінезі мен адамды сүюі, үлкен-кішіге бірдей қарап, сыйлай білуі – табиғатынан туған, солай істеп қойғанын өзі де байқамай қалатын табиғи мінез-құлықтың көрінісі. Оның қарапайымдылығы жадығайлық емес, елгезектігі жалғандықтан аулақ, дегдарлық пен тектіліктен тұрады. Осылардың ар жағынан үлкен азаматқа тән кесектік, ірілік, алғырлық көрініс табады. Жүріс-тұрысы, адамгершілігі, мейірбандығы, жан тазалығы, онсыз да нар тұлғалы, келбетті, кесек адамды биіктетіп көрсетеді.
      Мол тәжірибесін сала отырып, шәкірттермен етене жұмыс жасап, оқушылардың өздеріне деген сенімдерін арттырып, алға ұмтылуға қайрап, жігерін жанып, оларға көрсеткен қамқорлығы, ұстаздық шеберлігі мен ауыр педагогикалық жұмысы үшін шәкірттері, ата-аналары мен ұжымдастары рахметін айтып, шексіз алғыстарына бөленумен қатар, басшылық қызметте де ешкімнің көңіліне дық түсірмей, ақ парақтай ниетімен дүниеге келіп, аппақ қардай ниетімен мәңгілік мекеніне кете барған Мұхсимат Хисымұлының өнегелі өмірі туралы «Ғибаратты ғұмыр» деп аталатын кітап жарық көрді. Мақаламыздың тұздығы болсын, оқырманға біздің сөзімізден гөрі көзін көріп, жақсылығын сезінген жандардың сөзі түсінікті болады деген ниетпен кітап беттерінен сыр мен мұңға, сағыныш пен мақтанышқа толы естеліктерге құлақ асқанды жөн көрдік. 
      Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, Исатай ауданының Құрметті азаматы Есет Қаженбаев: «Менің Мұқаңмен таныстығым 1946 жылдың 1-қыркүйегінде басталды. Ауылдық мектептерде жоғарғы білімді мұғалімдердің жоқтығына байланысты Новобогат ауданына қарасты он ауылдық кеңестегі мектептердің 9-сынып бітірген оқушыларын аудан орталығындағы Ғ.Мәсәлімов атындағы (бұрынғы Амангелді атындағы) орта мектептің жанындағы интернатқа орналастырып, сол мектепте оқыту туралы шешім қабылданды. 4 оныншы сыныпта 95 оқушымен оқу жылы басталды. Мен 10 «а» сыныбына қабылдандым. Мектепке жаңадан оқушы келгенде оларға сын көзбен қарау мұғалімдерге де, оқушыларға да тән құбылыс қой. Сынып оқушылары құрамының негізгі бөлігі осы мектепте бұрыннан оқып жүрген оқушылар екен. Өз тұрғыластарының ішінде Мұхсимат атты аққұба оқушы бойы жағынан да, ойы жағынан да ерекшеленген болып көрінді. Ол жаңа келген оқушыларды жатсынбай, олардың әрқайсысымен танысып, сабақ беретін мұғалімдердің мінез ерекшеліктерінен хабардар етіп, мектептің ішкі тәртіп ережелерінің басты бағыттарымен таныстырды. «Япырмау, мынау бір дұрыс бала ғой» деген ұғым бәрімізде қалыптасты. Кейінірек байқағанымыз Мұхсимат мектеп бойынша сабақтан және сыныптан тыс өтетін түрлі шараларды (ойын-сауық кештері, спорттық жарыстар, т.б.) ұйымдастырудағы мектеп басшыларының белсенді көмекшісі екен. Себебі ол қоғамдық жұмыстарға үлкен бейімділігі бар, өз құрдастарының арасында беделі мен ықпалы, сөзінің өтімділігі, ұйымдастыру қабілеті жоғарылығын таныта білген. Барлық аспаптарда шебер ойнайтын музыкант, мектептегі домбыра үйірмесінің жетекшісі. Спорт секцияларына үзбей қатысады. Мектеп бойынша 10 «а» сыныбы оқушыларының үлгерім сапасы жоғары болды. Оқу жылының аяғында Гурьев қаласындағы Жамбыл атындағы орта мектепке мемлекеттік емтихан тапсыруға жыл басындағы 95 оқушының 31-і жіберілетін болды. Соғыстан кейінгі ауыр жылдар болғандықтан, интернаттағы оқушылардың жағдайлары оңды болмады, бірқатары оқуды тастап, ауылдарына қайтып кетті. Кейіпкеріміз бір сөзінде: «Әкем мені анамның туысы – аудандық тұтынушылар төрағасы Ғұмаров Сұлтан ағайдың үйіне орналастырған. Тұрмыстық жағынан еш қиындық кездестірген жоқпын. Бар ынтам мен мезгілімді сабаққа дайындалуға жұмсадым. Жамбыл атындағы орта мектепте 2-емтихан орыс әдебиетінен шығарма жазу болатын. Оның қорытындысы бойынша 8 оқушы қанағаттанарлық деген баға алып, келесі емтихандарды тапсыруға мүмкіндік алдық, қалғандары ауылға қайтты. Кейінгі емтихандарды ойдағыдай тапсырып, орта білім туралы мемлекеттік аттестатқа ие болдық. Мұқаң да, мен де бұл жылы ауылда мектепте жұмыс жасадық. 4 жыл мектепте бастауыш сыныптық мұғалімі болып әкемнің қасында жұмыс жасап, 1950 жылдың қыркүйек айында Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институттың география факультетінің 1-курсына оқуға түскенімде, Мұқаң филология факультетінің 3-курсында оқып жүр екен. Ол әдебиет пен өнерден, ғылым мен мәдениеттен тиесілі төрлерін, лайықты өз орындарын алып, өзіндік қолтаңбаларын қалдырған қымбатты аға буынның көшін жалғастыруды өзіне мақсат еткен. Олардың ардақты есімдерін бала күнінен жүрегіне сіңіріп, жанына шуақ қылып өскен Мұқаң қайда жүрсе де, қай мезгілде де жақсы мен жаңаға, дара мен сараға ұмтылды. Бала жастан санасына сіңген асыл арманы, адал мұраты, үкілі үміті оны тіл мен әдебиет саласынан жоғары білім алуға жетеледі. Сөйтіп, 1948 жылы ол Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институттың филология факультетіне оқуға түседі. Мұқаң институтта 1-курстан бастап-ақ әдебиет саласында ойының озықтығын, дүниетанымының кеңдігін дәлелдеп білген. Ол студенттердің ғылыми қоғамының мүшесі, көп кешікпей жетекшілігіне сайланған. Шығармашылық жұмысқа, ғылыми ізденіске ұмтылысы бар студенттер оның маңына шоғырланған. 1-курстан бастап құрамында 100 адамы бар институттың домбыра оркестрінің жетекшісі. Факультетіміз, мамандығымыз әр түрлі болғанымен ғылыми, жалпы институттық шаралар кезінде жиі кездесіп жүрдік, кейде әдейі іздеп барып, әңгімелесіп, пікір алыстық. Мұқаң оқуға жаңадан барған біздерге көмегін, қамқорлығын көрсетіп жүрді»-деп тарқатқан болатын.
      Институтты үздік дипломмен бітірген Мұқаң институтта қалу, аспирантураға бару туралы ұсыныстарды қабылдамай, өз ауданына барып жұмыс жасауға жолдама алды. Аудандағы еңбек жолын Мұқаң аудандық оқу бөлімінің мектеп инспекторы жұмысынан бастады. Көптеген игі істерге ұйытқы болған жас маманның кәсіп және ұйымдастырушылық қабілеті елге, ел басшыларына кеңінен танылып, 1954 жылы ол аудандық оқу бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалды. Жер аумағы 300 шаршы шақырымнан астам жерде шашыраңқы орналасқан аудан мектептерін аралап, олардың педагогикалық кадрлар құрамына, материалдық жағдайына, оқушылардың мектепке қамтылу жұмыстарына талдау жасап, аудан басшыларының алдына дәлелді негізде ұтымды ұсыныстар қояды. Бұл ұсыныстар ауыл шаруашылықты аудандағы алыстағы жайлаудағы мал бақташыларының балаларын мектепке қатыстырып, оқытуға жағдай туғызумен байланысты еді.
      Нәтижесінде шалғайдағы мал жайылымдарында бірнеше шағын мектептер ашылып, орта мектептер жанынан 100-120 орындық бюджеттік интернаттар ұйымдастырылды. Бір айта кететін жайт, сол кездегі ауданды басқарған Сұлтанов Хисма, Есмағанбетов Өтешқали, Жайықов Уәли, Өміршин Құлшарап, Қарасаев Орынғали сияқты азаматтар Мұқаңның ұсыныстарына түсіністікпен қарап, үнемі қолдау жасап отырды деп есептеймін.
      Мұқаңды көп толғандырған аудан мектептерінде жоғары білімді мұғалімдердің тапшылығы болды. Мұғалім – мектептің жүрегі, мектеп – білімнің жүрегі, білім – өсіп жетілудің кепілі» деген қағиданы берік ұстанған адам. Ол мұғалімдермен, мектеп директорларымен кездесуде сөйлеген сөздерінде: «Менің түсінігімдегі ұстаз – рухы таза, ой-өрісі биік, ұлты мен Отанының болашағы үшін тер төгіп, шыдамдылық пен табандылықтың үлгісін көрсетуші, өз бойындағы асыл қасиеттері мен білімін болашақ ұрпақтың бақыты мен кәдесіне жаратып, қоғамды өрге өркендетуші, жаңашылдықтың бастаушысы, жүрегі жылы, көңілі дархан адам»-деп баяндады.
      Мұқаң бар саналы өмірін халқына адал қызмет етуге арнаған, мінезі дархан, жаны сұлу адам. Тағдырдың маңдайға жазғанын бір кісідей қызықтаған, оның салмағын көтерген Мұқаң отбасылық өмірін жарасымды етіп қалыптастыра білген жан. Болашағына болжам жасап, жанұяның бақыты мен берекеті ақылды әйелге байланысты болады деген тұжырымға тоқталған Мұқаң ақ Жайықтың аруларына алаңдамай, бір рулы елдің мақтанышы, сәні болған, талай серілердің арманы мен әні болған, келбетіне мінезі сай, хордың қызындай сұлу Жібек атты қызға үйленді. Мұқаң мен Жібек қандай ортада болмасын қатарының көз тартар көркі болып, той-жиын мен отырысқа ерекше сән берді. Жібек талғамдары жоғары, халқы арасында өнегелі отбасы атанған Хисым аға пен Бақыт апаның сүйікті келіні бола білді. Адамның нәр беретін тамыры мен сән беретін жапырағы қашанда перзенттері екені рас. Бауырынан өрбіген ұрпақ – Жаратқан Иеміздің ұлы сыйы, өлшеусіз бақыты.
      Дана халқымыз: «Ел қанатымен танылады, өнермен теңеседі және ұрпағымен жалғасады» деп бекер айтпаған. Жарасымды жұбайлар өмірге алтын асықтай Рита, Света, Клара, Алмагүл есімді тамаша қыздар мен Руслан, Мәлік, Марат есімді батыр ұлдарды әкеліп, олардың барлығына қабілеті мен талғамдарына қарай жоғары білім, ұлтжанды тәрбие беріп, ұядан ұшырды. Олардан немере-жиендер сүйді. Бүгінде олар елі мақтан етіп, қатарлары қадір тұтқан ата мен әкенің, ана мен әженің өнегелі өмір көшін жалғастырып келе жатқан бақытты жанұялар, елеулі еңбек адамдары.
      Мұқаңның тынымсыз еңбек пен жан тазалығына толы ғибратты өмірі кейінгі ұрпақты мұратқа жетелей алатын, жастарды биік адамгершілікке, елжандылыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелейтін жарқын жолдар деп есептеймін.
      Ал, біз, оның замандастары ойы да, бойы да биік, сөзі де, ісі де ірі, тумысы бөлек азаматпен дос болып, кезінде қатар жүргенімізді мақтан етеміз»- деп, замандасын заңғар тауларға теңейді. 
      Шәкірті Тоқтарбай Қалымов: «Кешегі күндері Нарын өңіріндегі білім саласының ілгерілеуіне сүбелі үлес қосқан ардақты азаматтар аз болмаған. Сол ағалардың сапында ұлағатты ұстаз, білікті басшы Жұмалиев Мұхсимат ағайда болатын. Бұл кісіні еске алғанда, оның өмірінен өрілген ұлағатты сөздері, баппен сөйлеп, базынасын айтып тұрса да әркімнің келешегіне сабақ болар ғибраты мол ақыл-парасатты осы күндерге дейін естен шығар емес. Мұхсимат ағайдың сабақ беру кезінде ол кісінің білімділігіне, мәдениеттілігіне, өз пәнінің жетік мұғалім екендігіне, халық фольклорларын терең білетіндігіне тәнті болатынбыз. Сабақ берудегі методикалық шеберлігі жоғары деңгейде болатын. Мұхаң мектептің оқу-тәрбие жұмысын шебер ұйымдастырушы, мектептің педагогикалық ұжымын шығармашылыққа бағыттай білетін қабілетті басшы болғандығын оқушы болсақ та байқайтынбыз. Сол жылдары білім алған шәкірттерінің білімге, өнерге және спортқа деген құштарлығы өте жоғары болатын. Сол кездегі мектеп көркемөнерпаздарының жетістіктері, спорттық спартакиадалардағы жүлделі орындарға ие болуы әлі есімізде»,- деп ұстазының жақсылығын есіне алса, ұлы тұлғаның қыздары Рита, Светлана, Клара, Алмагүл: «Біріншіден, үй ішіндегі ертеден кешке дейін таусылмайтын тауқыметке қолғабыс беру болса, екінші, өзімізден кішілерге қамқорлық жасау, үшінші, мектепке даярлық. Бұл жұмыстарды біз үлкен ынтамен орындап, мадақтау алғанымызға мәз болтын едік. Кемшілік жіберіп алсақ бізге дауыс көтеріп ұрыспай, түсіндіріп айтып қоятын. Ол кісінің аты Жібек болса мінезі де жібектей, келбетті сұлу болса жаны да сұлу, ақыл-парасаты мен мейірімі мол адам екенін өсе келе дұрыс бағалай білдік қой. Киім-кешек, т.б. керекті бұйымдардың көпшілігін әкеміз өзі біліп, үйлесімді етіп әкеліп беретін. Әкеміз өз өмірінде жайдары мінезімен де, жарасымды да келісті келбетімен де төңірегіне тек жылулық нұрын төгіп жүретін мейірімімен де, жарқылдаған адал жүрегімен де бізге айрықша өнеге болатын. Оның жайлы да жайсаң мінезі, табиғат берген келісімді кейпі, ата-тегінен дарыған ақылдылығы қашан да ерекшеленіп тұратын. Ол өте қарапайым, өз ата-анасына тәңіріндей табынатын, туыстарын ерекше сыйлайтын, еңбекқор, мейірімді адам еді. Осы қасиеттері арқылы біздерге үлгі болып, бүкіл туысқандардың алдында үлкен жүректі ағаның, інінің, жардың, әкенің эталонына айналған еді. Жоғары сыныптарға келген кезімізден бастап біздің оқуымыз бен тәрбиемізге, қабілетімізге, даму деңгейімізге ерекше көңіл бөліп, жоғарғы оқу орнына түсуге дайындады. Бәріміздің де жоғарғы оқу орындарына түсіп, аңсаған армандарымызға жетуімізге жанын да, уақытын да аямады. 
      «Өздерінің ғибратты ғұмырында соншалықты сүйкімді жандар болып, бәрімізді де, жақсылық пен ізгіліктің нәріне сусындатып, өнегелі тәрбиесіне баулыған, қамқоршымыз, ақылшымыз болған аяулы ата-анамыздың қадір-қасиетін, даралығын ешуақытта ұмытпай, қастарлеп өтеміз» -деп, әке рухын асқақтатады. 
      Ал, Мұхсимат Хисымұлының әулетінің ізін жалғап, адалдық пен әділдікті, адами асыл қасиеттерді ардақтауды тәлім етіп бойына сіңірген ұлдары Руслан, Мәлік, Марат әкесінің дана, парасатты, ақылгөй адам болғандығы туралы айтқандарын сағынышпен еске алады: «Әкеміз Мұхсимат пен анамыз Жібектің білімдарлығы мен тәрбиелігі, өнерпаздығы, қарапайымдылығы мен қайырымдылық қасиеттерімен өз замандарындағы зиялы қауымның алдыңғы қатарында болып, ағайын-туыстарға, ел жұртына қадірлі болғандарын, күндіз-түні үйінен қонағы арылмаған, төрінен көрпесі жиылмаған қонақжайлылығын жас та болсақ көзімізбен көріп өстік.Әкеміз өмір бойы лауазымды басшылық қызметтер атқарды. «Басшылық қызмет адамды көркейтеді» деген сөз бар екен. Керісінше, әкеміз өзін емес, барған мекемесін көркейтті, мекеменің мәртебесін арттырды, көптеген жаңалықтар енгізді, тәртіп пен жауапкершілікті жолға қойды. Өзінің бойындағы ұйымдастырушылық талантын шебер пайдалана білді. 
      Сонымен қатар ол кісі жанұяда басымыз қосылған кезде тәрбиелік мәні бар ұлағатты сөздер айтуды ұнататын: «Адам барлық жағынан да: түрі де, киімі де, жаны да, ойы да сұлу болуы керек.
      Қызы анадан үйренбей өнеге алмас,
      Ұл атадан үйренбей сапар шекпес.
      Жақсы адам өзінің жыртық тонымен де сыйлы, гүл өзінің жапырағымен сыйлы.
      Жақсының айтқан ақылы,
      Қазулы сара желмен тең.

       * * *
      Талап, еңбек, терең ой,
      Қанағат, рақым ойлап қой
      Бес асыл іс көнсеңіз» т.б.
Абайдың даналық сөздерін көп айтатын.
      Әкеміз әдейі өсиет айтып не жазып қалдырмағанмен осы сияқты даналық сөздер арқылы болашағымызға бағыт-бағдар беріп, жол көрсетіп отыратын. Олардың негізгі мазмұны: адамгершілік пен адалдық, татулық пен бірлік, еңбекқорлық пен білімдарлық, сыйластық пен бауырмалдық, мәдениеттілік пен шыншылдық, ұрпақ тәрбиесі, ұрпақты ұлттық дәстүрге, ата салтына тәрбиелеу, жанұядағы жарасымдық т.б.
      Парасат-пайымында сабырлық пен даналық, ұлылық пен ұлағаттылық орын алып, таза жүрегінде – шәкіртке деген мейірім мен махаббат тұнып тұрған ұстаздар қауымы қандай құрметке де лайықты, әрдайым төрден орын алатын асыл жүректі жандар. Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық – ұстаздық мамандық. Олай дейтінім, мұғалім еңбегі біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған маман. Бұлай жасау нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді. Бүгінгі кейіпкеріміз Мұхсимат Хисымұлы да өзінің ұстаздық келбеті, адамдық болмысымен білім мен ғылымның дамуына өз үлесін қосып қана қоймай, артында өлмес ұрпақ тәрбиелей білген алтын жүректі ұстаз. Ұстаз бейнесі өшпейді. Ол мәңгі ұрпақ жадында сақталып қалады...
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
4 июля 2023 21:13
Асылбек

Мұхсимат ағай Амангелді орта мектебінде директор болды. Мен 5-10-класты сол мектептен бітірдім. Мұхсимат ағай парасатты, білімді ұстаз болып есімде қалды. 
28 апреля 2023 00:49
Ибатолла Мұстажапов

Ардақты аға, бейнеңізді көріп өзіңізді сағынышпен еске алдым.  Жарқын жүзді,нар тұлғаны азамат ең. Ауылға келгенде сіздің марқұм ата-анамызбен өткізген қызықты күндеріңіздің,қонақтық бәрі бәрінің бүгінгі күні алыс сағымға айналғаны көңілге кірбің түсіріп, көзге еріксіз жас ұялатады. Сіз өз өміріңізде туыс-бауырға мейірім шуағын шашып қамқор бола білдіңіз. Сүрінгенді сүйеп, құлағанды демеп, құшағыңызды ашып,бауырыңызға бастыңыз. Өз ұрпағыңызға адалдықты ту қып ұстап,тура жолды меңзедіңіз.Сіз мәңгі біздің есіміздесіз .Рухыңызға бас иемііз!

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...