Ұлағаты мол ұстаз
Жақсы ұстаз ғана мықты болашақ жасай алады, олардан болашақ әкім, ғалым, дарын бәрі-бәрі тарайды. Адамзат баласы ұстазы салған сара жолмен жүріп, ол нұсқаған сүрлеумен ғана ілгері басады. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме қазақ, бүгінгі кейіпкеріміз Өмірбекова Ғалия Әскерқызы өзінің өмір жолын ұстаздыққа арнап, соның жемісін көріп жүрген ұлағатты ұстаз.
Ғалия Әскерқызы 1953 жылдың 13 ақпанында Солтүстік Қазақстан облысы, Мамлют ауданы, Бике ауылында дүниеге келеді. Ауыл іргесіндегі сегіз жылдық мектепті 1968 жылы бітіріп, сол жылы Целиноград педагогикалық училищесіне оқуға түседі. Білім ордасынан жалпы білім беретін мектептің бастауыш сыныптарына сабақ беру мамандығы бойынша білім алып, 1972 жылы диплом алып шығады. Кейіпкеріміз Целиноград қалласындағы (қазіргі Астана қаласы) орта оқу орнын тәмамдағаннан кейін өзінің еңбек жолын Мамлют ауданындағы «Октябрь» сегіз жылдық бастауыш мектебінде бастады.
![]()
Одан кейін «Ленин» орта мектебінде, кейіннен зейнет жасына шыққанша Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияда шәкірттеріне тәлімді тәрбие, терең білім береді. Уақыт өте келе, 2005 жылы Қазақстан-Ресей университетін «Қазақ тілі мен Әдебиеті» пәні мамандығы бойынша бітіреді. Әрбір үйдің еркесі, әрбір ата-ананың бір-бір жүрегі болған шәкірттермен жұмыс жасау барысында бір қағидаға қатып қалмай, әр оқушының бейім, икеміне қарап, қабілет қарымына қарай қам жасап, бала бойындағы бұғып жатқан дарынын аша білген ұстаз, енді, бір баланың емес, бүкіл мектеп оқушыларының алдындағы жауапкершілікті мойнымен көтере білді.
Еңбекқор ұстаз үнемі ізденісте, өзін дамыту үстінде жүрді. «Қырық жыл мұғалім болсаң да, қырық бес минуттық сабағыңа тиянақты әзірлен» деген қағиданы қай кезде де ұмытқан емес. Талапты да талантты шәкірттерді даярлау шебер ұстаздың еншісінде. «Ұстазы бейімді болса, шәкірті зейінді келеді» дегендей ол талай шәкірттерді тәрбиелеп, оларды республикалық, облыстық жарыстарға дайындап, білімді де алғыр шәкірттері оза шауып, бәйге алып, жүлделі орындарды алып жүрді. Ғалия Әскерқызынан тәлім алған шәкірттерінің алтауы «Алтын белгі» иегері. Олар бүгінгі таңда Астана, Алматы, Петропавл қалаларында ел мүддесі үшін қызмет атқаруда.
Әр сабағын баланың жас ерекшелігіне қарай ойландыратын, жаза білуге ынталандыратын қабілетінің арқасында шәкірттердің сүйікті апайына айналып, 2003 жылы «Жыл ұстазы» байқауының Жеңімпазы атанды. Ғалия Әскерқызы кәсіптік деңгейді жетілдіру мақсатында талай семинарлар мен байқауларға қатысып, өзінің іс-тәжірибесінен жасаған қосымша авторлық бағдарламасы облыс көлемінде таратылып, әріптестерінің құрметіне бөленді. Облыстық білім жетілдіру институтының сұранысымен, облыстың шығармашыл ұстаздар тобының мүшесі болып, республикалық газет-журналдарда мақаласы жарияланды. Еңбегі бағаланып 1975 жылы ауылдық аймаққа, 1977 жылы аудандық депутат болып сайланғаннан кейін ауылдың өркендеуіне ат салысты.
Ғалия Әскерқызының баланың тілін дамыту мақсатымен ойлау, жазу, оқуына аса көңіл бөліп, осы мақсатты іске асыруда тынымсыз еңбек етіп, өзінің іс-тәжірибесінен жазған еңбектері тұжырымдамалары (концепция) да баршылық. Атап айтар болсақ:
1) «Тіл дамыту» тұжырымдамасы (концепция);
![]()
2) 2001 жылы «Болашақтың» басты міндеті» тұжырымдамасы (концепция);
3) 2001 жылы «Тіл дамыту» (1-4 сынып, СҚОМБЖИ) авторлық қосымша бағдарламасы;
4) 2005 жылы «Ақыл-ой Одиссеясы» (СҚОМБЖИ) авторлық қосымша бағдарламасы;
5) 2006 жылы «Тіл дамыту» (2 сынып, СҚОМБЖИ) авторлық қосымша бағдарламасы;
6) «Тапқырлар клубы» (СҚОМБЖИ) үлгі-жоспары;
7) 2007 жылы «Жеткіншек клубы» (СҚОМБЖИ) үлгі-жоспары;
8) 2010 жылы «Бастауыш сыныптарда ғылыми жобамен айналысу» (СҚОМБЖИ) авторлық қосымша бағдарламасы;
9) 2010 жылы «Жанұя клубы» (СҚОМБЖИ) үлгі-жоспары;
Марапаттары:
1978 жылы «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісі;
2001 жылы Облыстық білім беру жүйесіндегі шығармашылық еңбегі және жеткіншек ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі табыстары үшін Солтүстік Қазақстан облысы, Білім департаментінің Құрмет Грамотасы;
2003 жылы "Жыл ұстазы";
2009 жылы Солтүстік Қазақстан педагог кадрларының біліктілігін арттыру және қайта даярлау институты жоғарғы кәсіби шеберлігіне, педагогикалық талабына, заманға сай күрделі әлеуметтік-экономикалық және саяси-қоғамдық мәселелерді шешуге дайын болатын 21 ғасырдың тұлғасын дамытуға, өркендетуге қосқан үлесі үшін Алғыс хат;
2021 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның 25 жылдық мерейтойына орай жас ұрпақ, қоғам мен адамзат алдындағы өлшеусіз еңбегі, өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі өрелі жұмыстары мен мемлекеттің гүлденуі жолында атқарған абыройлы істері үшін Алғыс хаты;
![]()
2023 жылы Кәсіби тәжірибесі мен білімін, бар қуат-күшін азаматтардың бойына жоғарғы патриоттық сана мен өз Отанына деген мақтаныш сезімін қалыптастыруға, білім мен тәрбиеге үйрету жолында көп жылғы еңбегі мен кәсіподақ саласын қолдаудағы қызметі үшін Петропавл қалалық кәсіподақ комитетінің Алғыс хаты;
2011 жылы Қалалық классикалық гимназиясының «Құрмет кітабына» және «Қызылжар өңірінің зиялы қауымы» атты кітабының V томына есімі енген ұлы ұстаз Ғалия Әскерқызы өзінің бақытты ұстаз екенін, ұстаз бақытын сезінген ерекше жан екенін мына бір сыр мен сағынышқа толы жазбасынан сезуге болады: «Адам жаны сан түрлі, шиырлы ғұмыр кешкендіктен жеңіл мен қиын жолдарды, талай-талай ұмытылмас есте қаларлық жағдаяттар көп болды. Соның біріне тоқталар болсам: 1992-1993 жылдардағы оқу жылы болатын. Ауылда тұрамын. Жалғыз басты анамын. Бәріне өзім үлгеруім керек. Сабаққа толық үлгере алмай жүрген 5-6 оқушыны үйге шақырдым. Тапсырманы түсіндіріп, ұққанын орындауды ұсынамын. Бір қолыммен сепаратор айналдырып, екінші қолыммен орындаған тапсырмаларын тексеремін. Осы жағдаятты есіне алған шәкірттерім сізге тәрбиелеп, білім бергеніңіз үшін мың алғыс деп басын иеді».
Иә, ұстаз алдында барлық әлем бас иеді. Оған көрсетілер құрмет те ерекше. Ғалия Әскерқызының еңбегі, ұстаздық қызметі мен адами қасиеттері туралы мақалалар жарияланып, өзі туралы 2020 жылы «Ұстаз бақыты» кітабы жарыққа шықты. Бұл - саналы ғұмырын білім саласына арнаған жанның ішкі жан сыры мен өнегелі өмірі туралы қағаз бетіне түскен құнды жазба еді.
Еңбекте ұстаздың білім жолындағы алғашқы баспалдақтары, ұстаз туралы ой-пікірлер, толғамдар «Балалық шақ, бал дәурен», «Студенттік өмір», «Белсенді де беделді өмір жолдарым», «Еңбектен тапқан бақыт», «Жыр жолдарым», «Шәкірттерім жүрегімде сақталған», «Автобиографиялық очерк», «Өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрт шежіресі» деген атаулармен бірнеше бөлімдерге топтастырылып берілген.
![]()
Иманды, кең жүректі, әр ісіне жауапты, дүниетанымы кең, қоғам жұмысына белсенді, адамгершілігі жоғары Ғалия Әскерқызы бес бала тәрбиелеп өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, олардан немере сүйіп отырған бақытты Ана. Қыздары жоғары білімді, әрқайсысы бір-бір мамандықтың иесі. Айдынгүл мен Айгерім жеке кәсіпкерлікпен айналысса, Арман Халық банкінде қызметкер, ұлдары өз қалауларымен ауыл шаруашылығында қызмет етіп жүр.
Кейіпкерімізден үлгі-өнеге алып, өмір метебінен өткен шәкірттері ел үмітін ақтайтын азаматтар бүгінде мемлекетіміздің беделді қызметін атқаруда.
Иә, бұл ұстаздың өмірі мен еңбек жолына назар аударсаңыз өз сый-қадірін жоғалтпағандығын, адами қадір-қасиетін сақтай білгендігін бағамдайсыз. «Бар мейіріміміз балаларға» дейтін аяулы ұстаздың үлгі-өнегесін қысқа ғана қайырып өттік. Ұлағатты ұстаздың аялы алақанынан шыққан көптеген оқушылары өміріне азық болар ұлттық тәрбиені бойларына сіңіріп, уақыт талабына сай маман атанып, мемлекетіміздің гүлденуі жолында үлестерін қосып келеді. Барлық істе жауапкершілік пен адалдықты талап ететін Ғалия Әскерқызы сынды ұстаздан үлгі-өнеге алған, мектебінен өткен кез келген жаннан ел үмітін ақтайтын азамат шығары анық.