«Елім» деп соққан жүрегі...
![]()
Бүгінгі құқықтың заманда әділеттіліктің ақ туын жоғары көтеріп, адамдық болмыстың ақ дидарына кір шалдырмай, билік пен халық арасында алтын көпір болып қызмет етіп келе жатқан жергілікті қызметкерлерге көрсетілер құрмет те ерекше. Өзінің жеке басынан халықтың мүддесін жоғары қойып, өзіне артылған сенім үдесінен шыға білу үшін әділдік пен адалдықты ту еткен Серік Амалбекұлы өнегелі өмір жолы туралы кеңінен тарқатып айтсақ.
Жүк ауырын көтерген атандай нар қасқа, қолынан келсе кісінің көңілін қалдырмайтын, көмекке мұқтаж жанның қолын қақпайтын арда азамат Серік Амалбекұлы 1964 жылдың 18 сәуірінде Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Шолаққорған ауылында дүниеге келді. Дархан даланың төрін руханиятқа толы ән-жырымен көмкерген, әр сөзі мен әрпінде аталар өмірінен алынған тәрбие мен тәлім, өнеге
![]()
мен өмір иірімдері толғанған топырағы қасиетті өлкеде бақытты балалығын өткізіп, өмір бұлағынан дәм татты. Жарқын болашақтың негізі болған білім ордасының табалдырығын 1971 жылы Ыбырай Алтынсарын атындағы орта мектебіне аттап, білім нәрімен сусындады. Күн табынан қызған құмының ыстығындай, туған жерге деген патриоттық сезімі лаулаған жас жусаны даласын жұпарға бөлеген жердің желімен жарысып, айдарын самалына сүйдіріп өсті. Аяқ алысына қарап азаматын таныған елдің ұрпағы емеспіз бе, ойын баласы кезінде-ақ, өзін жақсы қырынан көрсете білген ол мектеп қабырғасында да сыныптың көшін алға сүйреген, өзгелер үлгі бола алатындай оқушылардың бірі болып өсті. Бұл туралы кейіпкеріміз былай дейді: «Әкем жетістіктерімізге қуанып марапаттап, ынталандыра білетін. 1972 жылы бірінші сыныпты бітіргенімде үздіктер қатарында болып Мақтау грамотасын алдым. Ол менің алған алғашқы марапатым еді. Әкем ырза болғаны соншалық дүкеннен су жаңа «Школьник» велосипедін алып берді. Мұндай велосипед орталық базардан Алтынсарин мектебінің көшесіне дейін созылып жатқан бұрынғы Ленин көшесінде ешкімде жоқ болатын. Ауылдас балалар қызыға да қызғанып қарайтын. Он төрт жасымда футляры қою қоңыр түсті ФЭД-3 фотоаппаратын алып берді.
Ол кездерде көптеген адамдар мұндай бағалы зат алуға мүмкіндіктері болмайтын. Бүкілодақтық «Советское фото» журналына арнайы жазылып, оның ішінен өзіме керектісін алып қызығып оқитынмын. Үйдегі жан-жануардың барлығын дерлік суретке
![]()
түсіретінмін. Балалық шақтың бақытты күндері өткен күндердің еншісінде қалса да әлі есімнен кетпейді. Отбасымызда ұл бала екен деп ағам екеуіміздің беделімізді асқақтата бермеген, әпке-қарындастарымды да қадірлеп, алақанына салып, аялап өсірді.
Папам мені он алты жасқа толып 9 сыныпты бітірген жылы аудандық жол жөндеу қызметіне жұмысшы ретінде екі айға жұмысқа жіберді. Шілденің ыстығында Абай ауылының тас жолына иісі мүңкіген асфальт төсеу жұмыстарымен айналыстық. Сондағы ойы отбасылық қаржы тапшылығынан туатын мұқтаждық емес, қолына күрек алып, қара жұмыстың қандай болатынын ерте бастан көрсін дегені болуы керек. Мен келісе кеттім және одан жаман болғам жоқ, өмірімдегі ең алғаш 16 жасымда айлығымды алдым. Әкемнің балалық шағы балалар үйінде анасынан, бауырларынан тыс жерде болып қиындықты көріп өскен соң, балаларының молшылықта, тапшылық көрмей ата-анасының мейірімін сезініп өсулеріне үлкен мән берген. Үйдегі кітап сөрелерінде орыстың, француздың жазушы классиктерінің том-том кітаптары болатын. Оны біз үшін, балалары үшін арнайы жаздырып алатын...».
![]()
Мектепті 1981 жылы бітірген соң Серік Амалбекұлы Созақтағы кәсіптік-техникалық училищеде оқып, тракторист-машинист мамандығын алады.
1982 жылы Алматы қаласындағы Қазақтың ауыл шаруашылығы институтына оқуға түскенімен, институттың бесінші курсында оқып жүргенде 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқаны себеп болып, оқудан шығып қалады. Одан соң Украинада 2 жыл әскери борышын өтеп келген соң, Серік Амалбекұлы 1989 жылы оқуға қайта қабылданып, 1990 жылы аталған жоғарғы оқу орнын аяқтап, инженер-механик мамандығын алып шығады. Еңбек жолын 1990 жылы Құмкент совхозында слесарьден бастайды. Өзіне сенімді, тапсырылған жұмыстарды аса жауапкершілікпен орындап, тиянақтылап соңына дейін жеткізе білетін Серік Амалбекұлы шаруашылықтың еңбек қазанында қайнап кете берді. Одан кейінгі қызметі аудан орталығына «Тұлпар-1» автокөлік кәсіпорнында механик, аға экономист болып жалғасып, 1995- 2002 жылдары аралығында Кентау қаласының әкімшілігінде түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметтерде қатардағы маманнан бастап, бас маман, бөлім меңгерушісі, Баялдыр поселкесінің әкімі, қала әкімінің
![]()
көмекшісі, 2003 жылдан бастап 2012 жылға дейін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің аппаратында бас маман, облыстық «Жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру» басқармасының бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары, 2012 жылы Сарыағаш ауданы әкімінің ауыл шаруашылық жөніндегі орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды.
Еңбегі далаға кеткен жоқ, шығармашылық қызметте, қоғамдық өмірде, әлеуметтік-экономикалық маңызды істерде қол жеткізген елеулі жетістіктері үшін көтермелеу бойынша жасалынатын қалалық Құрмет тақтасына 2001 жылы Серік Амалбекұлының есімі енгізілді. Кейіпкеріміздің елеулі еңбегі еш кеткен жоқ. Атап айтар болсақ:
«ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалі; 55652 әскери бөлімінің құрылғанына «Әскери бөлімге 60 жыл» мерекелік медалі;
Жұмыс барысында кездескен қиыншылықтардан қорықпай, қарсы тұрып, тасқа салса да жүзі қайтпайтын қанжардай қайсарлығы, табандылығы, төзімділігі сынға түскен шақтарда дұрыс шешім қабылдай білген, өзіне тән парасаттылығы мен дария тасыса да тобығымен су кешетін салмақтылығы мен сабырлығының арқасында ұжымдастары алдында сыйлы болып, құрмет төрінен орын алды.
Кейіпкеріміздің қызметінен бөлек мақтанышпен айтар ерлік жолы бір төбе. Соның бірі Сарыағаш ауданында 2013 жылдың 11 қаңтарында топан су басуы еді. Сол бір табиғаттың тосын мінез көрсетуінен болған зардаптардың салдарымен жұмыс істеуде және жергілікті тұрғындарды құтқаруда аянбай еңбек етті. Сол бір кезеңдерден кейіпкеріміздің сөзімен бір үзінді келтірсек:
Сарыағаш ауданында 2013 жылдың 11 қаңтарында топан судан апатты жағдай орын алды. Жылға ауылдық округіне қарасты Қарақалпақ елді мекенінде 11 үйге су кіріп, оның екеуі құлаған. 158 қой мен 7 бас ірі қара қырылды. Абырой болғанда адам шығыны болған жоқ. Осы шаңырағы ортасына түскен екі үйдің адамдары өлім аузынан қалды. Ауыл тұрғындары ағайынды Бекмұратовтардың жаңадан салған үйлері осы топан судың дәл ортасында қалған.
Тасқын су басталғанын естіп қауіпті аумаққа ауданнан біздер аудан басшылары тас жолдың үстінде қызметтік жеңіл автокөлікпен келгенбіз, қолдан келетін ештеңе жоқ және сол сәтте арнайы техника да жоқ. Қараңғы түнде айналаның бәріне тасқын су жайылып кеткен. Лесбек Бекмұратов үйінің іргетасына сеніп тасқыннан «шатыр төбесіне шықсақ ештеңе қылмайды» деп үйінде жүкті әйелі және бала-шағасымен қауіпсіз жерге шықпай отыра берген. Қасындағы бауырының үйі су астына кеткенін көргеннен соң отбасын құтқаруға әрекет жасап ең кішкентай 3 жасар Ақерке есімді қызын иығына салып сыртқа шыққанын көріп тұрмыз.
Л.Бекмұратовтың кішкентай қызын көтеріп «құтқарыңдар, құтқарыңдар, адамдар» деп жалына айқайлаған дауысын естігенде қара қошқылданып арқырап ағып жатқан топан суға үстімдегі қыстық киіммен түстім де жүре бердім. Ағысқа қарсы жүріп келе жатқандықтан және судың табаны мұз болғандықтан жүру барған сайын қиындай берді. Су тізеден биіктеп кіндік бойына жеткенде тұла бойым мұздап кейін қайту керек деген ой келді.
Бірақ кішкентай қыздың шырылдаған дауысын естігенде кейін қайту деген ойдан арылып, бар күшімді салып екі қолымды екі жаққа сермеп алға қарай ұмтыла бердім. Тас жол мен үйдің арасы шамамен 70 метр болу керек. Әлі 10-15 метр жүруім керек. Тура ортасында екеуміз кездестік, судың деңгейі мойныма жетті. Ақеркені көтеріп иығыма отырғыздым да мен кері бұрылып тас жолға қарай кеттім. Ал Лесбек болса отбасының басқа да мүшелерін тасымалдауға үйге қарай қайта кетті. Кібіртіктеп әрең келемін, қызды құлатып алмасам жарар еді деп қоямын.
Содан жағаға жетіп қалғанымда алдымнан сол кездегі Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары, бүгінде Шымкент қаласы Абай ауданының әкімі Бұқарбай Парманов та суға түсіп көмекке келді. Ең соңынан Лесбек інісі Қуанышбек екеуі жүкті әйелі Динаны иықтарына отырғызып қауіпсіз жерге алып шықты.
Осылайша, көптеп-көмектеп Лесбектің отбасын аман алып қалдық, - деген Серік
Амалбекұлы төтенше жағдайдағы жасаған әрекеті үшін ҚР Төтенше жағдайлар министрінің «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Серік Амалбекұлы қазіргі уақытта кәсіпкерлікпен айналысуда. «Universal Service-DDK» ЖШС 2019 жылдан бері басқарып келеді. Осы жылдар ішінде Қазақстанның барлық субъектілерін жыл сайынғы саралаудың қорытындысы бойынша «Universal Service-DDK» рейтинг номинанттарының қатарына кіріп «Қазақстанның үздік кәсіпорны 2022» мәртебесін алуға құқығы бар. Сонымен қатар салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу бойынша «Сала көшбасшысы 2022» номинациясы бойынша 20 кәсіпорынның ішінен 9 орынға ие болды. Біз сияқты осындай кәсіпорындардың арқасында экономика жұмыс істейді. Ұлттық нарық дамып, тұрғындардың әл-ауқаты жақсаруда.
Аузын ашса ақ жүрегі көрінетін ақтығы мен кең пейілінің арқасында өзге қызметкерлердің өзіне деген қызығушылығын арттырып, досқа адал, сертке берік болып, жастық жігерін жұмыс пен еңбекке арнаған Серік Амалбекұлы отбасында да аяулы жар, ардақты әке. Құдай қосқан жұбайы Балжан Жексенбайқызы да Созақ ауданы, Шолаққорған ауылында туып өскен, осы ауылда орта мектепті бітірген. Балжан 40 жылға жуық саз мектептерінде жасөспірімдерге домбырадан дәріс беріп келеді. Жоғары дәрежелі ұстаз. Оқушылары түрлі деңгейдегі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Ұлтымыз айтатын ұстаз мерейі деген осы болар.
Серік Амалбекұлы жұбайымен бірге 1 ұл, 1 қыз, 5 немере тәрбиелеп өсіріп отырған бақытты жанұяның иесі. Қызы Мадина жоғары білімді, жеке кәсіппен айналысады. Отбасылы. Жолдасы Айдоспен бірге 1 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отыр. Ұлы Бақдәулет пен келіні Дана жоғары білімді жандар. Қазірде отбасында 2 ұл тәрбиелеуде. Сонымен қатар, Серік Амалбекұлының анасы Дутбаева Злия тоқсанға келсе де қазіргі таңда отбасындағы 16 немере, 39 шөбере, 2 шөпшектің сүйікті әжесі, бар отбасының анасы, дана қариясы атанып отыр.
Атқарған еңбектерін айтып, өзін жариялауды ар санап, атқарған істерінің ел игілігіне жарап жатқанын көріп, сырттан масаттанып жүретін, жүрегі сүйген халыққа жарық сыйлап, өзі елдің көлеңкесінде жүретін айбынды азаматтар бар екенін естігенде көзіңе қуаныштан жас келеді. Олар атаның баласы емес адамзаттың баласы бола білді. Еткен қызметін міндетсінбеді. Сәби жүзіндегі қуанышты көріп, ана жүрегіндегі жалындаған мейірімді байқап, құрметке лайықты істеріне масаттануды парасат-пайымдылығының тасасына жасырып, адамдықтың шырқау шегіне шыға білген Серік Амалбекұлы сынды азаматтармен өмір мәнді, ұлт ұлы, мемлекет мәңгілік!
Елге қызмет ету белгілі бір шекарамен белгіленбейді, өлшенбейді. Елге қызмет ету – жұмыр жүрегінде «Отан» деп дүрсілі соққан, болмысында кісілік пен парасаттылық, ұлағаттылық ұйып тұрған, сөзінде қуат, ісінде береке бар әр азаматтың борышы. Бірақ, бұл көптің қолынан келе бермейді. Тек Жаратқан нәсіп еткендердің маңдайына жазылатын абыройлы іс.
Серік Амалбекұлының кәсібіне береке, мол табыс, отбасына шаттық пен бақыт, деніне саулық тілейміз!