Ұлағат иелері
![]()
Ұстаздық - киелі әрі мақтан тұтатын мамандықтардың төресі. Бұл мамандықтың иесі болу әркімнің қолынан келе бермейтіні рас. Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің өзі «Ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадына жақсы сақтайтын, бұлардың ешнәрсені ұмытпайтын алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысты ардақтайтын, жақындарына және басқа адамдарға да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ер жүрек болуы керек» деген екен.
Бүгінгі кейіпкеріміз Молдабаева Уразкүл Өзбекстан Республикасы, Ташкент ауданы, С.Рахимов елді мекенінде 1953 жылы дүниеге келген. Әкесі Исмаит, анасы Дариға екеуі де қарапайым адамдар болатын. Әкесі Исмаит жастайынан шопыр болып жұсмыс істеді. Туысқандары өте еңбекқор кісі деп еске алады. Сол еңбегі ескеріліп, бірнеше Алғыс хатпен, Дипломдармен, "Құрмет" төсбелгісімен марапатталған. 1937 жылы қуғын-сүргін кезінде атасы Әбішті (әкесінің әкесі) мал-мүлкін кәмпескелеп, Қарқаралы лагеріне абақтыға жауып, көп ұзамай ату жазасын бұйырған. Кейіннен ақталып «Қарқаралы» лагерь музейінің тізбесіне екінші етіп жазылды.
Молдабаева Уразкүл мектепті ойдағыдай бітіріп, арман жетегімен 1972 жылы Ташкент қаласындағы «Низами» атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түсіп, оны 1977 жылы жақсыға бітіріп шықты. Білімді жанның ұстаздық ұлы жолда бар мақсатына жетуіне оның жолдасы Молдабаев Мырзабектің қосып келе жатқан үлесі де мол. Өз уақытын аямай, өзгенің уақытын аялайтын ұстаздық жолды таңдағанына Уразкүл Исмаитқызы өте риза. Жолдасы да Ташкент қаласында Мемлекеттік университеттің құқықтану факультетін бітірген. Ұзақ жылдар бойы Шыршық қалалық ішкі істер органында қызмет атқарып, зейнеткерлікке шықты. Қазіргі таңда «Жас қанат» мектеп кешенінің президенті. Үлгілі әке, қашанда ұл-қызы үшін қамқор болып отырады. Уразкүл Исмаитқызы 1975 жылы Шыршық
![]()
қаласындағы №22 орта мектебінде тарих пәні оқытушысы болып еңбек жолын бастады. 1979 жылы осы қаладағы №3 орта мектепке ауысты. Үздіксіз, талмай, шаршамай еңбектену нәтижесінде 1980 жылдан бастап еселі еңбегі ескеріліп оқу ісі меңгерушілігіне тағайындалды.1994-1997 жылдары аралығында мектеп директоры қызметін атқарды. 1990 жылы Жыл мұғалімі, 1991 жылы оқу ісінің меңгерушісі бола жүріп, 1993 жылы Шыршық қаласындағы №3 мектепті таза қазақ мектебіне айналдыра отырып, 1993 жылы – "Жыл мектебі" атағын алды. 1998 жылы Қазақстанға қоныс аударуына байланысты Шымкент қаласындағы №17 мектепте тарих пәні мұғалімі болды. 2011 жылы Шымкент университеті қарамағындағы физика, математика мектебінде директорлық қызмет атқарды. 2018 жылы
![]()
еңбек етіп жүрген білім ұяларынан озат тәжірибелерді үйрене отырып, өз білімі мен бастамасына сүйеніп, «Жас қанат» мектеп кешенін ашты. Қазіргі кезде 500-ден астам оқушысы бар. Тек жоғарғы санатты ұстаздар еңбек етеді. Еңбегі ескеріліп бірнеше рет республикалық, облыстық Мақтау қағаздарымен, Дипломдармен марапатталды. 2022 жылы облыстық «100 жаңа есім» қатарына енді. Қазақстан Бизнес рейтингі Орталығының 2021, 2022, 2023 мониторингі бойынша «Аса үздік жетістіктері үшін», "Ы.Алтынсарин" төсбелгілерімен марапатталды. Отбасында екі ұл, бір қызы бар. Бәрі өз кәсібінің маманы. Үлкен қызы Гүлжанар қазіргі таңда «Жас қанат» мектеп кешенінің директоры. Үлкен ұлы Мұрат М.Әуезов университетіндегі архитектор факультетінің оқытушысы, жеке «Жас қанат» мектеп интернатының демеушісі. Кіші ұлы Қанат «Жас қанат» мектеп кешенінің құрылтайшысы және Шымкент қаласындағы №8 мамандандырылған жалпы орта мектеп-гимназиясының оқытушысы. Ұстаз болу бұл Уразкүл Исмаитқызының бала күнгі арманы болатын. Үйдің үлкені болған соң ба ол ылғи іні-сіңлілерінің тәрбиесіне мән беріп, сабаққа ынта қоюларын қадағалап отыратын. Ол үшін ұстаздық - ұлы мамандық, олардың жүріс-тұрысы, сөз мәнеріне қызығатын. Ұстаз болу - оның жүрек қалауы. Оның үлкен жетістікке жетуінің құпиясы – ешқашан рухани күйремеу. Өз-өзіне сенген адам ғана өмірлік мақсатына жететіні ақиқат. "Армандар орындалады, мақсаттар айқын болса. Егер жағадан алыстауға қорықсаң мұхитты жүзіп өте алмайсың" деген даналық сөз бар. Уразкүл Исмаитқызының мақсатына жету қағидасы және азды-көпті жазбасына кезек берсек:
1)Ойыңды хатқа түсір. Қағазға түспеген мақсат жоққа тән.
![]()
2) Мақсатты нақты қойып, жоспарла, не? Қайда? Қашан? деген сұрақтарға жауап бер.
3) Орындалу уақытын межеле
4)Мақсатқа жету жолында әр ісің үшін жауапкершілікті мойныңмен көтер.
5) Нәтижелерді анықта. Адамның өзін-өзі, ырқыңызды, қалауыңызды басқара алатын қасиеті – күш-жігер деп аталады. Күш-жігерді қалыптастыратын: Сенім, қалау, батырлық, сабырлық, ұмтылыс. Күш-жігерді адамның сенімі, мақсаты, ой-өрісі арқылы қалыптастыруға болады.
6) Адамгершілік, жақсы мінезді болу, қанағат 7) Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу отбасыдан басталады.
«Білім қымбат қазына, қанағат тұтпа азына» дегендей, Білім – сенім қалыптастырады, Сенім – үміт қалыптастырады, Үміт – тыныштық тудырады. Балаға күштеп білім беруден гөрі, баланың білімге деген құштарлығын ояту - ең маңызды мақсат болсын. Мен өзгелерді жетістікке жетелеген сайын өзім де жетістіктің шыңына өрлей беремін! Оқу - жартыны бүтін, бүтінді дана қылар (қазақ даналығы). Жетістікке жетудің үш ережесі: Өзгелерден артық білу, Өзгелерден көп еңбектену, Өзгелер күткеннен азға үміт ету. Басқалар байқамағанды көре білу – жетістікке жетудің негізгі кілті.
8) Ең баға жетпес сый шәкірттерімнің құрметі, шәкірттерімнің ата-анасының құрмет
9) Үздіксіз даму. Ата-бабаларымыз тал бесіктен жер бесікке дейін ілім алуды ұрпаққа өсиет еткен. «Адам бол, мал тап, қуансаң сол кезде қуан», «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын» деп айтқан Абай» -дейді кейіпкеріміз.
«Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз баласына талмас қайрат сыйлайды» демекші, әр кезде де мектептің жүрегі, қоғамның тірегі бола білетін ұстазға кім-кімнің болмасын алғысы зор. Еңбектеріңізбен еленіп, әрдайым абырой биігінен түспей, сүйікті шәкірттеріңіздің ыстық ықыласына бөленіп жүре беріңіздер демекпіз!
![]()
![]()
![]()