Опабекова Рауия

Рейтинг:

«Сыр сұлуының» алғашқы қарлығашы

      «Сыр елі – жыр елі" дегенде талай өнерлі адамдарды көз алдыңа әкеледі. Расында, Сырдың тумасы болу - мың бақыт. Әңгімемізге арқау болып отырған Рауия Сейдахметқызы - көкірегі сыр мен жырға толы жан, табаны күректей 55 жыл тәжірибелі еңбегінің 40 жылын білім саласына арнаған ұлағатты ұстаз, талай шәкірттің жұлдызын жарқырата жаққан, ұжымының мақтанышы, елінің аяулысы, әулетінің ардақтысы. 
      Опабекова Рауия Сейдахметқызы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы Қаракеткен станциясында қарапайым отбасында 1950 жылдың 24 қаңтарында дүниеге келген. 1956 жылы Қаракеткендегі №115 сегізжылдық мектепте оқыды. Әкесі жиналысқа барғанда үнемі қуанып келетін. Сондағы айтатыны: «Сендерді мақтағанда төбем көкке сәл-ақ жетпей қалды. Тәңір бергендер!» - дейтін. Сейдахметтің балалары шетінен білімді ғана емес, өнерлі де болды. Кешкілік уақытта қыздарының өнерін тамашалап, бір тынығып қалатын. Мадина мен Кармина мондалинімен, Нәзия баянда ойнаса, Тымар әншілік қабілетімен, Рауия болса кейде ән салып, бірде билеп әкелерін мәз ететін. Сейдахметтің қыздары тек үйде ғана емес, мектепте де, ауылдағы клубта да өз өнерлерімен көрінді. «Арал вальсі», «Жамбыл вальсі» Рауияның бала күнгі сүйікті әндері еді.      Рауия Сейдахметқызы сыныбында звено, отряд жетекшісі болды. Сыныптастарының барлығына сабаққа дайындалуға, спорт, өнер үйірмелері, пәндік жарыстарға қатысуына көмектессе, үйге де қолғабыс көрсетіп, ойынға да үлгеріп жүретін. Барлық сабақтың ішінде математикаға жүйрік еді. Оқулықтан тыс берілген есепті шешпей тынбайтын. Алғашқы ұстазы Тұрымбетова Дәмеш, ұстаздары Искаков Райымбек, Оразбаева Ажар, Байсопақов Әлиулла, Жадахов Қаппар, Меңбаев Мәлік сынды білімді жандардан тәлім алды. Мектепті жақсыға аяқтағаннан кейін, Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы қазақ қыздар педагогикалық училищесіне «Бастауыш класс және ән мұғалімі» бөлімінде оқып тәмамдады.       Училищеде де Рауия Сейдахметқызы мықты ұстаздардан дәріс алды. Атап айтқанда Ұ.Рысбекова, З.Мұхамедалиев, С.Желдербаева, К.М.Кам, А.Ибраев, Т.Сапаров, А.Әбілдаев, З.Мұхамеджанова, Ахметов, З.Құлбаева, Д.Есболғанов, А.А.Данильченко, А.Еркебаев, Р.Х.Яруллин, К.Әбуовалардың білім беруімен, қатал талапшылдықтарымен, бойына адами қасиеттерді қалыптастыра білді. Ұстаздарына қарап ой мен бой түзеген талапты, білімді жас оқумен бірге қоғамдық жұмыстардан да қалыс қалмады. Жаны шығармашылыққа жақын ол топтың газетін суретпен әрлейтін. Одан бөлек дойбыға, жүгіруге қатысып, волейбол командасының мүшесі болды. Училищенің іріктелген би тобына да қатысты. Жарыстарда училищенің намысын қорғап, ылғи да алдыңғы орындарды иеленді. 
      1967 жылы облыстық «Сыр сұлуы» ансамблі ұйымдастырылып, оған кіл өнерлілер таңдалды. Алматыдағы опера-балет театрының балетмейстері Дәрен Әбіров келіп, училишенің осы іріктелген тобын түгелімен қабылдайды. Ол үйреткен «Сыр сұлуы», М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсының музыкасына жазылған «Ұтыс биі», «Балбырауын», «Балықшылар биі» алғаш сахналанып, тұсауын кескен осы топ болатын. Атап айтқанда, Т.Әбдіқасова, Г.Асқарова, Б.Әбуова, Р.Бодықова, Д.Ержанова, Қ.Көбесова, Қ.Хасенова, Р.Дүзбаев, Толқын, Т.Тілеуова, З.Медетова, Мария, П.Ақжігітова, Ғ.Нұрсұлтанова, А.Әжіғұлова және Жаңақорған мен Шиеліден З.Сапабекова, С.Қошмамбетова, Рауия Сейдахметқызының өзі, сонымен қатар осыншама қыздарға таңдалған жігіттер болды. Алматыда өткен республикалық байқауда өнерлері жоғары бағаланып, «Сыр Сұлуы» ансамблі «Халық ән-би ансамблі» атағын иеленді. Келесі жылы ансамбль Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың студенттерінен жасақталды. Иә, Рауия Сейдахметқызы «Сыр Сұлуының» алғашқы қарлығашы болғанын мақтана айтуға болады.      Білімге құштар жан 1972 жылы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың филология факультетінің «Музыка және ән бөлімі» бойынша оқуға түсті. Кураторы Майя Вениаминовна Быковских өте қатал болатын. Музыка теориясынан сабақ берді. Сабақ орыс тілінде өтетін болғасын ауылдан келгендер түсінбей жататын. Ал Рауияның үш жылдық мұғалімдік тәжірибесі, ептеп музыкадан сауаты да болатын. Сондықтан да оны «маленькая апай», «группаның Брежневі», «Коммунист» деген атқа ие болды. Рауияның тобы түгелімен «Сыр Сұлуында» хорда, оркестрде, биде болды. Мереке күндері концерт беріп, аудан орталықтары, ауылдарға барып өнер көрсететін. 1976 жылы оқуын жақсыға аяқтаған Рауияны осы оқу орнына қазақ тобына «Музыка теориясынан» сабақ беруге алып қалды. Осылайша, Рауия Сейдахметқызы бұрынғы ұстаздарымен дос, әріптес болып араласты.       Әдіскер болған кезінде жан-жақтан ән сабағынан «Білім жетілдіру институтына» келген тыңдаушыларға сабақ берді. Жоғары курс студенттерін мектептерге, педучилищеге практикаға апарды. Ай сайын шығарылатын факультет студенттері газетінің басшылығы да өзіне сеніп тапсырылған. Сабақ берумен қатар мұғалімдер арасындағы волейбол жарысында факультеттегі әйелдер командасын І орынға шығарды. 
      Институттағы еңбектері мен қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін Институт ректораты Мақтау, Алғыстар жариялап, оны еңбек кітапшасының парақтарына түсірді. Мектепте кәсіподақ ұйымының кеңес мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрді. Өзі «Жыл мұғалімі-92», «Асыл әже-2007» конкурстарына қатысып Бас жүлдемен марапатталды.       Білікті ұстаз Жалағаш ауданындағы №34 Иіркөл орта мектебінде бастауыш класс мұғалімі, Арал ауданында №177 қазақ орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі, Н.В.Гоголь атындағы пелагогикалық институтында музыка факультетінде музыка пәні мұғалімі, №171 Ғ.Мұратбаев атындағы қазақ орта мектебінде бастауыш класс, ән, технология пәні мұғалімі, ардагер ұстазы болды. Осы мектептің Ардагерлер ұйымының төрайымы. Қалалық білім бөлімі жанындағы Ардагерлер кеңесі мүшесі, Кеңес төрағасының орынбасары. Қалалық білім бөлімі жанынан ардагер ұстаздардан ұйымдастырылған «Асыл жандар» әжелер ансамблінің мүшесі, бишісі. 
      40 жыл ұстаздық еткен Рауия Сейдахметқызының марапаттарына тоқталатын болсақ, Рауия Сейдахметқызы мектеп дирекциясы мен кәсіподағының, қалалық және облыстық білім бөлімі мен Кәсіподағының, облыстық білім беру қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының, облыстық Мәслихатының Мақтау, Алғыс, Құрмет грамоталарымен марапатталған. 
      -Кеңес дәуірінде елдің жоғын жоқтап, азаттық үшін күрескен қазақтың соңғы ханы Кенесарыны, оның сенімді қолбасыларының бірі болған Бұқарбай батырды қаралағанын оқулықтардан оқып өстік. Зобалаң жылдары олардың ұрпақтарын қудалағаны да шындық. Қуғын көргеннің бірі менің әкем – Бұқарбайдың шөбересі – Опабекұлы Сейдахмет, - деп еске алады кейіпкеріміз Рауия Сейдахметқызы.
      Қоржын тамда тұрған Опабекұлы Сейдахметтің үйі би түсетіндей-ақ берекелі шаңырақ болатын. Бұл шаңыраққа ат басын бұрып Әмит ишан, Уамық мақсұм, Беркімбай қалпелер жиі келетін. Сондай сәттерде мал сойылып, қазанға ет салынып, бейне бір той болып жатқандай болатын. Мұндайда бала-шаға біткеннің бәрі қуанысып, қауқылдасып қалатын. Өйткені, сол күні қастерлеп, ақ жібек орамалға орап сақталған батыр бабаларының Туы сандықтан шығарылатын. Кішкентайлар ауырғанда аналары онымен талай рет маңдайларын сипаған еді. Сол Ту бабаларының 200 жылдық мерейтойында, яғни 2012 жылы музейге табысталды.       Рауия Сейдахметқызының әкесі де тарихшылардың зерттеулері бойынша ата-бабасының қанымен келген асыл қасиеттің барлығы дерлік болған. Көп сөзге жоқ, ауыр мінезді, әділ де тура бетке айтатын, ренжіскенді татуластырып төрелік жасайтын кісі болған. Кісіні жай сөйлеп тыңдатып, балағат сөз айтпайтын. Сұсты болғанымен әзілге жақын еді. Іскер, сурет салып, домбырамен ән де салатын. Жағдай айтуға, жағымпаздыққа жаны қас болды. Ұлы Отан соғысы кезінде теміржол тасымалдау қызметінде еңбек етті. Кейіннен «Игілік» балық колхозы балығымен дүрілдеген кезде қарапайым балықшы болды.       Анасы Қанша Меңбайқызы Рауия Сейдахметқызы мектепке бармай тұрғанда бала үстінен көз жұмған. Ол уақытта бауырлары Мадина 9 жаста, өзі 6 жаста, Тымар 4 жаста, Назия бар болғаны 2 жаста еді. Анасының көзін көргендер «Қанша, көркем мінезді, қалың әрі өте ұзын шашы жер сүзіп жүретін» деп тамсана еске алатын. Шиеттей жас балаларға ананың қамқорлығы керек болғандықтан, көп ұзамай әкесі үйленеді. Онымен бірге ауылда тұратын бәйбішесін екі ұл, бір қызымен көшіріп алады. Соғыстан оралмаған туған інісінің әйелі Қанша Меңбайқызын әмеңгерлік жолмен алса керек. Осылайша, үш ананың өнегесін көрген бір әкеден тараған жеті бала өнегелі тәлім-тәрбие алып, қазақы қарапайым қалыппен есейіп, бой жетті.       Рауия Сейдахметқызы 2008 жылы қаңтарда құрметті зейнет демалысына шықты. Мектеп директоры Әлия Көшкінбаева ұлағатты ұстазды мектептің бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы етіп сайлады. Бұл іске де ардагер-ұстаз құлшына кірісіп кетті. Ардагерлерге жеке папка арнап, ішіне суреті, ардагер жайлы жалпы мәліметі, зейнетке шыққан жылы мен марапаттарын толық жинастырды. Әлеуметтік және медициналық көмекті қажет ететіндер, соғыс және тыл ардагерлері, алқалы аналар, мерей жасқа толғандар, өткізілетін іс-шара, мерекеге шақыру кестесі, ардагерлерді сыныптарға бекіту кестесі секілді біршама жұмыстарды толтырып компьютерге енгізді. Ардагерлермен өткізілген жұмыстары облыстық ардагерлер кеңесі алдында баяндалды. Көп ұзамай-ақ қалалық білім бөлімі жанындағы Ардагер-ұстаздар қоғамдық ұйымына шақырылып кеңес мүшесі атанды. Онда да талай жұмыстардың тыңғылықты орындалуына ұйытқы болды.      Рауия Сейдахметқызының жолдасы Арғынбаев Мағауия Халық банкінің зейнеткері. Үлкен ұлы Алтай – Төтенше жағдайлар саласының зейнеткері, бүгінгі күні жеке кәсіпкер. Қыздары Ботакөз – Қазмұнайда оператор, Ақмарал – Қазмұнайда менеджер, кіші ұлы Нартай – Астанада Елшілік күзеті қызметінде. Үлкен келіні Ақгүл – облыстық архивте аға сарапшы, кіші келіні Ақгүлім – балабақша тәрбиешісі. Барлығы да жоғары білімді. Екі күйеу баласы Бағдаулет пен Сәбит - жеке кәсіпкерлер. Екі ұлы мен екі қызынан 14 немере-жиендер сүйіп отырған бақытты ата-әже, ардақты да асыл жандар.       Иә, ұстаздық - ұлы мамандық. Оған көптің қолы жете бермейді. Біз әңгіме еткен жанның талай жолдан өткені айқын. Сол жолда жақсымен жолдас болып, өмірден түйгендері де көп. Бүгінде 73-ке келген Рауия Сейдахметқызы - әулеттің ақ жаулықты ақылшысы, данасы. Еліне еткен еңбегінің жемісін татқан «Сыр сұлуының» алғашқы қарлығашына мықты денсаулық тілеп, ұрпақ қызығын көре беріңіз демекпіз! 
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...