Баламенен жаны бір
![]()
«Арман – сәттілікке бастар жолдың алғашқы баспалдағы. Үкілеген үміттің рахатына бөленіп, өмірдің тәттілігін сезіндіретін «арман» атты құндылықтың мәнін біліп, аппақ арманның иесіне айналудан қорықпаймын. Мамандық таңдау - өміріңнің бір кірпішін дұрыс қалау деп түсінемін. Өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау деген сөз. Өмірде адам екі нәрседен қателеспеу керек. Біріншісі - жар таңдағанда, екіншісі – мамандық таңдағанда. Өмірден өз орнымызды тауып, адал еңбек ету әр адамның арманы. Әрдайым ұлы істердің армандаудан басталатынын, ұландардың арманына жетуі үшін алтын көпір болған орталықтың иесі Салтанат Сабырқызы 1970 жылдың 2 шілдесінде Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Сүттіқұдық ауылында дүниеге келді.
Өмір бұлағының бастауы болған әкесі Сабыр ата кәсібінің тізгінін ұстап, бала кезінен сәйгүліктерді, қыран бүркіттерді баптап, құмай тазылар ұстаған. Сабыр өз еліне ағайын-туғандар арасында қамқор, елінің жағдайын ойлайтын, туралық пен шыншылдыққа жүретін иманды, адал кісі болған. Оның өмірлік ұстанымы - кісі ақысын жемей, ала жіпті аттамай, аманатқа қиянат жасамай өмір сүру еді. Сабыр ата ел арасында төрелік етіп, ауыл- аймақ халқының мәселесін шешетін дана, дара адам бола білген. Сонымен қатар, кейіпкеріміздің асқар тау әкесі Сабырдың діни сауаттылығының арқасында өмірінің соңына дейін ауыл имамы болса, анасы Азиза атақты Әззәм Ишан деген кісінің қызы болған. Ишанның қызы деп ешкім атымен атамаған. Лақап аты Бибі апа болған. Бибі апа Ишанның қызы болғандықтан оның отырған орнына ешкім аяқ баспаған. Бибі апа өте сауатты кісі болған. Бибі апаның білімділігінің арқасында соғыс жылдарында 12-13 жасынан
![]()
бастап мектепте бастауыш сыныптарға сабақ беруге шақыртқан. Қанды жылдарда талай жасөспірімді білім нәрімен сусындатқан Бибі апаның діни сауаттылығы да өте жоғары деңгейде болған. Өмірінің соңына дейін батагөйлігінің арқасында аузы дуалы, елге танымал кісі болған.
Самалының өзі перзентінің бетінен еркелей сүйетін Сыр елінде балалығын өткізген Салтанат Сабырқызы жастайынан оқу-білімге құштар болған. Мектеп бағдарламасын еркін меңгерумен қатар, жүрегіне құлақ қойып, әдеби-шығармашылыққа бейім болуының арқасында аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі газеттерге жиі мақалалар жариялап, қаламын ұштап отырған.
Қолына алған істі ұршықша айналдырып алып кететін жас 1989 жылы мектепті бітірген соң 1989 жылы Түркістан қаласында Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, мектепке дейінгі оқыту методикасы мамандығы бойынша білім алып, алғышқы еңбек жолын 1991 жылы Қарлығаш мемлекеттік балабақшасында бастады. Бірақ, тоқырау жылдарындағы тапшылық, қиыншылық кезінде, балабақша жабылып, 1996 жылы Салтанат Сабырқызы Молда Мұса атындағы орта мектебіне ұстаздыққа ауысуымен қатар, Абай атындағы педагогикалық институтының
![]()
сыртқы бөліміне оқуға қабылданады. Одан кейінгі 2000 жылы университет, колледждерге негізгі жұмысынан бөлек дәріс беруге шақырту алып, студенттерге дәріс берді. Жан-жақты жұмыс жасауының арқасында өзін шыңдап, шығармашылығын дамытып отырды.
Сонымен қатар, 2002 жылы Қазақ-Ресей университетіне екінші мамандық алуға бастауыш сыныпты оқыту методикасына тапсырып, 2004 жылы оқуын аяқтады. Сол жылдары Салтанаттың үлкен арманы жеке балабақша мен мектеп ашып, білімді, саналы ұрпақ тәрбиелеу еді. Өз арманына жету үшін Салтанат Сабырқызы өзінің алғашқы кәсібін наубайхана ашып, ауыл тұрғындарын ыстық нанмен қамтамасыз етіп, халықтың алғысын алумен бастады. Бұл саланы бастағанда Салтанат Сабырқызы өзінің мұғалімдік жұмысын қоса алып жүріп, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге қолға қалам алуды үйретіп, білім нәрімен сусындатуды тоқтатпады. Бүгінгі таңда білім берген шәкірттерінің алды әртүрлі салада абыройлы қызметтер атқаруда.
Өз арманына жету үшін алғашқы қадамын 2015 жылы жекеменшік балабақша ашудан бастаған ол алғашқы ұстазы Түркістан қаласының атақты, іскер кәсіпкері Бөрі Есбергеновтың жанында жүріп, педагогикалық ұжымды басқарып, көмектесу арқылы тәжірибе жинай бастады. Сол кісінің қолдауымен Салтанат өз арманындағы 200 орындық жеке меншік "Нұр-Шапағат" балабақшасын 2017 жылы шілде айының 17-жұлдызында салтанаты түрде ашып, өз мақсатына жете білді. Салтанат өз арманына жетіп қана қоймай қаншама бүлдіршінді тәрбиелеп, қаншама жұмыссыз жастарды, жас отбасыларды, ауыл адамдарын жұмыспен қамтамасыз ете білді. Салтанат мұнымен тоқтамай 2018 жылы "Нұр-Шапағат 2" балабақшасын, 2021 жылы "Даму-Білім 1" мектебін ашты. Қазіргі таңда 70-тен аса адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, табысты жұмыс жасап отыр. Осындай ерен еңбегінің арқасында «Ыбырай Алтынсарин» және «Құрмет» төсбелгілерінің иегері атанды.
![]()
Тәрбиеші - балабақшаның тірегі. Ал бала жанының бағбаны қандай болса, өскелең ұрпақтың бойынан да сондай қасиеттерді көруге болады. Бала көзқарасының қалыптасуында, дүниетанымында балабақшаның орны зор. Оның тірегі әрине озық педагогикалық методиканы меңгерген, білімді, білікті, мейірімді тәрбиеші болмақ. Гулмира Қабылбекқызы басқарып отырған бұл ұяда әр маман өз ісінің шеберіне айналып, тынбастан еңбек етіп тер төгіп жүрген білімді де білгір жандар.
Бала тәрбиесінің жұмысы күрделі де қызықты, әрі нәзік. Балабақшада ата-аналармен тығыз қарым қарым-қатынас дұрыс жолға қойылып, жақсы жұмыс жасалуы тікелей басшыға байланысты. Ата-аналар бақшада өткізілетін спорттық сайыстар, салауатты өмір салтын ұстану бойынша іс-шараларға, топ бөлмелері мен балалар алаңдарын жасақтауда, қолөнер сайыстарында көп көмек береді. Бір қолдың саласындай, ынтымағы жарасқан балабақша ұжымы өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісінде бір мақсатқа жұмылып, табысты еңбек етуде. Бұл істе ұжымды іскерлікпен басқарып отырған басшының орны зор екені даусыз. Кейіпкеріміз Салтанат Сабырқызы шын бақытын тапқан ардақты ана, асыл жар, іскер маман. Осы жолда талай жемісті күндеріңіз көп болсын демекпіз!
![]()
![]()