Ұлағатты ұстаз
![]()
Адамзат баласына қанат бітіретін бала күнгі кіршіксіз жүрекпен қаланған арман. Арман асқақ болса, адам соған жетуге тырысады. Адамның тұлға болып жетілуі де сол арманға тікелей байланысты. Ал арман қайдан туындайды?! Иә, адам баласы өзінің туып, өсіп, өнген ортасынан тәрбие алады. Отбасы – адамның ең бірінші тәрбие ортасы. Бала тілі шығып, есі кіре бастаған уақыттан-ақ өзінің жан-жағына қарап, үйіндегі үлкендерінің аузынан шыққан әрбір сөзге мән беріп, ата-анасының күндегі дағды, әдеттерін бойына сіңіре береді. Сондықтан да қазақта «Анаға қарап қыз өсер, әкеге қарап ұл өсер» дегенді айтқан.
Кейіпкеріміз Байдаулетова Гүлзухра Михайлқызы 1953 жылы 10 қыркүйекте Ақтөбе облысы, Жарқамыс ауылында мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Әкесі Жаленов Михайл Зайдоллаұлы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен, ал анасы Қайырова Жаңылша орыс тілі мен әдебиеті пәнінен білім беру саласында ұзақ жылдар абыройлы қызмет атқарған ардагер-ұстаздар. Жанұядағы түсіністік, сыйластық, ата-анасының өз жұмыстарына деген жауапкершіліктері, құрметтері, балаға, жалпы жан-жағына шуағын шашқан мейірі мен сүйіспеншіліктері қыздарының да болашағына бағыт-бағдар берген еді.
Мектепте оқыған кезінен-ақ Гүлзухра Михайлқызы сабаққа алғыр, қай пәнге де ынтасы жоғары, қоғамдық шараларға белсенді қатысып, жақсы жетістіктерімен озат оқушылардың қатарынан көрінді. Парасатты да білімді жандардың перзенті мектеп қабырғасында жүрген кезінен-ақ ата-анасы секілді ұстаз болуды армандады. Күнделікті сабырлы қалып, бір мезгілде тік әрі мейірімді мінез, үнемі жып-жинақы жүретін, асып-тасуды білмейтін, күш-жігері мықты ата-ана бейнесі күні бүгінге дейін көз алдында сағым-елестей. Әкесінің байсалдылығы, анасының салмақтылығы, өз пәндеріне деген үлкен құрметін олардың сөз саптауынан, бір-бірімен әңгімелесуінен байқайтын Гүлзухра Михайлқызы: «болашақта қалайда ұстаз боламын» - дейтін. Оқу-білімге құштар Гүлзухра Михайлқызының пән таңдауына химия пәнінің
![]()
мұғалімі Жұмабаев Жангерей ағайының сабақ берудегі шеберлігі, оның сол пәнге деген сүйіспеншілігін, табиғаттағы ғажайып құбылыстардың сырына қызығушылығын арттырып, ізденімпаздыққа баулып, пән таңдауда нақты шешім қабылдауына оң әсерін тигізді деуге болады.
Дүниедегі ең құрметті адамның бірі - мұғалім. Оның мерейін асырып, атын шығаратын әрине сүйікті оқушысы. Бұл ретте Гүлзухра Михайлқызы өзінің құрметті ұстазының әркез қамқор болып, сол пәнге қызығушылығын арттырғаны үшін алғысы шексіз. Иә, расында шәкірт деген өнер, білім, тәрбие, кәсіп үйреткен адамының алдында өзін өмір бойы қарыздармын деп санап, ұстазын ардақтап өтетіні сөзсіз. Кейіпкеріміз үнемі өзінің ұстаздары жайлы жылы естеліктер айтып отырады.
Алдындағы оқушысының жанын ұғатын адам ұстаз болуды балалық шағынан армандайды десек, Гүлзухра Михайлқызы да балалық асыл арманына қол жеткізген бақытты жан. Қиындығы мен қызығы бірге жүретін осынау мамандықтың шынайы иесі болу үшін қолынан келгенше білім жолында еңбектеніп, көптеген қиындықтарға төтеп берді. Табиғатынан адалдыққа жақын, адамгершілік қасиеттерге бай Гүлзухра Михайлқызы өзі көздеген мақсатқа жете білді.
Білімпаз жас 1970 жылы Сағыз орта мектебін ойдағыдай жақсыға бітіріп шықты. Өзінің арманы бойынша Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтының жаратылыстану-география факультетіне оқуға түсті. 1975 жылы аталған институтты биология-химия пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша жақсыға аяқтап шықты. Білім жолында білікті оқытушылардан дәріс алды. Талай дос-жаран тапты. Жақсы мен жаманды ажыратып, көкірек көзі ашылды. Дұрысында бұл салаға тек мықтылар ғана келетінін білді. Әрі өзі де сол мықтылардың қатарында екеніне қуанды. «Ұстаз болу өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, уақытпен санаспай, ел болашағын тәрбиелеу жолында жұмыс жасауға талпынды.
Жоғары оқу орнын бітірген жылы Орал ауылшаруашылық институтын инженер-
![]()
механик мамандығы бойынша аяқтаған Байдаулетов Серік Мырзанұлымен бас қосып, жолдамамен Гурьев қаласының ауылшаруашылық техникумына оқытушылық қызметке орналасты. Гүлзухра Михайлқызы ауылшаруашылық техникумында 2003 жылға дейін химия-биология пәндерінен сабақ бере жүріп, облыстың ауыл шаруашылық салаларына кәсіби маман даярлауға өз үлесін қосты.
2002-2014 жылдары Атырау облыстық педагогикалық қызметкерлері біліктілігін арттыру институтында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, кәсіптік білім беру кабинетінің меңгерушісі қызметтерін атқара жүріп, мұғалімдердің, арнайы пән оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлерінің біліктілігін арттыру курстарының сапалы және нәтижелі ұйымдастырылуына үлкен жауапкершілікпен қарап, дәрістер оқып, әдістемелік көмек көрсете білді. Облыстық және қалалық деңгейде оқытушылардың кәсіби шеберлігін шыңдайтын педагогикалық оқулар, конкурстар, тақырыптық конференция және тәжірибелік семинарлардың жүйелі де сапалы өтуіне белсенді араласты. Осы жылдардағы нәтижелі еңбегі үшін ол ҚР Білім
![]()
министрлігінің Алғыс хатымен марапатталып, "Өрлеу" Ұлттық педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыру орталығы, Атырау облысы филиалы бойынша доцент атағын алды.
Гулзухра Михайлқызы 2011 жылы зейнеткерлікке шықса да, еңбек жолын Атырау энергетика және құрылыс колледжінде 2014-2020 жылдары жалғастырып, арнайы пән оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлерінің кәсіби біліктіліктілігі мен шеберлігін жетілдіруге тәжірибелі тәлімгер ретінде нәтижелі әдістемелік көмек көрсете жүріп, облыстың әртүрлі шаруашылық мекемелеріне сапалы маман даярлауға мүмкіндік жасап,өз үлесін қосты.
Білім беру саласында 45 жыл еңбек еткен, саналы ғұмырын жастардың тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаздың еңбегі еленіп, 2015 жылы "ҚР Білім беру ісінің Құрметті Қызметкері" төсбелгісімен марапатталды.
Оның табиғат берген ерекше қасиеті өзінің білгенін өзгемен бөлісіп, өзгеге үйретуден жалыққан емес. Әрбір істі таразылай білетін Гүлзухра Михайлқызы шәкірттерінің мүмкіндігінше еркін жүруіне, өз ойын, ішкі сезімдерін дұрыс жеткізе алуына, әрбір әрекеті шынайы болуына аса мән берді. Сонан да болар оның тәрбиелеген оқушылары
![]()
шетінен зерек те алғыр болды. Жалпы ұстаздық еңбек болашақты мәдениеттілікке тәрбиелейді. Гүлзухра Михайлқызы өз ісінің шебері ретінде жоғары мәдениетті, өз пәнін терең меңгерген, ғылым пен өнердің тиісті салаларынан хабары бар ұстаз ретінде дараланады. Жаны шығармашылыққа жақын. Оның нық сөйлеуі, әдемі жүріп-тұруы, әрбір қозғалысы шәкірттерінің санасына сіңіп, көз алдарында жатталып қалды деуге болады. Гүлзухра Михайлқызы жары Байдаулетов Серік Мырзанұлы екеуі 2 ұл, 2 қыз өсіріп, тәрбиелеп өсірді. Ұлы Дастан мен жары Серік Мырзанұлы Алланың жазуымен дүниеден озды. Қазіргі кезде Гүлзухра Михайлқызы балалары мен немере, шөберенің қызығын көріп отырған бақытты әже.
![]()
Байдаулетова Гүлзухра Михайлқызының бойында ілтипаттылық, сенім білдірушілік, әділдік, оған қоса төзім мен сабыр сақтау деген сияқты қасиеттері басым. Білім саласында талай жастың арман қанатында қалықтап ұшуына мүмкіндік берген ұлағатты ұстазға мықты денсаулық, отбасына амандық тілейміз!
![]()
![]()