Өнегелі өмір
![]()
Қашаубаев Төлеуғали 1925 жылы қазіргі Атырау облысы, Махамбет ауданы (бұрынғы Бақсай ауданы, Гурьев облысы) №14 ауылында қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келді. Қиын-қыстау кезеңінде ештеңеге қарамастан оқып білім алды. 1942 жылы Сарайшық орта мектебін бітіріп, 1943 жылдың наурыз айына дейін Егізкөл орта қазіргі Қосарал орта мектебінде оқытушы болып жұмыс істеді. Оның көзі ашық, көкірегі ояу екені сол уақыттан-ақ білініп, қатарластары арасында ерекшеленіп көзге түсіп, ұстаздарынан алған бар білімін, өзінің күшін салып сенім үдесінен шыға білді. 1943 жылдың наурыз айында Кеңес Армиясы қатарына алынып, Оңтүстік әскери округі 13 бригадасында әскери жаттығудан өтті. 1944 жылдың басынан Орал қаласындағы әскери училищесінде оқып, оны ойдағыдай бітіріп, 1945 жылдан бастап IV Украина майданының құрамында пулемет взводының командирі болып соғысқа қатысты. Ол Батыс Украина, Чехословакия, Польша жерлерін азат етуге қатысып, соғыс аяқталғаннан кейін, Батыс Украина ұлтшылдары мен Бендеровшылардың қалдықтарын тазартуға атсалысты. Әкесінен дарыған қайтпас қайсар мінезінің арқасында өзінің азаматтық қызметін қалтқысыз орындап, соғыстағы ерлік істері үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденін, «1941-1945 жылдары соғысқа қатысқаны үшін» медалін және одан да басқа бірнеше медальдарын омырауына жарқырата тақты. Төлеуғали Қашаубайұлы армия қатарынан елге оралғаннан кейін оқытушылық жұмысты қайта жалғастырды. Осылайша 1947-1952 жылдар аралығында жаңа шаруа бастауыш мектебінің директоры, Қызыл жұлдыз, Редут, Талғайраң орта мектептерінде мектеп директорының орынбасары болып жұмыс атқарды. 1952-1953 оқу жылында Еңбекшіл орта мектебінде директор, 1953-1955 жылдары Бақсай аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Қай білім ошағында жүрсе де ол ең алдымен елдің патриоттарын тәрбиелеп, олардың бойына адалдық, адамгершілік, жауапкершілік дәнін еге білді. Елдің елеулі азаматы ретінде Кеңес дәуірінде аудандық кеңестің депутаты, аудандық партия комитетінің мүшесі болып сайланды. 1955 жылы Сарытоғай орталау мектебінің директоры болып, тиісті жоғары орындарға мәселе қойып, тынымсыз жұмыстануының нәтижесінде, 1958 жылы бұл білім ұясын орта мектепке айналдырды. Өзінің саласын бес саусағындай жан-жақты меңгерген білікті маман еш шаршамайтын. Күндіз-түні елдің баласының болашағы жолында
![]()
тынбай еңбек етіп, білім саласына қатысты жаңалықтарды назарынан тыс қалдырмай, оны мектеп өмірінің пайдасына асыра білді. Қай уақытта болмасын өзінің басшылық етіп, атқарып отырған білім ұясының еңсесін көтеріп, мықты деген мамандар шығарып, саналы ұрпақ тәрбиелеп ұшыруды көздеді.
Білікті маман 1968 жылға дейін осы орта мектеп директорының орынбасары, ал 1968 жылдан 1986 жылға дейін Сарытоғай орта мектебінің директоры болып абыройлы қызмет атқарды. Орта мектеп директоры болып жұмыс жасаған кезінде мектептің материалдық базасын нығайтып, мектеп алғашқылардың бірі болып кабинеттік оқу жүйесіне көшірілді. Оқушылардың өндірістік бригадасы жұмыс істеді. Бригаданың жұмыс тәжірибесі барлық мектептерге таратылды. Мектеп облыстық ауыл шаруашылығы мен облыстық комсомол комитетінің «Ескерткіш Қызыл туымен» марапатталып, Қаз КСР оқу министрлігінің, Республикалық комсомол комитетінің Құрмет грамоталары мен сыйлықтарына ие болды. Мектепте сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында әрбір оқу жылына нақты міндеттер қойылып, айқын девизбен жұмыстар атқарылды. Соның арқасында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілді. 1971 жылы Сарытоғай орта мектебі ауданның бірден-бір тірек мектебіне айналды. Мектепті
![]()
басқарған кезінде екі ұстаз «Қаз ССР-ның еңбек сіңірген мұғалімі», екі оқытушы «КСРО оқу ісінің үздігі», сегіз оқытушы «КазССР оқу ісінің үздігі» белгісін алса, бір оқытушы «Ыбырай Алтынсарин медалін» омырауына тақты. Тағы бір оқытушы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Басқа да оқытушылар еңбегіне қарай түрлі марапатталарға ие болды.
Табиғатынан таза ойлы, адалдық пен әділдікті сүйетін, еңбекқор азамат тек адал қызмет етсем деді. Сондықтан да оны көпшілік мақтан етіп, басқаларға үлгілі ісін өнеге ретінде әлі күнге дейін айтып жүреді. «Елдің ісі ердің мойнында» деген қағиданы ұстанатын азамат еңбекте өзін дәлелдей алса, ел ішіндегі қоғамдық шаралардан да қалыс қалмады. Өзі жұмыс істеген кезінде аудан мен тұрған село өмірінің ортасында жүрді. Аудандағы мектеп директорларының тұрақты семинарының жетекшісі, «Білім қоғамының» мүшесі, аудандық партия комитетінің штаттан тыс лекторы, 35 жылдай насихатшы, 30 жыл үгіт жетекшісі, селолық кеңестің депутаты болып халыққа идеялық тәрбие беруге атсалысты. Туған жеріндегі біраз игі істердің жүзеге асуына өзінің үлесін қоса білген, иманы таза, діні берік, тіліне жанашыр азаматтардың қатарынан көрінді десек қателеспейміз. «Кімде-кім өмірдің биік белесіне шығамын десе, білімін, тәжірибесін, адамгершілік қасиетін жетілдіре беруі,
![]()
жақсылық үйренуден жалықпауы керек» деген екен. Бұл кейіпкеріміздің өмірлік ұранына айналған қағидадай болды. Ешкімнің ала жібін аттамай, барлық білім-білігін еліне арнаған азаматтың өмір жолы бүгінгі жастарға үлгі болатыны сөзсіз. Өмірде мамандығына аса сүйіспеншілікпен қарап, өмірінің бір бөлшегіне айналдырып, өз ісінің нағыз маманы қандай құрмет пен марапатқа да лайықты. Ол істеген және атқарған жұмыстарына қарай лайықты мақтауларға ие болды. «Қазақ ССР-не еңбек сіңірген мұғалімі» атағы берілді. «КСРО халық ағарту ісінің үздігі», ҚазССР оқу ісінің үздігі» белгілерімен, ҚазКСР оқу министрлігінің, облыстық партия және атқару комитеттерінің Құрмет грамоталарымен марапатталып, «В.И. Лениннің 100 жасқа толғанына байланысты «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «9-бесжылдықтың екпіндісі» төсбелгісі, «Социлистік жарыстың жеңімпазы», «Еңбек ардагері» медалін омырауына жарқырата тақты. Ол 1953 жылы оқытушылардың І республикалық сьезіне, 1978 жылы оқытушылардың V Республикалық сьезіне делегат болып қатысты. 1980 жылы Целиноград қаласында өткен мектеп оқушылары еңбек бірлестіктері өкілдерінің Бүкілодақтық слетіне қатысты.
Зейнеткерлікте жүрсе де селоның, ауданның қоғамдық-саяси
![]()
өмірінен шеттелген жоқ. 1989 жылдан селоның соғыс және еңбек ардагерлер кеңесінің төрағасы, 2003 жылға дейін үзбестен аудандық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі болды. 1990 жылы Республикалық ардагерлер кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталды. Қазақстан Республикасының 10 жылдығына байланысты және Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандитат ретінде Н.Назарбаевты қолдау жөніндегі қоғамдық штабта атқарған қызметі үшін Республика Президенті Н.Назарбаевтың Алғыс хатын және Алғысын алды. 2005 жылы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 60 жылдығына арналған Астана қаласында өткен Жеңіс парадына қатысты. Республикалық ардагерлер орталық кеңесінің ұйытқы болуымен «Қазақ жеріндегі көрнекті адамдар» атты атаумен жарыққа шыққан республикаға танымал тұлғалар кітабына есімі енді.
Махамбет ауданының Құрметті азаматы Қашаубаев Төлеуғали Алла қосқан қосағы Жалмұханова Алтын екеуі үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлы Әлібек дүниеден озды. Артында қалған өмірінің жалғасы үш ұл, бір қызы ер жетті. Әлібектің ұлы Жанияз инженер-технолог мамандығы бойынша Мәскеу қаласында И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетін бітірді. Қазіргі уақытта ТШО ЖШС-де жетекші инженер технолог
![]()
болып қызмет жасайды. Қызы Гаухар Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің математика мамандығы бойынша бітірді. Екінші ұлы Бақыт Алматы қаласындағы ауыл шаруашылығы институтын агроном мамандығы бойынша бітіріп, Атырау облыстық аумақтық инспекциясында бас маман қызметін атқарады. Қызы Гүлнар Гурьев педагогикалық институтын аяқтап, ұстаздық қызметте. Мейрамы Алматы қаласындағы дене шынықтыру институтын бітірді. Бүгінгі күні жеке кәсіппен айналысады. Кенжегүлі Алматы қазақ мемлекеттік басқару академиясын бухгалтер-экономист мамандығы бойынша бітірді. Жетісу облысы Кербұлақ ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы. Барлық баласы мамандықтарына сәйкес абыройлы қызмет істейді. Төлеуғалидің жұбайы 2006 жылы дүниеден озды. Ұл-қыздарынан 11 немере-шөберелері бар. Солардың қызығына бөленіп, баласы Бақыт, келіні Рита, немересі Нұрилламен өмірінің соңына дейін бірге тұрды. Немересі Нұрилла биыл мектепті Алтын белгімен бітіріп, Астана қаласындағы Медициналық университетке мемлекеттік грант жеңіп, оқуға түсті. Ел болашағын ойлап, әрбір баланың көзі ашық,
![]()
көкірегі ояу, білімді болып өсуі жолында табанды еңбек еткен Төлеуғали Қашаубайұлы жайлы қанша жазсақ та жарасады. Ғасырына бір туатын тұлға Қашаубаев Төлеуғалидің есімі, өнегелі өмірі ертеңгі ұрпаққа үлгі болып тарихта алтын әріптермен мәңгі жазылып қалмақ.
![]()
![]()