Исаканова Сара

Рейтинг:

Сала мақтанышы

      Адамзаттың қашаннан бергі арманы - бақытты өмір сүру. Мұның мағынасы кең де терең екені белгілі. Бақыт дегеніміз тамақтың тоқтығымен, көйлектің көктігімен әспеттелмейді. Бақыт ол әр адамға әрқалай келеді. Оны сол адам жан дүниесімен сезіне білуі керек. Бақыт – кіршіксіз тазалықты, мінсіз әдемілікті сүйеді. Ал оған қызықпайтын, сүйсінбейтін адам жоқ. Бірақ осы қызығу мен сүйсінудің мөлшері бірдей емес. Әдемілікті түсініп, танып, бағалаудың да дәрежесі әртүрлі. Мұның себебі әрине, тәрбиеде жатады. Әдемілікті ұнататын табиғи сезім туа пайда болғанмен, жүре дамитыны тағы бар. Оның дамуы, бірде жоғары, бірде төмен болуы адамның көркемдік мәдениетіне, көркем өнер туындыларын біліп, ұғынып, ләззат алып, дағдылану тәжірибесіне байланысты. Ал сол әдемілікке үйрететін жеке тұлғаның еңбегі зор. Әңгімемізге арқау болып отырған кейіпкеріміз Сара Ұзаққызы өмірі мәнді де сәнді, бақыты баянды, өмір жолы әдемі өрілген жан.
      Исаканова Сара Ұзаққызы 1962 жылы 22 қаңтарда Гурьев облысы, Ембі ауданы, Қаратон поселкесінде көпбалалы мұнайшының отбасында дүниеге келді. Әкесі Исаканов Ұзақ көп жылдар бойы мұнайшы-бұрғылаушы болып адал да абыройлы еңбек етті. Ал анасы Исаканова Мария балабақшада аспаз болды. Еңбекқор әке мен мейірімді де ибалы ананың тәлімді тәрбиесін көріп өскен бойжеткен Сара көпшіл, еңбекқор, жан-жақты болып бой жетті. Білімге бала күнінен құштар болған Сара Қаратон поселкесіндегі Н.Крупская атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, оны 1979 жылы бітіріп шықты. Мектепте үлгілі тәртібімен, оқуға деген ынтасымен, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын ұйымшылдығымен көзге түсіп, ұстаздарының мақтанышы атанды. Мектепті жақсыға бітіріп шыққаннан кейін, қатарластары секілді арман жетегімен Гурьев қаласындағы педагогикалық училищеге оқуға түсті. Студенттік жылдарын да жақсыға аяқтап, 1981-1987 жылдары аралығында Атырау қаласындағы №3 жалпы орта білім беретін мектепке бастауыш орыс сыныбына мұғалім болып орналасты. Жас маман мектептің өміріне тез үйренісіп, тәжірибелі ұстаздардың ақыл-кеңесіне ден қойып, ұстаздық жолын бастады.      Жас маман өз пәнін оқытып қана қоймай, туған елінің мәдениетін, салт-дәстүрін де бала бойына сіңіре білді. Қайсыбір сабақ болмасын өзінің төл табиғатымен үндесіп жататыны белгілі емес пе?! Сара Ұзаққызы әр жас жеткіншекке өз халқының мәдениетін жетілдіруді, көп ғасырлар бойы тарих болып жинақталған адамзаттың жетістіктерін үйрете алды. 
      Иә, мұғалімнің бойындағы жақсы қасиеттерінің бірі - әдептілігі. Сол әдептілікті бала бойына еге білгенде мұғалім өзі ойлағандай шәкірт тәрбиелеп шыға алады. Ал мұғалімнің әдебі оқушыларға жылы шырай таныту, төзімділік, сабырлылық секілді қасиеттермен өлшенеді. Сыныптағы дауыс көтеру, жазықсыз жазғыру, бағаны әділ қоймау, кейбір оқушыларды көзге ілмеудің өзі баланың санасына ауырлық салады. Бұл орайда Сара Ұзаққызының тәжірибесі молайып мақтаулы маман. Ол аз уақыттың ішінде өзінің ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары екендігін көрсете отырып, ұжымында сыйлы болып, оқушыларымен де ортақ тіл табыса алды. Мектепішілік іс-шараларға да қалмай қатысты. 
      Білімді маман 1990 жылы Атырау қаласындағы педагогикалық институтын бітірді. 1987-1995 жылдары аралығында Атырау облысы Жылыой №8 жалпы орта білім беретін мектепте мектеп директорының орынбасары, 1995-1999 жылдары Атырау облысы, Жылыой ауданы, Қаратон поселкесі №8 жалпы орта мектептің директоры болып қызмет атқарды. Кейіпкеріміз қашанда білікті басшы ретінде мұғалімдердің әдебі мен оқушылардың тәртібіне жіті мән берді. Шебер мұғалім үшін ең бастысы ол кіммен болса да, әсіресе оқушыларымен жақсы тіл табыса алуы керектігін үнемі ұжымына айтып отырады. Ұжым басшысы ретінде Сара Ұзаққызы жаңалықтарды игеруді, алға жылжуды талап етті. Мектептің жоғары деңгейден көрінуіне барынша күш салып, мұғалімдердің сәт сайын білімдерін жетілдіріп отыруын қадағалады. Расында, шығармашыл мұғалім қашанда өзін-өзі көрсетуге ұмтылып тұрады емес пе?! Ол өзінің қабілеттілігін, іс-әрекетін, біліктілігін, білімділігін мектеп өміріне арнады. Қашаннан ойы сергек, сезімтал, ұстамды қалпында белгілі жанның аты ылғи да мақталып жүрді.       Ұрпақ тәрбиесі ұстазына тікелей байланысты. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт тәрбиеленіп шығатыны белгілі. Ұстаз қашанда ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беруде, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Мұғалім әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленіп қала береді. 
      Ахмет Байтұрсынұлы «Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді, басқа кемшілігі болса, мұғалімнің жақсылығы жабады, білдірмейді» деген екен. Расында, мұғалім білім нәрін себуші. Ал мұғалім білімді болса, білген білімін алдында отырған шәкірттеріне үйрете білсе, ол мектептен міндетті түрде білімді шәкірттер түлеп ұшады. Әрбір шәкірттің жан-дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін сездіре білу де шеберлік қой.
      Бауыржан Момышұлы: «Ұстаздық - ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» деген екен. Адамға адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам ол әрине, мұғалім. Ендеше өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын жанның елдік іс атқаруы да заңдылық. Ұстаздық қызметінде талай жетістіктерге қол жеткізіп, елдің алғаусыз алғысына бөленген жан 1999-2001 жылдары Атырау облысы, Жылыой ауданы, Қаратон поселкесінің әкімі болып тағайындалды. Нәзік жанды болса да ол өзінің қызметіне үлкен жауапкершілікпен қарап, елдік істерге ерлермен бірдей ат салысты. 
      Сара Ұзаққызының қайсыбір адаммен қарым-қатынасында болмасын парасат-пайымы, биязы да мейірімділігі көрініп тұрады. Ұжымы да, өзі де қоғамдық жұмыстарға белсене араласып кететіні, бұл оның ұйымдастырушылық қабілетінің жоғарылығын байқатады. Мықты көшбасшы 2002-2005 жылдары Атырау облысы Жылыой аудандық білім беру бөлімінің әдіскері, 2005-2014 жылдары Атырау облысы Жылыой аудандық білімі беру бөлімінің бас маманы, 2014-2022 жылдары Атырау облысы Жылыой ауданы, Жаңа Қаратон кентінің әкімі аппаратының бас маманы болып қызмет атқарды. 2022 жылы тамыз айында құрметті зейнеткерлік демалысына шықты. Сол жылы қыркүйек айынан бастап Атырау облысы Жылыой ауданы білім бөлімі әдістемелік кабинетінің әдіскері қызметінде жемісті еңбектеніп келеді.
      Талай жылдық еңбегі лайықты марапатын алып, 2008 жылы Атырау облыстық Білім департаментінің Құрмет грамотасын, 2012 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалар құқықтарын қорғау департаментінің Құрмет грамотасын, 2013 жылы аудан әкімінің Грамотасын, 2015 жылы аудан әкімінің «Мемлекеттік қызметшілер арасында аудандық спартакиадасында үстел теннисі (қыздар арасында) 2 орын және Дипломын иеленді. Сонымен қатар 2016 жылы аудан әкімінің «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл тақырыбында интеллектуалдық ойынында»       2 орын және Диплом, 2017 жылы Атырау облысы әкімінің Алғыс хатын, аудан әкімінің «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға аудандық спартакиадада стол теннисінен 1 орын, Мадақтама, 2021 жылы Жаңа Қаратон кент әкімінің Алғыс хатын, 2022 жылы Атырау облысы әкімінің Алғыс хатын алды. 2019 жылы Сара Ұзаққызының есімі «Қаратон-70 жыл» энциклопедия кітабына енгізілді. 2022 жылы «Кең Жылыой» газетінің 20 номерінде мақала жарияланып, 2021 жылы кент әкімі аппаратының facebook парақшасында «Мемлекет қызметшісінің бір күні» бейнежазбасы жарияланды. 2022 жылы «Теңізшевройл «Орталық Азия Қоры» Қоғамдық кеңістіктер әлеуметтік жобасы директорының Алғыс хатын иеленді. 2023 жылы Атырау облысы Білім беру басқармасының әдістемелік орталығының Алғыс хатымен және Жылыой «STEAM» жобасы директорының Алғыс хатымен марапатталды.      Қызмет пен жеке өмірін қатар алып жүрген нәзік жан өнегелі отбасында жолдасы Тұржанов Амантаймен бірге ұрпақ тәрбиелеп, өсіріп, білімді де білікті болуы жолында тер төкті. Жолдасы Тұржанов Амантай Мақсотұлы - ТШО ЕСС мекемесінде қызмет атқарады. Ұлы Данияр, келіні Утеуова Жұпар 3 бала тәрбиелеп өсіріп отырған ата-ана. Данияр Атырау қаласы "КазТрансОйл" компаниясында қызмет етеді, келіні Жұпар мектепте мұғалім. Немерелері Айымжан – Уфа қаласы УГНТУ студенті, Дамир 11 сынып бітірген жас түлек болса, Исатай - 4 сынып оқушысы.
      Елінің мақтаны атанған Сара Ұзақызына мықты денсаулық, отбасына аманшылық тілеп, бақыттың базарында, Алланың назарында болып, 100 жасап, өнегелі өмірі көпке үлгі болсын дейміз! 
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...