![]()
Еңбегі елеулі жандар ![]()
Асқақ арманы орындалып, ұстаздық жолда еңбек етіп жүргендер үшін бұл баға жетпес бақыт дер едім. Әрине, ұстаздық жұмыстың жүгі ауыр болатыны сөзсіз. Себебі, әр отбасында шыр етіп дүниеге келген баланы өмір сүруге дайындау қажыр-қайратты, күшқуатты, сабырлылық пен төзімділікті, шыдамдылық пен мейірімділікті талап етеді. Бұл қиынның қиыны. Адамды оқытып, тәрбиелеуде ең алдымен сол адамның өзі кез-келген сұраққа жауап беруге даяр тұруы керек, олай болмаған жағдайда ол жай ғана хабарлаушы секілді болып қалады. Ал ұстаз осы әлемді шартарапқа жетелеуші жан болғандықтан, оқушы болмысына өзгеріс енгізуші тұлға ретінде бағыт-бағдар беріп, ата-ананың сенімінің ақталуына сеп болушы жан.
Ұстаздыққа жан қалауымен келген аяулы ұстаздардың бірі, артында өшпес із қалдырған ұстаздарымыздың бірі – Жәленов Михайл Зайдуллаұлы.
Кейіпкеріміздің атасы Зайдолла Жәленұлы 1925-1941 жылдары Кеңқияқ, Қопа елді мекендерінде ауыл балаларының сауатын ашып,
![]()
білім нәрін берген алғашқы ұстаздардың бірі ретінде ел жадында қалған тұлға. Құлаған ескі там-мектептің жанындағы үлкен кәрі терек ел арасында "Зайдолла терек" деп аталып, қазір де жапырақ жайып, жайқалып өсіп тұр. Атасы Зайдолла Жәленұлы Ұлы Отан соғысында 1942 жылы ерлікпен қаза тапқан.
Мейірімі күн нұрынан да жылы анасы Сағира Аманбайқызы да мінезі орнықты, артық сөзі жоқ, соғыстан кейінгі қиын жылдары үш ұлын жеткізген қайсар да батыл ана.
Соғыстан кейінгі қиын жылдары көкесі де анасына көмектесіп, бір-бірін демеп, екі інісіне қамқор болды. Жас та болса інілері Шалабек пен Қадірбекті оқытып, аяқтандырған екен.
Михайл Зайдуллаұлы 1926 жылдың 20 наурызында Ақтөбе облысы, Темір ауданы, №12 Қопа елді мекенінде дүниеге келді. Білім ордасының табалдырығын Қожасай елді мекенінде аттаған жас одан әрі 1944 жылы Жарқамыс орта мектебінен 9 класты бітірген соң, Н.Байғанин атындағы оқытушылар институтына оқуға түседі.
Әрдайым жарқырап күліп, көпшіл мінезімен, жайдары көңілімен айналасына ерекше жылы қуаныш сыйлай білетін. Михайл Зайдуллаұлы күндіз-түні еткен еңбегі мен ізденісінің нәтижесі жақсы жетістіктер көрсетіп, аталған о
![]()
қу орнын «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні мұғалімі бойынша тәмамдайды.
Алғашқы еңбек жолын 1946 жылы «Жарқамыс» орта мектебінде қатардағы мұғалімдіктен бастаған Михайл Зайдуллаұлы одан арғы қызметін 1947-1948 жылдары Кемершидегі «Жем» 7 жылдық мектебінде оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарды. Ұжымда өзінің жауапкершілігімен, кәсіби біліктілігімен көзге түсіп, әріптестерімен қарым-қатынаста қарапайымдылықты ұстанып, үлкен-кішісімен сыпайы араласып, ортасына сыйлы болды. Өзінің сабырлылық мінезімен әріптестерін баурап қана алмай, жаңа келген мамандардың өзінен керекті дүниені үйренуіне зор ықпал етті. Мектептің қоғамдық жұмыстарына белсене ат салысып, көмек сұрай келген әріптестеріне уақытының шектеулілігіне қарамастан көмек қолын созып, өз жұмысына аса тиянақтылықпен қарайтын мұғалімдер қатарынан көрінді. Талмай-қажымай еңбектенудің арқасында ол 1948 жылы осы мектептің директоры болпы тағайындалды.
Ұстаздық етумен қатар партиялық істерге де
![]()
араласып, өзінің атқарушылық, жауапкершілік, ұйымдастырушылық қабілетін көрсете білген Михайл Зайдуллаұлы 1951-1953 жылдары Байғанин аудандық коммунистік партия комитетінің бірінші хатшысының көмекшісі, 1953-1955 жылдары Байғанин аудандық білім бөлімінің басшысы қызметін атқарып, ауданның халық-ағарту саласының іргесін қалаушылардың бірі болды. 1955 жылы Ноғайты станциясында жаңадан ашылған Сағыз 7 жылдық мектебінің директорлық лауазымына тағайындалып, осы мектептің дамуына, білім сапасының көтерілуіне, эстетикалық тәрбие берудегі көркемөнерпаздар үйірмесінің дамуына өз үлесін қосып, мектептің 10 жылдық білім беретін орта мектепке айналуына елеулі еңбегін сіңірді.
«Сағыз» орта мектебінің директоры болған кезде де оның жетекшілігімен мектептің оқу-тәрбие жұмыстары үлкен жетістіктерге жетіп, мұғалімдер мен оқушылардың шығармашылық ізденісін, біліктілігін арттыру бағытында әдістемелік мәдени-көпшілік және спорттық шаралар жүзеге асырылды. Оқушылардың өнерге бейімделіп, орталығының негізін қалап, мектептің оқу-материалдық базасын нығайтып, 1986 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін басшылықпен қатар «Сағыз» орта мектебінде «Қазақ тілі мен
![]()
әдебиеті» пәнінің мұғалімі қызметін қоса атқарды. Ұстаздық, басшылық етумен қатар қоғамдық істерге де белсене араласып, 1966 жылдан КПСС мүшесі, совхоз партия комитетінің жанындағы Марксизм-Ленинизм мектебінің насихатшысы болған Михайл Зайдуллаұлы Республикаға белгілі, 1956 жылы аудан көлемінде құрылған әйгілі «Қазанғап» атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақ ССР еңбегі сіңген өнер қайраткері. Кейіпкеріміз негізін қалаған «Қазанғап» атындағы ұлт-аспаптар оркестрі 1957 жылы көркемөнерпаздардың облыстық фестивалінде ІІ орынды иеленеді.
Саналы ғұмырын білім саласына арнаған Михайл Зайдуллаұлы еңбек еткен жылдары көптеген жетістіктерін атап айтар болсақ:
1964 жылы Қазақстан ЛКСМ Облыстық комитетінің 40 жылдығына орай Құрмет Грамотасы;
1966 жылы «Қазанғап» атындағы оркестрі қатарындағы көп жылғы еңбегі үшін оркестрдің 20 жылдығына орай және 1988 жылы «Қазақ ССР мәдени ағарту ісінің үздігі» Грамотасы;
«Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі» медалі;
1976 жылы облыстық көркемөнерпаздар фестивалінен ІІ Дәрежелі Диплом;
1985 жылы «Аға мұғалім» атағы;
1986 жылы ұзақ жылғы жемісті ұстаздық қызметі үшін және 60 жасқа толу құрметіне орай Құрмет Грамотасы;
«Аға мұғалім» атағымен шәкірт тәрбиелеп, зейнеткерлікке шыққан Михайл Зайдуллаұлы Атырау қаласына қоныс аударып, 2015 жылы ақпан айында 90 жасқа қараған шағында дүниеден озады.
Әкесінің оқу-ағарту, білім беру жолында салған ізімен Михайл Зайдоллаұлы да барлық
![]()
саналы ғұмырын білім беру ісіне арнаған ұлағатты ұстаз. Атасы Зайдолладан, әкесі Михайлдан ұласқан ұстаздар- династия еңбек жолын үлкен қызы Гүлзухра мен кіші қызы Мәншүк ұрпақ сабақтастығы жалғастырып келді. Гүлзухра Орал қаласы Пушкин атындағы педагогикалық институтының жаратылыстану-география факультетінің биология- химия пәні мұғалімі бойынша жақсы аяқтап, Гурьев ауыл шаруашылық техникумында ұстаз болды. Атырау облыстық Біліктілік арттыру Өрлеу ұлттық орталығында басшының орынбасары қызметінде болды. Ардагер ұстаз, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері төсбелгісінің иегері. Кіші қызы Мәншүк - әке жолын ұстанған білім мен мәдениеттің дамуына үлес қосқан ардагер ұстаз, мәдениет майталманы.
Ұстаз алдын көрген шәкірт үшін, таным қауашағына білім нұрын себелеген ұстаздан артық қандай құрметті тұлға бар. Кейіпкеріміз туралы ыстық ықыласқа, алғысқа толы лебіздер жетерлік. Соның біріне құлақ түрсек:
«-Михайл Зайдуллаұлы ұстаз туралы айтар болсам, оқушы болып ол кісінің сабағында ешкім шуламайды. Түсі жылы, қараған адамға мейірім нұры төгіліп тұрады. Ешкімге дауыс көтеріп ұрыспайды, мінезі жұмсақ. Бірер оқушыдан сабақ сұрайды, білмесең де екі қоймайды, келесіде оқып келетін бол деп ескертеді.
Жаңа тақырыпты көркем тілімен, қысқа да нұсқа етіп түсіндіріп өтеді де, енді осыны пысықтап оқып отыра тұрыңдар дейді. Сабақ аяғында: «Оқушыларым, үйге берілген тапсырманы осы алдыңғы өткен сабақты үйден қайталап келуге беремін, оқып келіңдер, келесіде сұраймын!» - деп жаңа тапсырмамен қатар өткен тақырыпты да, пысықтап келуді қоса тапсырып жататын.
Бұл оның қазақ-совет жазушыларының шығармаларын үнемі қайталап, бір-бірімен байланыстыра әркез оқып, зердесінде түйіп жүрсін дегені еді. Мен өз басым ағайдың сабақ түсіндірсін, тілін бар зейінмен тыңдайтынмын. Кейінгі жылдары шығармашылық жолға түсуіме де ұстазым Михайл ағайымның оқыту тәлімінің ықпалы болды дер едім», - дейді осындай ұстаздың шәкірті болғанын зор мақтанышпен айтқан шәкірті Нұрлыбай Қошаманұлы.
![]()
Бүгінгі мақаламыздың арқауы болған Михайл Зайдуллаұлының жары Қайрова Жаңылша Сүлейменқызы екеуі 5 ұл, 3 қыз өсіріп тәрбиелеп, құтты орындарына қондырды. Ендігі мақаламыздың бағытын, бүгінгі басты кейіпкеріміздің азаматтық намысын жоғары қойып, шаңырағының шаттығын кіргізген жан туралы бастасақ.
Қазақ даласының төріне ағартушылықтың нұрын шашып, сонау бір қиын жылдары жергілікті халықтың сауатын ашуға саналы ғұмырын арнаған Жаңылша Сүлейменқызы 1931 жылдың наурызында Ақтөбе облысы, Бестамақ елді мекеніне қарасты Луговой совхозында дүниеге келді. Сол бір тоқтаусыз соққан азынақ желді реформалардың салдары кейіпкеріміздің де шаңырағынан айналған жоқ. Тағдыр тосын мінезін оның бала күнінен-ақ көрсетті. Ата-анадан ерте айырылған Қайрова Жаңылша Сүлейменқызы молда-ишан жақын атасының қолында болып, кейіннен 5-6 жас шамасында Ақтөбе қаласындағы №5 балалар үйіне өткізіледі.
Оқу жасына келген соң, 8 жасынан бастап Тамды балалар үйінде тәрбиеленген ол 1941 жылы үшінші класты бітірген соң, Темір аудандық «Қонжар» Балалар үйіне ауыстырылып, сол жерден 7 сыныпты бітіріп шығады. Өмірден теперіш көрсе де, талап қаламын қабілетпен ұштай білген жас 1945 жылы Ақтөбе қаласындағы Педагогикалық училищеге түсіп, одан әрі жоғары білімін 1948 жылы Қазақ ССР Үкіметінің шешімімен ашылған Зияда Баймұхамедова басқарған Ақтөбедегі Н.Байғанин атындағы Қыздар педагогикалық институтында оқып, осы оқу орнының алғашқы түлегі ретінде 1950 жылы «Орыс тілі мен әдебиеті» пәні бойынша бітіріп шығады.
Студенттік шақтарының керемет кездерін еске алғанда, ондағы жан-жақтан келіп қосылған өз қатарластарымен таныстығы деуге болады. Себебі елдің әр түкпірінен арман жетегімен келген жастардың көздерінде от жалыны байқалатын. Жаңа орта, жаңа таныстық, өздерінің жүрегі қалап келген оқулары бәрі олар үшін қызық болатын. Әр өңірден дос тауып, олардың туған жерлеріне қыдырып, бос уақыттарда әсем қаланың қызықтарын бірге көретін. Осылайша студенттік жылдар да өте шықты. Оқу орнында жүріп, білім мен ғылымға ден қойған Жаңылша Сүлейменқызы белгілі математик Хамит Науанов, ғалым-тарихшы Шұқат Жамансарин, Марксизм-Ленинизм кафедрасының оқытушысы Бедіғұл Игіліковтерден тәлім алып, Беріков Ниетжанды ұстазы ретінде аса
![]()
құрмет тұтты.
Қолына дипломын алған жас маман сол жылы Жәленов Михайлмен тұрмыс құрып, азаматының жанында ұстаздық қызметін бастайды. Алғашқы еңбек жолын Байғанин аудандық «Жем» 7 жылдық мектебінде ұстаздықтан бастады.
1952-1954 жылдары «Жарқамыс» орта мектебінде, одан әрі 1955 жылы «Сағыз» орта мектебіне ауысқан Жаңылша Сүлейменқызы «Сағыз» Қаракөл 7 жылдық мектебі жанына ашылған алғашқы орыс сыныбының жетекшісі болады. Жаңалыққа жаны құмар, ылғи да жаңаны іздеп жүретін, жаны да, ары да таза азаматтың өз ісіне тиянақтылығын, сөзіне беріктігін, талапшылдығын әрі шыншылдығын бүкіл ұжым жақсы біледі, сол үшін де құрметтейді. Оның өмірлік тәжірибесі жас мамандарға үлгі болып келеді. Қашан көрсең де қолынан қалың кітаптары мен қағаз-қаламы түспейтін оның соңғы уақыттары шығармашылыққа да бетбұрысы байқалды.
Жарының жанында көмекші болып, білім беру саласына өзінің үлесін қосып, сәби қараңғылығын жарық етіп, бойына сенім, көкірегіне нұр сыйлай білген Жаңылша Сүлейменқызы 31 жыл бойы «Орыс тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі болып ұстаздық етіп,
![]()
1981 жылы зейнетке шығады. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қарап отырмай, 1986 жылға дейін ұстаздық қызметін жалғастырған ұстаз білім саласындағы елеулі еңбегі үшін түрлі марапаттарға ие болды.
Атап айтар болсақ:
1968 жылы 8 бала тәрбиелеп өсіргені үшін «Батыр Ана» ордені;
Қазақ ССР «Оқу ағарту ісінің озық қызметкері» атағы;
В.И.Лениннің 100 жылдығына орай «За доблестный труд» медалі;
Күн нұры жылы болған соң, барлық адам оған жүзі бұрып, ең қымбатты адамдарын да күнге теңеп жатады. Жаңылша Сүлейменқызы да талай шәкірттің өмірін жақсы жаққа өзгерткен тұсбағдар, шапағы арайлы, сәулесі сөнбейтін ұлы ұстаз. Қайда барса да әрқашан төрден орын алатын ұстаз жайлы айтылған шәкіртінің, сағыныш пен құрметке толы естелігіне кезек берсек:
- Өткенге көз жіберсең бүгінде көзіңнен көп сурет жоғалып, көңілден де көп жайлар ұмытыла бастағанын байқайсың. Апаймен өткен қимас, қызықты бәлдәурен оқушы күндерің алыстан қол бұлғап, сағынтады. Ол кездердің мұғалімдерінің оқытуы
![]()
мен берген тәрбиесі ерекше еді. Сол кісілер туралы бір кітапқа мәлімет жинау барысында 2008 жылдың қазан айында телефон арқылы Атыраумен хабарласып, Жаңылша апайыммен сөйлестім.
«Сенің баспасөзде жазған мақалаларыңды оқып, қуанып жатамыз. Ағаң алып келеді. Соңғы кездері көзім де шала көретін болып барады...» - деп хабарласқаныма қуанып жатыр.
Михайл ағайдың аман-саулығын сұрап сәлем айттым. Ағай мен апайдың Атыраудан сәлем айтып жатқанын айтып едім, қасымда отырған анам да қуанып қалды. «Землячкам ғой» деп, анашым оларды сағынғанын сездіріп, әріптестерімен өткен өмірін еске алып, көзіне жас алды. Толқи отырып, олар туралы біраз жақсы әңгіме айтты.
Анамның әңгімесінен соң олармен өткен балалық шағымды, оқушы кездерімді ойша шолып, ұстаздарымның мінез-құлықтарын бір сәт еске түсірдім. Жаңылша апайымыз оқушысына жүзі жылы, жұмсақ сөйлеп, дауыс көтермейтін, аналық мейірімділігімен жадымызда мәңгі жатталып қалды. Жүрісі түзу, бойын тік ұстап, әдемі де аққұба жүзін күннен кітаппен көлегейлеп, мектепке қарай кетіп бара жататын.
![]()
Біздер үшін оларсыз мектепті елестету мүмкін емес. Еске алсаң болды, көкірегіңе ұялаған туған ауыл, асыр салып асық ойнап, доп қуған балалық шағың, дәптер, қалам, кітаптарыңды арқалап олармен өзектес өткен қимас оқушылық кездерің, бой түзей бастаған бозбала күн, оқу іздеп, арман қуған жас дәурен уақытың, бәрі-бәрі күні бүгінгідей көз алдыңа келеді, алыстан қол бұлғап, мен мұндалайды...
Апай, сегізінші кластың соңғы төртінші тоқсанында сынып жетекшіміз болды. Ол жылдары 8 сынып бітірген оқушы 5 сабақтан емтихан тапсырып, сегіз жылдық білім туралы куәлік шығатын. Соңғы емтиханды тапсырып болған күні физика кабинетінде суретке түстік. Сол жылы бірнеше оқушымыз арнаулы білім орындарына оқуға баратынын, мектептен кететіндерін білдірді. Мұғаліміміз оларға оң сапар тілеп, ақ батасын берді. 10-ды бітіреміз деп екіншіміз қалдық.
Өмір – өзен, талай белден асып, алға ұмтылумен жүргенде уақыттың да қалай өтіп кеткенін байқамай қалыппыз. Сол бір жылдардың ескі сарғайған суретін қарап отырып, ұстазымыздың терең із қалдырған, оқытушылық кездері балалық өмірімнің ең бір мағыналы тұстарындай осылай еске оралады...» - дейді шәкірті Нұрлыбай Қошаманұлы.
Қоғамдық жұмыстарда да белсенділік танытып, ұйымдастырушылық қабілетімен көріне біліп, Байғанин аудандық кеңесінің депутаты, «Ноғайты әйелдер ұйымының»
![]()
төрайымы қызметін абыроймен атқара біліп, бар ғұмырын «Сағыз» орта мектебіне арнаған, мектептің негізін қалаушылардың бірі болған Жаңылша Сүлейменқызы бүгінде Атырау қаласында балалары мен немерелерінің, шөберелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешуде.
Елі үшін ерінбей еңбек етіп халықтың ықылас-ілтипатына бөленген Михайл Зайдуллаұлы мен Жаңылша Сүлейменқызы кешегі мен бүгіннің арасын жібек арқандай жалғап, ұрпақтар сабақтастығының, елге адал қызмет етудің, құлқынның құлы емес жұрттың ұлы болудың, адамгершілік ар мен сөздің қасиетін қадірлеудің тамаша үлгісін көрсете алды. Түзу жолдан таймай, әділеттен айнымай ғұмыр көшін жалғап кетті.
Осындай әдемі өмір сүрудің үрдісі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, сабақтаса берсін дейміз!
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()