![]()
Өткен күнде белгі бар
О,Замандас, соларға бір қараңыз, Әр кірпіші, әр тасы бір қара аңыз. Өлгендерді тірілтіп, өмірлі етіп, Өшкендерді табатын бір ғана біз.Жұбан Молдағалиев
Барлық ұлы істің қайнар бұлағы өмірге құштарлықтан, ал адамдар игілігі үшін қызмет етуге ұмтылыс құштарлықтан бастау алады. Түптеп келгенде, бақыт дегеніміздің өзі де адам бойындағы осынау асыл қасиетке негізделеді. Әрбір жұмыр басты пенде ретінде Жаратушы Алланың және ұрпақтың алдындағы парызды өтеу – адал сүт емген азаматтың арманы. «Өмір деген - бір күндік сәуле» дегендей, сол сәуленің жарық нұрын шалқытып, жайнатып өмір сүргенге не жетсін! Қай қоғамның отбасылары бір-бірімен тату тұрса, сол қоғамның іргесі берік, тынысы кең. Бұл – ғасырлар бойы дәлелденіп келе жатқан ақиқат. Қоғам отбасынан құралады, ал шаңырақтың мығым іргесі – ата-ана. Олар – перзентінің адам болып қалыптасуына тынбай еңбек сіңіретін, шексіз құрметке лайық ардақты жандар. Ата-ананың қадірін түсініп, оларды Аллаһтың рақымына бөленуге себепкер деп білгендер – бұл дүниеде де, арғы дүниеде де бақытты адамдар. Ал оларды өздеріне жүк санап ауырсыну – өз келешегінің бақытсыз болуына қадам жасағанмен бірдей. Діни қағида бойынша, әке-шешеге лайықты дәрежеде құрмет көрсетпеу – Алла Тағалаға қарсы келумен бірдей күнә болып есептеледі. Сондықтан, кез келген адам ата-анасын қадірлеп, олардың алғысын алса, бақытқа кенелері анық.
«Елім» деп еңіреген ерлердің көп болуы үшін, меніңше, тәрбиенің таза бұлағымен ұрпақты нәрлендіргеніміз абзал. «Отан отбасынан басталады» демекші, ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берудің астары тереңде екені анық. «Ұрпағыңды түзегің келсе, қызыңды тәрбиеле, руыңды түзегің келсе, ұлыңды тәрбиеле» деген сөзде қаншама терең мағына, өткір ой жатыр десеңізші?!
«Ата-ананың қадірін,
Балалы болғанда білерсің.
Ағайынның қадірін,
Жалалы болғанда білерсің», – деп жырлаған ақын Шал Құлекеұлының сөзімен ардақты ата-анамның өнегелі өмір жолын баян етпекпін.
Қалай дегенмен де, ата-анамның өмірбаяны өз тұстастарынан өзгеше болмауы мүмкін емес. Өзгешелік – кешкен мағыналы ғұмыр, мәнді тірлікте. Бұл буын – барлығын – аштықты да, тоқтықты да көріп өсті. Ұлы Отан соғысына қатысқан, қанды қырғын соғыста жаумен шайқасқан, бала кезінен сол зұлматтың елге әкелген зобалаңының тірі куәгерлері. Сол соғыстың арқасында бейбіт күннің бағасын білді. Тірліктің қадіріне жетті. Бала күннен кеудені дүбірлеткен, алысқа шақырып қолды-аяққа тұрғызбаған мерейлі мақсат пен асқақ арман әкем Әнуарбек Сапахов пен оның тұстастарын орта жолда қалдырған жоқ. Өздері аңсаған жағалауға алып шықты.
Бір қарағанда, әкем – тамырын тереңге жайып, жапырағын жайқалтқан, көктен нұр, күннен шуақ тілеген бағаналы бәйтерекке ұқсайды. Бірде оңынан, бірде солынан соққан тағдыр желі сол бәйтеректі ырғап та көрген, сынап та көрген. Бұтағын майыстырып, қабырғасын қайыстырған кездері де аз емес. Әйтеуір, қанша мехнат көрсе де тамыры үзіліп, діңгегі құламапты. Соның арқасында «уақыт» атты ұлы керуенге ілесіп, ұрпақты ұрпаққа жалғап, бүгінге жеткен. Осы бір қолдарыңыздағы ғұмырнамалық кітапта ата-анамның балалық шақтан бастап, күні бүгінге дейінгі өмір соқпақтары сайрап жатыр. Ендеше, бүгінге дейінгі және ертең дүниеге келер ұрпағы мен перзенттері Әнуарбек тәрізді ардагер аталарының, мәрт бабаларының өткен өмірін, сағынышы мен тілегін, сезім сыңғырын, жүрек лүпілін қапысыз танып, саралай білсе арман не?! Бар қазақтың қаһарманына айналған Бауыржан Момышұлы осындай өмір туралы былай деген екен: «Арпалысып жүріп алған абырой – өмірдің ең шырын рақаты». Сірә, әкеміздің де өмірлік ұстанымы осыған саятын болса керек.
Ата-анасы туралы әкем Әнуарбек былайша толғанатын: «Әке-шешем өте қарапайым кісілер болатын. Кәдімгі колхозшылардың бірі, шаруа кісілер. Екеуі де өте еңбекқор еді. Әкем Сапақ – өз ісіне шынайы берілген, біртоға момын адам. Көпшілік арасында көзге түсе қоймайды. Ертеректе ата-бабаларымыз жер бетінен басқа жақта байлық бар деп, сірә, ойлаған емес-ті. Иә, бетіндегі байлықтан гөрі жер астындағы қазына-байлықтың әлдеқайда ұлан-ғайыр көп екенін ашу үшін қаншама уақыт, қаншама кісінің ғұмыры керек болды десеңізші! Адам табиғаты да солай. Жер қойнындағы қазына байлық сияқты қарапайым кісі бойындағы асыл қасиеттер де жұрт көзіне жуық арада шалына қоймайтын алыс түкпірде тығулы жатады. Оны тек қана зерек көңілмен сезе білу керек. Марқұм әкем – өмірден түйгені көп, бауырлары мен ұрпағы үшін бүкіл ғұмырын сарп еткен, пайым, парасаты мол жан еді. Әкем Сапақ өткен ХХ ғасырдың басында болған небір зобалаңдардың, Азамат соғысы, ашаршылық, бәрі-бәрін басынан өткерді. Бар ниетімен ақкөңіл, адал, басқаның қайғы-қасіретіне ортақтасқыш, біреуге кек сақтауды мүлде ойламайтын адам болған. Анам Зәуре – өте балажан, мейірімді, тазайым кісі, ауылдың барлық баласын өз баласындай көретін. Ешкімге дауыс көтеріп сөйлемейтін. Өсек-аяңмен ісі жоқ, үй шаруасын дөңгелентіп, жоқтан бар жасап отыратын ісмер болған. Әкем 1931 жылы, ал анам 1958 жылы өмірден өткен».
Әкем Сапахов Әнуарбек жастығына қарамай орнықты да кемел ойлы, жұртшылықты тыңдай білетін, жаңалыққа жаны құмар болып ер жетеді. 1940 жылы оқуын үздік бітіргеннен кейін, Шиелі ауданының Жөлек ауылында С.М.Киров атындағы жетіжылдық мектебінде мұғалім, кейінірек оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет атқарады.
![]()
1941 жылдың желтоқсан айында Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, онда 1946 жылдың қазан айына дейін болады. Құлаққа жағымсыз естілетін,тіршілікті қан жылататын, қайғы-қасіретке толы сұрапыл соғыс – Ұлы Отан соғысы еді. Әкем осы соғыста адам қаны судай аққан әйгілі Ленинград шайқасына қатысып, жаудың бетін қайтарып, қоршауды бұзып шығу кезінде қатты жараланып, содан кейін жеңістің туын тік көтеріп, елге оралады.
Елге келгеннен кейін, әкем ұстаздық қызметін жалғастырып, 1955 жылдың қыркүйек айына дейін С.М.Киров атындағы «Ақтоған», «Еңбекші» жетіжылдық мектептерінде алдымен мұғалім, кейін мектеп директоры болып қызмет атқарады.
1955 жылдың қыркүйек айынан бастап, 1961 жылдың тамыз айына дейін, әкем Әнуарбек Шиелі аудандық партия комитетінің ұсынуымен «Төңкеріс» колхозында партбюро, партком секретары қызметтерінде болады. Аудандық партия комитеті әкемді «үшмыңдықтар»қатарына өтуге ұсыныс жасайды, бірақ ол арнаулы білімі мен тәжірибесінің жоқтығын ескеріп, алғашқы кезде партия жұмысында қалдыруға өтініш білдіреді.
Қазақтың бас ақыны, хакім Абай өзінің кезекті ұлағаты мол қара сөзінде былай дейді: «Білім- ғылым үйренбекке талап қылушылар әуелі мынаны білуі керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар. Олардың білмей іздегені табылмас... Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп тезірек қолға түседі. Шала мейір шалағайлыққа бастайды. Ғылымды, ақылды сақтайтұғын адамның мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзылмасын! Көрсеқызарлықпен, жеңілдікпен, ия біреудің орынсыз сөзіне я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. Онан соң оқып-үйреніп те пайда жоқ. Қоярға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың? Осы жерде мінездің арды сақтарлық беріктігі, қайраты болмаса бәрі бекер!». Адамгершілігі биік, ары таза азаматтың адамдар арасындағы тәрбие жұмысында тиімді әдістерді пайдала
![]()
на білуі де нанымды шыққан. Бір сөзбен түйіндесек, парасатты партия қызметкерінің бейнесі кім екені көз алдымызға келеді.
Жар алдындағы міндеті мен парызын, ар алдындағы парызы мен қарызына сай мүлтіксіз өтей білген қазақ аналарының рухы пейіштің төрінде шалқысын! «Ана – әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы ақ сүтін беріп аялаған жанын да аямаған ардақтысы. Ана – жүрек, жүрегі құдіретте. Ана – тірек, тірегі құрметте, Ана – шыңың, шыңыңа сағынып жет. Ана – күнің, күніңе табынып өт!» – деп жырлағым келеді. Кез келген адамның әдептілігі мен жан дүниесінің сұлулығы, ең алдымен, балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген Ана жүрегінің жылуынан басталады. Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер бізге алдымен Анадан тарайды. Ананың нәзік үні, жұмсақ аялы алақаны, жан жылуымен аялауы бізді әлдилеп жұбатады. Баласы үшін Анасы бармайтын құрбандық бар ма?! Ана болу – бүкіл өміріне кететін ұлы рухани күш пен ерен еңбек. Өз баласын бағып-қағуда Ана өзін-өзі ұмытып барлық күш-жігерін сарқа жұмсайды, бұдан оның жаны байи, нәрлене түседі. Ал баланың Анаға деген махаббаты қашанда жеткіліксіз. Ананы барынша құрметтеп, сыйлау – әрбір баланың парызы.
«Қайран, біздің аналар арды ойлаған,
Шілік шауып, ши буып, арба айдаған…», – деген Мұқағали Мақатаев барлық аналардың өмірін айна қатесіз дәл бере білген-ау!
Анамыз Сапахова Хадиша 1933 жылы туылған. Ол – Қызылорда облысы Шиелі ауданы, Төңкеріс ауылының тумасы, Еңбек ардагері, отбасында тоғыз бала тәрбиелеп өсірген ардақты ана. Анамыз Хадиша – үлкен-кішінің қадірін білген, қолы ашық, дастарқаны қашанда мол жайылатын отанасы. Ойы онға, санасы санға бөлінген Ананың аңсары – татулық, бірлік, ынтымақ екен. Еліне, еріне, ұл-қыздарына деген өзегінен өрген еміренісі, сыры мен шыны – шымырлаған тебіренісі екен. Аласапыран тірлігі мол атыс-шабысты дүниені айқас пен шайқастан аман сақтап, Әлемді алақаныңда тербететін құдірет – Ананың мейірімі мен сүйіспеншілігі. Көңіліңе қанағат енгізіп, кеудеңе рақым нұрын құятын туысқандық пен бауырмалдық ананың ақ сүтімен
![]()
санаңа сіңіп, сезіміңді сергіткен сәтте дүниенің төрт бұрышында ізгілік пен мейірім төгуден басқа бақыт бар деп ойламасың хақ.
Ақылы мен пайымы терең анам бізді үнемі әкемізді сыйлап, құрметтеуге бейімдеп отыратын. «Әкең ренжіп қалар», «Әкең жіберсе, бара ғой», «Әкеңе барып сәлем бер», «Әкеңнің керегін дайында» деп әкеге құрмет, қызмет етуге балаларын жасынан дайындап отыратын, сондықтан мұндай отбасында әрдайым тәртіп, ынтымақ пен бірлік болуы сөзсіз. Әкем бір жаққа жиналса, анамның дегбірі қашып, қашан әкемізді жолға әбден дайындағанша, тыным таппайтын. Әрбір затын, киімдерін сақадай қылып дайындап отыратын. Анам көп сөйлей бермейтін, бірақ бір сөйлеп кетсе, ойын аз сөзбен-ақ дәл және нақты жеткізе алатын. Анамыз халық ауыз әдебиетінің көптеген шығармаларын жатқа білді.
Сөздік қоры мол, сөздің қисынын тауып, реті келгенде мақал-мәтелді пайдаланып, тұшымды ойын көркем тілмен жеткізе білетін қасиеті анамның ерекшелігі болатын. Оның сөзі мен ісі үнемі бір жерден шығады. Сөзі мірдің оғындай анамның істеген әрбір ісінде мін болмайтын. Нені болса да аяғына дейін жеткізіп, артынан сөз ермейтіндей етіп пысықтап отыратын. Асыл анашым әркез: «Адал болыңдар! Дұрыс жүріп-тұрыңдар, кісінің ала жібін аттамаңдар. Қолдарыңнан келсе, жұртқа жақсылық жасаңдар. Жақсылық адамнан қайтпаса да, Құдайдан қайтады, Шыншыл да шынайы болыңдар!» – деп құлағымызға құйып отыратын. Есейе келе, адалдық, шындық туралы көбірек ойланатын болдым.
Негізінде, анам Хадиша – әкемнің оқушысы болған. Көрер көзге сымбатты, ісіне нық, инабатты да ізетті, артық сөзі жоқ, бір үйді меңгеріп отырған анамның көп қыздың ішінен дараланып көзге түсіп, әкеме ұнағаны – заңдылық деп ойлаймын. Жар таңдау мәселесі туралы сөз қозғалып, анамның тұрмысқа қалай шыққаны туралы сұрағанымда, ол былай деп жауап берген болатын: «Мен колхоздың ешқандай шаруасынан қалыс қалған емеспін. Диірмен тартып, келі түйдік, күбі пісіп, құрт жасадық. Есек те міндік, масақ та тердік. Ер адамдардан қалыспай шөп те шаптық. Ол кезде еңкейген кәрі мен еңбектеген баланың бәрі таңның атысы, күннің батысы колхоздың шаруасына жегіліп жүретін. Сөйтіп жүріп қалай бойжеткенімді де аңғармай қалыппын. Жоғарыдан бұйрық түсіп, тұрмысқа шығатын сәт келгенде, анамның айтқан мына бір ақылы өмір бойы есімнен шықпайды: «Қызым, сен бойжетіп, бір әулеттің келіні атанасың. Баратын жерің – аруақты жер. Атаң Сапақ – еңбегімен елге сыйлы болған адам, ал болашақ жарың – ауданымыздың алғашқы мұғалімі. Сондай үлкен әулеттің келіні болу оңай шаруа емес. Ақылың мен тәлім-тәрбиеңді осы әулеттің келіні болуға арна. Ата-анаңның атына ешқашан кір келтірме!» – деп еді. Ғазиз анамның осы сөзі менің өмір бойы жолсілтеуші құралым болды. Әрдайым анамды ойласам,осы сөздері санамда жаңғырып тұрады», –деп, анам өз анасын еске алды.
«Адамгершілікке тәрбиелеу құралы – еңбек пен ата-ана үлгісі» – деп, Ы.Алтынсарин атамыз айтқандай, құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру – баланың туылған кезінен басталуы керек. Халықта: «Ағаш түзу өсу үшін, оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда, оны түзете алмайсың» – деп бекер айтылмаған. Сондықтан, баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік секілді құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы шешуші рөл атқарады. Рухани-адамгершілік тәрбие – екі жақты процесс, адамгершілікке, адал еңбекке тәрбиелеу. Күнделікті өмірде ата-ананың ықпалымен жүзеге асатынына отбасымнан алған тәлім-тәрбием – куә.
Ес білгелі байқағаным, анам – өте тазалықты жаны сүйетін, қолы ұсынықты, әрбір істе өзінің шебер қолдарының іздері қалатын ісмер еді. Барлық нәрсені баппен жасайтын анамыз бізден де соны талап ететін. Мысалы, шай ішудің де өзіндік ерекшелігі бар болатын. Сары самаурынның сырты жалтырап, екі иінінен демалып, қайнап тұруы – шарт. Шай құйып отырғанда, кесені жалаң қолымен ұстамай, аппақ майлықпен ұстайтын. Күрең түсті қою шайы ішіліп болғанға дейін ағарып, ақ су, көк су болып кетпейді, ішкен сайын тәбетің ашыла түседі. Ал анамның қолынан шыққан әрбір тағамның дәмін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес шығар! Бізді кішкентайымыздан үй шаруашылығына араластырып, өзі білетіндердің бәрін ерінбей-жалықпай үйрететін. Анам бізге қатал талап қоя білді. Айтылған нәрселердің уақытында және сапалы орындалуын қадағалап отырады. Ойлап қарасам, бұл бізді келешек отбасылық өмірге дайындағаны екен ғой. Әрине, қазір іштей анамның сол кездегі қатаң талаптарының дұрыстығын мойындаймын. Асыл анамның көрегенділігі мен әріден ойлайтын сұңғылалығына тәнті боламын.
Қайырымдылық – көмекті қажет етушілерге білдірілетін сүйіспеншілік пен нақты көмек. Қайырымдылық ізгіліктің анық көрінісі болып табылады. Қайырымдылық – анамның асыл қасиеттерінің бірі еді. Ол кісінің айналасындағы адамдарға деген ықыласы мен көмегінен адамгершілік қарым-қатынастары білініп тұратын. Балаларын айналып-толғанып өбектеп жатпайтын, сырт көзге қаталдау көрінетін анамның жүрегі ізгілік пен мейірімділікке толы болды. Қайырымдылыққа даналық, парасат, ақыл-ой тапқырлығы мен өткірлігі, сезімталдығы ұласады. Ата-анам өз ұрпағына қайырымдылықты жастайынан үйретіп, адамгершілік қасиеттерге баулуға ұмтылатын. Бізді еркелетіп, төбесіне қойып көтеріп жүретін. Жүрегінің бар шуағын төгетін асыл әкемнен рақымды, мейірімді жан анам еш қалыспайтын еді. Екеуі де кедей-кепшік, жарлы-жақыбай жандарға көмектесіп, қайыр-садақа беріп отыратын. Көмек сұрай келген адамдардың шаруасын тындыру үшін, жүгіруден еш жалыққан емес. Көршіге көмек, ауылдасқа сәлем, ағайынға қайырым жасауды ата-анам қарапайым қазақ ауылындағы отбасында қалыптасқан дағды-дәстүрден алды. Қанына сіңіріп, санасына тоқыды. Олар бала жастан-ақ мына өмірде адамдар бір-біріне көмекке ұмтылып, қиындықта қолұшын беріп, тарыққанда жәрдем жасап, қайырымдылық пен қамқорлық арқылы селбесіп, бір-біріне сүйеніп ғұмыр кешеді деп ой түйген. Есейген соң сол ойларын үнемі жүзеге асырумен болды. Біздің де осы бағытпен жүріп, осы жолды жалғастырғанымызды қалады.
1961-1964 жылдар аралығында облыстық партия комитетінің ұсынуымен «Төңкеріс» колхозында, 1964 жылдың қараша айынан бастап 1965 жылдың тамыз айына дейін Сырдария ауданының «Абай» атындағы колхозында колхоз председателі болып қызмет атқарған әкем Сапахов Әнуарбек – бар уақыты мен күшін ауылдың тұрмысын жақсартып, адамдарына жақсы жағдай жасауға арнады. Бірақ осы кезде әкемнің бұл қызметінен өз еркімен кетуіне тура келеді. Шиелі аудандық партия комитеті әкемнің өтінішін қанағаттандырып, С.М.Киров атындағы мектепке мұғалімдік қызметке жолдама береді. Осы жұмыста әкем 1966 жылдың ақпан айына дейін жүреді. Біздің отбасымызда сол кездің өзінде 9 бала бар еді. Ал үлкені бар болғаны – 14 жаста, қалғандары әлі кішкентай, ең кенжесі – бесіктегі сәби, барлығы күтімді қажет ететін. Оның үстіне анам да сол кезде аздап сырқаттанып жүрді.
1966 жылдың ақпан айында Шиелі аудандық партия комитеті әкемді осы аудандағы «Қазақстанның 30-жылдығы» атындағы колхозға колхоз председателі етіп тағайындайды. Әкем бұл қызметті үш жыл атқарған екен. 1969 жылдың ақпанында аудандық партия комитеті әкеме Шиелі ауданы, «Гигант» колхозына ауысуға ұсыныс жасайды. Бұл қызметті әкем 1976 жылдың шілде айына дейін атқарған. Осы уақыт аралығында әкем білімін жетілдіру мақсатымен Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтын сырттай оқып бітіреді. Тәжірибе жинақтап, не нәрсеге болса да қызу кірісіп, тұшымды пікірін айтудан жалықпайтын әкемді мекеме басшылары осындай қоғамдық жұмыстарға араластырмағанда қайтер еді?! Мектеп қабырғасынан басталған елгезектік қасиет бұл істерге де мойымайтын әкем, күні кешеге дейін қайнаған қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүргені анық. 1976 жылдың шілде айынан бастап Халық депутаттары «Төңкеріс» ауылдық Кеңесі атқару комитетінің председателі болып ұзақ жылдар бойы халыққа қызмет етеді.
Атқарған қызметі халықтың көңілінен шығады. Оның дәлелі кеудесінде жарқыраған – «Октябрь Революциясы», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендері, Қазақ КСР-і Жоғары Кеңесі Президиуымының «Құрмет грамотасы» және бірнеше медальдары. 1950 жылдан КПСС мүшесі. Қазақстан Компартиясының ХІІІ съезіне, республикалық колхозшылар съезіне делегат болған. Колхоз председателі қызметінен босағанға дейін, республикалық Колхоздар кеңесінің мүшесі, облыстық Колхоздар кеңесі председателінің орынбасары міндеттерін атқарған. Облыстық кеңесінің ІІ шақырылымына, ауылдық Советтің бірнеше шақырылымына бірнеше рет депутат болып сайланып, ұзақ жылдар аудандық партия Комитетінің мүшелігіне сайланған. Әкем Әнуарбек Сапақов еңбегінің зейнетін көріп, 2001 жылы дүниеден озды.
Әкем қызмет еткен жылдарда мұрат тұтқан ерекше сипаты мыналар болды: Ең алдымен, біреуге тіл тигізуден сақтану. «Ақыл – дос, ашу – дұшпан» дегеннің мәні – осы. Екіншісі – әдептілік. Қазақ әдептен аспай, кішілік көрсету арқылы кісілік танытқан. Үшіншісі – өзің өзгеге күдіктенбеу, өйткені өзге өзіңе күдіктенбесін. Иманды болам десең, пиғылыңды таза ұстау – парыз. Төртіншісі – не істесең де зергерлікпен тындыра білу, аяғына дейін жеткізе білу. Нағыз ырыс дегеніңіз – осы! Ал, ең соңғысы– өз басыңа тілемейтін істі, біреуге жасамау. Қиянаттан асқан қылмыс болмайды.
Иман – араб тілінде сенім деген ұғымды білдіреді. Имандылық Алланың бар екендігіне, ал Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымыз ұсынған хадистерді мүлткісіз орындауға, яғни адамгершіліктің биік мақсаттарын сөзсіз атқаруға үндейді. Халық адамгершілігі жоғары кісіні «иманды» деп құрметтейді. Адамгершілігі, ар-ұяты бар адамның бет-бейнесі жарқын,биязы, парасатты болады. Ондай адамды халық «иманжүзді кісі» деп бағалайды. Инабаттылық– әдептіліктің әсем көрінісі. Инабаттылық сипаттары: қарапайымдылық, сыпайылық, тілалғыштық, адалдық, әділдік, жауапкершілік. Инабатты, биязы мінезді қарапайым қамқоршы адамды халық нағыз перзентім деп үлгі тұтады. Осындай адамдардың алдыңғы қатарында болған әкем осы қасиеттеріне қоса, «Атымтай жомарт» болған.
Олай деуімнің өзіндік себебі бар: «Төңкеріс» колхозындағы екі көшені тұрғындар «Қасқа бабаның әруағы» деп атап кеткен. Сол кісілер көшіп кеткеннен кейін, барлық балалары біздің үйде жүретін. Анам солардың бәріне тәтті-дәмді, жылы-жұмсағын аузына тосып, үнемі бәйек болып жүретін. Мен 1980-1985 жылдар аралығында Алматыда оқып жүрген кезімде, біздің әулеттен 15 шақты бала оқыдық. 15 баланың бәрін оқуға түсірген де – менің әкем болатын. Бәрін өз баласындай көріп, ешқайсысын бөлектемей, бөліп-жармай, әрқайсысымыздың қолымызға 10 сомнан (сол кезде құны бар) ақша ұстататын. Сол кезде оқып, жоғары білім алғандардың бәрі – қазір бір-бір қызметтің құлағын ұстап, өз ісінің мамандары атанып жүрген азаматтар. Менің өзіммен қатар анасы бала үстінен кеткен 1960 жылы туылған немере ағам Кетепов Нұрлан болды. Осы ағамды әкем өз қамқорлығына алып, оқуға да алдымен түсірді. Оқып жүрген кезінде, барлық жағдайын жасап отыратын. Таң қалатыным – ата-анам ауылда отырып-ақ, келешекте қандай мамандықтардың сұранысқа ие болатынын біліп отыратын. «Мынадай мамандықтың иесі болсаң, ертең бірден жұмысқа да тұрып кетесің»,–деп бағыт-бағдар беретін. Болжамдары айна-қатесіз келіп, таңдаулары да тек кетпейтін.
Ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынов атамыз қайраткерліктің іске, әуреге жараған екі түрін айта келіп: «Биік нәрсе қандай сәулетті, көзге көрнекті, көңілге тамаша көрініп сұқтандырса, таңдандырса, төмен нәрсе өз төмендігімен, ұсақтығымен көзге күйкі, көңілге олқы көрініп, күлкіңді келтіреді», – деген екен. Жарықтық менің әкем де – тумысы бөлек жаратылған биік тұлға, ойшыл, сыршыл қайраткер. «Көңілге тамаша көрінетін» биік ойы мен бойы бар, жанын арына садақа қылатын ел АЗАМАТЫ болып көпшілік көңілінде қалғанына сенімдімін.
Анамыз тағдырдың жазуымен ерте дертке шалдығып, қамкөңіл күйде аурумен ұзақ арпалысты. Ал дініміз исламның қағидаларына мұқият зер салсақ, ардақты Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінің бірінде былай дейді: «Мұсылманның басына түскен бір ауру, ауыртпашылық, дерт, сырқат, қайғы-мұң, тіпті, кішкене бір қиыншылығы үшін Алла оның күнәларынан бір бөлігін міндетті түрде кешіреді, жасырады». Анам өзіне берілген сынаққа төтеп берді. Ауырып, жаны қиналған кезде де отбасына білдірмеуге, бізге ауыртпалығын салмауға тырысты. Ішкі жан қиналысын жасырып, бәрін сабырмен қабылдады. Өмір үшін күресті. Бірақ айықпас дерт ақыры жеңіп, алтын анам 1985 жылы ұзаққа созылған ауруынан айыға алмай көз жұмды.
Базбіреулер: «Өткен күнде белгі жоқ», – деп жатады, ал мен бұл пікірмен келіспеймін. Ең бір саналы тіршілік санатындағы адамның ұрпақ жаюы – сұлулық пен арпалысқа, қым-қуыт күреске, жақсылық пен жамандыққа толы сыр. Перзент – жеке адамның ғана емес, ұлыс пен ұлттың ертеңі, келер тарихқа барар аманат, бұл – табиғат-ана қалыптастырған әсем де қасиетті құбылыс. Ұрпақ – саналы өмірдің ең басты кепілдігі, адам өмірінің заңды жалғасы. Ата-анамыз тоғыз баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, аялап өсірді. Саналы тәрбие беріп, көкірек көзін ашты. Үлкен өмірге қанаттандырды. Ұл – берісі өз үйінің отын өшірмесе, әрісі елге қамқор, жалпақ жұртқа пана. Қазаққа ер бала – ұрпақ, демек, өз өмірінің жалғасы, қала берді, қарт ата-ананың сүйеніші. Дүниеге қыздың келуі – отбасына ырыс-береке әкеледі. Әрбір қыз балаға ата-анасын, туыстарын қадірлей білуді үйретсе, болашақта одан елін, жерін, халқын сүйетін, өз шаңырағын ардақтайтын, балаларын жақсы көретін қамқор ана, қайратты жан, нәзік ару шығатыны сөзсіз.
Отбасында ата-анамның үлгілі тәрбиесін алған қыздардың бірі мен, Сапахова Күлімхан Әнуарбекқызы, әке-шешемнен қалған бір белгі болсын деп осы мақаланы жазып отырмын. Сөзімнің соңын бір ауыз өлең шумағымен түйіндегім келеді: «Саналы ғұмыр өткерген жанды, Өлімге қалай қиясың? Жалғасып өмір –
ұрпағымен, Сөнбейді әркез шырағы». Сапахова Күлімхан Әнуарбекқызы