![]()
Перзенттік парызым
Күні ертең не боларын ойламаған, өмірдің мәніне терең бойламаған, алаңсыз бала күнімізде біз осы күнді қаз-қалпында елестетіп көріп пе едік?! Жігіттер жағы ағаш атқа мініп, ағаштан жасалынған «белсебедті» мінгеніне мәз болып, жүгіре басып көшені басына көшіріп жүретін. Ауыл дегенің жақсы ғой... Таң ата әтешің шақырып, сиырың «әукіміне» басады. Күн ұясына түсе, өрістен қайтқан ұсақ малды күте жамыраған қозы-лақ. Таң алакеуімдеп атысымен қолына шелегін ұстап, сиыр саууға беттеген келіншек. Мұның барлығы бір сәттік көрініс қана. Таң азаннан қара кешке дейін беті-қолы қара күске айналып, аула кезіп ойнаған ойын баласы еңбектің қадірін қайдан білсін?! Оның миссиясы ол уақытта күнұзақ балалармен желпілдеп жүгіру ғана еді ғой. Мұндай уақытта ес біліп қалған қыздар жағы ананың қолғанаты болатын. Үй сыпырып, тазалық жұмыстарына белсене араласатын. Құрт жайып, күбі пісіп, сүт пісіру ауылдың ажырамас тіршілігі еді-ау!..
Жас күнінен «ұстаздық» атты ұлы әлемге еніп кеткен педагогтың баласы болғандықтан біз әдептен аспайтын, артық жерді баспайтын бала болдық. Сондықтан болар, Үсеннің үлгілі балалары болудан артық бізге берілер тапсырма да болмайтын. Үй шаруашылығынан асып, тау-тасты жағалау дегеніңіз енді... Бұл – тым артық. Ата-анам мұғалім болған соң, үйде де, мектепте де үнемі білім алуды, ізденуді ұлағат етті. Біз ол кісілер сыйлаған стимулды көкірек көзімізбен түйсініп, біріміз бой жеттік, біріміз ер жеттік. Ата-анамның өмірі мен үшін үлкен мектеп болатын. Әрбір әрекеттерінен адалдық сезілді. Қай уақытта да: «Біреудің ала жібін аттап, біреуді алдап пайда табуға дағдыланбаңдар. Қай салада еңбек етсеңдер де, тура жолдан тайқымай, әрбір жеген асты адал жеңдер! Сонда ғана жолдарың ашық болады», – дейтін.
Әрбір кезеңнің өз ерекшеліктері болады. Біздің уақыттағы тәрбие: «Әкең келе жатыр» деген бір ауыз сөз еді... Әкеміз тіпті де дауыс көтеріп сөйлемейтін, тек оның қату қабағы, көзқарасы бәрімізді темірдей тәртіпке бағындыратын. Ауданнан келген комиссияның өзі біздің үйге қонуға келгенде, он бір балалы шаңырақ екенін білмейді екен. Өйткені, біз үйге қонақ келгенде, есіктің артында дымымызды шығармай отыратынбыз. Тентектеуі мен болсам керек, кенеттен есіктің артынан атып шығып: «Қазір алдарыңызда Гүлмира Кішкенбаева ән шырқайды» деп хабарлап, «Арыстың жағасында», «Замандас» деген әндерді айтатынмын. Отырған жандар қол ұрып, қошемет көрсетеді. Ал әкем мені: «Әртіс Кішкенбаевам менің» деп еркелететін.
Қатарымыздан қыз болып туылған соң шығар, әкем мені ұл етіп өсіріпті. Шынымды айтсам, сол уақытта менің қыз бала екенімді көбі тіпті аңғармайды екен. Өзі сәл ауырыңқырап жатып: «Менің неше қызым бар?» деп сұрайды ғой. Сонда: «Жеті қызың бар» дегенде: «Құдай-ау, Гүлмирам да қыз ба еді?!» – дейтін көрінеді.
Бізді осы күнге жеткізген әке менен ананың ақылды сөздері еді. Кейде жанарыма жас ұялап тұрып ойға аламын. Балалық бал күндеріме саяхат жасап, ата-анамның салған сүрлеуінен адаспай бақ тауып келе жатқаныма қуанамын. Бұл – менің жүрек түкпіріндегі іңкәрлік пен адалдыққа, ақ махаббатқа толы әлемім. Жастайымыздан еңбекке баулып, ертеңгі күнімізді ойлаған сол алып даладай кең жүректің, дарқан мінездің арқасы.
![]()
Әрбір ата-ананың ойындағы арманы: «Мен мына дүниені тастап кеткенде, балаларым жәутеңдеп қалмасын. Олар бойларындағы күш-қайрат пен ақыл-парасат арқылы тағдырдың кез келген сынына төтеп бере алу керек. Мен мына қысқа ғұмырда перзенттерімді болаттай беріктікке, қайраттылыққа, қайсарлыққа тәрбиелеуім керек» – деген ойлармен жалғасады. Менің ата-анам барлығымызды қайыспас қара нардай алып күшпен қамтамасыз етті деп ойлаймын.
Тектінің тұяғы Сырдың бойын жағалай қонған ағеден елдің ішінде Кішкенбай атты менің атам өмір сүрген. Жастайынан өзін еңбек майданында шыңдап, қазақ басындағы қасіретті жылдарды бастан өткерді. Тағдырына мойымай, тектілікті таныта білді. Екінші дүниежүзілік соғыста өзінің үш баласымен қоса, төрт бірдей жетімді асырап, адам қылды. Бойында қазақтың дарқандығы мен кеңдігі, тектілігі мен бекзаттығы бар, адам баласының асылы болатын.
Атамның үлкені, менің әкем – Үсен. Балсары есімді қарындасы мен Бектұрған (Виктор) және Кеңес атты інілері бар. Атам мен әжем екі орыс және екі украин баласын асырап алған. Үйдегі тәрбиенің бір көрінісі осы: ұлтына, нәсіліне, дініне қарамастан адам баласына мейіріммен қарау, адамгершіліктің ақ туын биік ұстау, айналадан жақсы нәрсені көре білу, осы қасиеттің бәрін ата-анамыз айтқан емес, ісіменен көрсетті. «Балаңды тәрбиелегің келсе, алдымен өзіңді тәрбиеле» деген қазақтың керемет бір сөзі бар емес пе еді?! Олар өздерін тәрбиелеу арқылы бізді тура жолға бағыттады.
Әкем Үсен Сырдария ауданында 1920 жылы 1 мамырда дүниеге келген. Кейіннен Қоғанқашқан елді мекенінде біраз уақыт тұрыпты. Ал, балалық шағы қазіргі Жетікөл ауылында өтті. Болмысынан көрген жан үлгі алатындай елгезек азамат болған. Жастайынан ата-ананың қамқорлығын сезініп өскен әкем өзінің алдына биік мақсаттар қоя білген екен. Қазақ даласына мектеп ашып, ел-жұртты ілім-білімге шақырған Алаш арыстары тәрізді сол уақытта енді ашылып жатқан елді мекендерде білім ошағын ашу– бала күннен кеудесіне біткен арманы. Өз ісін сүйіп, тірлік қылып, мамандығына жаны ашып, жұмыс істейтін жанды мен алыстан емес, өз отбасымнан көрдім. Ол – менің әкем болатын. Өзге іспен шаруасы жоқ, бастысы кейінгіге білім беріп, көкірегін оятып, көзін ашсам деп жүреді. Ал оның адами қарым-қатынасы өзінше бөлек әңгіме.
![]()
Жасынан алғыр болып өскен әкем Қызылорда педучилищесін тәмамдайды. Атам мен әжем барын салып оқытып, болашағынан зор үміт күтсе керек-ті. Бала күннен «Сары бала» деп ат қойып, өмірлерінің соңына дейін солай атап кетіпті. Ел арасында әкемнің «Бала мұғалім» деген аты бар. Он алты жасында бала оқытса, солай атамағанда, қайтсін?! Алғашқы ұстаздық жолы Шиелі ауданының Тартоғай елді мекенінен бастау алды. Бұл қызыл империяның қылышынан қан тамып, «елім» дегенді атып-асуға ерінбеген сәті еді. Ұлтын ойлар елжанды азаматтарды шетінен тізіп атып жатқанда, солақай саясатқа араласып, опа таппайтынын білген әкем «Мен қазақтың келешегін қалыптастырар ұрпақ тәрбиелейін. Еліме солай қызмет қылайын» ,– деп үнсіз бала оқытуға білек сыбана кірісіп кетеді. 1937 жылдың күзінде әлгінде біз айтып отырған Тартоғайдағы білім ошағына қызметке қабылданып, ұстаздық ұлы жолдың табалдырығынан аттайды. Өз жұмысына жан-тәнімен сүйсіне кірісіп, шәкірт жүрегіне жол табады. «Бала мұғалімді» тартоғайлықтар құшақ жая қарсы алды. Ауылдың ақ жарқын жұрты құрт-майын тосып, балаларының талапшыл жастың алдынан білім алатынына қуанды. Қарапайымдығы бетіне шығып қаймақ болған, жайдары жанның шәкірттері де ұстазын ұлықтап, әкемнің мерейін тасытады. Алғашқы шәкірттері болған соң, ұстаз да ерекше мейірленбей қайтсін?!
Еңбек қай кезде де еленеді. Жас мұғалімнің бойынан өз саласына деген ерекше ынта-ықылас пен құлшынысты көре білген басшылық бір жыл өтісімен-ақ әкемді Тартоғайдағы бастауыш мектептің директоры қызметіне тағайындайды. Талай білікті мамандарды тәрбиелеген педучилищенің түлегі, оның үстіне оқушылармен жұмыс істеп дағдыланған маманға бұл қызмет қиынға соққан жоқ. Ұршықша иіріп әкетті. Бұл уақытта да қазақты қан қақсатқан саясаттың жендеттерді қанға боялған қылышын елімізге сілтеуін доғармаған тұсы еді. «Халық жауы» деп, ұлтжанды тұлғалардың басын алып, біреуді әкесінен, біреуді баласынан, енді бірін сүйген жарынан айырып жатты. Кеудедегі жүрегі «қазақ» деп соғып, бойында қаны тулап жатса да, сырттағыға сыр алдырмай, өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен орындап, шәкірт тәрбиелеумен айналысып жүре берді.
Әкем үшін бастысы – елге қызмет ету еді. Бас көтеріп атылып кеткеннен гөрі, ертеңгі ұрпақтың болашағын нықтап, білімін шегелеу маңызды болды. Әкем «ұлтжандымын» деп айғайлап емес, қай деңгейде болса да, елін сүйетінін ісімен көрсеткен тұлға болатын. Зұлматты жылдарда елге осылайша қызмет ете білді. Білесіз бе?! Алаштың арысы Мұстафа Шоқай жайында даярланған спектакльде Мұстафа Германияда болады. Гитлер оны алдырып: «Сен мына тұтқындарды Кеңес Одағына қарсы үгіттеп бер», – деп ұсыныс айтады. Сонда Мұстафа: «Маған алты ай уақыт бер. Оған дейін солдаттардың жарасын таңып, бойларына күш берейік. Қажетті деңгейде азық-түлікпен қамтамасыз етіңдер. Әйтпесе, ертең соғысуға қауқары жарамайды», – деп, фашистердің тұтқынында жатқан қандастарына ағарған ішкізіп, құрт-май жегізгендігі суреттеледі. Сонда қайраткер алты айдан соң, соғыс аяқталатынына көзі жетіп айтқан екен. Менің әкем де тура солай жасағандай көрінеді маған. Ешкімге ұлтжандылығын сездірмей жүріп, ұлтқа, елге қызмет көрсетті. Ұлағатты ұрпақ тәрбиеледі. Менің перзенттік түйсігім осылай ойлайды.
Шәкірт санасына сәуле шашып, білім нәрін төге жүрген әкем Үсен Кішкенбаевтың есімі сол уақытта ауылдан асып ауданға, ауданнан асып облысқа жетіп жатты. Біліктілігі жыл санап артып, ұлы саланың тереңіне бойлай түсті. «Бала мұғалім» атанғалы төрт жылға таяған шақта, Екінші дүниежүзілік соғыс есік қақты. 37-нің зұлматынан енді ғана ес жия бастаған халқымыздың төбесінен жай түскендей етіп, елдегі ер азаматтарды майдан даласына жөнелте бастады. Бұл сындарлы шақта елге басшылық етіп жүрген азаматтардың сыналар шағы болатын. Тұлғалардың ешбірі өзі үшін өмір сүрген жоқ, не істесе де «ертеңгі ұрпағым үшін» деген ұлы мақсат алдарында тұратын. Басшылар кімнің майданға, кімнің тылға баратынын талдап, талқы таразысына салды. Білімі мен біліктілігін жастардың санасына құйып жүрген менің әкемді жергілікті басшылық: «Елдің болашағы – алда. Халқымыз оқу-білімді қалдырмасын. Сіз осында елде қалып, білім берудегі ісіңізді мұнан әрі жалғай бересіз», – деп, мойнына жауапкершілік жүгін артып елде қалдырады. Тіршіліктің қамытын киіп, өз қызметіне деген ынта-ықыласты басшылық берген тапсырма мен жүрек түкпіріндегі мамандыққа деген махаббатты ұштастырып, әкем білім саласына қомақты үлес қосуын ары қарай жалғай түседі.
![]()
1941 жыл. Әрбір үй үрей мен қорқыныш құшағында. Тарауы мол тіршілік жалғасып жатыр. Елдегі ағартушылар күндіз-түн демей, бала оқытуға кірісті. Халықтың жұпыны жағдайы талайдың жүрегін ауыртты. Майысқан белге, қайысқан қабырғаға қарамай, қатын-қалаш пен балалар жағы «Барлығы майдан үшін! Барлығы жеңіс үшін!» деп, қолдағы барды вагон-вагонмен майдан даласына жөнелтіп жатты. Бақша екті, отын жарды, әйелдер шұлық, қалың киімдер тоқыды. Әкем бұл кезде «Жас қайрат» жетіжылдық мектебінің директорлығына тағайындалған. Осы жылы бұған қоса Коммунистік партияның мүшелігіне қабылданды. Ел арасында абырой мен бедел әлдеқашан жиналып қалған. «Ұстаз» деп жолда көргенде, бас киімін шешіп, иіліп тұра қалатын тәрбие еді ғой ол уақытта.
1942 жыл... Қарашаның қара суығы өңменіңнен өтіп тұр. Өзі педучилищені тәмамдаған әкем аталған оқу орнында бірінші курс оқитын анамыз Мария Мұсақызын қазақы салтпен алып қашады. Қызу тірліктің бел ортасында жүріп, шаңырақ та көтеріп үлгерген әкем араға жыл салып, «Жаңатұрмыс» ауылындағы білім ошағын басқаруға аттанды. Бұл жолы жалғыз емес, жанында өмірлік серігі – анамыз бар. Сол кездегі уақыттың басты талабы – Партия қайда жұмсаса, сонда бару. Партияның сөзі – әкеміз үшін талқыланбайтын заң. «Бастысы– елге қызмет» деп арқаланып, буынып-түйініп кете барады.
Әлемде қазақтай ұлы халық бар ма екен?! Қазақ, қазақ болғалы талай шапқыншылықты бастан өткерді. Талай жыл жау боп шайқасқа түсіп, жерге, елге таласып жүрген жоңғардың өзі жойылып кетті емес пе?! Ашаршылықты көрді, тар жол тайғақ кешуден де өтті. Алашқа алғашқы астана болған Ақмешіттегі Қазақ атқару комитетінде ұлтымызға «қазақ» деген атау заңды түрде біржолата беріліп еді-ау!.. Оған дейін қырғыздармен қоса аталып, талай тарихымыз бұрмаланды. Сырдағы еңбеккерлерді елдің ерекше құрметтеп, Ақмешітке арнайы сәлем беретіні де содан деп білемін. Сол уақыттарда әкем Үсен де елмен бірге Алаш жұрты үшін еңбек етіп, маңдай терін төкті.
Ұлы Отан соғысы деген ат берілген екінші дүниежүзілік қан майдан бітіп, бірі аяғын, бірі қолын соғыс даласына тастап, балдаққа сүйенген майдангерлер туған жермен қауышып жатты. Бірі хатпен келген «қара қағазды» құшақтап, көз жасы көл болып жылауда. Сырбай Мәуленовтің «Соғыстан қайтқан солдаттар» атты өлеңінде айтылғандай:
«Қанша үйдің ұрлап адамын,
![]()
Қанша үйде сөніп қалды оттар.
Көрдің бе, ұлын ананың,
Соғыстан қайтқан солдаттар?» – деп, жаралы жауынгерден хабарсыз ұлын сұрап ана тұрды, әкесін күтіп бала тұрды, осы сүреңсіз көрініске, куә боп мына дала тұрды. Елдегі ерлердің көбі соғысқа аттанғанда, ауылда қалған аз-кем ақсақалдар мен балалардың арасында қалған әкем тек мектептің ғана емес, елдің шаруасымен де айналысты. Ол уақытта: «Менің жұмысым мынадай уақытта бітеді» немесе «Бұл менің қызметіме кірмейді» – деген сөз жоқ. Бәрінің басында бір тағдыр. Бірі сүрінсе, екіншісі демейді. Міне, осындай жағдайды бастан өткерген елде 1946 жыл келгенде, әкенің қызметі тағы да ауысып, Айдарлы ауылындағы жетіжылдық мектептің директоры болып тағайындалды. Өзінің жаны сүйген мамандығын әкем осында жалғастырды.
Сырғыған жылдар тағы да жаңалығын арқалай келді. Екі жыл уақыт өткенде, облыстық партия комитетінде Сырдария ауданының аумағынан жаңадан колония ашу мәселесі қызу талқыланып жатты. Үкіметтің мақсаты – сотты болғандарды қоғамға пайдалы іске бағыттау. Әрі-беріден соң жаңа нысанды осы күнгі Жетікөл ауылынан салатын болып келісті. Жетікөлде анау айтқан ауыл жоқ, шаруасын күйттеген бірлі-жарым отбасы ғана тұратын. Ал партияның таңдауымен әлі ашылмаған, орны енді ғана бекітілген колонияның бастығы Тойым Әбдірахманов болып тағайындалса, ондағы білім ошағының директоры менің әкем Үсен Кішкенбаев болып бекіді. Екеуі де – коммунист. Колонияның жері Қызыл Ту совхозы (қазіргі Аманкелді ауылы) мен Айдарлы ауылының ортасы болды.
Тапсырма қатаң, талап қатал. Сырғыған уақыт өз дегеніне көндіріп жүріп отырады. Ілесу дегеніңіз... Қазіргідей сарт-сұрт техника жоқ. Барлығы адамдардың жұмыс күшімен бітеді. Партия шешті, жұртшылық іске кірісті. Айдалаға киіз үйлер тігіліп, колонияның аумағы, ондағы әлеуметтік нысандар, тұрғын үй – барлығының орындары өлшеніп, белгілену үстінде. Міне, осы істің басы-қасында менің әкем Үсен жүрді. «Менің жұмысым мектепте» деп, қол қусырып қарап отырмады. Ерте көктемде басталған құрылыс күз түскенде, жаңа оқу жылында аяқталып, барлық нысандар пайдалануға берілді. Ондағы мектеп жай мектеп емес, мектеп-интернат болып ашылған. Өйткені, жан-жақтан келіп оқитын балаларға жатын орынмен қамтамасыз етер жай керек. Мұның барлығы есептелінді. Әйтеуір, не керек, әкем сондағы бастауыш мектептің мұғалімі де, директордың орынбасары да, директор де – бәрі өзі болды. Сан мың жұмысты өз мойнына алып, кете баратын мінезі оны өзгелерден ерекшелеп тұратын. Төрткүл дүниені төрт рет айналып шықса да, менің әкемдей азамат табылмайтын шығар, сірә?! Ұйымдастырушылық қабілетін осы жұмыстар жасалу үстінде тұтас елге танытып, өз қабілет-қарымын көрсетті. Жарықтық, сол жайсаң мінезі жұмысқа келгенде талапшыл, тәрбиеге келгенде қаталдыққа тұнып тұратын. Бірақ сол бір сұсты көзқарастың арғы жағында мейірім мен қамқорлық «менмұндалап» тұрушы еді-ау!..
Әкемнің арманы – мектеп ашу болатын. Осы жерде кеңінен тоқталып өтсем деймін. Бала күнгі арманы білім ошағын ашу болатын, осы арманын іске асырғысы келді. Бұл арманның бастауы – Жетікөлден ашқан төрт сыныптық мектебі еді. Атам мен әжемнің «Сары баласы» жеркепеден ашқан мектебінде бала оқытты. Мектепті ашуға үкімет емес, ағайын-туғаны, дос-жараны көмектесіпті. Бұл ісін көп айтатын. Өтірік сөйлеу, алдау-арбауға жаны қас адам шәкірттерін де өзіндей етіп шығарды. Елдегі жетім-жесірлерді, жағдайы келмегендерді қолтығынан демеп, сырлас та, құрдас та болды. Үлкенмен үлкен, кішімен кіші болып мұңын да тыңдайтын. Көпшілігін бір кездері өзі тәмамдаған педучилищеге сүйрелеп жүріп, қасында ата-анасынан бетер уайым жеп, оқу
![]()
ға түсірді. Еңбегі ақталып, көпшілігі бұл күнде өзінің ізін басып, әкемнің жолында келеді. Өзі көріп те кетті ғой...
«Халық айтса, қалт айтпайды» Асылбек Болатов, шәкірті: «...Үсен ағай – менің алғашқы ұстазым болатын. Ол кісінің басты қасиеті – сен баласың ба, әлде үлкенсің бе, бәрібір, өзіне магниттей тартып тұратын. Өзі – өте әңгімешіл. Әңгімелескенде, іші-бауырыңа кіріп кететін және адамның ойын қас-қабағына қарап оқи беретін. Мен бұл өмірде Үсен ағай тәрізді ерекше кісілерді сирек кездестірдім».
Мұхаметхан Кішкенбаев, баласы: «...Әкем балаларға, мына біздерге өте кішіпейіл, балажан еді... Баланың білмегенін ұғынықты тілмен түсіндіретін. Оның үстіне өз көпшіл әрі қонақжай жан болатын. Көшеде кетіп бара жатқан кісілерді тоқтатып: «үйге жүр, шай ішейік, әңгімелесейік», – деп өзі шақырып алатын. Біздің үй құдды бір мейманхана сияқты. Қашан көрсең де, кісі аяғы арылмай жатады. Әкем анда-санда күңкілдеген шешеме: «Болмашыға сыр алдырма, әр мейманның өз несібесі болады, әсте саспа», – деп басу айтып отырушы еді... Шаруашылық (Жетікөл совхозын айтамын) жаңадан ұйымдасып жатқан кезде үйлері әлі көшіп келмеген басшылар және ауданнан, облыстан тексеруге келген түрлі уәкілдер түгелдей біздің үйде жататын. Әкеміздің сол бір жақсы қасиеті біздерге, балаларына да, дарыды».
Сотталып, істі болғандарды ұстайтын колония да бірыңғай тұра бермейді. Қоғамдық жұмысқа тартып, біршама еңбектерін пайдаланған соң, 1956 жылы колония жабылып, нысан облыстық атқару комитетінің қосалқы шаруашылығына айналдырылады. Осы жерден Жетікөл мал бордақылау совхозы ашылды. Мұнда жан-жақтан тұрғындар көшіп келіп, ел қонды. Кісі аяғы басқан соң, жердің де сәні кіре бастайды. Тіршілік нәрі себіліп, Жер-Анадан несібесін айыратындар көбейді. Ауылдың бойына қан жүгірді. Жаңадан ашылған жерге басшылық жасау – қиынның қиыны. Жұмысты бір ізге салып, тұрақтандыру да екінің бірінің қолынан келе бермес дүние. Әлбетте, басшы болғысы келетіндер көп, бірақ қолынан істі иіріп әкету келетін жандар некен-саяқ. Бәлкім мақтаншақтық танытып отырған болармын. Бірақ шынында, мен әкемді мақтап отырғаным жоқ, әкеммен мақтанып отырмын. Осындай тұғыры биік тұлғаның қызы болуды жазған Жаратқанға мың да бір шүкір. Өмірде қанша жан өз орнын таппай кетіп жатыр, ал әкем өмірінің соңына дейін елге қызмет етті. Сол кездегі партия бұйрық шығарып, «Мына жаққа барасың», – десе, «Қандай қызметке?» – деп емес, «Қашан бару керек?» – деп, керек-жарағын сайлап отыратын. Тіпті ойланып та жатпайтын. Міне, осындай ізгіліктің арнасына айналған әкемді жаңадан ашылған шаруашылықтың төрағасы Дайрабай Оспановқа орынбасарлыққа әкелді. Онда да мойыған жоқ. Басшыға қосшы болып, қандай қиындық туса да, шешуге бар күш-жігерін жұмсады. Бүгінгі Жетікөлдің ауыл болып, түтіні түзу ұшып отырғаны – сол кісілердің салып кеткен сүрлеуінен адаспағанында. Қай нәрсе болмасын, ашылғанда жұмысы қалай жүрсе, онан кейінгісі де солай бағыт алмақ емес пе?!
![]()
Тұла бойында тулаған қаны «Қайтсем, еліме пайдамды тигіземін!» – деп ағатын сияқты. Әкім де болды, сан жылдар бойына мектеп басқарды, бала тәрбиеледі. Мал шаруашылығына да араласты. Ел басқарған Жүнісбаев, Жәрекеевтермен қызметтес болды. Бойындағы өзгермес қасиеті «бетің бар, жүзің бар» демей, басшыға да, басқаға да тіке айтатын. Адамның жүзіне тіке қарайтын. Осы қасиеті талайдың есінде қалып, әлі күнге естеліктерін айтып отырады. Батыл көзқарастағы әкем экономист-кассир, бордақылау алаңының бригадирі, совхоздағы жұмысшылар комитетінің төрағасы, бастауыш партия ұйымының хатшысы қызметтерін абыроймен атқарып, елдің алғысын арқалады.1977 жылы әкем ел ортасында жүріп, өмірден өтті. Қазасына бүтін ауыл қайғырған арыстай азамат дүние салды. Адамның өз ортасындағы бағасы өмірден өткенінде білінеді екен. Ақтық сапарға шығаруға ағылған жұртшылық иін тіресіп тұрды. Сыйлы, абыройлы болған жанның артында қалған қалың елі жақсылығын айтып жүр. Меніңше, әкемнің өмірі текке кеткен жоқ, бірде-бір жанды өкпелетпеді. Жанындағы жан қысылса, астындағы жалғыз атын мінгізер кеңпейіл болды. Соңында қалған сара жол талай жанды биіктерге жетеледі, асқар шыңдарға мінгізді. Бақыт деген осы емес пе?! Соңында қалған ұл-қызы: «Мен Үсеннің ұрпағымын!» – деп елдің көзіне тіке қарайды, еңсесін түсірмейді. Өйткені, жақсы әке –балаға қырық жыл азық. Көрген жерде әкемді айтсам, үлкендер батасын беріп, «Жақсы адам еді...» дегенді жиі айтады. Сондайда: «Мата даңқымен боз өтеді, әке даңқымен қыз өтеді» деген қазақы сөздің тауып айтылғанына таңданамын.
«Пейілің, жүрегің кең болса, мендей боласың!» Осы күні көпшілік танитын Бердібек Мұқановтың әкесі Сартай Мұқановпен көрші тұрдық. Ол кісі анам Марияға келіп: «Бипатима атты екі кісі бар болса, соның бірі – өзіңіз» деп айтып отырады екен. Анам әкем қайда қызметке ауысса, сонда жүріп, қасында болды. Ел арасында өмір сүріп, елмен бірге күн көрді. Қиындықта да, қуанышта да қауым болып көретін. Үйге кісі келсе, ас-суын дайындап, иіліп тұратындықтан, жұртшылық «Бипатима» атап кеткен ғой. Дастарқаны жиылмайтын, үйінен кісі арылмайтын шаңырақ болған біздің үй.
Анам әкемнің шәкірті болған. Педучилищенің биология пәні мұғалімі мамандығын тәмамдаған. Әкемнің шәкірттерінің арасында Қаппар Әмзеев тәрізді о дүниелік болып кеткен ағайлар да болды. Алғашқы шәкірті Баттал Жүсіпбековтер майдан даласына барып келді, кейіннен әкеммен үзеңгілес қызметтес болды. Анам да әкемнің шәкірті дегеннен шығып жатқан ойлар ғой...
Жоғарыда айтып өткендей он бір ағайындымыз. Жеті қыз, төрт ұл. Атам мен әжем асырап алған төрт орыс ұлты баласының да анасына айналды. Оларға тәрбие беру, қажеттіліктерімен қамту анамның мойнында болған. Шаңырақтан қазақы тәрбиені қанып ішіп, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты да еркін меңгерді. Таяуда ғана сексеннің сеңгіріне шығып өмірден өткен Виктор көкем де «анам» деп өтті. Құрметіне өзінің үлкен немересіне анамның есімін беріп, Мария атады.
Анам Мәрия Мұсақызы қазіргі Маханбетов ауылында, сол күнгі Киров совхозында 1925 жылы 4 қарашада дүниеге келген. Әкесі Мұса – елге сыйлы, сабырлы кісі болған. Парасат-пайымы да жоғары жанның зайыбы, әжеміз Күнтай – сөзге шешен, тура айтатын, өткір мінезді жан екен. Мұса әкеміз колхоз басшысы болған. Әжеміз ертерек өмірден өткен соң, атамыз қайта отбасын құрып, Болған әжемізді жар етеді. Онан да балалары бар. Осындай парасатты жандардың тәрбиесін алған анамның осал жан емес екені айдан анық қой. Әкем мен анамды тағдыр қосқан, бір-бірін тауып қосылған жандар. Кейде тағдырдың ұқсас жандарды қалай дәлдеп қосатынына таңданамын. Басты мысал алысқа ұзамай-ақ, өз – ата-анам.
Алтын құрсақты батыр ана балаларына ана да, әке де болды. Әкеміз өмірден ерте кетті. Бірақ, соңына жарқын із тастай білген жан. «Балаларым жетіммін демесін», – деп, анамыз күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды. Өте еңбекқор, ақылды жан болатын. Бойына Жаратқанның берген күш-қуатының, ерік-жігерінің арқасында балаларын аяқтандырды, қолын аузына жеткізді. Он бір баланы бөліп-жармай, барлығын бірдей өсірді. Ешкімнен кем қылмады. Адам баласына қабақ шытып көрген жоқ.
Әкем қызметте жүргенде жан-жақтан кісілер еріп келеді. Ішінде елге сыйлы, беделді Ш.Бәкіров, С.Сәрсенбаев, З.Жарқынбаев, Ш.Абдуллаев, С.Далдабаев сынды ағаларымыз бар. Олардың өнегелі, өсиетті әңгімелерін тыңдап өсу – біздің тәрбиенің тал бесігінен қанып ішуіміз ғой. Үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсетуден тұратын сан түрлі ізгі әңгімелерін естіп, құйма құлақпен тыңдап, рухани байып қаламыз.
Анам осындайда: «Келген жанға «туысым» деп қолда барды алдына тосып отырған жақсы, сауабы сендерге тиеді», – дейтін. Сонан соң сәл ойланып алып: «Байлық – ақшада емес, білімде, кеудеңе біткен рухани байлығыңда», – дейтін. Бүгінгілер айтып жүрген «Білектінің емес, біліктінің дәуірі» деген сөзді сол уақытта анам біздің құлағымызға әбден сіңісті етіп еді-ау!..
Үйдің сан мың шаруасынан қолын босатып, бос уақытында әдеби кітаптар оқып отыратын. Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар», Б.Нұржекеевтің «Күтумен өткен көп жылдар» кітаптарын тастамайтын.
Анам сексенге келіп, өмірден өтті. Осы уақытында ер-азаматқа дауыс көтергенін немесе бейәдеп қылық жасағанын көрген емеспіз. Кейде отбасы болған соң, ыдыс-аяғың сылдырап, анамызға барып, мұңымызды шағып жатсақ: «Бәрі әйелге байланысты. Еркек адамның қадірін білмеген әйел отбасын құра алмайды», – деп, өзімізді кінәлап отыратын. Ана болып, балаларының ортасына түскен жан емес. Жеті күйеу баласы келгенде, өз баласындай көріп, асты-үстіне түсіп бәйек болатын. Етін асып, бар тәттісін алдарына тосатын. Қазақтың «Балаңды өскенше, немереңді өлгенше бағасың» деген сөзі бар. Рас, анам өмірден өткенше балаларымызды бағып, білген өнегесін үйретіп, балаларымызды тәрбиелеп кетті.
Кей сәттерде тірліктен қажыған уақытта оңаша қалып: «Мен мына бес балаға уақыт жеткізе алмаймын. Анам он бір баланың бәріне қарап қалай үлгірді екен?!» – деп таң қалатынмын.
Анам тұратын үй жаңа базар аумағында. Барлығымыз жиі бас қосып, анама сәлем бере барамыз. Мәре-сәре болып жатамыз. Қара шаңыраққа бас сұққанымызға сондай қуанатын. Немере-шөберелерінің жағдайын жасап, балаша мәз болады. Баланың көңілін тауып, қалағанын ұсынып жатады. Баланың меселін қайтаруды білмейтін. Осы күні балаларым да нағашы әжелері ойларына түскенде, көздерінің жасын сығып алады. Оның нұрлы бейнесі жадымызда, жүрегімізде орын алып, мәңгілікке тұрақтап қалды.
Анамның қасына жайғасып: «Біз Сіздей бола алмайтын шығармыз...», – дейміз кейде тамсанып. Сонда анамның айтатыны ғой: «Пейілің мен жүрегің кең болса, мендей боласың. Өмірде ешқашан да тарылма. Қазақ:«Кең болсаң, кем болмайсың» – деп бекер айтпаған. Осыны есте ұста!» –деп айтып отыратын. Қазақтың нақыл сөздері санасында сайрап тұрады. «Таспен ұрғанды аспен ұр», «Ер азаматтың бетіне қарсы сөйлеме» деп үнемі айтып кетті, біздің санамызға сәулесін шашып, құйып кетті. Осы күні біз де өзімізден кейінгіге осы сөздерді айтып отырамыз. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген ғой ата-бабамыз.
Өскелең ұрпақ тәрбиесі – алдыңғы буынның мойнындағы жүк. Аналарымыз не үйретсе, біз де кейінгіге сол өнегені қалдырып кетуге тырысып жүрміз. Осы күні кей жастар ауыздарынан «ақ ит кіріп», көк ит шығып», былапыт сөздерді айтып, ерін жерден алып, жерге салып жатады. Сондайда «Менің анамның көзін көргенде ғой» – деп қаламын. Біз ерімізбен жүз шайысқан емеспіз. Өйткені, баланы тәрбиелеу үшін алдымен баланың тыяр қылығын өз бойыңнан аластатуың керек. Ұлың мен келініңнің, қызың мен күйеу балаңның ұрысқанын қаламасаң, өзің де жарыңмен ұрыспауың керек. Біз осы тәрбиемен өстік.
Анам бізбен сырласатын, ағынан жарылып өткен күндерін айтатын. «Біз де жас болдық. Ауыл жастары жиналып бастаңғы істейтінбіз. Ай жарығымен ақсүйек ойнадық. Ауыл тірлігін қылдық, ақ боз үйде тұрдық, бие саудық. Үйге қона келетін би-болыстар баталарын беріп кетті. Талай ұлттың қаймақтарының көзін көрдік. Осы күнге жетіп, өнегелі отбасын құрап, өздеріңдей ұл-қыз тәрбиелеп отырғанымыз – сол кісілердің батасының қабыл болғаны шығар» – деп те ойланамын. Бата – менің өсіп-өнуім екен ғой. Әр келген кісіден бата алып, алғыс алып отырсаңдар, жолдарың ашық болады, сендер жаман болмайсыңдар» ,–деп отыратын көбіне.
Бұл күнде жеті қыз – бір-бір үйдің отанасы, төрт ұл – бір-бір шаңырақ иесі. Кейінге көз тастап қарасам, анам бір келініне бірде бір мәрте дауыс көтермепті. Күйеу балаларын қалай сыйлайтынын жоғарыда айтып өттім. Сәл кемшілік көрсе, мақалдап қана білдіруші еді...
Мен тұрмысқа шыққанда, жолдасымыз екеуміз еншімізді алып бөлек шықтық. Күндердің күнінде үйге анам келді. Сонда алдымен айтқаны: «Қызым, ең бірінші табалдырығың таза болсын!» – деген сөзі болды. «Қазаның таза болсын. Асың таза болсын! Дастарқаның мол болсын! Өзің жемесең де, қонағыңнан асыңды аяма!» – деп ақылын айтты. Жаңа үйленген жас жұбайлар болған соң, ондай ақыл-кеңес әлбетте, ауадай қажет. Білмегеніңді сұрап, білгеннен үйренгеннің өзі – өнеге. Анамның айтқан әлгі сөзі күні бүгінгідей есімде. Сол ақылмен көгеріп-көктеп, өсіп-өніп келеміз.
«Әке көрген оқ жонар...» Мен әкемнің ізін қудым. Анамның ақылына қанып өстім. Сөз басында айтып өткендей, әдепкіде қыздар болып өмірге келген соң, әкем мені ұл етіп өсірді. Тіпті, айналадағылар ер бала деп ойлайтын. Әкем мені «коровникке» ертіп апарады. Сосын сұрайды: «Мынау қандай сиыр?» – деп. Ал мен болсам: «Сиырларға ат қояйыншы...», – деп қиылып, әр сиырға өзіне тән ат қойып аламын. Сонан соң престі сиырларға тыраштанып саламын. Әкем таңданған сыңай танытып: «Күшің көп екен ғой»,– деп қолпаштайды. Ал мен онан сайын ынталанып, талаптанып тұрамын.
Бала күнімде әкемнің соңына еріп қораға баратын мен, қазіргі кезде сол жолмен мал шаруашылығымен айналысып келемін. Он бір баланың әрбірі өз саласын ұршықша иіріп, ата-анамыздың атына кір келтірмей тірлік қылудамыз. Барған жерде «Апамның қызы ғой», «Көкемнің қызы ғой» деп қошеметтеп, төрге шығарып жатады. «Жақсының аты өлмейді» деген бар. Ата-анамның жақсы болғанының белгісі ғой...
Түйін Менің отбасым – алынбас қамалым. Алып қорғаным, тұтастай империям. Онда тек әділдік, жақсылық, ізгілік атаулы ғана орныққан. Сол әлемнен өсіп-өніп, өз әлемімді құрадым. Осынау ата мен ананың ұлағатты тәрбиесін көрген мен жаман болып өспедім. Соған шүкіршілік етемін, осы күніме тәубе деймін. Бәлкім, біреуге ой салармын, анамнан естіген алғыр сөздер – өз жүйесін тауып, бәзбіреудің кәдесіне асар.
Қазақтың әйгілі жазушысы Ғабиден Мұстафин: «Ата-ананың қадірін білмеген, халық қадірін білмейді», – деген екен. Осынау әдемі сөз әрбір перзенттің жүрегінен орын алуы тиіс. Осы ретте менің өмір- шамшырағым болған әкем мен анамның алдындағы перзенттік парызымды ешқашан өтей алмасымды білемін... Дегенмен, әкем мен анамдай асыл жандардың махаббаты мен мейіріміне бөлеп өсірген тәлімді тәрбиесін, олардан санама түйген сырларды, ескірмейтін естеліктерді ой елегінен өткізе отырып, сыр шерткім келеді. Бұл –менің перзенттік парызым. Кішкенбева Гүлмира Үсенқызы