Ғабдолкәрімов Сабыр

Рейтинг:

Қүатты қалам иесі

      «Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан болады» деп қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы айтпақшы, таза ауамен тыныстап, мамандығының арқасында кәсіп етіп, нәсібін тауып отырған әрбір тұлға, өнер адамы, батыр да, хан да ұстаз алдында қарыздар. Бұл өзгермейтін аксиома.
      Сабыр Ғабдолкәрімұлы 1936 жылдың наурыз айының 10 жұлдызында Атырау облысы, Қызылқоға ауданының Қаракөл ауылында дүниеге келді. 1953 жылы Абай атындағы орта мектебін бітіріп, Алматы қаласындағы Шет тілдер педагогикалық институтына оқуға түседі. Батыс әдебиетімен сусындап, ағылшын тілін меңгерген Сабыр Ғабдолкәрімұлы Қосшағылға оралып, алғашқы еңбек жолын ұстаздықпен бастайды. Аудандағы үш тіл меңгерген санаулы мамандардың қатарында ағылшын тілін оқытып, насихаттауда елеулі үлес қоса білген жас жігіт еңбекқұмар, сезімтал, адамдармен тіл табысқыш, ұйымдастыру қабілетінің арқасында көзге түсе бастады. Сөйтіп ол Қосшағыл мектебінің оқу ісінің меңгерушісі, кейін мектеп директорлығына жоғарылатылды.
      1975 жылы ол Құлсарының А.С.Пушкин атындағы орыс орта мектебінің директоры қызметіне шақырылды. Бұл – ауданның алдыңғы қатарлы мектептерінің бірі, онда әртүрлі ұлт өкілдері, негізінен басшылардың, интеллигенттердің балалары оқитын, орыс тілінің дәрежесі дүрілдеп тұрған кезде оның беделі жоғары болатын. Бұл айтқандар мектеп басшысына қосымша жауапкершілік жүктегені анық. Осы секілді күрделі ұжымды 18 жыл табан аудармай басқарды.
      Ұзақ уақыт педагогикалық ұжымдарды басқара жүріп, ол мейілінше қарапайым, кішіпейіл, еңбекқор тәрбиеші ретінде танылды. Терең білімі, жеке басының қадыр-қасиеті жөнінен де ұстаздардың ұстазы бола білді, ұжымның, ата-аналар жұртшылығының алдында үлкен абырой, беделге ие болды. Ол ҚазССР оқу ісінің үздігі, көптеген мақтау қағаздарының иегері.
      Негізгі міндеттерін мұқият атқарумен қатар, ол қоғамдық өмірге белсене араласты, СОКП мүшесі, үгітші, жергілікті кеңестің депутаты болды. Зейнеткерлік жасқа таяғанда Қазақстан-Америка бірлескен кәсіпорны «Теңізшевройлда» аудармашылық қызмет атқарған Сабыр Ғабдолкәрімұлы өзіне тән тиянақтылықпен 6 жыл жемісті еңбек етеді.
      Өмір бойы өзге тілдерді үйреніп, орыс тілді ұжымдарда жұмыс жасағанына қарамастан ана тіліне, туған әдебиетке ыстық сезімін жоғалтқан жоқ. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін Сабыр Ғабдолкәрімұлы тағы бір қырынан танылып, өзіне етене таныс тіл, әдебиет, тарих, тәрбие тақырыптарына қалам тартып, «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Алтын Орда» газеттерінде әртүрлі мақалаларын жариялап тұрды. Олардың арасында ауданға танымал тұлғалар Жанаш Нұрмахан, Шамбай Оразалиев, Сүлеймен Қарабалин, Қалдыбай Байшахановтар туралы очерктері де бар. 2008 жылы Сабыр Ғабдолкәрімовтың «Атадан аманат» кітабы жарық көрді. Бұл кітапта Беріш Қаратоқай Боранқұл әулетінің шағын шежіресі, әкесі мен анасы, бауырлары, жақын туыстары жайлы естеліктер енгізілген және біраз әңгімелері мен очерктері қосылған. Сабыр Ғабдолкәрімұлының «Ақ табан шұбырынды, Алқакөл сұлама» дәуірінің қаһарманы Есболай биді тану жөніндегі еңбегі бір төбе. Әртүрлі басылымдарда бірнеше мақалалары жарияланып, жарыққа шықты. Атырау қаласында Есболай биге көше атын беруге қол жеткізді. 2012 жылы Жылыойдың Есболай-Ақкөл жайлауында оның басшылығымен Есболай биге кесене тұрғызылды.
      Сексеннің асқаралы асуынан асып, ұзақ жылғы жемісті еңбегінің зейнетін көрген Сабыр Ғабдолкәрімұлы үлкен бір әулеттің құрметті, ақылшы ақсақалы бола білген қария, шақырған жерден, кездесулерден, шахмат жарыстарынан қалмады.
      2017 жылдың 12 желтоқсанында қазыналы қарт, парасатты тұлға Сабыр Ғабдолкәрімұлы дүниеден озды. Көзі тірісінде таңдамалы туындыларын өзі бір кітапқа аманаттап кетті. Өмірлік тәжірибесінен туындаған асыл сөздері мен даналық ойлары топтастырылған жазбалары «Толассыз тіршілік, толғандырған ойлар» деген атпен 2018 жылы жарық көрді.
      Өмірден өтсе де артына өшпес із қалдырған кейіпкеріміздің соңғы жазбасы туралы ақын Бүркіт Базарбаев: 
      «-Саналы ғұмырын жас буын, жаңа толқын жүрегіне ізгілік пен білім нұрын құюға арнаған үлкен жүректі ұстаздың мына тірліктегі мәңгілік аяқталмас күресінің куәсі де осы ойлы мақалалар деп білесің. Иә, бұл Сабыр Ғабдолкәрімұлының артына тастап кеткен ақырғы аманаты, өзіне сөзден соққанбейнелі ескерткіші. Ақырғы демі таусылғанша енді тәуелсіздігін алып, қаз тұра бастаған еліне қарлығаш қанатымен су сепкендей «қандай игі мұраттар тарту ете алам» деген алқына соққан жүрегінің дүрсілін естігендей боласың.
      Әр ісіне адалдық адамның әр сөзін үлкен жауапкершілікпен ақ қағазға түсіруінен басталады. Кез келген қалам ұстағанның ойына келе бермейтін, бойында бола бермейтін осы бір асыл қасиет оның бүкіл болмысын ақ самалдай желпіп тұратын. Иә, бұл жинақта ең алдымен халқын сүйген азаматтың ақ ниеті мен адал көнілі күй болып күмбірлеп тұр», - деп осы кітаптың кіріспесіне пікір қалдырды.
      Қуатты қаламынан туындаған дүниесі өз оқырмандарын тапқан Сабыр Ғабдолкәрімұлы жары Дариға екеуі жеті бала тәрбиелеп өсірді.
      «Әке - асқар тау, ана - бауырындағы бұлақ, бала - жағасындағы құрақ» демекші, жазбамызды сол бір асқар таумен жалғастырсақ.
      Есімі мен еңбегі әлі күнге жаңғырып тұрған, жасап кеткен істерінің шапағатын өскелең ұрпақ көріп келе жатқан Қарабалин Ғабдолкәрім 1891 жылы Атырау облысы, Қызылқоға ауданының Қарабау деген жерінде дүниеге келді. Әкесі Есенұлы Қарабала, ағасы Қабдырахман мешіт ұстаған молда болған.
      Төрт түліктің тілі мен бабын білген аталарымыз қашанда дәулетті болған емес пе, Қарабалин Ғабдолкәрім де елге беделді, ауқатты адамның баласы жоқшылық көрмей еркін өсіп, оның үстіне өнерге бейім болған. Арабша молдадан білім алып, Қарғалыда, Орынборда, 1916-1918 жылдары Уфадағы "Ғалия медресесінде" оқыған. 
      Медресе "Жадид" әдісімен, діни сабақтармен қатар математика, физика, химия, тарих және бірнеше тілдерден жанжақты білім алған Ғабдолкәрім Қарабалаұлы сонымен қатар білімге сусындап, оқу іздеп келген заманының алдыңғы қатарлы жастарымен, зиялыларымен таныс болып, олармен тығыз байланыс жасады. Тартысқа толы дүбірлі заманда қалаларда болып, әртүрлі ұлт өкілдерімен араласып, пікір алмасуы оның рухани, саяси өсуіне ықпал етіп, халқына шексіз қызмет ету құштарлығын арттырды.
      Медреседе кейін "Қазақ тілі" газетінің тұңғыш редакторы болған Мәннан Тұрғанбаев, Мәншүктің әкесі Ахмет Мәметов секілді айтулы тұлғалармен қатар оқиды. 1918-1937 жылдары ол Қызылқоға ауданы Қарабау, Қаракөл, Кермеқас, Қоғам, Тасшағыл деген жерлерінде ұстаздық еткен.
      Қазақ тілі, тарих, жағырапия пәндерінен дәріс беріп, білімді, мәдениетті, мінезі жұмсақ, жағымды жас жігіт халықтың сауатын ашуда құлшына еңбек етті. Мектептегі жұмысымен қатар, ересектерді сауаттандыру үшін қызыл отау, қызыл бұрыш, ересектер курсы, оқу үйлері, қосшы одағы және көптеген мәдени-көпшілік шараларына белсене араласқан Ғабдолкәрім Қарабалаұлы 1924 жылы кәсіпшілер одағына мүше болып, бұл жұмыстарды әрі қарай жалғастыруға мүмкіншілік алады.
      Айтпақшы, заманының бас көтерер азаматы, елдің қамын күйттеген халықтың баласы болған Ғабдолкәрім Қарабалаұлы туралы мақаламыз баласы Сабыр Ғабдолкәрімұлының «Атадан Аманат» кітабынан алынған деректері бойынша жазылғанын ерекше айтып өтуіміз керек. 
      Оқырманға түсінікті болу үшін, сол бір кітап бетінен алынған өмірдерекке үңіліп көрсек:
      «-Әкеміз ұзын бойлы, ажарлы кісі екен. Сол кездегі зиялылар секілді, Сәкен Сейфуллинге еліктеп, кербез киініп, сұлу ат мініп, сәнді тұрмыс құруға тырысыпты. Ол білімділігімен қатар қайырымды, бауырмал, ұстамды, кішіпейіл болып өсіпті. Жас кезінен бастап, ағайындарының, таныстарының жүрегінде тек жағымды қылығымен есте қалыпты... 
      ...Әкеміздің артында әйелі Қадиша, 4 баламен /Үміт, Мүгілсін, Сабыр, Ғалымжан/ қалды. Олардың үлкені он үште, ал кішісі әлі жасқа да толмаған еді. 
      1939 жылы Тайпақ ауданының Мәулімберлі деген жеріне ағайындарымыздың қасына көшіп келіп, малымыздың жартысын салып, "Чапаев" атындағы колхозға мүше болып кіріппіз. Ол кезде әкемізден қалған біраз дәулет-мал, ағаш үй, аяқты іс машина "Zinger" т.б. үй жиһаздары болды. 3-4 жылда мал-мүліктен түгел айырылдық. Анамыз сауыншы болып еңбек етті.
      Сондықтан 1944 жылы тағы да қоныс аударып, келесі алтыншы ауылдың "Киров" атындағы колхозға, Кәрішеген, Аққұдық деген мекенге көшіп келдік. Бұл жақта да ағайындарымыз болды және бұл егін салатын, тары-талқаны молырақ жер болатын. Бұл елдің де біраз дәмін татып, өмір сүрдік, соғыс ауыртпашылығын бастан өткеріп, жеңісті қарсыладық. Алғаш мектеп есігін ашып, бастауыш сыныптарда оқыдық. 
      Мәулімберлі, Аққұдық, Кәрішеген, Қурайлысай, Өлеңті - біздердің ес біле бастағандағы жас-тық шағымызды өткізген жерлер, оларды әрқашанда жылылықпен еске аламыз», – дейді Сабыр Ғабдолкәрімұлы. 
      1938 жылы о дүниелік болған Ғабдолкәрім Қарабалаұлының ұрпақтары Қарабала әулеті 1951 жылы Атырау облысы, Жылыой ауданы, Қосшағыл кентіне қоныс аударды. 
      Қасиетті Жылыой топырағы Қарабала әулетінің тұрақты, құтты мекені болды. Олар өмір үшін ұлы күресте өздерін көрсете білді, еңбекқорлығымен, ақжарқын-бауырмалдығымен көзге түсті. Халық шаруашылығының алуан саласына белсене араласып, елеулі еңбек етті. Елмен тез араласып, жақсы жолдас, қимас дос тапты, құда-жекжат, нағашы-жиенді болып, тамырын тереңге жайды.
      «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, артында өлмейтұғын із қалдырған» деп Абай хакім айт-пақшы, Ғабдолкәрім Қарабалаұлы өлген жоқ, оның артында ізін жалғап ұрпақтары, есімі мен еңбегін өміршең ететін ауыл тұрғындары қалды. Әке бейнесін артында қалған перзенттері де еске алады. 
      Бала үшін әке – ерекше тұлға. Ғабдолкәрім Қарабалаұлы жүзінен қуаныш нұры арылмайтын, мейірім мінезді кісі. Шүкіршілікке мінәжат еткен, иманжүзді, жолдасын жолда қалдырмайтын сертке бекем жан. Барға – қанағат, жоққа – сабыр сақтаған абзал азамат, қиын кездері жалғыз дәнді жарып жеген жомарт, көл-көсір көңілімен жанындағыларды жадыратып, нұрландырып жүретін қамқор пейілді жан болатын. Ақыл-парасатымен төрт көзі түгел топқа төрелік жасаған тұғырлы тұлға, нардың белі бүгілген тауқымет тегеурініне тайсалмай қарсы тұрған тіреубақан. Отбасынан бұрын, Отанын ойлаған омыртқалы ер. Жүрегімен жарын сүйген, ұлын ұлы, қызын қырмызы етіп өсірген өнегелі әке. Қырандай қияға қонған, жолбарыстай жігерлі, қасқырдай қайратты, бүркіттей бағалы болмыс иесі. Ағайынның ауызбіршілігін, туысқанның татулығын, достың дені-басын, әріптестің әл-қуатын күйттеген кемел кісі. Ет жүрегімен елімен, бек білегі жерімен сырлас сырбаз, жаны жәннаттағы жаһұт жан.
      Ғабдолкәрім Қарабалаұлының тәлімін алған, оның бойындағы адами асыл қасиеттері бойына Кереев Слаш (Исламғали) Республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер, 1922-1926 жылдары Кермеқас мектебінде дәріс алса, Қазақстанға еңбегі сіңген мұғалім, ғылым кандидаты Қазыбаев Сабыр 1923-1224 жылдары Кермеқас мектебінде тәлім алды. Атырау университетінің профессоры Ғинаятолла Нығмет:"-Ғабекең білімді, мәдениетті, байсалды ұстаз ретінде есімде қалды. Бірде тәртіп бұзған бір оқушыны ұстап алып, ескерту жасап жіберді, ұрып, соғып, тепкілеген жоқ"-деп естелігінде жазып кеткен. 
      Кейіпкерімізден тәлім алған шәкірттердің тізімін ҚазҰУ-де ұстаз болған, «Қазақстан» баспасында аудармашы болған - Жұмабаев Шағыр, ескіше, діни терең білім алған - Асанов Құспан, Қаракөлде білім алған, Құлсары қаласында өмір сүрген - Төлегенова Нұрсұлу, Жылыойда аудандық мекемелерде еңбек еткен - Қарашева Ұмсын, Қызылқоға ауданында ұстаздық еткен, соғыс, еңбек ардагері - Бисембаев Ығылман, Қызылқоға ауданында ұстаздық еткен - Иманалина Кербез, белгілі мемлекет қоғам қайраткері Мұқашев Саламаттың әкесі - Мұқашев Көңілқош, Арал жағында, балық өндірісінде елеулі еңбек еткен - Мусағалиев Хамит толықтырады.
      Ғабдолкәрім Қарабалаұлының әулетінің ізін жалғап, тамырын тереңге жайған бейтеректей қайта еңсесін тіктей білген жары Қадиша Мұхамбетиярқызының да еңбегін ерекше атап өткен жөн. Тамырының соғысы Ысық, Сейтек руының бастауында жатсан аласа бойлы, толықша келген анамыз өз заманында көзі ашық, сауатты жан болған. 
      Ғабдолкәрім Қарабалаұлы ескіше молдадан хат тану әдісі белең алып тұрған шақта білімнен де хабары болған қазақ классиктерінің шығармаларымен таныс болған. Бұл туралы ұлы тұлғаның ұлы Сабыр Ғабдолкәрімұлының жазбасында былай деп алтын әріптермен жазылған:
      «-Хадиша анамыз, әкеміз оқығанда тыңдап отырып-ақ өлеңдерді жаттап алады екен. Жас кезінде оларды жиі айтушы еді. Ол аса қайратты, есті адам болды. 
      Анам ұясының бүтіндігін сақтап, балаларын дұрыс тәрбиелеп, білім алып берді. Ол молданың қызы, молданың келіні еді, өзінің де діни сенімі мықты, ескіше оқуы жетерлік болатын. «Тек жүректерің таза болсын, құдайға тіл тигізбеңдер. Оқу оқыңдар, өнер үйреніңдер, қатарларыңнан кем болмаңдар» дейтін ол.
      Аяулы ана 1981 жылы тамыздың сегізінде 86 жасқа қараған шағында, 4 баласының жиырмадан астам немерелерінің ортасында ері туралы ешбір жылы хабар естіместен, көз жұмды. Көнбістілік, төзімділік рухында тәрбиеленген адам соңғы кезде көрген қиыншылықтарын, әкеміз туралы сирек айтатын еді. Ол өмірінің аяғын үлкен бақытқа теңеді, барына шүкіршілік етті. 
      «Балалары мен немерелерінің жаманшылығын көрсетпегей» деген ізгі ниетте ғана болды. Арманына жетті. Жалғыз-ақ біз, оның балалары анамыз көз жұмғаннан кейін 8 жылдан соң келген әкеміз туралы ақиқатты естігенде "япырай, анамыз мына хабарды ести алмай кетті-ау"-деп іштей опынғанымыз рас.
      Әкеміздің есімін жарыққа шығарудағы Үміт апамыздың еңбегі бір төбе. Тек апайдың қырағылығының арқасында әкеміздің 1916 жылы Уфа қаласында түскен суреті табылды. Суретті Семей қалалық музейінен алдық, "Қазақ әдебиеті" газетінің 1989 жылдың 13 қазандағы санында "Сурет сыры" деген айдармен жариялаушы жазушы-ғалым Қайым Мұхамбетханов. Уфа қаласында оқып жатқан 32 жастағы жігіт Ахмет Байтұрсыновтың қалаға келуіне байланысты жиналған болуы керек, оны орталарына алып суретке түсіпті. Ішінде Мәншүк Мәметованың әкесі Ахмет, тағы басқа тарихи адамдар бар. Көпшілігінің тағдыры іспеттес. Апай әкесін бірден таныпты, себебі бұл сурет және әкеміздің сол тұстағы басқа да суреттері өртеніп кеткенге дейін біздің үйде болған ғой. Сондай-ақ апай әкеміздің материалдарын Атырау, Орал, Құлсарының, Миялының, Қаракөл орта мектебінің, тіпті жоғарыда айтылған суреттің шыққан жері Семейдің өлкетану мұражайларына табыс етті. Журналистермен әңгімелесіп, әкеміз туралы материалдардың газет беттерінде көрінуіне де мұрындық болып жүрген осы кісі», –дейді, сол бір күндердің бейнесін көз алдына әкеліп. 
      Сабыр Ғабдолкәрімұлының апасы Үміт Ғабдолкәрімқызы 1924 жылдың 5 қыркүйегінде Қызылқоға ауданының Кермеқас деген жерінде дүниеге келді. Соғыс басталар жылы ол орта білім алу мақсатымен Жылыойдағы немере туысы Карабалиндер отбасына келді. 1942 жылы Қосшағыл мектебінің тоғызыншы сыныбын бітіріп, Гурьев облыстық оқу білімі жанынан ашылған қысқа мерзімді мұғалімдер курсын тәмамдап, Батыс Қазақстан облысы Тайпақ (қазіргі Ақжайық) ауданындағы анасына оралып, шалғайдағы ауылдық мектептерде он жыл бойы ұстаздық етті. Тағдыр оның маңдайынан сипамады. 1945 жылы жас сәбиі Марат, ері Тәжіғалиев Сиқым қайтыс болғаннан кейін ол келешегін де, бақытын да тек анасымен, бауырларымен байланыстырды, қайталап тұрмыс құрмады. Кейін інісі Сабырдың қызы Ғайнижамалды бауырына басты. 
      Қосшағылда оқытушы бола жүріп, үш сменада жұмыс жасаған кездері болыпты. Себебі інілері Сабыр мен Ғалымжан біреуі Алматыда, біреуі Оралда оқуда болды.
      1951 жылы Қосшағылға тұрақты қоныс аударып, мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс берді. Өндірістен қол үзбей жүріп, Оралдың мұғалімдік, кейін педагогикалық институтын бітірді. Тынымсыз еңбегінің арқасында жұмысы өрге басып, шәкірттері мен ата-аналардың сүйіспеншілігіне бөленді. Оқу ісінің меңгерушісі, кешкі, күндізгі мектеп директорлығына жоғарылатылды.
      Білім іздену барысында қоғамдық істерге де белсене араласып, бірнеше дүркін облыстық әйелдер, оқытушылар конференциялары мен съездерінің делегаты болды. 1963 жылы Алматы қаласында өткен мектеп реформасы жөніндегі республикалық ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, ұлағатты ұстаздар қатарынан берік орын алған Үміт Ғабдолкәрімқызы білім беру саласында көптеген жетістіктерге жетіп, басшылық тарапынан түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды.
      Атап айтар болсақ:
  •       1947 жылы «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалі;
  •       1955 жылы «За трудовое отличие» медалі;
  •       «Ұлы Жеңістің 40, 50, 65 жылдығы» мерекелік медальдары;
  •       1960 жылы «В.И.Лениннің 100 жылдығына» арналған мерекелік медаль;
  •       Қазақ ССР Жоғары Советі Президиумының Құрмет Грамотасы;
  •       Облыстық дәрежедегі бірнеше Грамоталармен, КСРО және Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі белгілерінің иегері.
      Үміт Ғабдолкәрімқызы әкесінің нұрлы бейнесін көкейінде мәнгі сақтап, оның жоқтаушысы, анасының сенімді қолқанаты, кішілердің қамқоршысы болуды тағдыр маңдайына жазып қойғандай, ол бір әулеттің үлкені болып ақылшысына айналды. Ағайынның бірлігін, татулығын қатаң сақтап, жастарға үлгі бола білді. Ағарту саласында 40 жылдан аса еңбек еткен ол 1979 жылдан зейнеткерлік демалысқа шығады.
      Жасы ұлғайған шақта қос жанарынан айырылды, әртүрлі дертке шалдықты, соған қарамастан бауырларының арқасында жоқшылық көрмей, тыныш, жайлы ғұмыр кешті. Ағайын-туғандардың, әулет жастарының қамқорлығына бөленді. Оралдық жазушы Амангелді Құрақов, Жылыойлық ақын Қонаш Қалдыоразов өз кітаптарының бір тарауын сүйікті ұстазы Үміт апайға арнады. Бұл секілді шәкірттерінің, жұмыстас, көрші болған қарапайым жандардың ыстық ықыласы оны жігерлендіріп отырды. Үміт апай соңғы демі біткенше өмірден түңілмей, ағайынға билігін жүргізіп, айтқанын жасатып, өр тұлғасын аласартпай, 2010 жылдың 30 қыркүйегінде дүниеден озды. Марқұмның жарқын бейнесі оны білетіндердің есінде мәңгі сақталады.
      Құлсарының тарихи-өлкетану мұражайы Үміт Ғабдолкәрімқызының туғанына 90 жыл толуына орай бұрыш ұйымдастырып, «Ұстазға құрмет – ұрпаққа міндет» деген стенд жасақтап, шағын басқосу өткізіп, жастарды шақыруы ұлы мамандықты меңгерген ұстаздың еңбегіне, ұрпақ тәрбиесіне берілген бағасының еңбегінің жемісі еді.
      «Көңіліме биік тау боп көрінген,
      Ұстаздардың ұстазы өтті өмірден.
      Ол өлді деп естігенде, шіркін-ай,
      Көзім жасы тиылмай бір төгілген.
      Асыл жан еді апамдайын сырласқан,
      Батыл еді тура айтатын қыңбастан.
      Жарқын жүзді, ізгі жүрек ол жайлы,
      Аз көрінер жазылса да мың дастан.
      Не көрмедің сен өмірден, апашым,
      Енді барып жер қойнына жатасың.
      Жатқан жерің жарық болғай, әз апа,
      Бұл ініңнің деп білгейсің батасы.
      Қайран апа қадірлі еді-ау еліне,
      Асыл еді тартып туған тегіне.
      Сабыр ағам жалғыз қалдың қайтейін,
      Қайғың қалың сенің дағы, менің де.
      Жұбатады өз ағасын ақын шын,
      Білем, білем сен қайғырып жатырсың.
      Мен айырылдым ұстазымнан ұлықты,
      Сен айрылдың жан апаңнан-ақылшың.
      Әр ісімді, ей ұстазым, хош көрдің,
      Содан да мен жақсылармен дос болдым.
      Ел айырылды киелі бір қызынан,
      Жаннатта бол, жан ұстазым, қош болғын!»
, - дейді ақын Қонаш Қалдыоразұлы ұстазымен қоштасуында тебірене оқыған «Қош бол, ұстазым!» өлеңінде.
      Міне, кейіпкеріміздің тапшылық тамырды тарылтқан қиыншылық жылдарында да, тақыр-дан су тартып жасаған еңбектері мен ұлт болашығының іргесін алтын кірпіштен қалайтын болашақ азаматтарды тәрбиелеп шығаратын қазақ мектептерінің ашылуына саналы ғұмырын сарп еткен атпал азаматтың өнегеге толы өмір жолы. Бүгінгі біз жылы офисте, еркін отырып дайын өмірбаянды жазғанымызбен, ол кісінің жұпынылық өмірдің иті балақтан тартқан кездердегі қиындықты басынан өткере жүріп жасаған игі істері мен еңбектерінің, маңдайынан тамған мөлдір тамшысының салмағы мен құдіретін айтып жеткізе алмаспыз. 
      Десек те, осы бір қоғам үшін, мәңгілік ел болуға ұмтылған ел іргесінің берік қалануы жолында үздіксіз еңбек еткен жанның құмығып қалған бір бұлағының ашылуына, өзінің жасаған еңбектерінің қалай қағаз бетіне түсіп жатқанын көргенде, оқығанда жүзіне қуаныш пен сәл жымиыс сезілсе, біздің міндетіміздің орындалғаны.
      «Еңбекке икемді болсаң – еліңе сүйкімді боласың» деген дана сөз бар халқымызда. Тағдыры тағылымға толы тұлғалардың қай кезде де қоғам өмірінде алатын орны ерекше. Саналы ғұмыры адал еңбекпен өріліп, маңдай тердің, үздіксіз ізденіс пен қажырлы еңбектің арқасында абырой тұғырына көтерілген ардақты азаматтарды қай қырынан болса да үлгі тұтуға болады. Міне, сондай абзал азаматтардың бірі Қарабалин Ғалымжан Ғабдолкәрімұлы осындай ел құрметіне бөленген жаны жайсаң, жүрегі дархан, пейілі кең, көкірегі көктем азамат.
      Ғалымжан Ғабдолкәрімұлы 1937 жылдың 18 наурызында қазіргі Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Қарабау елді мекенінде дүниеге келген. 1955 жылы орта мектепті бітірген соң, бірден еңбекке араласып, үйренуші монтер ретінде алғашқы еңбек жолын бастайды. 
      Одан арғы жылдары Оралдың кәсіптік-техникалық училищесін бітіріп, Қосшағыл кәсіпшілігінің механикалық шеберханасында бірнеше жыл токарь, электрик, КИП аппаратының операторы болып қызмет атқарды. 1966 жылы өндірістен қол үзбей жүріп, Саратовтың мұнай техникумын бітіріп, «Техник-механик» мамандығына қол жеткізген Ғалымжан Ғабдолкәрімұлы мұнай саласынды еңбек етті. 
      Шөбін тартсаң шұрайы, түгін тартсаң мұнайы көрінетін дархан дала байлықтарын қойнына бұғып жатқан берекелі ел емес пе?! Әрбір тасы алтын өлкенің жеріне табанын тигізген маманның одан арғы қызметі 1967 жылы Оңтүстік магистральды мұнай өнімдері басқармасының (қазіргі ТрансОйл) Қосшағыл мұнай-су айдау станциясының бастығы болып тағайындалып, зейнеткерлікке шыққанға дейін осы мекемеде жемісті қызмет етті.
      Поселкелік кеңес, өндіріс, совхоз басшыларымен қоян-қолтық бірлесіп жұмыс жасай білді, беделсіз болған жоқ, Ғалымжан Ғабдолкәрімұлы азаматқа лайықты, құрмет көрсетуге тұрарлық істері мен еңбегінің арқасында еңбек еткен жылдары түрлі марапаттарға ие болды. Атап айтар болсақ:
      «Советтер Одағы Мұнай өнеркәсібінің үздігі» құрмет белгісі;
      Өмір жолы туралы шағын мақала Қазақстан мұнайының 100 жылдығына арналып, үш тілде шыққан "Қазақстан Мұнай Энциклопедиясына" Жылыой аудандық энциклопедиясына енгізілді.
      Саналы ғұмырын мұнай өндіру саласына арнаған Ғалымжан Ғабдолкәрімұлы жары Алуа екеуі Ғалиолла, Гүлзия, Қайролла, Гүлмира, Сымбат, Файзолла, Ғайнолла, Ғарифолла, Зейнетолла есімді тоғыз бала өсіріп, тәрбиеледі.
      Тағдырдың маңдайға жазғанына көнуден басқа амал бар ма?! Ары таза, жаны жайдары азамат, әке рухын әрдайым жоғары ұстаған Ғалымжан Ғабдолкәрімұлы 1999 жылы 25 мамырда кенеттен дүние салды.
      Балалық шағы қиындықпен өтсе де, әке тағылымы мен ананың мейірімін бойына сіңірген адами асыл қасиеттерінің арқасында Ғалымжан Ғабдолкәрімұлы да халықтың жүрегіндегі үнді тыңдай алған, жанарындағы мұңды көре алған, жүрегінің әр дүрсілі елім деп, туған жерім деп соққан, айбары Алатаудың шыңынан да биік азамат.
      «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген, артына өшпес із, өлмес мұра қалдырып кеткен Ғабдолкәрім Қарабалин, Сабыр Ғабдолкәрімұлы, Ғалымжан Ғабдолкәрімұлы сынды ел ағалары, Үміт Ғабдолкәрімқызы сынды парасатты жандар, өнегелі өмір өрнегін көрсеткен тұлғалардың қатары көп болғай!
      Ел бірлігін бір тізгінде ұстаған аталарымыздың ерлігі мен аналарымыздың мейірім махаббатпен жасаған істері, еңбектері ешқашан ұмытылмайды, есімдері мен еңбектері ұрпақ санасында мәңгі жаңғырып тұрады.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...