Ұлы ұстаз Елін сыртқы жаудан қорғайтын өз батыры, батырлар ерлігін кейінгі ұрпаққа жеткізіп отырған жыршылары, ел ішіндегі дау
![]()
-дамайда әділдігін айтқан әділ биі мен төрелері, тойларда ел көңілін көтерген әншілері, қырық екі әріптен қамал тұрғызып, сөз құдіретімен қасиетін халық бойына сіңіре білген ақындары, үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсететін, қазақы мәдениеттің, тәрбиенің қаймағы болған ата-әжелеріміз болған. Аламанда жүйрігі бәйге алмаса, ауыл болып күрсініп, әділдігі сезіліп тұрса жеңілген балуанына да жүлде берген дархан көңілді қазақтың қай дәуірде де өзге ұлттардан ерекшеленіп, мәдениеті озық, рухани жан дүниесі бай болған.
Міне, осындай адами асыл қасиеттерді ұрпақ бойына сіңіріп, саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған азаматтарымыздың бірі Молдашев Әбділхайыр (Аққайыр) Молдашұлы 1938 жылдың ақпан айында Гурьев (қазіргі Атырау) облысы, Қызылқоға ауданы, Ақшелек елді мекенінде әкесі Шананқұлұлы Молдаш пен анасы Бекбергенқызы Қанияның отбасында дүниеге келген. Әкесі Молдаш жастай әке-шешеден жетім қалып, ағасы Әшірдің тәрбиесінде болған.
Абдолла хазіреттің шәкірті болып, оның шексіз құрметі мен шынайы сүйіспеншілігіне бөленген Тілегенұлы Әшір Көкмешітте біраз жыл бойы жоғары мектепте дәріс берген.
Күн-түн демей еңбек етіп, алдағы күнге үміт артып, «қайтсем де осыларды ел қатарына қосып азамат етіп шығарсам» деп өз-өзіне сенім артқан Қания анасының әрбір күні ауыртпалыққа толы болды. Жан-жолдасынан тірілей қол үзіп, бейнетке белшесінен батып жүрсе де, бала тәрбиесін ең алдыңғы орынға қойған анасы балаларын ел қатарлы білім алсын деп мектепке берді.
![]()
1957 жылы Мұқыр орта мектебін бітіріп, Гурьев (қазіргі Атырау) педогикалық институтына окуға түсіп, физика-математика мамандығын алып шыккан соң, 1962 жылы алғашқы еңбек жолын №490 Сағыз темір жол мектебінде ұстаздықтан бастайды.
Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Шынайы ұстаз өз шәкірттерінің жүрегінде білімге деген сарқылмас ынта-ықыласты оятады. Асуға құлаш ұрып, шыңдарды бағындыратын жастығының жарқын кезеңдерін жас маман болып бастаған ұстаз өзінің қандай ортаға да сіңіп кете беретін ашық мінезінің арқасында, білім ордасымен қатар ұжым ішіне де етене еніп кетті. «Бәрі де мұғалімнен басталады» деген орынды сөз оның білімі, адамгершілігі, балаға деген сүйіспеншілігі, олардың келешекте жеке тұлға болып өсуіне ықпал жасайды.
Жан жылуын, бар білімін баланың бойына сіңіріп, әр оқушысының үлкен өмірге білімді азамат болып аттануына зор үлес қосатын мейірбан жүректі ұстаздардың еңбегі өлшеусіз, зор құрметке ие. Әбділхайыр Молдашұлын бір көргеннен-ақ жүзінен бір ерекше шуақ шашып тұратынын анық байқауға болады. Жылы жүзі, сыпайы мінезі, сөйлеу мәнері адамды ерекше сезімге бөлейді. Ұстаздық болмысын даралай түсер жылылық пен ілтипаты өз алдына бір бөлек. Онымен әңгімелескен сайын рухани тазарып,
![]()
жан дүниең кеңейіп қалғандай болады. Парасат-ақылы, сырбаз мінезі тек ұжымын ғана емес, жан-жағындағылардың бәрін баурап алған. «Жақсы мінез – адамның сауыты» дегенде халқымыз көркем мінездің адам өмірінде жақсылыққа бастайтынын айтқан ғой.
1965-1966 оқу жылында Кенбай орта мектебіне мамандығы бойынша жұмысқа ауысып, 1973-1978 жылдары мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, 1984-1993 жылдары Кенбай орта мектебінің директоры қызметін атқарса, 1994-1999 жылдары Қызылқоға ауданына қарасты Сағыз селолық округі әкімі болып тағайындалды.
1999-2004 жылдары №8 кәсіптік-техникалық мектеп директоры қызметін атқарған жылдары да үлкен еңбек ете білді. Оқу орны жабылу алдында тұрған, техникалары азып-тозған, оқу базасы да жоқ еді. Осы оқу орнын көтеру жолындағы жұмыстарын абыроймен атқарды. 2003 жылы зейнеткерлікке шыққан соң да қолын төмен түсірмеген Әбділхайыр Молдашұлы осы мектепте 2005 жылға дейін әдіскер болып жұмыс жасады.
«Ұстазды алтын діңгекке теңер едім» деп, ұлы педагог Ы.Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы қиыншылығы мен рахаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы деуге болады. Ол адалдық пен шыдамдылықты, тынымсыз ізденіс пен ептілікті, білімділік пен тәрбиелілікті қажет етеді. Сонда ғана ұстаз деген абыройлы атты иеленуге болад
![]()
ы.
Міне, сондай жандар ғана шын мәнінде ұстаз болуға шын лайықты жандар. Бала күнінен мұғалім болуды армандамайтын жан болмайды, десек те, балалықтың арманы кетіп, есейе келе басқа арнаға бет бұратындар қаншама. Бұл ұлы жолды тек жүректілер ғана таңдап келеді. Сондай жүректі жанның бірі де бірегейі бола білген Әбділхайыр Молдашұлы өзінің ұйымдастырушылық қабілеті мен шәкірттермен жұмыс істеу бейімділігін көрсетіп, қолынан көптеген іс келетінін, сенім артуға болатын маман екенін дәлелдей білді.
Ардагер-ұстаз зейнеткерлікке шықса да, туған ауылының болашағын ойлап, жас жеткіншектерді имандылыққа тәрбиелеу жолында «Абдулла хазірет» мешітінің ашылуына өзі ұйытқы болды. Ауылдың өзекті мәселелері мен халықтың жай күйін ойлап, сын мақалалар жазып, аудандық «Қызылқоға», облыстық «Атырау», республикалық «Жас алаш» газеттерінің тұрақты тілшісі атанды.
Осы бір жерден ардақты тұлғаның ұстаздық, басшылық ету жылдарындағы қол жеткізген жетістіктері мен марапаттарына тоқталып өтсек:
- 2013 жылы «Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді;
- 2015 жылы «Қарулы күштерінің ардагерлері» РҚБ Орталық кеңесі президиумының шешіміне сәйкес «Авиация генерал-майоры Талғат Бигелдинов» медалімен;
- Қазақстан Республикасының оқу министрлігінің Құрмет Грамотасы мен Алғыс хаттары;
- Кәсіподақтарының Құрмет Грамоталары мен Алғыс хаттары;
- Облыстық, аудандық оқу бөлімінің Құрмет Грамоталары мен Алғыс хаттары;
- Әкімшілік және аудандық Мақтау Грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталды.
Әбділхайыр Молдашұлы жетекші бола жүріп, талай шәкірттің талантын ұштады. Қай кезде болмасын туған тілдің тағдырына бей-жай қарамай, жүрген жерінде таза қазақ тілінде сөйлеуге тырысып, мемлекеттік тілдің құлашын кеңге жайып, дамуына да өзіндік үлесін қосып келеді.
Әбділхайыр Молдашұлы отбасында ұстаз дейтін ұлағатты мамандықты иеленген жары, батыр ана Аралова Сақыпжамал
![]()
екеуі 7 бала тәрбиелеп, өсірді.
Аралова Сақыпжамал 1939 жылдың мамыр айында Гурьев (қазіргі Атырау) облысы, Қызылқоға ауданы, Қоңырсай елді мекенінде дүниеге келген. Ұзақ жылдар білім саласында қажырлы еңбек еткен тәлімі мол Сақыпжамал Қожырқызы 1963 жылы Гурьев (қазіргі Атырау) педагогикалық институтының бастауыш кластар мұғалімі және педагогика бөлімін тәмамдап, №490 Сағыз теміржол орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек жолын бастады.
Атасы күйші Арал Тоғаниязұлы Маңғыстау түбегіндегі дәстүрлі күйшілік-домбырашылық мектептің көрнекі өкілі, 19 ғасырдағы Абыл, Есір, Есбай сияқты күйшілердің күйлерін кейінгі ұрпаққа таратушы талант иесі болған. Аралдың жолын қуған күйші баласы Қожыр туралы әкесінің күйлерін орындағанда төрде отырған орнынан ортаға жылжып кеткенін байқамай, жан-тәнімен беріле орындайтын дәулескер күйші еді деп жерлестері тамсана айтушы еді. Осы Қожырдың жалғыз қызы Сақыпжамал мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршінді білімге жетелеп, зердесін ашып, алғашқы әріптермен білімнің бастау нәрін үйреткен ұлағатты ұстаздардың бірі болды.
Халықтық педагогиканы негізге ала отырып, оқушылардың ұлттық салт-дәстүрге терең көзқарасын қалыптастыру, адамгершілікке тәрбиелеу мақсатымен ұзақ жыл тер төгіп, ұрпақ тәрбиесіне зор үлес қосты.
Ұстаз – еңбектің зейнетін көрген жан. Ұстазға қарап шәкірт өседі, шәкірт санасында айрықша із қалдырған ұстаз есімі қашанда ардақты. Бүгінде Сақыпжамал Қожырқызынан өнегелі білім, тағылымды тәрбие алған шәкірттері биік белестерді бағындырып, тәуелсіз еліміздің негізін қалап, өсіп-өркендеуіне аянбай атсалысып, халқына адал қызмет етуде.
![]()
Сақыпжамал ұстаздың адал еңбектерін мекеме, ұжым құрметтеп, Батыс Қазақстан теміржол басқармасының марапаттауларына ие болды. Мектеп басшылығының Алғыс хаттарымен, «Еңбек ардагері» медалімен, «Алтын алқа» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды.
«Сақыпжамал – отбасының берекесі, асыл жар, аяулы ана. Білігі мол анадан тәлім-тәрбие алған балаларымыз да мәдениетті, әдепті әрі еңбекқор болып ержетті. Ол нендей нәрсе болса да биік талап тұрғысынан қарайды. Ағайын-туыстарымызға да темірқазық тірек, отбасының туы. Отанасына мен де, балаларымыз да бас иеміз, дән ризамыз», - дейді 40 жыл әр салада мектеп басқарып, ел басқарып алаңсыз еңбек еткен ардагер-ұстаз Әбділхайыр Молдашұлы.
Алдарында асқақ биік асқар таудай әке мен айдын көлдей дария аналарының жүрек жылуымен өсіп, тәрбие алған ұл-қыздары жоғары білім алып, бүгінде әрқайсысы өздері таңдаған мамандық бо
![]()
йынша әр салада беделді қызмет етуде. Олардың ішінде ұстаздық жолын таңдаған балалары да бар. Қос ұстаз ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, ұрпақтарынан немере-жиен, шөбере сүйіп, арқа-жарқа құрметке ие болған бақытты ата-әже.
Халқымызда «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген қанатты сөз бар. Ұлағатты ұстаз, кішіге үлгі, қиналғанға қамқоршы, ізденушіге ізгілігін таныта білген Әбділхайыр Молдашұлы ағарту саласына есімі тасқа қашалып жазылып қалған ардақты тұлға. Жылышырайлы жүзімен кез келгенді жанына жақын тартатын, салмақты, салиқалы сөзімен барлығын баурап алатын, жанындағыларға қашан да жылы шуағын шаша білетін ерекше тұлға
Әбділхайыр Молдашұлының артына қалдырған ұстаздық ұлағаты – осының айқын дәлелі. Оның білім жолындағы төккен тері мен атқарған ерен еңбегі, ізденісте болған шәкірттеріне шашқан шуағы ешқашан ұмытылмайды.