Танымы терең ұстаз «Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы», - деп Ғафу Қайырбеков айтқандай, ұстаздық –үлкен міндет, ұлы абы
рой. Ол жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарытып қана қоймай, үлкен өмірге бағыт-бағдар береді. Демек, ұстаз болу – шәкіртке ата-анасындай болып тәрбие сыйлау, жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беру.
Ұстаз – ұлағатты есім. Құм астында жатса да қасиетін жоғалтпайтын алтындай, уақыт өткен сайын салмағы басым болып келе жатқан осы бір мамандық иелеріне деген құрмет ерекше. Тарыдай болып мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің қолына қалам ұстатып, жүрек түбінде жасырынып жатқан қабілеттері мен талант бұлақтарының көзін ашып, үлкен өмірге бейімдеу де үлкен жауапкершілікті талап етеді. Таудың сай-саласы болмаса, өзен жолы өз ағысын таба ала ма? Иілуге қайым жас шыбықты күтіп баптап, саясы кең, үлкен бәйтерекке айналдырған бағбан секілді, қалам ұстауды енді үйренген өскіндердің жүрегіне үміт отын жағып, үлкен өмірге ұмтылдыратын да осы ұстаздар қауымы. Ұстаздар туралы айтылған мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер де аз емес. Осының бәрі ұстаз еңбегіне берілген баға.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де ұстаздық дейтін ұлы мамандықты иеленген ұлағатты ұстаз Рахманберді Жаппарқұлұлы 1947 жылдың
1 мамырында Түркістан облысы, Созақ ауданы, қазіргі «Сызған» әкімшілігіндегі «Қозмолдақ» елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Жаппарқұлдың он баласының кенжесі. 1954 жылы «Қозмолдақ» бастауыш мектебінің табалдырығын аттап, 1960 жылы «Сызған» жеті жылдық мектебінде және Кентау қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте жалғастырған Рахманберді Жаппарқұлұлы 1965 жылы өзінің алғашқы еңбек жолын «Қозмолдақ» ауылында байланыс бөлімінде электромонтер болып бастады.
1966-1969 жылдары Кеңес әскері сапында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп, әскерде жүріп, Ашхабад қаласындағы қысқа мерзімдегі офицерлік курсты бітіріп, кіші лейтенант шенімен елге оралды. Елге келген соң, 1969-1974 жылдары «Сызған» кеңшарында шопан, құрылысшы болып шаруашылықтың әртүрлі саласында жұмыс істей жүріп, 1975 жылы Шымкент педаг
огикалық институтының тарих факультетіне сырттай оқуға түсіп, 1980 жылы бітіріп шықты.
Сол оқуға түскен 1975 жылдың 14 қыркүйегінен Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектепте еңбек және тарих пәні мұғалімі болып ұстаздық қызметін бастап, 1980 жылы аудандық әскери комиссариаттың және аудандық Партия комитетінің ұсынысына сәйкес «Алғашқы әскери дайындық» пәні жетекшісі және мамандығын тарих пәні мұғалімі қызметіне ауысып, білім беру әлеміне еніп кетеді.
Бір жерден нәр алып, тамырын тереңге жіберіп, жүз жыл жасаған бәйтеректей, осы бір мектепте тәжірибесін арттырып, шәкірт тәрбиелей білген Рахманберді Жаппарқұлұлы өз ұжымдастары мен шәкірттері арасында белді қызметкерге айналды. Жыл санап емес, күн санап дамыған ғаламның көшінен қалмау үшін өзін үнемі толықтырып, жан-жақтылығын арттырып отырды. Мұғалімдер деңгейін көтеретін курстардан қалмай қатысып, біліктілігін шыңдай түскен ол пән бойынша қалалық, облыстық, республикалық деңгейде өткізілген жарыстарға шәкірттер тәрбиеледі.
Міне, сол жылдардан бастап жас ұрпаққа тәрбие берумен айналысып келеді. 1977 жылы мектепте безендіруде аудан бойынша социалистік жарыстың жеңімпазы болып, «Восток» қол сағатымен марапатталса, «Жас техниктер» үйірмесін
басқарып, Қазақстан Республикасы Пионерлер сарайының арнайы жүлдесін қазақтың киіз үйі макетін жасағаны үшін жеңіп алды. Аудандық жас туристердің слетінде 1985 жылы ІІ орын, 1986 жылы І орын, 1987 жылы І орын, облыстық жас туристердің 17 слетінде ІІІ орынды жеңіп алды.
Мектептегі өлкетану мұражайының жұмысымен шұғылданған Рахманберді Жаппарқұлұлы жұмыс істеген жылдары мектеп мұражайы облыстық туристік база мен облыстық өлкетану мұражайынан екі рет паспортталынды. Жас туристердің және әскери далалық жиындарда 1983-1987 жылдары 17 мәрте Алғыс хаттарымен, Мақтау грамоталарымен марапатталды. Әскери даярлық жарыстар, 1988 жылы ІІ орын, 1989 жылы І орын, 1990 жылы ІІ орын, Азаматтық Қорғаныс тәсілі бойынша І орын, жалпы команда бойынша ІІ орындарды иеленіп, мектеп мерейін үстем ете білді.
Білікті маман қай өндірісте де, қандай кәсіпорында да, білім ордаларында да сұранысқа ие. Тәрбиелеген шәкірттері жеңіспен оралып, өзі де мектепішілік, қалалық, облыстық, республикалық ұстаздың білім деңгейін арттыратын жарыстарда бақ сынап, біліктілігін арттырып қана қоймай, тәжірибе жинақтап, мектеп мерейін үстем етті.
Ұстаз болу үшін үлкен жауапкершілік, парасаттылық, пайымдылық пен кіршіксіз көңілді бұзып алмайтындай ұ
қыптылық, оқушы жүрегіне үңіле білу үшін мейірімділік пен сабырлылық, шаршамайтын шыдамдылық, балаға ұстаз ғана емес ана бола білу керек. Осы кезде ғана шәкірт пен оқушы арасында үзілмейтін байланыс болып, сол оқу орнынан үлкен адамдар, ұлылар, ақындар мен елге пайдасы тиер азаматтар, ел қамын ойлаған басшылар мен ұлттық құндылықты өмірінен де жоғары қоятын зиялылар шығады.
«Алғашқы әскери дайындық оқу кабинеттік және материалдық техникалық базасын жабдықтадым. Аудандық, облыстық, республикалық тексерулерде 4,5 деген бағалар алдым. Кабинетім ОБЛИУУ-дегі кабинеттер конкурсына қатысты. Ұстаздық еткен жылдарымда егемендігімізді алғаннан кейін өлкемізге үш рет оқушылармен өлкетану саяхаттарын жасадым. Облыстық білім департаментінен үш рет, облыстық әскери комиссариаттан 4 рет Мақтау грамоталарымен марапатталдым. 2005-2006 жылдары Республика бойынша ұйымдастырылған «Ең үздік ауыл мұғалімі» номинациясымен 1 орынды иелендім. Ұжым алдында үш рет өзім істеп жүрген жұмыстарым жайлы шығармашылық есебімді бердім» – деген, Рахманберді Жаппарқұлұлы ұстаздық қызмет еткен жылдары ешқандай ескерту алмай, қайта оқушы үлгерімін көтерудің, өзге де сабақ берудің түрлі жолдарын қолданды.
Қандай әдіс қолданса да, шәкіртті сауатты етіп шығарудың жолын іздеді. Оқушы да жаңа өсіп шыққан алма талының шыбығы сияқты. Дұрыстап қарап, суарып, түзулеп өсіре білсең, мықты әрі биік болып жетіліп, өз жемістерін береді. Сондықтан, ұстаздықтың қағидаттарына қатып қалмай, өзі білгені мен сабақта жазғандарын үйлестіре біліп, әр оқушының жүрегіне әртүрлі жол тауып жатты. Осындай табандылықпен, асқан ептілікпен, еңбекқорлықпен еткен еңбегі зая кеткен жоқ. Өз орнын тауып, мектеп әкімшілігі, білім бөлімі, басқарма тарапынан тиесілі марапаттарға ие болды.
Спорт жағынан балдарды волейбол, үстел теннисіне үздіксіз дайындап, шәкірттері аудандық, облыстық турнирлерде орын алып келе жатқан Рахманберді Жаппарқұлұлының марапаттарына көз жүгіртсек:
Тәуелсіздігіміздің 10 жылдығына орай Қазақстан Республикасының бұрынғы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хаты;
- 2018 жылы Қазақстан Республикасы «Qurmet-AB» қоғамдық бірлестігінің «Халық құрметі» медалі;
- 2019 жылы Республикалық «Ұстаз жолы» қоғамдық қорының елеулі еңбегі үшін «Ардақты ардагер» медалі;
- 2023 жылы «Тұран тұлпары» төсбелгісі;
- 2022 жылы Созақ ауданының әкімі Тұрысбеков Мұхит Сексенбайұлының ұсынысымен «Созақ ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Одан басқа да ауылдың қоғамдық өмірінің дамуына бір кісідей араласып, «Саңғыл би» сағана ғимаратын және туған ауылға телестанция ғимаратының салынуына атсалысты. Сонымен қатар, «Саңғыл би», «Бабаның батыр ұрпақтары», «Даналар рухы», «Ардагер асыл ағалар», «Саңғыл би шежіресі», «Шертпе күйдің шебері» атты роман-эссе кітаптары жарық көрді. Көптеген мақалалары, зерттеу жұмыстары республикалық, облыстық, аудандық баспасөздерге шығып тұрады. Оның біразы «Созақ елі», «Сахара-самалы» атты ауданның 75 жылдығына орай шыққан жинақтарға енді.
1998 жылдан «Құлыншақ Кемелұлы» атындағы шығармашылық бірлестіктің мүшесі, 2022 жылы «Түркі әлемі жазушылар одағы» мүшелігіне қабылданған Рахманберді Жаппарқұлұлы қазіргі кезде «Өлке тарихы», «Созақ көтерілісі» тақырыбында әртүрлі тақырыптағы әңгіме, эссе, повестъ, очерктер жазып келеді.
Балаға білім нәрін себуші, жан-жақты жақсы білім беруші, білгенін ерінбей-талмай үйретуші ұстаз ғана өз жемісін көре алады. Егер білімді ұстаздан білім алған шәкірті өзгелерден оза шабатын болса, бұл тіпті ұстаздық еңбектің ақталғанын көрсетеді. Әрине, өсіп келе жатқан ұрпақ бұл саналы адамзат баласының болашағы, жалғасы. Адамның артында қалатын ұрпағы саналы болса, адам баласының жер бетінде жасауы да сан ғасырларға жалғаса береді. Білім күшінің құдіреті, міне, осында жатыр. Бұдан біз білімнің қаншалықты маңызды екеніне де көз жеткіземіз. Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіліп, тіліміздің мәртебесі
артып, әлемге атымыз танылып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуі қажет.
Міне, осындай, бүк түсіп жатқан туған жердің тарихын зерттеп, ұлттық рухты, мәдениетті, руханиятты шәкірт бойына сіңіре білген, бір ауыздан айтқанда, мектептің ғана емес, ауданның, аймақтың ұстазы бола білген Рахманберді Жаппарқұлұлы отбасында да арқа сүйер азамат, асқар тау әке. Жары Бибісара екеуі 3 ұл, 3 қыз бала тәрбиелеп өсіріп, олардан 16 немере сүйді.
Найза ұшына үкі таққан жаужүрек батыр да, айбарымен әлемді дүр сілкіндерген хан да, сөзінде серпіліс, өлеңінде от бар ақтілек ақын да, табиғатқа тіл бітірген қылқалам иесі суретші де, аққу қанатындағы әнді өлеңге қоса білген әнші де анадан туып, ұстаз алдынан өтті. Ұстаздан тәлім алып, қолына қалам ұстауды үйреніп, жүрегінде қоздаған шоқты жалынға айналдыра білді.
Бүгін біздің жеткен әр жетістігіміз бен атқарған ұлы істеріміздің артында ана тілегі мен ұстаздың тәлімі, өлшеусіз еңбегі жатыр. Құм көшіп, уақыт өтер. Бірақ, шәкірт жүрегіне әділдік пен адамдықтың, ілім мен ғылымның дәнін еге біліп, құрмет төріне көтеріле білген ұстаздың еңбегі ешқашан ұмытылмайды, шәкірт жүрегіне салған ізі ешқашан өспейді. Ұстаз есімі – шәкірт жүрегінде соңғы демі қалғанша сақталып, еңбегі өмірінде кездескен қиыншылықтарда дұрыс бағыт сілтеп, арман шыңдарына жетелейді. Ұстаздықты меңгерген адамның құдіреттілігі де осында.
Осындай ағарту саласы мен мәдениеттің, тарих мен ұлт руханиятының ұстазы бола білген, сөзі мен ісінде, еңбектерінде ұлағаттылық тұнып жатқан Рахманберді Жаппарқұлұлының отбасына амандық, деніне саулық, еңбегіне шығармашылық табыс тілейміз!