Қызылорда жылу электр орталығында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметінің басшысы, «Құрметті энергетик», «Ардагер энергетик», «Еңбегі сіңген энергетик» медальдарының иегері
Еңбегі – жемісті, өмірі – келісті
Ел үшін туған ерлердің
Алды-арты дария, кең болар.
Артықша туған азамат
Халыққа үлкен бел болар.
Ж.Жабаев
Ел арасында асыл адамгершiлiк қасиеттi жоғары бағалап, жұрт үшiн жан сала қызмет атқарып жүрген арқалы азаматтарымыз аз емес. Сан ғасырлық тарихымызда қаны қазақ деп мақтан тұтар, бүгініміз бен келешегіміз үшін ғибрат алар, ұрпаққа өнеге етіп көрсетер, ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен, Отаным деп аянбай тер төгіп жүрген ел азаматтары қазақ елінде жетерлік. Елінің ертеңін ойлаған азамат тарихын түгендеп, өткенін өшірмей, бабаларын бағалап жүретіндігі сөзсіз. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз де ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген еңселі азамат – Садықов Алдамберген Өтемісұлы.
Алдамберген Өтемісұлы Сыр өңіріне қарасты Қазалы ауданы, Қазалы совхозында 1960 жылдың тамыз айының 9-жұлдызында дүниеге келген. Ер баласы үшін өмір көкжиегінде тұлға болып қалыптасуына сеп болатын еңселі азамат оның үйдегі арқасүйер асқар тау әкесі болмақ. Көпбалалы отбасында тәрбиеленген Алдамберген мырзаның да өмір жолында әкесінің бағыт-бағдары әр ісінің нәтижелі болуына сеп бола білді. Әкесі Садықов Өтеміс Садықұлы 1939 жылы 1 шілдеде дүниеге келген. Өтеміс ақсақал өмірлік жарын кезіктіріп, 1958 жылы 17 қарашада Боранбайқызы Аманкүлмен шаңырақ құрған. Өнегелі отбасының негізін қалыптастыра білген жандар 4 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірді.
![]()
Өтеміс Садықұлы еңбек жолын Қазалы ауданы, Қазалы совхозынан 1958 жылдан бастап 1994 жылға дейін қой шауашылығымен айналысып, шопан болды. Адал еңбегінің арқасында бірнеше қалалық, облыстық, республикалық көлемдегі марапаттарға ие болды. Өтеміс ақсақал балаларына үнемі “Балаларым, өз мамандықтарыңды жақсы көріп жасаңдар, ерінбеңдер, бір жұмысқа тұрақтап, адал еңбек етіңдер, сонда ғана еңбектің жемісін көріп, елдің батасын аласыңдар”,-дейтін. Осы өсиетті бойына сіңіріп өскен әулеттің тұңғышы Өтемісұлы Алдамберген әке нұсқаған жолдан айнымай, бүгінде ел ардақтайтын азамат атанып отырған жайы бар.
Балалық шағын аталған өңірде өткізіп, қатарластарымен асыр сала ойнап, қайта оралмас сағым естеліктердің куәгері атанған жан алғаш осы өңірде орналасқан мектептің табалдырығын аттап, шәкірт атанады. 1977 жылы №100 орта мектептің түлегі атанды. Болашақ мамандығына бағам жасап, 1979-1984 жылдар аралығында Алматы энергетика институтының жылу электр станциялары факультетінде «инженер-экономист» мамандығы бойынша білім алып шығады.
Алғашқы еңбек жолы кімнің болмасын есінде өзіндік естеліктермен қалады. Өз ортасында теориялық білімін өмірлік тәжірибеде іске асыра отырып, әріптестер арасында ерекше сыйластыққа ие болып, кәсіби маман ретінде Алдамберген Өтемісұлы өз есімін қалыптастыра білді.
1984 жылы тамыз айының 29-жұлдызынан бастап арнайы жолдамамен Қызылорда «ЖЭО-6» қазандық жабдығының операторы болып қабылданды. Әрі қарай:
- қазандық операторы;
- қазандық цехының ауысым басшысы;
![]()
- қазандық цехы басшысының орынбасары;
- қазандық және турбиналық цехтың пайдалану-баптау тобының инженері;
- диспетчерлік қызмет басшысы;
- қазандық цехының басшысы;
- КОГТЭС басшысы;
- мазут станцияларының басшысы;
- жылу желілерінің директоры;
- Солтүстік аудандық жылу желілерінің басшысы болып нәтижелі қызмет атқара білді.
Қазіргі уақытта «ҚТӨП» МКҚК еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметінің басшысы. Қай салада жұмыс жасаса да Алдамберген Өтемісұлы тиянақты, адал қызмет атқаруды басты ұстаным етті. Өндірістің арқасында ол шыңдалып, өз ісінің шебері бола білді, бойындағы жұмысқа деген жауапкершілігі, ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленіп, жас кезінен-ақ басшылық қызметке лайық деп танылды. Лауазымды қызмет атқарған кезеңдерінде бойындағы кішіпейілдік, өзгеге қамқор болу, әріптестеріне құрметпен қарау сынды адами қасиеттерін берік ұстана білді.
Ісі оңғарылып, елдің батасына бөленген ер азаматтың артында жігері мықты әйел баласы тұрады десек артық айтпағандық. Алдамберген Өтемісұлы 1982 жылы өмірлік жары Өмірзаққызы Күләшпен шаңырақ көтереді. Күләш Өмірзаққызы адал еңбекпен нан тауып, балаларын адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеген қарапайым отбасының тумасы. Әкесі Өмірзақ – көлік жүргізушісі болса, анасы Күлшат дүкенде сатушы қызметін атқарған.
Өмірзаққызы Күләш жарымен бірге 40 жыл бір мекемеде жылу орталығында экономикалық жоспарлау
![]()
бөлімінде басшылық қызмет атқарады. 1983 жылы 12 қаңтарда тұңғыш ұлы, ізбасары Алдамбергенұлы Рүстем дүниеге келеді. Ата-ана бақытын сезінген жандардың араға жыл салып 1984 жылы Лаура, 1986 жылы Венера есімді қарлығаштары өмірге келіп, оларды саналы ұрпақ етіп тәрбиелей білді. Алдамберген ағамыз бен жары бүгінде үш перзентінен 10 немере сүйіп отырған бақытты жандар. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған. Құда-құдағайларының, ағайын-туыстың арасында сыйлы.
2008 жылы ұлдары Рүстем шаңырақ көтеріп, Алдамберген ағамыз бен Күлаш анамыз Шелек ауданынан келін алып құда-құдағай атанса, сол жылдың наурыз айында Венера қыздарын, шілде айында Лаураны Сарыағаш ауданына ұзатты.
60 жас мерейтойында күйеу баласы Даурен ақ тұлпар мінгізіп, ата-анасын дән риза қылды. Алдамберген Өтемісұлының 63 жас зейнетке шығу тойын ұлы Рүстем дүркіретіп тойханада құда-құдағай, дос-жаран, көрші, ұжымдастарына атап өткізді. Бұдан артық ата-анада қуаныш болмады десек те болады.
Қашан да болашағын алыстан бағамдайтын қазақ «қыстың қамын жаз ойла» демеуші ме еді… Ендеше, Қазақстанның жарқын болашағы үшін қандай да бір іс тыңдыруға міндетті екенімізді естен шығармай, тәжірибелі ел азаматтарының еңбек жолын көпшілікке үлгі тұтайық Алдамберген мырза білікті маман иесі болып қана қоймай, білімді тәжірибемен ұштастырған, басқару жүйесін жетік білетін іскер азамат деп білеміз. Алдамберген Өтемісұлындай маман әрдайым ел экономикасын өрістетуге тың идеялар қоса алатын біліктілігімен сұранысқа ие, құрметке лайық деп білеміз!
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()