Меңдалиев Бурабек Алшынұлы, Ғұбайдуллақызы Ғная

Рейтинг:

Қаржы саласының ардагерлері

Ғибратты ғұмыр иелері

      Қандай да бір елдің, мемлекеттің қуатты күшке айналып, мәңгілік ел болып қалыптасуы жолында іргетасының берік болып қалануы үшін, сол елдің ішкі экономикалық жағдайы мықты болуы керек. Сол кезде, іргесі мызғымас ел деп айта аламыз. Экономика деген материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастар. Қандай тауар өндіріп, қызметтің қай түрін көрсету керектігін; қандай технологияны пайдаланып, қалай өндіруді, кім үшін өндіріп, кімге қызмет көрсету қажет деген мәселелерді шешетін экономикалық жүйелердің ішіндегі маңыздысы, ол – қаржы саласы. 
      Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де, саналы ғұмырын қаржы саласына арнап, еңбек жолын темір жол құрылысында қатардағы жұмысшыдан бастап, ауыл тіршілігінің берекесін кіргізіп отырған кеңшарда есепші, бас есепшілігіне дейін көтерілген азамат Меңдалиев Бурабек Алшынұлы.
      Адал еңбектің туын тік ұстап, артына саналы ұрпақ қалдыра білген бүгінгі кейіпкеріміз Бурабек Алшынұлы 1922 жылы 5 наурызда Гурьев облысы, Маңғыстау ауданы, Куйбышев селосында дүниеге келген.
      Басын бұлт шалса да, шыңдары мен мұндалап тұратын Алатаудай болған асқар тау әкесі елге қызмет етуінен бір сәт те тайынбаған, топырағы қасиетті Маңғыстау жерніде кіндік қаны тамса да, дүйім қазақ елінің руханиятын көтеру жолында еңбек еткен атақты шежіреші, шешен, би – Алшын Меңдалыұлы. 
      Сауатты, парасатты, әділдігімен турасын айтатын адалдығымен ағайын туыстың және елдің ықыласына бөленді.
      Жүрегіндегі мейірім жүзінен төгіліп тұратын, «айналайыны» мен аялы алақаны антарктиданың мәңгі мұзын да ерітіп жіберетін махаббаты мол анасы Мендалиева Керме өмірлері ғибратқа толы, өнегелі жандар болған. Ал, ақ жаулығында ардың кірін жұқтырмаған анасы адал еңбегімен жеңісті жақындатуға өз үлесін қосып тылда еңбек етті. Алтын асықтай ұл-қызды өмірге әкелді. Отағасымен бірге балаларының бойына адалдық, адамгершілік қағидаларын сіңіріп, ел игілігі жолында адал қызмет етуге баулыды. Ұядан түлеп ұшқан ұл-қыздарына парасатты да адал ісімен елдің алғысын алуды үйретіп, ер жеткізген ардақты Ана.
      Үлкен өмірге жолдама беріп, білімді Бурабек Алшынұлы Форт-Шевченко қаласында аттады. Осы жерде жүріп, жеті жылдық мектепті бітірген соң, артынан кешкі мектепке ауысып білім алады. Сол бір қиын сәттерде жоғарғы оқу орнына түсуге мүмкіндігі болмайды. Артынан нәубет алып келген Отан соғысы кезінде де, Түрксіб темір жол құрылысының жұмыстарына араласып, бес жыл бойы еңбек етеді. 
      Соғыс аяқталғасын 1946 жылы Маңғыстауға оралып, колхозда әуелі есепші, сосын бас есепші қызметтерін атқарады. Сол кездері Маңғыстау ауданы құрылып, осы ауданда әр түрлі салада еңбек етеді. Ол қиын кездегі уақытта Үкімет қай салаға жұмысқа жұмсаса, сол салада адал қызмет атқарады. Бірақ, сен қанша дарынды болсаң да, үкіметтің қолдан жағып берген қара күйесі бар емес пе, елінің бас көтерер азаматтарының бірі болғаны үшін жалған жаламен «халық жауы» атанған әкенің баласы болған үшін, «халық жауының баласысың» деп, шеттету көп болған. Бірақ, өткінші жалаға емес, өзінің ісінің әділдігі мен адалдығына сенген Бурабек Алшынұлы қызметте жүріп-ақ талай жетістіктерге қол жеткізді.
      Аяқтан шалуға дайын тұратындардың жаласынан Бурабек Алшынұлы ешқашан именген емес. Қайта, осындай халықтың ұлы болған әкесімен мақтанып, Алшынның ұлымен деп еңсесін тік ұстады. Барып кел, шауып келдердің дәуірі өткен соң, әкесінің даңқы артқан соң, кейіпкеріміз құрмет төріне бірінен соң бірі көтеріліп, барған жерінде тек төрден орын ұсынылатын құрметті азаматтардың біріне айналды. 
      «Ерім деп еміренетін ел болмаса, елім деп езілетін ер қайдан болсын» деген халқымыздың бұл даналығының астарында қанша мағына жатқаны баршамызға түсінікті. Бұл, ер-азаматтардың еткен еңбегін лайықты бағалай білу қажеттігін қай кезеңде болмасын маңызды екенін көрсетеді. 
      Біз әңгімелегелі отырған азамат атына сай ер. «… Өзіңе сен, өзіңді алып шығар еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп ұлы Абай айтқандай, ол еңбегі мен ақылы сай келетін азамат. Қандай іске болсын қабілетті, өз пайдасынан гөрі халықтың игілігін жоғары қоятын, өзгені құрметтеп, сол арқылы өзін де сыйлата білетін азамат. Ол қазақтың асыл қасиеттерін бойына сіңірген, адамгершілігі мол, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, мансап іздемей, адамгершілік қасиеттен аттамаған.
      Бурабек Алшынұлы кеңшарда ұзақ уақыт жұмыс жасай отырып, қаржы саласының дамуына белгілі үлес қосты. Үлкен жұмыс тәжірибесі бар, өзіне жүктелген міндеттерді орындауға жоғары жауапкершілікпен қарайтын білікті маман, ұжымда құрметке ие, кеңшардың қоғамдық өміріне белсене қатысып, көмек қолын соза білді. 
      Өзіне сенімді, еш шаршауды білмейтін, жоғары ұйымдастырушылық қабілеті мен жеке азаматтық ұстанымы бар, өзінің қарапайымдылығымен айналасындағылармен оңай тіл табыса біледі. Адалдығымен, жұмысты барынша ұқыпты орындауға ұмтылумен ерекшеленіп тұрады. 
      Еңбекқор, ізденімпаз, кәсіби білгір маман, өз ортасында сыйлы, беделді. Өзі оқыған мектебін, туған ауылын да ұмытпайды. Әрқашан қолынан келгенше мұқтаж жандарға демеушілік көрсетіп, ауылының тыныс-тіршілігіне қолғабысын беріп жүрді. Рас, адам қайсыбір іске икемді бола бермейді. Бірақ, Бурабек Алшынұлы өз саласының білгір шебері атанған. Қай мекемеде жұмыс істемесін ол сол абыройлы, адал атқарған қызметі үшін рахметін естіп, алғысын алып келеді. Сол адалдық қасиеті оның әке қанымен, ана сүтімен дарығанын мақтаныш сезіммен айтады. 
      Өсіп-өнген өнегелі отбасыда тәрбиеленіп өскен, кішіпейіл, мейірімді жан. Көпшілдігімен, қонақжайлылығымен ағайын-туыс пен дос-жаранның көңілін таба білген, ата-енесіне, еліне ибалы мінезімен жаққан сыйлы келін, аяулы да, адал жар, ардақты ана, жары Ғұбайдуллина Ғная екеуі бірге ұлағатты ұл мен тәлімді қыз тәрбиелеп, немере сүйді. 
      Қызметтен бөлек, отбасындада үлкен жанашыр әке, көрген–білгенін бала-шағасына үйретіп, бос уақытын жанұясына арнап, балаларына үлгі болып келе жатқан жаны таза, көкірегі адал, жайсаң, нар тұлға – Бурабек Алшынұлы кеңшар өмірінің жақсаруы бағытында еңбек еткен орны бөлек қаржыгер. 
      Қаржы саласының жұмысы күрделі де жауапты екені белгілі. Өйткені, ол – мемлекеттің, облыстың, қаланың, ауданның бюджетін құрауға, оның сапалы орындалуына тікелей жауап беретін сала. Расымен де, «Есебі түзудің есесі түгел». Бухгалтерлік мамандық үлкен жауапкершілікті талап ететіні сөзсіз. Қай заманда болмасын әрбір азаматтың халық алдында атақ-абыройының артып, бедел-құрметінің өсуіне ел үшін атқарған қызметі ықпал ететіні анық.
      Адал еңбек, төккен терінің арқасында Бурабек Алшынұлы ағамыз қажырлы қайратымен, жайсаң мінезімен таныла білді. Жақсының аты өлмейді деген сөз рас екен, жамбасы жерге тиіп, жүзін топырақ жасырғанына көп жылдың жүзі болса да, есімі мен жасап кеткен істері әлі күнге күн нұрындай жарық шашып тұр. 
      Қаржы саласының дамуына өмірін арнаған Бурабек Алшынұлы өнегелі жолы кейінгі ізбасарларына үлгі. 
      Адамзат баласына берілетін ең жоғарғы әрі жүрекке жақын баға, ол - абырой. Адамның абыройы елінің игілігіне қосқан үлесі мен қоғам үшін жасаған ілкімді ісімен өлшенсе керек. Әрине, тірнектеп жинаған бұл абырой көктемнің жылымығындай жалғандықпен емес, қиындығы қырық қарыс қайсар еңбектің қайтарымындай жанды жадыратса ғана қайырлы болатыны рас. Байқасақ, арамызда жайдары жандар аз емес. 
      Жақсылығы мен жамандығы қатар жүретін бұл жалғанда ізгілікке ұмтылатын, саналы ғұмырын парасаттылыққа арнайтындар болады. Олардың жүріп өткен жолдары келешек ұрпаққа үлгі-өнеге болады. Адамға мақсатқа жету жолында қайсарлық пен өжеттік керек. Өзін-өзі үздіксіз қамшылап отыруы тиіс. Ішін жылан жайлап, от қарып бара жатса да, тіс жарып, тірі пендеге мұң шақпай, тағдырға қасқайып қарсы тұра білуі керек. Біз әңгіме еткелі отырған Ғұбайдуллина Ғная өмір жолында талай жақсылар мен жайсаңдардың ортасында болып, ғибратты ғұмыр кешіп, ұрпағына тәлімді тәрбие дәнін егіп, бүгінгі күні ақылы дария дана ана, асыл әже болып, әулеттің ақ жаулықты ардақты анасы атанып отыр.
      Қаржы саласында қызмет етіп, оқығаны мен тоқығанын, санасына түйгенін қаржы саласына арнаған Ғұбайдуллина Ғная 1926 жылдың 12 мамырында қазіргі Атырау облысы, Маңғыстау ауданы, Куйбышев елді мекенінде дүниеге келді. 
      Тағдыр желінен қорған болған әкесі Султанов Ғубайдулла еңбек адамы болса, өнегелілік пен инабаттылықтың, тәлім-тәрбиенің үлгісі болған анасы Сұлтанова Айтбибі шаңырақтың шаттығын, берекесін кіргізумен қатар, дүниеге он бала әкеліп, оларды тәрбиелеп, өмір құндылықтары мен адами асыл қасиеттерді бойына сіңіріп, алтын асықтай перзенттерін құтты орындарына қондырған алтын құрсақты бақытты ана.
      Мектепте өзінің жан-жақтылығымен сыныптастары арасында көшбасшы болып, мектеп мақтанышы атанып, ұстаздарының мерейін асырып, мақтаулы шәкірті болды. Жас түлектің арманы өзі қалаған оқу орнына түсіп, мықты маман атанып, өз саласының білгірі ғана емес, ғылым жолына да бет бұруды ойлайтын. Өзінің қарым-қабілетінің арқасында алға қойған арман-мақсаттарына жету жолында шаршап, шалдыққан жан емес.
      Көп жылғы еңбегімен ағайынның да, ұжымдастардың да құрметіне бөленіп, абырой төбесіне көтеріле білген Ғная Ғұбайдуллақызы 1940 жылдардың ортасында орта мектепті бітірген соң, Маңғыстау ауданының Ильич совхозында еңбек жолын қатардағы есепші болып бастаған. 
      Өз ісін шексіз сүйетіндіктен, жұмыс барысында, ұжым арасында ылғи да кішіпейіл қалпымен көпті тәнті ете білетін. Алғыр, шапшаң, білімді жас барынша адал болуға, өтірік айтпауға, біреудің ала жібін аттамауға, қандай жағдайда болмасын өзінен кеткен қатені мойнымен көтеруге тырысатын. Нәзік жанды болса да, ер балаға бергісіз төзімді, сын көтере білетін. Әрі өзіне қарата айтылған сынға қуана қарайтын. 
      Білімі мен біліктілігінің арқасында қолға алған шаруасын дөңгелетіп алып кететін өр мінезді өжет жанның ерекше қасиеті – ол көпшілікті қандай мәселеге болсын иландыра біледі. Өзекті нәрсені нақты фактілермен дәлелдеп, көкейге қондырып, кімнің болмасын көзін жеткізіп айта алады. Бойындағы бұл асыл қасиет, өршіл мінез, шешендік тіл Ғная Ғұбайдуллақызына ата-анасынан дарыған деуге негіз бар. «Еңбекке икемді болсаң – еліңе сүйкімді боласың» деген дана сөздерін айтып, балаларына тәлімді тәрбие бере білген дана жандар. Сондай ел құрметіне бөленген жаны жайсаң, жүрегі дархан, пейілі кең, көкірегі көктем ата-ананың өнегесімен есейген кейіпкеріміз оқу-білімге құштар болды. 
      Қызмет барысында да өзінің, жауапкершілігімен, ісінің тиянақтылығымен ұжымның, басшылықтың сенімінен шыға білген Ғная Ғұбайдуллақызы сол бір қиын кезеңдердегі кезіккен кедергілерді сабырлығы, табандылығы және қайсарлығының арқасында жеңіп шықты. 
      Әуелі совхоздың есепшісі болып жұмыс жасап, ұжымшардың бас есепшісіне дейін қызметі көтеріледі. Маңғыстау ауданының қаржы инспекторы болып әрі қарай қызметте жұмыс жасаған Ғная Ғұбайдуллинқызы өмірінің ең көп бөлігін Маңғыстау ауданының әлеуметтік қамтамасыздандыру бөлімінде бас есепші қызметін атқарумен өткізіп, құрметті зейнет демалысына шығады.
      Иә, адам құдіреттілігіне ой жете бермейтін, саналылығының, даналығының, қабілеттілігінің шегі, теңі мен телісі жоқ, киелі де қасиетті, аса күрделі жаратылыс қой. Кейіпкеріміз аса сезімталдығымен, парасатты пайымдылығымен, боямасыз болжамды ойымен де өз ортасында дараланып тұрады. Білім жолындағы амалы мен тәсілі де мың сан деуге болады. Бүгінгісін ертеңге қалдырмайтын, жаңалыққа жаны құмар, жаңашыл, заманауи, талғампаз, ізденімпаз, талапты, өзіне қажетін таңдай білетін, жоғын табатын, барын жаңарта, жасандыра, жетілдіре білетін жан. 
      Адамның дүние-өмір танымдық қуат көзі, нағыз адамдықтың негізі нәзік болмысы ақыл, ес, ой-өріс, жады, түйсік және сезім дейтін болсақ, оның мінезі жайлы да салмақты. Нәзік болмысымен қабаттас дарыған, табиғат берген сыр-сипаты, іс-әрекеті, бет-бағдары мен күнделікті бір қалыптан таймайтын өмір сүру дағдысы жан-жағына керемет үлгі боларлықтай. Ақыл мен мінез кісіліктің парқын көрсетсе, парасаттылығы мен бітім-келбеті оның өмірге деген көзқарасын айқындап тұрады емес пе?! Бір бойында барлық асыл қасиеттер тоғысып жатқанына бір жағынан қызыға қарасаң, сонан соң шын тәнті боласың.
      Қай кезде болмасын жан-жақтылығының арқасында көшбастап жүреді. Әріптестері арасында беделі биік. Осыншама бедел жинау жылдар бойы келетін еңбек дейтін болсақ, оның қарапайымдылығы, астамшылықты білмейтін адамгершілік асыл қсаиеттері көпті сүйсінтіп тұрады. Қай кезде болмасын жүзі жарқырап, адамдарға ілтипатпен қарап, үлкенді де кішіні де, өзінің сыйлы кісісіндей көреді.
      Бүгінгі кейіпкеріміз Ғная Ғұбайдулинқызының да әкесі «халық жауы» деген асыра сілтеу уақытында 1938 жылы ату жазасына кесілген. Халық жауының қызы атанып, өмірде қиыншылықтарды көп көрсе де, еш уақытта мойымай еліне, жұртына қызмет етуден тойынбаған, ер мінезді, сабырлы, парасатты, адал ана және Алшын Мендалыұлының келіні атанды. 
      Жастайынан жұмысқа тиянақты, жауапкершілікке жан-жақты бейімделген, сауаты мықты, абыройлы жан айналасына жылы шуағын шашып жүретін, еңбек ардагері, барлық саналы ғұмырын халқына жедел қызмет атқарған, ардақты ана, ибалы келін Ғная Ғұбайдуллинқызы отбасында да аяулы жар, асыл жүректі ана бола білді. Қаржы саласында еңбек еткен азаматы Бурабек Алшынұлы екеуі бес перзент тәрбиелеп өсіріп, құтты орындарына қондырды. Бүгінгі таңда балалары әр салада қзымет етіп жүрген білікті мамандар. 
      «Ердің асылы ісінен білінеді, әйелдің асылы ісінен білінеді» демекші, Ғная Ғұбайдуллинқызының берекелі өмір жолы көпке өнеге. Сырлы аяқтай сыны кетпеген кейіпкеріміздің жүзі де жылы, жүрегі әрқашан мейірімге толы. Ұл-қызына саналы да сапалы тәрбие беріп, бар ғұмырын еңбекке арнаған жан еліміздің бір кірпіші болып қалана білген мәртебелі тұлға.
      Әйелдік әдебі мен әдемі болмысын сақтай білген Ғная Ғұбайдуллинқызы өскелең қазақ қыздары үлгі алады деген ойымыз бар. Жаны таза, рухы биік, кеудесі қазынаға толы сіз секілді қазақ әйелдері әрқашан құрметке лайық! 
      Иә, әлемнің жарығын сыйлайтын осындай сан қырлы тірлігімен ардақталып жүрген жандарды көргенде сүйсінесің.
      Олардың ғибартқа толы жолы басқаларға үлгі болса дейсің!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

20 сентября 2024 13:55
Амангуль
Сіз бар жақсыға лайықтысыз апа! Ортамызда ақылшы болып жүре беріңіз! Сіз бар жақсыға лайықтысыз апа! Ортамызда ақылшы...
18 сентября 2024 21:29
Галия
АЛШЫН әкей Маңғыстау Халқы үшін, азаматтығымен өте сыйлы, құрметті болғаны мақтаныш. Менің әкем Мұхаш Алғалиұлымен жас...
9 сентября 2024 11:50
Дюсенгалиева Клара
Анашым Алтын кітапқа енуіңізбен шын жүректен құттықтаймын😍😍.Сіз бар жақсылыққа лайықсыз😘❤️.Әрқашан жанымызда аман-есен...