Жұманов Тоқтар Жұмағалиұлы, Жұмағұлова Жамал Досымбекқызы

Рейтинг:

Ұлағат пен парасаттың қос бәйтерегі 

      Өмір өзенінің арнасын кеңейтетін де, ағысын тереңдететін де – еңбек пен мейірім. Екеуі тоғысқанда, ұрпаққа өнеге, елге аманат қалдырады. Сол қасиетті сабақтың иелері – қаржы саласында мінсіз қызмет еткен Тоқтар Жұмағалиұлы мен мейірімін тұтас әулетке төккен, алтын құрсақты батыр ана Жамал Досымбекқызы.
      Бірі – адалдықтың айнасы. Тоқтар Жұмағалиұлы совхоздың бүкіл есебін жүрекпен жүргізіп, әділдікті ту етті. Қағазға түскен әр сан – тек есеп емес, елдің несібесі, халықтың ырысы болды. Оның қолтаңбасы – таза қағаз бен ұқыпты есеп қана емес, ел сенімінің кепілі еді. 
      Екіншісі – мейірімнің шуағы. Жамал Досымбекқызы он екі баланы дүниеге әкеліп, барлығын тәрбиелеп өсірген алтын құрсақты ана болды. Таңның атысынан кештің батысына дейін мал шаруашылығында еңбек етіп, кейін ұлы Абайдың қасиетті мұрасын қастерлеген музейде қызмет етті. Оның төзімі мен табандылығы, қонақжайлығы мен кеңпейілдігі – елдің жүрегіне жазылған өнеге. 
      Өнегелі өмірі адал еңбекпен өрілген қос тұлға жайлы таратып жазғанды жөн көрдік. Қазақ даласының әр өңірінде елдің арқа сүйер асыл азаматтары бар. Солардың бірі – еңбек адамы, қаржы саласының адал да ұқыпты маманы, өнегелі өмір ғимаратының кірпіштерін адалдық пен табандылықтың, есеп пен еңбекқорлықтың, адамдық пен парасатпен Тоқтар Жұмағалиұлы 1928 жылдың 5 желтоқсанында Абай облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылында дүниеге келеді.
      Береке қазаны оттан түспеген, дәулет самалы даласында самал болып ескен құтты мекенде балалығын өткізіп, бала кезінен еңбекке ерте араласты. Қазақ тарихында ақтаңдақ болып қалған, қиын да ауыр нәубет жылдарды басынан өткеріп, тәуба мен шүкіршілікті аузынан тастамаған Тоқтар Жұмағалиұлы еңбектің ауыр қамытын мойнына ерте киді. 
      Совхоздың жұмысына араласа жүріп, 1949 жылы ауылдасы Жұмағұлова Жамал Досымбекқызымен отау құрып, бірін тартсаң, бір шетің ашық қалатын жамаулы жылдарды бірге өткерді. Балалық бақытын соғыс жылдары ұрлаған, тағдырдың салмағын ерте сезінген қос тағдыр иесі еңбек ете жүріп, тұңғыштары Рысқайша дүниеге келген соң, Тоқтар Жұмағалиұлы әскерге шақырылып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келеді. Ауыр тұрмыс ерте есейтіп, өмір мектебі оны қайрап шыңдай түседі. Еңбек жолын қазіргі Би Ата ауылындағы совхозда бухгалтер болып бастайды. Әрбір тиынның орнын тауып, әрбір еңбектің есесін әділ таратып, қолындағы қалам – бір ауылдың тағдырын теңестірген таразы болған Тоқтар Жұмағалиұлы қате жібермейтін қырағылығы, адалдықтан айнымайтын мінезі – оны еңбек ұжымының сенімді тірегіне айналдырды. 
      Зейнетке шыққан соң да ол еңбек жолын тоқтатқан жоқ. Жидебайда ұлы Абайдың музейінде қызмет етіп, тарихқа тағзым етті. Өмірден көрген түйгенін өскелең ұрпаққа ақыл етіп айтып қалдыра білген Тоқтар Жұмағалиұлы 2017 жылдың 19 мамырында мәңгілік мекеніне аттанып кете барды. Ол өзі өмірден өткенімен артына әулетінің ізін өшірмейтін, саналы ұрпақ қалдыра білді.
      Қазақтың кең даласы әр дәуірде талай еңбек ерлерін тудырды. Әрқайсысының өмір жолы – тұтас бір дәуірдің айнасы. Сол асыл жандардың бірі – бүкіл саналы ғұмырын елдің тұрмысын түзетуге, ауыл шаруашылығының өркендеуіне арнап, қаржы саласында мінсіз қызметімен елдің ризашылығына бөленген ардақты азамат Тоқтар Жұмағалиұлы – еңбекқорлық пен адалдықты ту еткен қарапайым қазақы әулеттің перзенті. Жастайынан зерек, алғыр болып өскен ол оқу мен еңбекке қатар шынығып, ауылдың тіршілігіне ерте араласты. Туа біткен жауапкершілігі мен ұқыптылығы кейінгі өмір жолының алтын арқауына айналды. 
      Тоқтардың есімі ең алдымен қаржы саласындағы адалдығымен танылды. Совхоздың қалың тіршілігінен табылып, бухгалтер болып еңбек етті. Бұл – қарапайым көрінгенімен, елдің берекесін сақтайтын жауапты қызмет еді. Әрбір тиынның есебі, әрбір шаруаның табысы оның қолынан өтіп, әділдікпен реттеліп отырды. Ол – сандардың ғана емес, елдің де тағдырын таразылап отырған адал қызметкер болды. 
      Мінсіз есеп, таза қағаз, ұқыпты құжат – оның қолтаңбасы еді. Бір күннің емес, бір дәуірдің тірлігін қадағалаған Тоқтар Жұмағалиұлы өз ісіне қылаудай қиянат қылмады. Осы мінезі арқылы ол тек әріптестерінің ғана емес, бүкіл ауылдың сеніміне ие болды. 
      Қызметте тиянақты, адамдық қарым-қатынаста қарапайым, үлкенге ізетті, кішіге қамқор болған Тоқтардың адамгершілігі ел ішінде аңызға айналды. Қонақжайлылығы мен көпшілдігі, адал асын бөлісуге дайын кеңпейілдігі оның кісілігін айқындап тұрды. Балаларына әділдікті, адалдықты аманат етті. Оның мінезінен қазақы қарапайымдылық пен кісілік биік тұрды.
      Отбасында да асыл жар, асқар тау әке бола білген Тоқтар Жұмағалиұлының әулетінің ізін жалғап, түтінін түзу ұшыруға сеп болған, шаңырағының ішін шаттық, береке, бақыт гүлімен көмкерген Жұмағұлова Жамал Досымбекқызы туралы таратып айтсақ. 
      Қазақ даласының кең төсінде әрбір үйдің шамы, әр әулеттің тірегі болған аналардың орны бөлек. Олардың мейірімінен шаңырақ жылуы тарап, олардың төзімінен бүтін ауылдың тіршілігі өркендеді. Сол аналардың ішінде ерекше жаратылғандары бар – ұрпағын көбейтіп, ұлтын өсірген алтын құрсақты, еңбегімен еліне сүйікті болған батыр аналар. Қазақтың сайын даласы әр дәуірде асыл аналарды дүниеге әкелді. Олар елдің ұйытқысы, шаңырақтың берекесі, ұрпақтың темірқазығы болды. Сондай алтын арқаудың бірі Жамал Досымбекқызы 1932 жылдың 5 желтоқсанында Абай облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылында дүниеге келген еді. 
      Жамал Досымбекқызы – ата-анасы Досымбек пен Санияның бауырындағы тұңғыштары. Көзін еңбекпен ашып, балалықтың уақыты соғыстың қиын кезеңімен тұспа-тұс келді. Бірақ соған мойымаған өжет қыз жастайынан еңбекқорлықты бойына сіңіріп, әр істі ықыласпен атқарды. Алғырлығы мен пысықтығы ауылға да үлгі болды. Орта мектепті тәмамдап, жастық жігерін еңбекке, өмірге, ұрпақ тәрбиесіне арнады.
      1949 жылы ауылдың еңбекқор азаматы, кейін совхоздың есеп-қисабын ұстап, Абай музейінде қызмет еткен Тоқтар Жұмағалиұлымен шаңырақ көтерді. Екеуінің өмірі сыйластық пен еңбектің, махаббат пен парасаттың ғұмырнамасына айналды. Бұл шаңырақтан 12 перзент өмірге келді. Жамал солардың әрқайсысына ана мейірімін төгіп, тәрбиелеп өсірді. Қатарынан оздырмаса да, заманның қиындығында ешқайсысын аш-жалаңаш етпей, ең бастысы – адалдық пен адамдықты бойларына дарытты. Оның «алтын құрсақты ана» деген атағы – өмірдің өзі берген ең үлкен марапат.
      Жамалдың еңбек жолы да өзіне тән өрнекке толы. Жастық шағында мал шаруашылығында сауыншы болып ұзақ жылдар маңдай терін төкті. Таңның атысы мен кештің батысында сиыр сауып, ауылдың баласына ақ дәмін жеткізді. Бұл – нағыз төзімділіктің, еңбекке берілгендіктің белгісі. 
      Ал 1973 жылдан бастап Жидебайдағы ұлы ақын Абай музейінде қызмет етіп, қазақ руханиятына үлес қосты. Музейдегі әрбір жәдігерді, әрбір жәдігердің тарихын қастерлеп, Абай мұрасының сақталуына жанашырлық танытты. Жамал апайдың бұл еңбегі – ауыл ғана емес, бүкіл ұлт руханиятына қосқан өлшеусіз үлес.
      Жамал Досымбекқызы – тек еңбеккер ғана емес, ауылдың қадірлі қариясы, сыйлы анасы болды. Қонақжайлығы, көпшілдігі, бауырмал мінезі елдің ілтипатына бөледі. Балаларына берген тәлімі – ұрпаққа мәңгілік өнеге. Оның бейнесі «алтын құрсақты ана» деген ұғымның шынайы көрінісі еді. 
      1977 жылы шыққан Республикалық «Қазақстан әйелдері» журналы оның еңбегін, аналық мейірімін жоғары бағалап, мұқабасына фотосын шығарып, еңбегі жайлы жазды. Бұл – бүкіл ауылға ортақ қуаныш, елге үлгі болған оқиға болатын. 
      Абай елінде дүниеге келіп, бар өмірін адал еңбекке, ұрпақ өсіруге арнаған ардақты жан, алтын құрсақты Батыр ана – Жамал Досымбекқызының аналық жүрегі мейірімнің теңізі іспетті еді. Қанша бала тәрбиелеп, қанша немере-шөберенің қызығына куә болса да, ешбіріне деген ықыласы кеміген жоқ. Балаға құшағы ашық, немереге жүрегі жылы, туысқа бауырмал болды. Оның мейіріміне бөленген әр ұрпақ өз бойына ізгілік пен ілтипатты сіңірді. Ауыл баласы үшін де оның жүзі шуақ, сөзі – медеу болатын.
      Қарапайымдылық, қонақжайлық, көпшілдік – Жамал ананың басты қасиеттері болды. Оның шаңырағына бас сұққан жан төрден орын алып, дастарханынан дәм татпай кеткен жоқ. Көршінің қуанышы мен қайғысына ортақтасып, айналасына ізгіліктің шуағын шашып жүрді. Балаларына берген тәрбиесі – шынайы мектеп, елге көрсеткен үлгісі – мәңгілік сабақ. 
      Жамал Досымбекқызының ең үлкен ерлігі – дүниеге әкелген ұрпағы. Ол он екі перзентін өсіріп, ұл-қызын елге сыйлы етіп тәрбиеледі. «Алтын құрсақты ана» атануы – тек биік атақ емес, бұл оның төзімі мен қайсарлығының, өмірлік мұраты мен аналық миссиясының жемісі. Жамал ананың ғұмыры – қазақ әйелінің төзімі мен парасатының айнасы. Оның бойындағы еңбекқорлық, елге сыйлы мінезі мен балаға берген тәрбиесі – бүгінгі ұрпаққа ұран, келер ұрпаққа өнеге. Жамал Досымбекқызының есімі ауыл тарихында ғана емес, ел жадында да қастерлі болып қала бермек.
      Екеуінің тағдыр жолы – бір-бірін толықтырған қос арна. Тоқтардың есептегі әділдігі мен Жамалдың аналық мейірімі бір шаңырақ астында тоғысып, ұрпаққа береке болып дарыды. Олар ел ішінде қарапайым еңбеккерлер ғана емес, рухы биік, парасаты асқақ тұлғаларға айналды. 
      Бүгінде олардың ғұмыры – өткеннің тарихы ғана емес, бүгінгі күннің бағдары. Қаржыгер Тоқтардың адалдығы – ұрпаққа әділдіктің үлгісі, батыр ана Жамалдың мейірімі – ұрпаққа ізгіліктің шамшырағы. 
      Қазіргі таңда 12 баладан тараған 38 немере-жиен мен 53 шөбере-жиеншар – бағаналы әулеттің ұрпағы. Осындай берекелі әулеттің ізі жалғаса берсін дей отырып, шағын мақаламызды тәмамдаймыз.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

16 октября 2025 07:21
Людмила
[hide] [/hide Евгений! Вопрос: в далёком детстве Вашем Вы были в Монголии?? 1975-1980гг. Я из Москвы, ищу своих... если...
4 октября 2025 14:45
ERLAN
Барака Аллаху фикум пусть Аллах сделает болгим в обеих мирах твой труд и старание для людей ради Аллаха...
4 октября 2025 01:26
Жанар
Махаббат не только мастер своего дела-лучший скульптор лица, но и чуткий и внимательный Человек с большой буквой! Любви...