Яхияева Куралай Калмаганбетовна

Рейтинг:

Трансшекаралық ынтымақтастық, су қауіпсіздігі және тұрақты даму салаларындағы халықаралық деңгейдегі сарапшы

Ел мүддесін екшеген еселі еңбек

      Әр кезеңнің өз салмағын иығымен көтеріп, заманның тамырын дәл басатын, қоғамның сұранысына сергек үн қосатын тұлғалары болады. Сондай тағылымды тұлғалардың бірі, ғылым мен қоғамдық жауапкершілікті, кәсіби ізденіс пен елдік мұратты бір арнаға тоғыстырған, трансшекаралық ынтымақтастық, су қауіпсіздігі мен тұрақты даму мәселелерін терең зерделеп жүрген сарапшы Яхияева Құралай Қалмағанбетқызы. Сондай-ақ «Сырдария атырауы мен Арал теңізінің солтүстік бөлігіндегі экологиялық жүйені қалпына келтіру» атты монографияның бірлескен авторы, «Қазақстанның су серіктестігі» қоғамдық қорының үйлестірушісі, ел игілігі жолындағы елеулі еңбегі 2024 жылы Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі табыстаған «Су саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған Құралай Қалмағанбетқызы 1968 жылғы 27 қарашада Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданындағы ХХІ партсъезд атындағы совхоздың «Қызылдихан» учаскесінде дүниеге келді.
      Оның әкесі Қалмағанбет Яхияев – Ұлы Отан соғысының от-жалынын кешкен, 1942 жылы Сталинград майданына аттанған, тұтқын азабын да бастан өткерген қайсар жан. Қандай ауыр сынаққа душар болса да, рухын жасытпай, елге аман оралған соң туған ауылында жұмысшы, пошташы болып еңбек етті. Зейнетке шыққаннан кейін де еңбектен қол үзбей, күзетшілік қызмет атқарды. Алайда соғыс пен тұтқынның салған жарасы денсаулығына салмақ түсіріп, 1982 жылғы 13 қазанда 67 жасында өмірден өтті. Мейірімі күн шуағынан да жылы анасы Зағипа Әлдепқызы – Колхоздың қара жұмысында жүріп, тіршіліктің талай тауқыметін бастан өткерсе де, сабырын серік, төзімді тірек еткен ардақты ана өмірдің ащысы мен тұщысын тең көтерді. Қызы Құралай институтта сессия тапсырып жүрген шақтарда Алматыға арнайы келіп, жанынан табылып, ақ батасын аямайтын аналық жүрек перзентінің әр қадамын демеп отырды. Алайда қызының диплом алған қуанышын көру бақыты бұйырмай, 73 жасында өмірден өтті.
      Құралай Қалмағанбетқызы №131 «Қызылдихан» мектебінің ұстаз үмітін ақтаған, талапты да алғыр шәкірт ретінде танылды. Алтыншы сыныпта озат оқуы үшін Бүкілодақтық «Артек» пионер лагеріне жолдама алуы оның зеректігін ерте әйгіледі. Сегізжылдықтан кейін Қызылорда политехникумына «Гидромелиорация» мамандығына оқуға түсіп, оны үздік бітіріп, техник-гидротехник атанды. Қызылорда политехникумында Садыков Арғын Садықұлы, Ги Виталий Хайвонович, Жиенбаев Бисембай Жиенбайұлы, Ешниязов Ахметкәрім Исмағұлұлы, Ашимова Ираш Үртайқызы сынды ұстаздар оның инженерлік ойлау жүйесін қалыптастырып, гидромелиорация саласының табиғат пен тіршілікке тікелей сабақтас маңызды арна екенін терең ұғындырды. 
      1988 жылы Алматы сәулет-құрылыс институтына қабылданып, 1995 жылы Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын сумен жабдықтау, суды әкету, су рсеурстарын тиімді пайдалану және қорғау бойынша инженер-құрылысшы біліктілігін алып шықты.
      1995–1996 жылдары Алматы теміржол көлігі инженерлері институтында қызмет етіп, «Жоғары математика» кафедрасында Алдашев Серік Аймырзаұлының қарамағында аға лаборант болып жұмыс атқарды. 1996 жылы конкурстан өтіп, «Құрылым беріктігі» кафедрасында профессор Нұраш Көпесұлы Көпесовтың жетекшілігімен «Материалдар кедергісі» пәні бойынша ассистент болып бастаған. Бұл кезең оның ғылым мен ұстаздыққа бет бұрған жарқын қадамы еді.
      1997–2004 жылдары Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясының Инженерлік-экологиялық факультетіндегі «Су бұру және су қорларын қорғау» кафедрасында инженер, маман, бірінші санатты маман, оқытушы қызметтерін атқарды. Күрделі инженерлік білімді шәкірт санасына жүйелі жеткізе білді, оның кәсіби шеберлігі толысып, педагогикалық болмысы кемелдене түсті. Бұл жылдарда Қарпыков Сакен Сәдуақасұлы, Мырзахметов Меңлібай Мырзахметұлы, Хисарова Лариса Цыреновна, Жомаротов Елшібек Батырбекұлы секілді тәлімгерлер оның білім көкжиегін кеңейтіп, су қорын ұтымды пайдалану, табиғи байлықты қорғау, инженерлік жүйелерді меңгеру бағытындағы танымын тереңдетті.
      Құралай Қалмағанбетқызының ұстаздық келбетін айқындаған басты ерекшеліктің бірі – дәрісті қазақ және орыс тілдерінде бірдей тереңдікпен жүргізуі. Бұл оның салалық білімінің молдығын ғана емес, ғылыми ұғымдарды дәл жеткізетін тілдік және зияткерлік қарымын да танытты. Ол техникалық мазмұны күрделі пәндерді қазақ тілді аудиторияға ұғынықты етіп түсіндіріп, әдістемелік нұсқаулықтарды орыс тілінен қазақшаға кәсіби дәлдікпен аудару арқылы ұлттық техникалық білім қорын байытуға сүбелі үлес қосты. 2003 жылдан оқу-әдістемелік бірлестіктің хатшысы ретінде Болон үдерісін енгізу ісіне араласып, типтік және жұмыс оқу жоспарларын, пән бағдарламаларын әзірлеуге, «Су ресурстары және суды пайдалану» мамандығын ашуға қажетті құжаттарды дайындауға атсалысты. ҚазМҚСА қабырғасында инженерлік және ұстаздық шеберлігін қатар шыңдаса, 2004 жылдан Мемлекетаралық Су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы жанындағы ғылыми-ақпараттық орталықтың Қазақ филиалында инженерден трансшекаралық ынтымақтастық жөніндегі сарапшы болып су саясаты, экологиялық тепе-теңдік, табиғи қорларды ұтымды пайдалану бағытындағы жауапты міндеттерді абыроймен атқарды. Сонымен қатар «Су ресурстары және суды пайдалану» мамандығы студенттеріне ниверситеттерде қосымша оқытушы болып, жас буынның санасына кәсіби біліммен бірге табиғатқа жанашырлық пен су байлығына жауапкершілік ұстанымын дарыта білді.      Қызмет жолында Қыпшақбаев Нариман Қыпшақбайұлы тәрізді азаматтармен бір ортада еңбек етуі тәжірибесін байытып, кәсіби ұстанымын бекемдеді. Сөйтіп, оның болмысы ұстаз өнегесімен шыңдалып, ізденіспен толысып, жауапкершілікпен кемелденді.
      2012 жылдан бері Құралай Қалмағанбетқызы қоғамдық негізде Ғаламдық су серіктестігі құрамындағы «Қазақстанның су серіктестігі» үйлестірушісі, жауапты хатшы болып елдік маңызы бар су қауіпсіздігі, тұрақты даму, халықаралық ынтымақтастық мәселелеріне белсене араласып келеді. Әртүрлі ұйымдар мен сарапшылық ортаның өзара байланысын үйлестіріп, су саласына қатысты ортақ ұстанымның қалыптасуына кәсіби үлес қосты. Қоғамдық қызметте де Құралай Қалмағанбетқызының еңбегі айрықша – су қауіпсіздігі, табиғи қорларды сақтау, халықаралық ықпалдастық мәселелеріне белсене араласып келеді.
      Оның ғылыми және кеңесшілік қызметі Арал өңірінің экологиялық ахуалы, трансшекаралық өзендер, климаттық сын-қатерлер мен су деректерін жүйелеу секілді күрделі мәселелермен тығыз сабақтасты. 2004-2008 жылдар аралығында Сырдария атырауындағы су ресурстарын интеграцияланған басқару және ветландтарды қалпына келтіру бағытындағы жоба аясында көлдер жүйелерін сақтауға өз үлесін қосты. CAREWIB, RIVERTWIN, BEAM сияқты аймақтық жобаларда Орталық Азия мемлекеттері мамандарымен су ресурстарын басқарудың өңірлік және экономикалық тетіктерін зерделеу ісіне атсалысты. 2010-2017 жылдары бассейндік кеңестер отырыстарын ұйымдастыру арқылы мүдделі тараптарды ортақ алаңға тоғыстырды. Ал 2013 жылы WACDEP жобасы бойынша Қызылорда облысында Сырдария өзені суын үнемді пайдалану жолдарынқарастыру, құрғақшылықпен күрес, су қорын сақтау, қауіп-қатерді алдын ала бағалау және тұрақты даму ұстанымдарын ілгерілету бағытында маңызды еңбек сіңірді.
      2019 жылдан бері Құралай Қалмағанбетқызы көршілес мемлекеттермен құрылған комиссиялар мен жұмыс топтарының келіссөз үдерістерін ұйымдастыру, су дипломатиясы мен ортақ табиғи қорды әділ пайдалану мәселелеріне кәсіби үлес қосып жүр.
      2020 жылы ол трансшекаралық суларды реттеу, су қатынастарын ұтымды пайдалану және қорғау бағытындағы халықаралық ынтымақтастықты ұйымдастыру жобасында іс-шаралар үйлестірушісі болды. Сол жылы климат өзгерісіне бейімделу үшін Орталық Азияда жергілікті деңгейде қолжетімді технологияларды тарату жобасы бойынша Қызылорда облысында семинар-тренинг өткізіп, табиғат құбылыстарына бейімделудің тәжірибелік жолдарын ұсынды.
      2022 жылы су қорларын басқарудың бірыңғай ақпараттық-талдамалық жүйесіне техникалық аудит жүргізу жұмысына институционалдық мәселелер жөніндегі ұлттық сарапшы ретінде қатысып, басқару тетіктері мен салалық үйлесім сапасын зерделеді. Ал 
      2024 жылы «Орталық Азияда су ресурстарын климатқа төзімді басқару» өңірлік жобасы аясында су саласындағы гендерлік мәселелер жөніндегі ұлттық сарапшы болып, әлеуметтік әділет пен шешім қабылдауға қатысу тетіктерін кәсіби айналымға енгізуге атсалысты. Сол жылы экологиялық ағынды анықтау тетіктерін әзірлеу жобасында гидротехникалық құрылыстар және су шаруашылығы инфрақұрылымы жөніндегі сарапшы ретінде еңбек етіп, өзен ағынының табиғи ырғағы мен су жүйелерінің мүмкіндігін ғылыми тұрғыдан саралады.
      2025 жылы Құралай Қалмағанбетқызы Жамбыл, Алматы, Жетісу, Абай және Шығыс Қазақстан облыстары үшін су тасқыны мен құрғақшылық зардабын азайтуға, су қабаттарын басқарылатын толықтырудың гидрогеологиялық стратегияларын әзірлеуге су ресурстары саласының сарапшысы ретінде қатысып келеді. Бұл оның қызмет аясының бір ғана бағытпен шектелмейтінін, трансшекаралық ықпалдастықты да, климатқа бейімделу тетіктерін де, экологиялық және ғылыми мәселелерді де қатар зерделейтін білікті маман екенін аңғартады.
      Құралай Қалмағанбетқызының кәсіби жолындағы ең салмақты кезеңдердің бірі – 2004–2024 жылдары Мемлекетаралық Су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы жанындағы Су шаруашылығы мәселелері жөніндегі ғылыми-ақпараттық орталықтың Қазақстан филиалындағы қызметі. Осы аралықта инженерден трансшекаралық ынтымақтастық жөніндегі сарапшыға дейінгі белестерден өтіп, 13 ғылыми-тәжірибелік зерттеуге қатысты. Соның нәтижесінде «Сырдария атырауы мен Арал теңізінің солтүстік бөлігіндегі экологиялық жүйені қалпына келтіру» атты ұжымдық монографияның тең авторы атанып, Арал өңірінің экологиялық ахуалы мен су-тіршілік сабақтастығын ғылыми тұрғыдан зерделеуге сүбелі үлес қосты.
      Ол «Су ресурстарын интеграцияланған басқару» бағытында біліктілігін ұдайы жетілдіріп, 2016 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің магистратурасын тәмамдап, «Су ресурстары және суды пайдалану» мамандығы бойынша ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі дәрежесін алды. Осылайша оның еңбек жолы ғылым, тәжірибе және елдік жауапкершілік тоғысқан тағылымды арнаға айналды. 2025 жылдан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Гидрология» бағыты бойынша докторантурада білімін жалғастырып, ғылыми ізденісін жаңа белеске көтерді.
      Құралай Қалмағанбетқызы қай кезде де білім мен ізденісті өмірінің темірқазығына айналдырған жан. Ол ешқашан тоқмейілсуді серік етпей, ғылым мен тәжірибе арасындағы байланысты тереңдете отырып, кәсіби көкжиегін ұдайы кеңейтіп келеді. Мұндай ұстаным оның табиғатына біткен еңбекқорлықтан, мамандыққа деген адалдықтан, елдік мүддеге қызмет етуге деген ішкі мұраттан бастау алады.
      Құралай Қалмағанбетқызының зерттеу өрісі кең де салмақты. Оның ғылыми ізденістері су ресурстарын ұтымды пайдалану, табиғи байлықтарды сақтау, экожүйелерді қалпына келтіру, трансшекаралық су ынтымақтастығы, су қорларын интеграцияланған басқару және техникалық-кәсіптік білім беру мәселелерін қамтиды. Әсіресе трансшекаралық су қатынастары секілді күрделі бағытта сарапшы ретінде танылуы – терең білімнің, кең пайымның және ортақ табиғи мұратқа жауапкершілікпен қараудың айғағы.
      Құралай Қалмағанбетқызы отбасы құндылығын өмірінің өзегі санаған мейірбан ана. Қызы Айнұр – жоғары білімді, бүгінде отбасының берекесін кіргізіп отырған көпбалалы ардақты ана. Ұлы Айдос – жоғары білімді графикалық дизайнер, отбасылы, үш баланың әкесі. Кенже ұлы Айжас – IT-технологиялар колледжінде білім алып жатқан, бағдарламалау бағытын таңдаған ізденімпаз жас.
      Оның ғұмыр жолына зер салғанда, ғылым мен ұстаздықты, қоғамдық қызмет пен сарапшылықты бір арнаға тоғыстырған, табиғат пен адам тағдырын егіз ұққан, елдік мүддені биік қойған парасатты тұлға бейнесі айқын танылады. 
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

10 мая 2026 00:50
Санжар Косжанов
Вауу күшті шыққан. Үлкен естелік болатын болды....
10 мая 2026 00:27
Jazira
Менің атам бар жақсыға лайықтты. Рахмет сіздің арқаңыз өсіп өнгеніміз... ...
7 мая 2026 13:03
Айым
Сәлеметсіз бе сізге көрінейін деп едім ...