Қаржы саласының ардагері, «Еңбек ардагері», «Ерен еңбегі үшін» медальдарының,
«Он бірінші бесжылдық үздігі» төсбелгісінің иегері
Еңбегі ерен есепші
Қаржыгер – сандардың салқын әлемінде жүріп, шын мәнінде қоғамның жүрек соғысын реттеп отыратын жан. Сырт көзге олардың еңбегі бірсарынды көрінуі мүмкін, бірақ әрбір есептің, әрбір баланс пен қаржылық есептің артында ұқыптылық, жауапкершілік және терең ой жатыр. Кәсіпорынның әр күнін, әр айын, әр жылын ол нақты дерекпен, дәл цифрмен хатқа түсіріп, кіріс пен шығыстың қозғалысын реттеп, заң талаптарын сақтай отырып, шаруашылықтың қаржылық тынысын бақылауда ұстайды. Бір ғана қате есеп бүкіл құрылымның тұрақтылығына әсер етуі мүмкін екенін терең сезінген есепші әр санды таразылап, әр құжатты мұқият тексереді. Кіріс пен шығысты есептеу арқылы шаруашылықтың ілгері жүруіне, жұмысшылардың адалынан еңбекақы алуына және қандай да шаруашылыққа береке кіргізетін жандарды «шаруашылықтың жүрегі» деп айтсақ, қате айтқандығымыз емес.
Саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы саласындағы қаржы ісіне арнап, кеңестік кезеңде экономиканың тірегіне айналған совхоздарда есепші, кейін басшылық қызметтерді абыроймен атқарған Аждаров Елубай Аждарұлы 1938 жылғы 10 қарашада Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданына қарасты Қызылшілік ауылында (бүгінде Кеңес Одағының Батыры Нүркен Әбдіров есімі берілген елді мекенде) қарапайым еңбекқор отбасында дүниеге келді. Даланың қоңыр тіршілігі мен мал шаруашылығына негізделген өмір салты оның балалық шағын қалыптастырып, жастайынан еңбекке араласуына, шаруашылықтың тынысын түсінуіне ықпал етті.
Өмір бұлағының бастауы болған әке-анасы туралы айтар болсақ, әкесі Ахаметшеұлы Аждар мен анасы Қасымқызы Ләзаттібал – Қызылшілік ауылында мал шаруашылығы саласында еңбек еткен, әділдік пен адалдықты ту етіп ұстанған жандар.
Аждар ақсақал тек мал шаруашылығымен ғана шектелмей, ауыл арасында аты шыққан шебер ұста болған. Сол кезеңде Нүркен совхозының аумағында ағысы қатты, арналы Жарлы өзені ағатын. Аждар ақсақал өзеннің осы екпінді ағысын пайдаланып, су бойына ағаштан диірмен тұрғызған. Осы диірменмен бидай тартып, қиын-қыстау шақта елді ұнмен асыраған. Мұндай ерен еңбегі мен темірден түйін түйген шеберлігі оның сегіз қырлы, бір сырлы азамат болғанын аңғартады.
Ауыл баласының ойы зерек, қадамы алшық, қандай істі қолға алса да, оны аяғына дейін жеткізе білетін тиянақты әрі еңбексүйгіш болып өсетіні де сондықтан болса керек. Бала кезінен төрт түліктің төлімен жарысып өскен Елубай Аждарұлы да алдынан кесе өтпейтін ауылдың ардақты азаматтары мен кеудесі қазынаға толы данагөй қарттардың ақылын тыңдап, ақ батасын алып өсті.
Жарқын болашаққа бастар білім ордасының табалдырығын 1946 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Нүркен колхозындағы 7 жылдық «Крестьян жастары мектебін» («Школа крестьянской молодежи») аттап, білім нәрімен сусындады. Өмір көрген, тағылымы мол, айтар ойында әділдік пен адалдық менмұндалап тұрған ұстаздарынан тәлім ала жүріп, өзінің зеректігі, алғырлығының арқасында пән сабақтарын еркін меңгерумен қатар, сыныптың, мектептің қоғамдық өміріне араласып, ұстаздарының мақтауына ие болды.
Білімін одан әрі Қарқаралы қаласындағы № 1 қазақ орта мектебінде жалғастырған Елубай Аждарұлы талай қыранның қанатын қомдап, қияға баптап ұшырған іргелі білім ордасын үздіктер сапында тәмамдап шығады. Талап қадамын алшақ басып, арман жүйрігінің үстіне қарғып мінген талантты жас, сол кездегі еңбекке тартылу дәстүрі бойынша, алғашқы еңбек жолын 1955 жылы Қарағанды облысына қарасты Ағадір кентінде жер барлау экспедициясы құрамында бастайды. Күн сәулесіне бетін сүйдірген ауыл баласы осылайша қолы тиген істі жандандырып жіберетін жалынды жас қайнаған өмірдің ішіне араласып кете барады.
Ауыл ақсақалының даналық сөздері көкірегінде от болып жанып, жарық нұрды сілтеп, тағылымын тәбәрік еткен Елубай Аждарұлы 1957 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы қаласында Зоотехникалық-ветеринарлық техникумы жанындағы «Ауыл шаруашылығы есеп маманы» 1 жылдық курсын аяқтап, қаржы саласындағы алғашқы еңбек жолын 1958 жылы Нүркен колхозына қарасты 2-бөлімшеде есепші болумен бастайды. Қаржы саласы – тиянақтылықты, зеректікті және үлкен жауапкершілікті талап ететін күрделі жол. Өзіне сенген, тәжірибесіне иек артқан жандар ғана қызметтік міндетін абыроймен атқарып, абырой мінберіне көтеріле алады.
Міне, осындай өз ісінің кәсіби маманы бола білген, қызмет барысында адамгершілік қасиеттерді ұстаным ете білген Елубай Аждарұлы 1960 жылы Нүркен колхозы әкімдігі есеп бөлімінде есеп-қисап (расчетный) есепшісі қызметін атқарса, 1963 жылы жаңа құрылған Нүркен атындағы совхоздың бас есепшісі орынбасары қызметіне көтерілді. Көңіл көктемі қашанда нұр шашып тұратын, ұжымдастарымен тонның ішкі бауындай араласып кете баратын маман сеніп тапсырылған орынбасарлық қызметтерді де абыроймен атқарды. Одан әрі 1965 жылы жаңа құрылған Томар («Прогресс») совхозының бас есепшісі, 1973 жылы туған ауылы Нүркен атындағы совхоздың бас есепшісі қызметінде болды.
Елубай Аждарұлының еңбек жолы жылдар өткен сайын кеңейіп, жауапкершілік ауқымы арта түсті. Ол қай қызметке тағайындалса да, ең алдымен нақты тәртіп пен жүйелі есепті басты өлшем етіп ұстанды. 1980 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы ауыл шаруашылығы басқармасының бас есепшісі қызметіне кіріскен сәттен бастап, аудан көлеміндегі шаруашылық құрылымдардың қаржылық тәртібін біріздендіру, кіріс пен шығыс қозғалысын нақты бақылау, жоспарлы көрсеткіштердің орындалуын экономикалық тұрғыдан негіздеу ісіне тікелей жетекшілік етті.
1986 жылы басқару құрылымы қайта ұйымдастырылып, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы «Аудандық ауыл шаруашылығы өндіріс басқармасы» мекемесі болып өзгергенде, ол осы мекеменің есеп-финанс бөлімі бастығы қызметіне ауыстырылды. Жаңа құрылым жағдайында қаржы ағындарын үйлестіру, шаруашылықтар арасындағы есептілік тәртібін күшейту, өндірістік жоспарды нақты экономикалық есепке сүйене отырып жасады. Әсіресе, өтпелі кезеңнің қаржылық тұрақсыздығы жағдайында ресурстарды тиімді бөлу, шығынды оңтайландыру, еңбекақы мен өндірістік шығындардың уақытылы төленуін қамтамасыз ету сияқты күрделі мәселелерді байыппен шешіп, басқару ісінде нақтылық пен салқынқанды талдауды басшылыққа алды.
1993 жылы құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққанымен, жинақталған тәжірибесін аяқсыз қалдырмай, 1995 жылға дейін осы қызметінде еңбек етіп, мекеменің қаржылық жүйесін тұрақтандыруға үлес қосты. Ал 1995–1997 жылдары Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданына қарасты Қарқаралы совхозында, Көктас ауылында бас есепші қызметін атқарып, шаруашылықтың ішкі қаржы құрылымын сақтап қалуға, есеп жүргізудің тәртібін нығайтуға бағытталған нақты жұмыстар атқарды. Бұл кезеңде нарықтық қатынастарға бейімделу, бұрынғы жоспарлы жүйеден жаңа экономикалық талаптарға көшу оңай болмағанымен, ол кәсіби білім мен тәжірибеге сүйене отырып, шаруашылықтың қаржылық негізін берік ұстап қалды.
Қызметпен қатар, Елубай Аждарұлы ауданның әлеуметтік-мәдени өміріне де белсене араласып, қоғамдық шараларды ұйымдастыруға, еңбек ұжымдарының бірлігін нығайтуға атсалысты. Жас мамандарға тәлім-тәрбие беріп, есеп жүргізудің кәсіби мәдениетін үйретіп, олардың өз ісінің шебері болып қалыптасуына нақты ықпал етті. Оның тәжірибесі мен талапшылдығы жас буын үшін кәсіби мектепке айналса, ал әділдігі мен байыптылығы әріптестері тарапынан жоғары бағаланды.
Ауыл шаруашылығы экономикасының күрделі кезеңдерінде нақты есеп пен қатаң тәртіпке сүйеніп, ауданның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз еткен, басшылық қызметте де, қарапайым еңбеккер ретінде де абыройлы болған Елубай Аждарұлы ұзақ жылғы мінсіз қызметі үшін түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды. Қай қызметте жүрсе де есеп-қисаптың дәлдігін, қаржылық тәртіптің сақталуын, өндірістік жоспардың экономикалық негізділігін басты назарда ұстап, шаруашылықтың тұрақты дамуына жүйелі үлес қосты. Совхоздар дәуірінде де, басқару құрылымы өзгерген кезеңдерде де ол нақты есепке сүйеніп, қаражаттың мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етіп, ұжым алдындағы сенім жүгін абыроймен көтерді.
Осындай адал еңбегі мен кәсіби жетістіктері мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, Елубай Аждарұлы «Еңбек ардагері» («Ветеран труда») медалімен, «Ерен еңбегі үшін» («За доблестный труд») медалімен, «Он бірінші бесжылдық үздігі» («Ударник одиннадцатой пятилетки») төсбелгісімен және облыстық, аудандық деңгейдегі Құрмет грамоталарымен, мақтау қағаздарымен және алғыс хаттармен марапатталды.
Елубай Аждарұлы жұбайымен өнегелі өмір үлгісін көрсете отырып, балаларының, немере-шөберелерінің ұлағатты ұрпақ болып өсуіне, олардың бойына адалдық, әділдік, парасаттылық, мәдениеттілік, адамгершілік, «үлкенге құрмет, кішіге ізет» тәрізді асыл қасиеттердің сіңуіне көп көңіл бөлді. Бүгінде өсіп-өнген ұрпақтары әке-ана аманаттарын берік ұстана отырып, ұлан-ғайыр еліміздің дамуына өз үлестерін қосып, әр салада адал еңбек етуде.
Елубай Аждарұлы отбасында асыл жар, асқар тау әке бола білді. Шаңырақтың ішін шаттыққа толтырып, береке гүлімен көмкерген Марияш Исатайқызы екеуі өмірдің қуанышы мен қиындығын тең бөлісіп, жеті бала тәрбиелеп өсірді. Елубай Аждарұлы мен Марияш Исатайқызының өнегелі өмір жолы бүгінде олардың өсіп-өнген ұрпақтарының бойынан көрініс тауып, әке-ана аманаты адал қызметпен жалғасын табуда. Тәрбие мен тағылымды ту еткен бұл шаңырақтың үлкендері Рымкүл ана жолын қуып, 35 жыл бойы ұстаздық етіп, бүгінде зейнеткерлік демалыста болса, Ғалия әке жолын таңдап, қаржы қызметкері ретінде еңбек етті (1993 жылы өмірден озды).
Отбасының үлкен ұлы Ерлан ішкі істер органдарында абыройлы қызмет атқарса, ортаншы ұлы Нұрлан қаржы полициясы қатарында еңбек етіп, бүгінде зейнеткерлер сапында, ал кіші ұлы Нұржан темір жол саласында жемісті жұмыс жасап жүр. Сондай-ақ Нұргүл де әке жолымен қаржы саласын тізгіндесе, үйдің кенжесі Меруерт заңгерлік қызметте өзіндік қолтаңбасын қалдыруда. Осылайша, ата-анасының бойындағы адалдық, жауапкершілік және еңбекқорлық қасиеттерін сіңіріп өскен жеті перзенттің әрқайсысы әртүрлі салада ұлан-ғайыр еліміздің дамуына өз үлестерін қосып, ұлағатты ұрпақ екендіктерін дәлелдеп келеді. Әке ретінде Елубай Аждарұлы балаларын еңбекқорлыққа, жауапкершілікке, уәдеге беріктікке баулыды, ал анасы Марияш Исатайқызы шаңырақтың берекесін сақтап, мейірім мен қамқорлықтың үлгісін көрсетті.
Ғұмырын білім мен өнерге қатар арнаған, саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне бағыштаған парасат пен пайымның иесі, Оқу-ағарту ісінің үздігі Марияш Исатайқызы қырық жылдан астам уақыт ұстаздық етті. Ол биология пәнін жай ғына теориялық түсіндірумен шектемей, мектеп жанындағы оқу-тәжірибе учаскесінде сабақ өткізу арқылы оқушылардың білімін өмірмен байланыстырып, табиғат заңдылықтарын көзбен көріп, қолмен ұстап, нақты тәжірибе арқылы ұғындыруды басты ұстаным етті. Теория мен тәжірибені ұштастыру арқылы Марияш Исатайқызы шәкірттерін ізденуге, байқауға, талдауға баулыды.
Ұстаздық жолмен қатар, ол өнер кеңістігінде де өзіндік өрнек қалдырды. Қарқаралы қаласындағы Халық театрының белді мүшесі ретінде сахна төрінде бірнеше ірі образдарды сомдап, көрерменнің ықыласына бөленді. «Қыз Жібек» спектаклінде Жібектің нәзік болмысын, ішкі сезімін, ар мен махаббат арасындағы толғанысын шынайы бейнелесе, «Еңлік-Кебек» қойылымында Еңліктің жеңгесі Таңсықтың бейнесін табиғи қалпында ашып, сахнадағы сөз бен қимылдың үйлесімін дәл жеткізді. Ал «Жалғыз ағаш орман емес» спектакліндегі Анар рөлі арқылы замандас бейнесін сомдап, қоғам мен адам арасындағы күрделі байланысты терең сезіммен көрсетті. Оның сахнадағы әрбір қадамы – дайындық пен талғамның нәтижесі, әрбір рөлі – ішкі мәдениет пен рухани байлықтың көрінісі еді. Бүгінде сол спектакльдерден сақталған бейнематериалдар Қарқаралы тарихи-өлкетану мұражайы қорында сақталып, өнерсүйер қауым мен кейінгі буынға рухани мұра ретінде ұсынылуда.
2013 жылдың 10 қазанында Елубай Аждарұлы 75 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Жақсы жан туралы айтылар ой да, жазылар естелік те жүрекке жылы тиеді емес пе? Ендігі мақаламыздың кезегін естеліктерге берсек.
Қарындасы Рымкеш:
«Елубай ағам мен үшін жай ғана аға емес, әкемнің орнын басқан қорғаным болды. 8 жасында әкеден айырылып, өзі әлі бала болса да тағдырдың салмағын ерте сезініп, ерте есейді. Оны балалық ойын емес, өмірдің шындығы қарсы алды. Тағдыр оны еркелетпеді, бірақ ол тағдырға мойымады. Жоқшылық қыспаққа алса да оның жігерін жасыта алмады. Кедейшіліктің қытымыр қысына қарамастан, ол білімге ұмтылды. Сан мен есепке жүйріктігі, ұқыптылығы мен жауапкершілігі ерте байқалды. «Ауыл шаруашылығы есеп маманы» курсын аяқтап, есепші мамандығын игеріп, туған ауылына оралғанда, оның көз жанарында үлкен мақсат бар еді. Еңбек жолын Нүркен Әбдіров атындағы колхозда есепшіден бастаған жас маманға сенім артылып, кассир міндеті де қоса жүктелді. Жас болса да жауапкершілікті терең сезінетін.
«Шаруашылықтың қаржысы – елдің несібесі» деген қағиданы ұстанып, әр құжаттың артында адамдардың еңбегі, отбасының ырысы тұрғанын терең түсініп, қызметте адалдықты ту етіп, бір тиынды қиянатқа жібермеді.
Қиыншылық кез, анамыз ауыл фермасында ауыр жұмыс атқаратын, күнкөріс өте ауыр еді. Біз де тапшылықтың, жоқшылықтың, таршылықтың дәмін таттық. Ағам жалақыларын тырнақтап жинап, бізді ферма жақтан ауыл орталығындағы 2 бөлмелі үйге көшіріп әкелді. Мен сол күнді әлі ұмытпаймын – біз үшін ол зәулім сарайдай көрінді. Ағам тек бізге ғана емес, ауылдағы жетім-жесір жандарға да қамқор, қорғаушы бола білді. Қолынан келгенінше ақыл-кеңес беріп, жұмысқа орналасуларына, еңбек етіп, жағдайларының түзелуіне септігін тигізіп, тірек бола білді. «Ешкім өзін жалғыз, жетім сезінбеуі керек» дейтін. Менің білім алуыма да жол ашқан – сол кісі. «Оқы, қарындасым, білім сенің қорғаның болады» деп жігер беретін. Інімізді Алматы қаласындағы жоғары оқу орнына түсіріп, өмірге бейімделуіне үлкен үлес қосты.
Өмірлік жары Марияш жеңгеммен отау құрып, үлкен шаңырақ көтерді. Талапшыл, отбасының тірегі бола білді. Екеуі бір-біріне тірек болып, өмірдің талай белесін бірге алды. «Байлық – қолдың кірі, абырой – маңдайдың нұры» деген қағиданы ұл-қыздарына түсіндіріп, адал еңбектің қадірін үйретіп, ісімен дәлелдеді. Балаларына да бізге көрсеткен қамқорлығын, талапшылдығын көрсетті. Мен үшін ағам – биік бәйтерек. Біз сол бәйтеректің саясында өстік. Әкемізден ерте айырылсақ та, әкелік мейірімді ағамыздан таптық. Оның өмірі – еңбек пен жауапкершіліктің, қамқорлық пен абыройдың айқын үлгісі. Елубай еліне елеулі, халқына қадірлі жан болды. Қарапайымдылығы мен әділдігі көпке үлгі болып, аты сеніммен қатар айтылды. Жоқшылықтан шыққан жетім бала ел ағасына айналды. Бұл – тағдырға мойымаған, еңбекті серік еткен, абыройды өмірлік мұрат еткен азаматтың ғұмыры...»
Әріптес-шәкірті Иланбекова Рымжан Ыбышқызы:
«...Мен Саран қаласындағы резеңке-техникалық бұйымдары зауытында есепші қызметін атқарып жүріп, ауылдық жердегі мамандарды қолдау жөніндегі Үкімет қаулысына байланысты біраз сынақ, тексерістерден өткеннен кейін, Қарқаралы ауданы Ынталы совхозына бас есепші қызметіне ауыстым. Сол кезде қызмет бабында Қарқаралы ауданы ауыл шаруашылығы басқармасының бас есепшісі Елубай Аждарұлымен кездесіп, таныстым. Ол кісі мені өз бауырындай бірден жылы қабылдап, ауыл шаруашылығы есеп-қисап жұмыстарының ерекшеліктерін, қыр-сырын тәптештеп түсіндіргені осы күнге дейін көз алдымда. Бір көргеннен ол кісінің бойындағы адамгершілік, парасаттылық, бауырмалдылық, мәдениеттілік, әділдік деген асыл қасиеттерді сезіндім.
Қызмет барысында менімен өзінің көп жылғы еңбек тәжірибесімен бөлісіп, есептің жүргізілу жолдарын, мүлікті сақтауды, оларға жүргізілетін бақылау жолдарын түсіндіріп, әрдайым қолдау көрсетіп отыратын. Мен қалалық жерден келгендіктен, қазақ тіліне де шорқақтау болдым. Бүгінде өз тілімде таза, мәдени, әдеби түрде сөйлеп, қазақ дәстүрін терең ұғынып сақтауыма да Елубай Аждарұлының сіңірген еңбегі зор. Ол кездері жылдық, тоқсандық, айлық есептер болатын. Сол есептерді тапсыру кезінде Елубай Аждарұлының қолында үлкен қызыл қарындаш болатын. Сол қарындашпен тапсырып отырған есепке нүкте қойылса, ол есептің дұрыс болып, тапсырылғандығын білдіретін. Сол қызыл қарындашпен нүкте қойылғанша есебіміздің өтер-өтпесін білмей қорқынышта отыратынбыз. Сол нүктеге жету біз үшін өте қиын болатын және қызыл нүкте қойылған сан ешқашан өзгертілмейтін. Қарқаралы өңірінде қызметкерлер арасында Елубай Аждарұлына «Қызыл қарындаш» лақап аты тараған болатын. Бүгінде сол қызыл қарындаш балаларының қолында сақталуы мүмкін».
Әріптес-шәкірті Хасенова Бақытгүл Мерекеқызы:
«Мен еңбек жолында 1989–1990 жылдары Қарқаралы ауданына қарасты Н. Әбдіров атындағы совхозда бас есепші қызметін атқарып жүрген кезімде Елубай Аждарұлымен қызметтес болдым. Ол кісі өзінің саналы ғұмырын, еңбек жолын тек ауыл шаруашылығы есеп қызметіне және өзінен кейінгі шәкірттеріне білгенін үйретіп, кәсіби маман болып қалыптасуларына арнады. Ол кісі өз жұмысына өте талап қоя білетін білікті маман болды, маман ретінде ол кісіден үйренеріміз көп болатын. Ол кездері есеп мамандарының жұмысы өте ауыр болатын: компьютер болмайтын, калькулятордың енді ғана қолданысқа енген уақыты еді, сонда да уақытпен санаспай жұмыс жасады. Совхоздың жылдық есебі тұтас бір кітап болатын. Соның ішінде әрбір цифрдың дұрыстығын мұқият тексеріп, қатемізді түзетіп, білмегенімізді үйретіп отыратын. Кейін де Елубай Аждарұлы зейнеткерлік демалысында болса да үйретуден, түсіндіруден жалықпай, біздің бұрынғы қызметтес болған кездердегі жұмысымызды бағалап, кездескен кездерде әрдайым алғысын, мақтауын айтып жүретін. Ол кісіден сондай мақтау естудің өзі бізді мақтаныш сезімге бөлейтін».
Жан бауыры Ернияз «Ағатайыма» деген өлеңінде былай деп сыр шашады:
Менің ағам теңдесі жоқ алтын адам,
Жаны таза, мөлдір бұлақ сарқыраған!
Демеу болып, нұрын шашып жан-жағына,
Шолпандай дара туып, жарқыраған!
Қара бұлтты қақ жарып тұрған төніп,
Ат жалын ерте тарттың сынбай, төзіп.
Балалықтың бал дәмін татпапсың-ау,
Анам көрген қиындықты қоса көріп.
Қолдау таппай жамағат туысыңнан,
Сонда да аулақ болдың суысудан!
Білім алып, азаматтық парызыңды,
Шығармадың, жан ағам, уысыңнан!
Қайтарып, асқақтаған меселіңді,
Көргендей бойындағы кеселіңді.
Арқа сүйеп барғанда туыссымақ,
Ауласына шығарыпты-ау төсегіңді!
Жан аға, сөйтіп жүріп білім алдың,
Бермесін талайлардың жұлып алдың!
Өмірдің қара түнек дауылына,
Дес бермей, кеуде тосып тұрып алдың! Қызмет барысында әр міндетті жауапкершілікпен атқарып, әр шешімді нақты есепке сүйеніп қабылдап, сенім жүгін абыроймен көтерген Елубай Аждарұлының есімі бүгінгі күнде алған медальдарымен ғана емес, атқарған істерімен, қалыптастырған тәртібімен, тәрбиелеген жас мамандарымен қадірлі. Осындай есімі ауыл тарихында, халық жүрегінде алтын әріптермен жазылып қалған жандар барда қазақ елінің болашағы жарқын, экономикасы өрістей бермек.
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()