![]()
Бүгінгі кейіпкеріміз Атырау облысы, Жылыой ауданы, Статистика басқармасының басшысы – Тлекова Рая Аймұханқызы. Үлкен ғимараттардың беріктігі алғашқы іргетасының есептеліп салынғандығында болатыны секілді, үлкен, мемлекеттік стратегиялық жобалдардың жүзеге асуына, жоспарлануына сеп болатын Статистика саласында еңбек етіп келе жатқан «ҚР Статистика саласының үздігі» Рая Аймұханқызы 1956 жылдың қазан айының 12-жұлдызында Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласында дүниеге келді. Әкесі Тлеков Аймухан (1932 - 1996 ж.ж.) мұнай өндіру саласында әр түрлі жұмыс жасаса, анасы Қаржаубаева Алтын (1938 – 2016 ж.ж. ) «Алтын алқа иегері», 8 перзентті дүниеге әкелген алтын құрсақты Ана.
Құлсары қаласындағы Абай орта мектебін бітірген соң Рая Аймұханқызы Алматы экономика және статистика институтына оқуға түсіп, «Экономист» мамандығы бойынша тәмамдайды. Өзінің алғашқы еңбек жолы Жылыой ауданындағы Статистика бөлімінде инженерліктен бастаған кейіпкеріміз экономист, бөлім бастығы, басқарма басшысы, Статистика саласында үздіксіз абыройымен ұзақ жылдар еңбек етіп келеді. Сонау жылдары Мекеменің бастауыш комсомол, партия ұйымдарының хатшысы болып, бірінші рет аудандық, облыстық комсомол, партия конференцияларына делегат болып қатысты. Бүгінде, Жылыой ауданы әкімі жанындағы Әйелдер істері және облыстық-демографиялық саясат комиссиясының мүшесі.
Қайратына қайрат, жігеріне жігер қосып, қиындыққа өршелене қарсы тұрып, кеудесін тік көтеріп, сындарлы шақтарда езілмей, егілмей, өзін де, өзгелерді де үлгілі істерімен жани түскен еңбекқор анаға қалай тәнті болмасқа, қалай риза болмасқа?! Рая Аймұханқызы болмысына қарап, «міне, біздің қазақ аналары, міне, біздің еңбеккер қазақ әйелдері!» деп тебірене де, тамсана да айтуымыз әбден орынды. Парасатты әйелдің бар қасиетін бойына жинағаны, намысты ту қылып ұстағаны, отбасының ғана емес, елінің де мерейін тасытып, абыройын асқақтатты. Отбасының да, ортасының да берекелі бірлігін еңбектен тапты, еңбекпен көрсетті. Адал еңбек, өнегелі өмір тәжірибесі оны биік абыройға, мәртебелі зор атаққа жеткізді. Сонымен қатар кейіпкеріміз 5 рет халық санағына қатысып, ерен еңбек ақтарды.
![]()
Рая Аймұханқызының еңбегі еленіп, әр жылдары түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды. Атап айтар болсақ:
1987 жылы Атырау облыстық Статистика Басқармасының Құрмет Грамотасы;
1997 жылы Орталық Статистика басқармасының (ЦСУ) Құрмет Дипломы;
2003 жылы Атырау облысының Статистика басқармасының Алғыс хаты;
2004 жылы ҚР Статистика агенттігінің Құрмет Грамотасы;
2005 жылы «Отличник Статистики Казахстана» дипломы;
2007 жылы «Бірінші Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы» төсбелгісі;
2010 жылы облыстық мәслихаттың Алғыс хаты;
2011 жылы «Қазақ әйелдерінің энциклопедиясы» жинағына есімі енді;
ҚР Статистика агенттігінің Құрмет Грамотасы;
2012 жылы «ҚР Статистика үздігі» төсбелгісі;
2016 жылы «Еңбек ардагері» медалі;
2018 жылы «Kieli meken – Ken Jylyoi» төсбелгісі;
Рая Аймұханқызы қызметте білікті басшы ғана емес, отбасында асыл жар, ақ жаулықты Ана. Электрик мамандығы бойынша еңбек еткен, өмірлік жолдасы Серік Утаров Сабырұлы екеуі алтын асықтай перзент өсіріп, солардан тараған тілі балдан да тәтті немерелердің қызығын көріп отыр. Ұлы Сұлтан «Бөпе» шаруа қожалығының басшысы болса, келіні Шагираева Гульдана Жанболатқызы жоғары білімді, Статистика басқармасының бас экономисті. Серикова Асылхан мен Серикова Айсана есімді екі баланың ата-анасы. Отбасының берекесін сақтап, өз жұмысын біліктілікпен атқара білетін, өзі басқарған ұжымда да, туған-туыстарының, достарының арасында сыйлы, қажырлы да қайратты басшы. Еліміздің әлеуметтік экономикалық-саясатын жасауға сүбелі үлесін қосып келе жатыр.
Иә, өз ісін дөңгелентіп жүрген қыз-келіншектер қалада болсын, ауылда болсын көшбасшы ретінде көрінуде. Оларға қарап өзгелер үлгі алады, сондай болуға талпынады. Нәзік жандылар кәсіптің әр саласына өзіндік даму мен өзгеше жаңашылдық әкелуде. Бүгінде сол саланың үздігі болумен қатар, халықаралық деңгейге шығып жатқан әріптестеріміз де бар. Иә, әйел білек түріп кіріссе атқарылмайтын іс болмайтынын іскер қыз-келіншектер жетістіктерімен дәлелдеп те жүр.
Ендеше, осындай еңбегімен елеулі бола білген жанның абыройы асқақтай берсін дейміз!
![]()