Кенжебаева Жамиға

Рейтинг:

Ғибратты ғұмыр иесі

      Қай салада қызмет етсең де ел мүддесі үшін, ұлт беріктігі, өркендеу жолында қызмет ету - әрбір азаматтың борышы. Еліміздің экономикасының өсуіне, байланыс саласының жаңа заман талаптарына сай болып, ақпарат алмасудың сапасын жақсарту мақсатында еңбек ете білген, бүгінгі таңда құрметті зейнет демалысындағы нәзік жандыларымыздың бірі Кенжебаева Жамиға Жұмақызы 1957 жылдың 29 наурызында Атырау облысы, Жылыой ауданы, Қойсары ауылында дүниеге келді. Дархан даланың самалымен жарысып өскен балада арман бар ма, бақытты балалығын осы мекенде өткізген Жамиға Жұмақызы кішкентай кезінен еті тірі, ойына алған ісін үйлестіріп алып кететін, қолының ісмері бар, үлкеннің айтқанын тыңдай білетін ісіне тиянақты, жауапкершілігі мол, тілалғыш бала болып өсті. 1965 жылы Тұрғызба ауылында М.Әуезов атындағы орта мектепке барып, білім ордасының табалдырығын осы ауылдың ілім ордасында аттап, мектептің өмірімен біте қайнасып кетті. Тек алға жүруге ұмтылып, зерек болған оқушы Жамиға Жұмақызы сыныптастарының ортасында да беделді болып өсті.
      1975 жылы мектепті үздік бітірген Жамиға Жұмақызының алғашқы еңбек жолы өзі білім алған М. Әуезов атындағы орта мектептің жанындағы интернатта шаруашылық меңгерушісі болумен басталды. Мектеп қабырғасында алған білімі, қаржы саласының маманы болсам деген құштарлығы, өмірге іңкәр талапты жастың қанатына дем беріп, 1976 жылы Алматы есеп-несие техникумына алып келеді. Қандай істің де нәтижесін шығаратын, жаңа істерге бастамашыл болып жүретін жас осы техникумнан «Мемлекеттік банктің бухгалтері» мамандығын игеріп шығады.
      Өзінің білімі мен біліктілігін дәлелдей білген жас, алған бетінен қайтпады, салған сатысынан аяғын тартпады. Осы бір алғашқы жұмысқа орналасқаны туралы кейіпкеріміз Жамиға Жұмақызы былай әңгімелейді:
      - 1978 жылдың 7 маусым күнінен бастап Жылыой аудандық халық депутаттары кеңесі Атқару комитетінің жоспарлау комиссиясына аға экономист лауазымына жұмысқа қабылдандым.Маман тапшылығы алдыңнан шығатын сол бір жылдары, мұндай қызметке тәжірибесіз маманның орналасуы қиын еді. Бұл жұмысқа орналасуымның да кішігірім тарихы бар. Оқу бітірген соң, техникум басшылығы жұмысқа орналасу үшін берген жолдамасымен Атырау облыстық мемлекеттік банк басқармасына бардым. Басқарма басшысы Бекешов вакансияның Индер және Құрманғазы аудандарында ғана бар екенін айтып және осы екі ауданнын біріне жіберетіндігін айтты. Бұл аудандар Жылыойдан 400-500 км-дей өте қашық жерде болатын. Мен әкеммен ақылдасып, әкем өзіміздің ауданнан басқа жұмыс қарауды ұсынды. Арада 2-3 күн өткен соң, әкем мені ертіп, аудандық Атқару комитетіне бардық. Комитет төрайымы Милят Сабированың қабылдауына кірдік. Әкем жағдайды толық жеткізді. Менің әкем марқұм сөзге шебер, тереңінен ойлай білетін адам еді. Халық әкемді «Жұмекең оқымаған дипломат» деп те айтатын. Милят апай менімен де 20 минуттай сөйлесіп, әкеме: «Балаңыз орнықты, алғыр, пысық екен» - деді. Сонымен Милят апай: «Бір аптадай күтесіңдер, көмектесемін, Жылыойда қалдыртуға облыстық банкке хат жібертемін, өзімнен хабар болады» – деді. Бұл 1978 жылдың мамыр айының аяғы болатын. 6 маусым күні мені аудандық Атқару комитетіне шақыртты. Милят Сабырқызы кабинетіне шақыртып, маған: "Бір экономисттік орын бар, ертең 7 маусымнан бастап осында жоспарлау бөлімінде жұмыс бастайсың, жүрексінбе, алып кетесің" дегенде қатты қуандым, - дейді кейіпкеріміз.
      Міне, Жамиға Жұмақызының жергілікті мемлекеттік басқару саласындағы алғашқы еңбек жолы осылай басталған еді. 
      Компьютерлік техника өндірістік жолға қойылып, заман қарыштап дамыған сайын түрлене түскен есепшілік – әр маманнан сауаттылықты, зеректік пен байқағыштықты, зейінділік пен ерекше қабілеттілікті, интернетпен еркін жұмыс істей алатын жан-жақтылықты талап етеді. Өзге техникалық мамандықтар секілді, уақыт өткен сайын тұғыры биіктеп, заманауи жаңарып, жанданып келе жатқан мамандықтың бірі – қаржыгерлікті таңдаған Жамиға Жұмақызының еңбек жолы одан әрі жалғасты. 
      1978-1983 жылдары Жылыой аудандық атқару комитетінің жоспарлау комиссиясында – аға экономист, 1983-1992 жылдары Жылыой аудандық экономика комитетінде – аға экономист, 1992-1995 жылдары Жылыой аудандық экономика және қаржы комитетінде – 1 санатты жетекші маман, 1995- 2002 жылдары Жылыой аудандық экономика басқармасында бас экономист, бас маман қызметтерін атқарған Жамиға Жұмақызы білімін көтеріп, біліктілігін арттырып, өзгерген білім модулімен жаңаша білім алуды көздеп, өндірісте жұмыс жасай жүріп, 1997-2000 жылдары өндірістен қол үзбей Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін бітіріп, «Экономист-қаржыгер» мамандығы бойынша диплом алды. 
      Ауданның экономикасын басқару органында жұмыс жасаған жылдарында мемлекетімізде тарихи үлкен өзгерістер болды. Егемен ел болдық, саяси, әлеуметтік - экономикалық формация өзгерді, ұлттық валюта енгізілді. 1980 жылдардың аяғында аудан аймағында «Тенгиз мұнай-газ» кен орны ашылып, осыған байланысты ауданда және Құлсары қаласында құрылыс жүмыстары, инфроқұрылымдық даму қарқынды жүрді. 1991 жылдан бастап еліміздің экономикасының нарық жағдайына көшу кезеңі аудан аумағында жүріп жатқан осындай үлкен экономикалық өзгерістермен тұспа-тұс келді. Сол жылдары небәрі 3 қызметкер жұмыс жасайтын аудандық экономика басқармасында ауқымды жұмыстар атқарылды. 
      Міне, сол бір әлеуметтік экономика саласының күрделі де қиын шағында Жамиға Жұмақызы әріптестерімен бірлесе отырып ауданда алғашқы нарық құрылымдары енгізілген кезде оларды тіркеп, алғашқы тендер, мекемелерге банкрот жариялау комиссиясы жұмыстарын жүргізді. Одан басқа да, өндірісті, ауыл шаруашылығын жекешелендіру, әлеуметтік салаларды нарық жағдайына көшіру, 1 жылдық және 3 жылдық аудан экономикасының даму бағдарламасын жасақтап және оның орындалуына ай сайын сараптама, мониторинг жасап, басқа да көп жұмыстар атқарып отырды. 1993 жылы елімізде ұлттық валюта енгізілгенде 3 күн бойы әкімшіліктің залында 3 адам халыққа қызмет көрсетіп, аудан тұрғындарының ақшасын ауыстырды. Міне, уақытпен санаспай жасалған еңбек, өз мамандығына деген махаббат пен жергілікті халыққа деген құрмет. 
      Осылайша, аудан деңгейінде атқарылған еліміздің осындай тарихи іс-шараларына тікілей араласып еңбек ете білді. Қорыта айтқанда еліміздегі қиын-қыстау, 1991-2002 жылдары ауданның әлеуметтік-экономикалық салаларына тыңнан нарық құрылымдарын енгізуде және оның тұрақтылығы мен дамуы жолында Жамиға Жұмақызының табандылықпен атқарған істері көп болды. Аудан әкімшілігі аудандық экономика басқармасында жасаған көп жылғы еңбегі арқылы білімі мен біліктілігін шыңдап, өмірлік үлкен тәжірибе жинады.
      Адамның дүниетанымы, қабілет-қарымы мен мүмкіндігі, дарыны мен еңбегінің нәтижесі оның жүріп өткен жолында сайрап тұрады емес пе? Ал қоғамдық құндылықтар заман ағымына қарай өзгеріске ұшырап отыратыны тағы бар. Алайда тынымсыз тер төге еңбек ету адам қабілетіне екпін береді. Қай заман, қай дәуірде де еңбек ғана адамды жоғары дәрежеге жеткізеді. Бала күнінен еңбекпен есейіп, бүкіл саналы ғұмырының құндылығы ретінде тек ғана еңбекке жүгініп, сол еңбегіне қарай елінің алғысын алған Жамиға Жұмақызы қоғам алдында абыройы өсіп, өркендеген маман иесі. Оның қарапайымдылығы ішкі жан дүниесінің сұлулығының жасанды еместігін жазбай танытады. Қарапайымдылығы, ұйымдастырушылығы, табандылығы тағы бар. Адал адам ретінде де жан-жағына сыйлы. Қашаннан үлкендердің ақылынан қорытынды жасайтын ол өзінің замандастарының ортасында бедел мен құрметке ие болды.
      Аудандық экономиканы басқару саласында ұзақ жылдар қызмет етіп, мол тәжірибе жинақтаған Жамиға Жұмақызы өзінің ұйымдастырушылық қабілеті, жауапкершілігі, тиянақтылығын дәлелдеп, басшылықтың сеніміне ие болды. Жамиға Жұмақызының ұйымдастыру қабілеті оны ұжым басқару жұмысына жетеледі. 2002 жылы «Қазпошта» АҚ Жылыой аудандық пошта байланыс торабының басшысы лауазымына тағайындалды. 
      Жамиға Жұмақызы 2002 жылдан бастап аудандық пошта байланыс торабының басшысы қызметінде 15 жылға жуық еңбек етіп, 2016 жылы құрметті зейнет демалысына шықты. Мекемеге басшылық жасаған жылдарында мекеменің дамуы бағытында түбегейлі енгізілген өзгерістер мен қол жеткен жетістіктері көп болды. Жамиға апай өзінің жасаған жұмыстары туралы:
      - 2002 жылдары аудандағы барлық пошталардың жұмыстары қолмен жасалатын, материалдық-техникалық жағдайлары да төмен, артта қалған мекемелердің бірі болды. 2002 жылы Қазпошта 2-деңгейдегі банктердің қаржылық қызметімен айналысуға мемлекеттік лицензия алды. 2003 жылы Қазпошта құрылымы өзгеріп, «Қазпошта» АҚ болып қайта құрылды.      - 2003-2005 жылдары аралығында аудандағы барлық пошта бөлімшелеріне компьютерлер, электронды құрылғылар орнатылып, жұмыстары толық автоматтандырылып, жеңілдетілді;
      - 2003-2006 жылдары аудандық пошта байланыс торабы мекемелерге өзінің қаржылық қызметін ұсынып, 47 мекемемен келісім шарт жасастық. Газет-журналдарға жазылу саны жылдан-жылға артты;
      - 2006-2007 жылдары орталыққа ұсыныс жасап, 3 пошта байланыс бөлімшелерін аштық: Құлсары-4, Құлсары-5 және жылжымалы байланыс поштасы іске қосылды;
      - 2007-2010 жылдары «Қазпошта» АҚ-нан қаражат бөлдіртіп, Құлсары-1, Тұрғызба, Жаңа қаратон пошта бөлімшелеріне жеке ғимараттар салдырып, іске қосылды.
      - 2009-2011 жылдары ауылдардың әкімдерімен келісе отырып, Қосшағыл, Майкөмген, Жаңа-таң елді мекеніндегі Аққұдық, Ақкестоғай пошта бөлімшелері Әкімшіліктің жаңа ғимараттарына көшірілді. 
      - 2002 жылы мекемеде 11 пошта нысаны, 1 автокөлік, 33 жұмысшы болса, 2016 жылы 14 пошта нысаны, 3 автокөлік, 55 жұмысшы жұмыс жасады. 2003-2016 жылдары аралығында мекеменің жұмысы қарқынды жүріп, табыс көзі бірнеше есеге өсті,- дейді сонау жылдардағы қиын кезеңдерде де істің ыңғайын тауып, кенжелеп қалған саланың көшін ілгерлетуде атқарған жұмыстары туралы.
      Ұлы Абай «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де - ақымақтық» деген екен. Жамиға Жұмақызы өте ұстамды, іскер, шаруашылықтың білгірі, текке сөйлемейтін, сөзінен ісі көбірек, сабырлы, кішіпейіл, қажыр-қайраты мол адаммен бірлесе жұмыс жасау қашанда берекелі болады. Істің байыбына бармай шешім қабылдамайтын, мінезге бай, тұрақтылықты жақсы көретін адам. Жамиға Жұмақызын өзінің қызметтестері мен пошта, жергілікті әкімшілік әр мерекеде кұттықтап, алғыстарын білдіріп жатады. Сөзіміздің дәлелі ретінде, Жылыой ауданы әкімдігінің жігіттерінің, 8 Наурыз халықаралық әйелдер күнінде құттықтаған өлең жолдарын келтірсек:
      Жамиғаның жаз секілді жалыны,
      Сұлулықты берген Құдай-Тәңірі!
      Жиырма жылдай еңбек етіп ерінбей, 
      Өз ісінің қыр-сырымен танылды. 
      Әрқашан да аман болып отбасың, 
      Төгілсінші шапағаттың жарығы.

      Халқына жаққан жақсылар бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Олар елді биіктетсе, соларға қарап өсуші ұрпақ та сүйсінеді ғой.
      Осындай жақсылардың бірі, жүрегі елмен бірге соққан, ел тынысымен өмірін біте қайнастырған, ел игілігі үшін сіңірген еңбегін бақытына балаған Жамиға Жұмақызының экономика, қаржы саласы, пошта байланыс қызметіндегі еңбегінің ерекшелігін айтпай өтуге болмайды. Бұған оның халқына еткен қалтқысыз қызметі куә дер едім. Көпшілік аузынан тастамайтын жарқын істері де айғақ. Есімі мен еңбегі Атырау облысы, Жылыой ауданының 2003 жылы шыққан (159 бет) және 2008 жылы шыққан (231 бет) аудандық Энциклопедияларына енген кейіпкеріміздің марапаттары да қуана айтарлықтай.
      Атап айтар болсақ:
      Қажырлы еңбегімен Атырау облысы экономикасының қалыптасуы мен нығаюына және халық шаруашылығының дамуына лайықты үлес қосқаны үшін Атырау облыстық экономика басқармасының бастығы С.С.Алпатановтың Алғыс хаты, (1996ж);
      Өзіне тапсырылған қай жұмысты болмасын, үлкен жауапкершілікпен, білімділікпен атқарып, аудан экономикасын көтеруде экономикалық есеп-қисаптың дұрыс атқарылуына сүбелі үлес қосқаны үшін ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығы және ҚР Экономика саласының құрылғанына 80 жыл толу кәсіби мерекесіне орай аудан әкімінің Алғыс хаты, (2001ж);
      Саналы ғұмырында өзіне жүктелген міндеттерді асқақ абыроймен атқарып, ауданның игілікті істерін ұйымдастыруда кемел жігерін, іскерлік қабілетін халық игілігіне жұмсай білуімен қатар, сол арқылы аудан тарихына өзіндік қолтаңбасын қалдыра білгені үшін Жылыой ауданының 75 жылдығы мерейтойы қарсаңында Аудан әкімі Н.Мұхтаровтың Алғыс хаты, (2003ж); 
      Ауданда ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін және 8 Наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында Жылыой аудандық мәслихатының Құрмет Грамотасы, (2009ж);
      Дүниежүзілік пошта күні кәсіби мерекесі қарсаңында "Казпошта" Акционерлік қоғамының Құрмет Грамотасы, (2013ж);
      Өз саласының білікті маманы, білгір басшысы ғана болып қоймай, ауданның қоғамдық-саяси өміріне де белсене араласып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосқаны үшін Жылыой ауданының әкімі М.Ізбасовтың Алғыс хаты, (2016ж);
      Қызметтік міндеттерін адал атқарып, жұмыста жоғарғы нәтижелерге қол жеткізіп, пошта саласының дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін «Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Б.Утепбаевтың Алғыс хаты, (2017ж); 
      Жылыой ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін «Киелі мекен – Кең Жылыой» төсбелгісі, (2018ж);
      9 қазан - Дүниежүзілік пошта күні мерекесіне орай облыстық филиалға сіңірген еңбегі үшін "Қазпошта" АҚ Атырау облыстық филиалы директоры А.Нысановтың Құрмет Грамотасы, (2023ж).
      Иә, қандай салада болса, қандай лауазымдық қызметте болсын адам болып қалу – парыз. 
      Жамиға Жұмақызы еңбек еткен жылдары өз ұжымдастарымен басшы-қызметтерде ғана емес, біреуге әпке, біреуге ана болып, тонның ішкі бауындай араласа қызмет етті. Сол кездегі атқарған істері мен адал ниетінің арқасы, бүгінгі таңда еңбегінің зейнетін көріп отыр. Қағазбен жазып, сөзбен жеткізе алмайтын, бақыт деген құрмет деген міне – осы! 
      Жамиға Жұмақызы ұлағатты ұяда, текті әрі үлкен отбасынан тәрбие алды. Шықкан тегі – Сұлтансиық Алаша Күбілей бөлімінің қызы.
      Асқар тау әкесі Кенжебаев Жұма - Ұлы Отан соғысының ардагері, І дәрежелі «Отан соғысы» ордені мен бірнеше медальдардың және «Еңбек ардагері» төсбелгісінің иегері. Анасы Кенжебаева Жаңғақ - І дәрежелі «Ана даңқы» ордені, «ҰОС 1941-1945 жылдарғы ерен еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» төсбелгісінің иегері. Олар өмір жолында 10 бала дүниеге әкелген. 2 бала кішкентай кезінде өмірден өткен. Жұма ата мен Жаңғақ ана өмір жолында 8 баланы тәрбиелеп өсірді. Жамиға апа 8 баланың алтыншысы. Ол ағасы және інісінің ортасында еркелеп, тай-құлындай жарысып еркін өскен қыз болды. 
      Соңғы жылдары Жамиға апаның 3 бауыры ағасы Артық, апалары Сақыш, Ұмсын дүниеден өткен.
      Бүгінде 2 апасы Рысты мен Жаңыл, інісі Көбек, сіңлісі Көшбике бар. Көшбике 61 жасты, Рысты 72 жасты, Жаңыл 70 жасты, Көбек 64 жасты алқымдап отырған ардақты жандар.
      Жамиға Жұмақызының жары, Жылыой аудандық ішкі істер бөлімінде Өрт инспекторы болып қызмет еткен, Раушанов Кенжебай екеуі 2 бала дүниеге әкелді. Тағдырдың жазуымен жолдасы Кенжебай 1997 жылы өмірден өтіп, 2 перзентті Жамиға апай өзі тәрбиелеп өсірді. Тұңғышы Раушанова Шынар Кенжебайқызы Қазақ-Америкалық университеті, Мәскеу мемлекеттік ашық университетін бітірген. Халықаралық North Caspian Operating компаниясында жоба жетекшісі болып қызмет етсе, ұлы Раушанов Бауыржан Кенжебайұлы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін бітірген, Уорлей Парсонс Австралиялық компаниясында инженер жобалаушы.
      Келіні Ахметова Гүлжайна Бисенбекқызы Қазақ инновациялық және ақпараттық технология университетін бітірген, «Сенімді Құрлыс» ЖШС түрік компаниясында құжаттарды реттеу орталық маманы, 3 перзент тәрбиелеп отырған бақытты ана. 
      Бүгінгі таңда Жамиға Жұмақызы зейнет жасында немерелерінің қызығына бөленіп, тату-тәтті, өнегелі отбасының ұйытқысы, ақылшысы болып отырған бақытты ана. Бақжан, Бақсұлтан, Әлихан есімді сүйікті немерелері бар. Бақжан Бауыржанұлы 2017 жылы қараша айының 12-жұлдызында дүниеге келген. Бақсұлтан Бауыржанұлы 2019 жылы маусым айының 8-жұлдызында, кенжесі Әлихан Бауыржанұлы 2021 жылы қазан айының 19-жұлдызында дүниеге келген.
      Жамиға Жұмақызы саяхаттап демалғанды ұнатады. Бірнеше сауықтыру демалыс орындарында, қалалар мен елдерде болды. Жақын жолдастарымен отырғанда аздап домбырамен ән айтып, күй тартатын өнері бар кейіпкеріміз бос уақытында қолөнермен айналысып, көрпе, құрақ, көйлек тігуді жаны сүйеді. 
      Қызмет барысындағы ірі мақсаттарды жүзеге асыруда абырой биігіне көтерілген, есімі елге елеулі Жамиға Жұмақызының өмір жолы тұлғалық бейнесі сүйсінтері ақиқат. Қарап отырсақ, тіршіліктің төл тебіреністері, өмірдің мәні мен ұғымын ұзартар қағидаттары барына қайран боласың. Жүрегінің кеңдігімен, парасатының биіктігімен, айналасына шуақ таратар ішкі жылылығымен, уақыттың демін дәл сезінуімен, іскерлік қабілетінің жоғарылығымен ел басқару ісінде абырой биігінен көріне білген, осындай жандардың арамызда барына қуанамыз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

9 марта 2025 15:21
Даурен
Maruash, Көп рахмет!...
6 марта 2025 11:31
Гульнар
Сіздерге рахмет! Әкеміздің өмірі кейінгі ұрпақтарына сіздердің осы еңбектеріз арқылы естелік болып қалады. Еңбектеріңіз...
2 марта 2025 13:57
Гульнар
мы члены большой семьи Нуржановых ценим в людях чувство ответственности,человеколюбия и  профессионализма..так...