Матанов Маулетбек

Рейтинг:
Парасатты басшы

      Болмыс-бітімі бөлек Маулетбек Секенұлы өнегелі өмір иесі деуге болады. Ол туған жердің нағыз жанашыры десек әсте қателеспеген болар едік. Оның жұмыс барысында атқарған нәтижелі қызметін, ел үшін еткен еңбегі мен төккен тері және жұмыс жасау тәжірибесі басқаларға үлгі болары анық. Еңбекпен есейген Маулетбек Секенұлы табандығылығы, бірсөзділігі, көпшіл әрі адамға деген адалдығы оның беделін одан сайын биіктетіп тұрады. Бойында жақсы қасиеті өте көп. Ол еш уақытта жасаған жақсылығын жарияламайтын текті азамат. Бірақ, оның жасап жүрген ілкімді ісін елі біледі. Парасат-пайымы келіскен азаматтың өмір жолын көпшілік біле жүрсін, сондай сара жолды азаматтар қатары көбейе түссін деген ниетпен қалам тербеп отырмыз.
      Матанов Маулетбек Секенұлы 1961 жылы 3 ақпан күні Семей облысы, Жарма ауданы, Қапанбұлақ ауылында дүниеге келді. 1967 жылы Қапанбұлақ ауылындағы «Қызыл-Жұлдыз» мектебінің бірінші сыныбына қабылданды. Оқуға зерек, ұстаздарының мақтанышы болған Маулетбек алтын ұя мектебін 1977 жылы ойдағыдай бітіріп шықты. Сол уақыттары Шұбартаулықтардың бастамасымен мектеп бітірген жастарды қой бағуға үгіттеп жіберетін еді. Оны – Комсомол жастар бригадасы деп атайтын. Мектепті жаңа бітірген жас түлек Маулетбек бірер жыл сол жастар бригадасында жұмыс істеді. Кейіннен оқу орнына жолдама алып, ауыл шаруашылығы бағытындағы оқу орындарына конкурссыз оқуға түсуге мүмкіндік қарастырылды.       Маулетбек Секенұлы 1977-1978 жылдары еңбек жолын осылайша мал бағудан бастаған еді. Мал шаруашылығымен біте қайнасып өскен Маулетбек үшін мал бағу ісі таңсық болмады. Өйткені, өзінің әкесі Секен Құсайынұлы мен анасы Гауһар Рақымқызы сол совхоздың қарапайым малшылары еді. Жас болса да бұл жұмысқа еркін араласып кетті.       Арман адамды әрқашан биікке жетелейді емес пе?! Өзінің қалауымен 1978-1979 жылдары Жарма ауданы Жарықтас ауылындағы «Веселый пахарь» сегіз жылдық мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет атқара жүріп, жоғарғы оқу орнының қазақ тілі және әдебиеті мамандығы бойынша сырттай бөліміне оқуға түсті. 1987 жылы Семей қаласы Н.К.Крупская атындағы педагогикалық институттың филология факультетін бітірді.
      Жан-жақты азамат 1979 жылы Жарма совхозында спорт жөніндегі әдіскер-нұсқаушы болып қызмет атқарды. Отан алдындағы борышын өтеу мақсатында 1980-1982 жылдары аралығында Забайкалье әскери округі Бирюсинск қаласында әскери қызметін өтеді. 1983-1992 жылдары аралығында Жарма аудандық мәдениет бөліміне қарасты Қапанбұлақ ауылында клуб, автоклуб меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1992 жылы Қапанбұлақ ауылы «Қызыл-Жұлдыз» орта мектебі жанындағы интернаттың меңгерушісі болып, 1994 жылы интернаттың жабылуына байланысты жұмыстан қысқартылды. 1993 жылы тамыз айында «Қызыл-Жұлдыз» орта мектебі атауы Т.Хасенұлы атындағы орта мектеп болып ауысты. 1994 жылы сол Т.Хасенұлы атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып жұмысын жалғастырды. Ал 2004 жылы мектеп директорының орынбасары болып қызмет жасады. Білім саласында жүріп, көптеген шәкірттердің сүйікті ұстазы атанды. Талайының жұлдызын жарқыратып жақты.       Иә, расында тәрбие - көптің ісі. Ол талап баршаға міндет болса, біріншіден ата-ана, содан соң мұғалім, соңында қоғам жауапты болатыны белгілі. Сондықтан да ұлттық рухтың мықты, ақыл-ойдың биік, тәлім-тәрбиенің терең, сана-сезімнің мөлдір болғаны абзал. Адам тәрбиесі - өте үлкен жауапкершілігі мол іс. Болашақ ұрпақты тәрбиелеу үшін сарқылмас қажыр-қайрат, өзгеге деген ыстық махаббат болуы да шарт. Жалпы қазақтың қанында ұрпақ тәрбиесіне деген өзіндік ерекше қағидалары қалыптасқан. Демек, қазақ халқы жақсы ұрпақты тәрбиелей отырып, болашақ ұлтты қалыптастыратынын терең түсінгенін байқаймыз. Қазақ ұлын батыр, қызын ибалы болсын деп, қандай қырғын, зұлмат заманда да тәрбие ісіндегі асыл қасиеттерін жоғалтып алмағанын байқауға болады. Ұлағатты тұлғалар, атақты ғалымдар, табысты кәсіпкерлер жалпы барша адамзат баласы өз ұстазының алдында бас иеді. Кез-келген адам өз ұстазын еске алып, олардың атын құрмет тұтады, мақтан етеді. Замандастарының, құрдастарының, ұжымдастарының, шәкірттерінің ыстық ықыласына бөленген Маулетбек Секенұлы 2007-2015 жылдары Қапанбұлақ ауылдық округі әкімі болып қызмет атқарды. Бұл жауапты қызметте де өзінің батылдығын, іскерлігін, сөзге, уәдеге беріктігін көрсетіп, көпшіліктің алғаусыз алғысына бөленді. Қолынан келгенше елдік істерде бас көтеріп, халықтың жағдайының дұрысталуына аз да болса ықпал ете білді.       Білімді азамат 2015 жылдың мамыр айынан бастап Жарма ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы лауазымында абыройлы қызмет атқарды. 2022 жылы қыркүйекте мекеме Абай облысы құрылуына байланысты қайта тіркеуден өтіп «Абай облысы Жарма ауданы ішкі саясат бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы лауазымына қайта тағайындалды. Оның жауапты қызметте болуы көптің сенімі деуге болады. Ал сенім үдесінен шығу оңай емес. Мемлекеттік қызметте тек білімі мен білігі, соған сай парасаты мен пайымы жететін адам ғана қызмет атқара алады. Маулетбек Матановтың бойынан мұның барлығы да табылды.       Маулетбек Секенұлы 2015 жылдан бастап Қалбатау ауылының тұрғыны. Мұндағылар да білімді азаматты жоғары бағалап, құрметтеп, төрден орын беріп, жақын туысындай көрген жерде жағдай сұрап жатады. Бұл да болса елі сыйлаған ердің азаматтық бір қыры деуге болады. Адам жатырқамайтын, жөн сұрағанға жол сілтеп, көмек сұрағанға ақыл-кеңесін бере алатын азамат қашанда байсалды, сабырлы қалпынан танбайды. Қарапайым жұмыстан бастап, ұстаздық етіп, мемлекеттік қызметтерде жүрген Маулетбек Секенұлының жеткен жетістіктері де аз емес. Атап айтқанда, ол "ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы" және «Ерен еңбегі үшін» медальдарын кеудесіне жарқырата таққан. Сонымен қатар ҚР Президентінің, облыс, аудан әкімдерінің Грамотасы, Алғыс хаттарымен марапатталған. 
      «Ел мақтаған жігітті, қыз жақтаған» демекші мақтаулы азаматтың жары Ляйла Амангелдіқызы да жүзі жарқын, дастарханы астан, босағасы қонақтан арылмайтын жан. Екеуі 1984 жылы отбасын құрды. Ляйла Амангелдіқызы Қалбатау ауылы Абай мектеп-гимназиясында тәрбиеші болып қызмет атқарады. Үлкен қызы Айгерім 1985 жылы дүниеге келген. Тұрмыста, Семей қаласында тұрады. Мамандығы – дәрігер-терапевт. Жолдасы Ернар әскери қызметте. 4 бала өсіріп отыр. Қызы Іңкәр 1987 жылы дүниеге келген. Семей қаласында тұрады, жолдасы Мерей екеуі де дәрігер-хирург. 3 бала тәрбиелеп отыр. Қызы Құралай 1989 жылы дүниеге келген. Жарма ауданы спорт бөлімінде бас маман болып қызмет істейді. Жолдасы Жасұлан да мемлекеттік қызметте. 2 баласы бар. Ұлы Қамбар 1991 жылы дүниеге келген, Семей қаласында тұрады. Абай облысы қаржы басқармасында бөлім басшысы. Ұлы Нұрдәулет 1999 жылы дүниеге келген, Қалбатау ауылы Абай мектеп-гимназиясында мұғалім. Кенжесі Ақбота 2008 жылы дүниеге келген. Абай мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушысы.Өз бойындағы барлық жақсылық пен ізгілікті балаларына, немерелеріне дарытып, елге елеулі еңбегімен танылып жүрген азаматтың бүгінгі тынымсыз тіршілігі кейінгі ұрпаққа өнеге. Береке-бірлігі бекем отбасының ардақтысы, абзал азаматқа мықты денсаулық тілеп, әрдайым биіктерден көріне берсін деген тілек білдіреміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

9 марта 2025 15:21
Даурен
Maruash, Көп рахмет!...
6 марта 2025 11:31
Гульнар
Сіздерге рахмет! Әкеміздің өмірі кейінгі ұрпақтарына сіздердің осы еңбектеріз арқылы естелік болып қалады. Еңбектеріңіз...
2 марта 2025 13:57
Гульнар
мы члены большой семьи Нуржановых ценим в людях чувство ответственности,человеколюбия и  профессионализма..так...