Рахым Арыстанбайұлы

Рейтинг:

Ісіне адал, антына берік жан

      Арыстанбаев Рахым Арыстанбайұлы 1940 жылы Жезқазған өңірінде дүниеге келген. Алғаш сол өлкеде №7 жеті жылдық мектептің табалдырығын аттайды. Қым-қиғаш өмірдің бұралаң жолы Рахымды ерте жастан еңбекке араласуға мәжбүр еткендей. Мәжбүр дейміз-ау, сол жылдары елдегі жағдай да қалыпты емес-тін. Жастардың дені ауыл шаруашылығына араласатын. Солардың қатарында Рахым Арыстанбайұлы да еңбекке араласа жүріп, кешкі мектепте 10 жылдық білім алады. Жастайынан еңбекқор болып өскен жасты ауылдың, туған-туыстардың жағдайы алаңдататын. Елдегі саяси және әлеуметтік жағдайдан хабардар болған ол- тынымсыз тірліктің бел ортасында жүргенде, 18 жасқа толысымен Жезқазған кен-металлургия комбинатына қарасты №42-51 шахтаға жұмысқа орналасады. Дәл сол кезеңде №51 шахтадағы алғашқы жер астында өздігінен жүріп кен өндіретін техникаларды жер астына түсіріп, құрастырып пайдаланатын алғашқы бригада құрамы жасақталған болатын. Болашаққа нық қадам басқан өреннің алғашқы жұмыс орны да тарихи оқиғамен байланысты болды. Себебі, Рахым Арыстанбайұлы арнайы құрылған жасақтың құрамында болды. Өз ісінің жай-жапсарымен толықтай танысқан соң, білім қуып, маман иесі атануға бел байлайды. Осылайша, өндірістен қол үзбей жүріп жоғары білім алады, инженер механик мамандығын игереді. 1960 жылдардың ортасында кен металлургия комбинаты өз қарамағындағы жұмысшыларды азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында Жезді өзенінің бойына тоған салып, соның негізінде «Талап» қосалқы ауыл шаруашылығын құрған. Рахым Арыстанбайұлы құрылыстың басынан аяғына дейін қатысып, кейін осы шаруашылыққа бас инженер қызметіне ауысқан.
      1970 жылдардың орта шенінде «Талап» елді мекені республикалық ауыл шаруашылық министрлігіне қарап, «Жезқазған совхоз техникумы» құрылды. Сол жылдары Рахым Арыстанбаевтың еңбек жолында оң өзгерістер орын ала бастады. Сөйтіп, ол - совхоз техникумының директорының өндіріс жұмыстарын басқаратын орынбасары қызметіне тағайындалды. Сол техникумның құрамында 3128 гектар суармалы жері бар, үш жүзден астам машина-трактор паркі бар, алпыстан астам жаңбырлатып жер суаратын қондырғылары бар, оның ішінде: «Днепр», «Фрегат», «Сигма», «Волжанка», «ДДА-100 МА» сияқты күрделі қондырғыларға су беріп тұратын «СНП-75/100» насос станцияларымен қоса үш мыңға жуық халқы бар қала типтес паселкіде 30 шақырым суық су жүйесі, 7 шақырым ыстық су жүйесі, 11 шақырым каріс жүйесі, «ДКВР-10/13» үш қазандығы бар жылу орталығы, баннопрачный орталығы, 90 орындық балабақша, 50 орындық асхана, жеке жатахана, қонақ үйі бар елді мекенді басқарумен қатар суармалы жер өнімдері: картоп, қияр, қызанақ, жуа, т.б. өнімдерімен бірге үш мың бас ірі қарасы бар. Соның ішінде мың жарым бас сауын сиырдан тәулігіне 3-4 тонна сүт өндіріп қала халқын 30-70% дейін қамтамасыз етіп отырған шаруашылықты алты жылдай басқарды. 1980 жылдары Жезқазған түсті металл комбинатының директоры В.В.Гурьба облыс басшыларымен келісіп, Р.Арыстанбаевтың кандидатурасын Қазақ ССР түсті металл министрі С.Такежановқа жіберді. Министрден бекіп келгеннен кейін, Рахым тікелей мал шаруашылығымен айналысатын «Промышленный» (қазіргі Қорғанбай мекені) қосалқы ауыл шаруашылығын ұйымдастыру және басқаруды қолға алды. Алғашқы жылдардың өзінде-ақ мал басын: жеті мың қой, үш жүз жиырма жылқы, төрт жүз елу сауын сиырға жеткізіп, қала халқына және Жезқазған түсті металл комбинаты жұмыскерлеріне жылына жүздеген тонна ет –сүт өнімдерін беріп отырды. Рахым Арыстанбаев жастайынан ауылдың тыныс тіршілгімен етене таныс болған соң, әрі шаруашылық жүргізуде жоспарлы істерді жүйелі атқарудың бағытын білгендіктен жұмыстар артығымен орындалатын. Ол - осы шаруашылықты 5 жыл басқарған соң, облыстық партия комитеті Рахымды «Аргопром-Энерго» мамандырылған кәсіпорнына директорлық қызметке тағайындайды. Сол жылдары қаланы және сүт өнімдерімен жабдықтайтын сүт комбинатында қайта жабдықтау жүргізіп, жаңа технологиялық жабдықтарды іске қосу үшін Жезқазған сүт комбинатын басқаруға білікті басшы ретінде Рахым Арыстанбайұлының кондидатурасы ұсынылды. Көп жылдар өз қолымен мал өнімдерін өндіріп жүрген Рахым Арыстанбайұлы зауытта түскен өнімдерді өңдеу кезіндегі шығыны көп технологияларға көптеген өзгерістер енгізді. Нәтижесінде, аз уақыт ішінде сүт комбинаты қырыққа тарта сүт өнімдерін даярлап, тұтынушыларға ұсынылды. Тағы бір жаңалық, сол уақытта пайдаға асырылмайтын сүттің сарысуында 0,7-0,11% этильді спирттің барын анықтау жаңалығы болды. Сонда жаңа қондырғы тауып орнатып, сүттен «Кеңгір»- атты арақ шығарып, қалдықсыз өнім өндіретін технология іске қосылды. 
      Адамзат баласына тізгін бермейтін уақыттың зымырауымен кеңестік одақтың күйреген шағы жер үстіндегі үлкен жаңалықтардың бірі болды. Нарықтық заман келгенде халық үрейлене бастады. Содан зауыттар жеке меншікке өтіп жатқанда ауылды қамтып отырған зауыт та жекенің қолына кетті. Бұл ретте істің көзін білетін Рахым Арыстанбайұлы 1998 жылы «Жезқазған қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде» бастықтың орынбасары қызметіне ауысты. Бұл жұмысты да өзінің білікті маман, үлгілі басшы, өнегелі ақылшы ретінде қарамағындағы қызметкерлерді шебер ұйымдастыра білді. 
      Ол - 2003 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де жұмыстан қол үзген жоқ. Бүгінгі таңда «Талап» қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы. Рахым Арыстанбаев 2011 жылдан осы қордың ішінен мүмкіндігі шектеулі балаларға «Аялы алақан» орталығын ашты. Онда 20-25 бала бар болса, оларға оннан астам маман (логопед, дефектолог, ЛФК мамандары, врач невропотологтер) қызмет көрсетеді. Әсіресе, соңғы 7-8 жылдың ішінде орталық көптеген жетістіктерге жетті. Ерекше күтімді қажет ететін балаларға көрсетілген қызмет шығындары, жасалатын ем-дом, жұмыскерлердің жалақысы осы «Талап» қорынан қаржыландырылуда. Білікті басшыға балалар да, олардың ата-аналары да дән риза. Сөзден іске көшкенді жөн көретін Рахым Арыстанбаев қала өміріндегі басқа да жұмыстарға уақыт тауып белсене араласады, жастарға өнегелі ұстаз болып жүрген қадірлі ақсақалдардың бірі. Әр жылдары «Ерен еңбегі үшін», «Ветеран труда» , «ҚР тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан маслихатына 20 жыл», «ҚР Еңбек ардагері», «Жезқазған қаласына 65 жыл» мерекелік медалімен марапатталған. Аудандық-қалалық советінің депутаты, бірінші сайланған Жезқазған қалалық маслихат депутаты, «Жезқазған қаласының құрметті азаматы», қалалық ақсақалдар кеңесінің, қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі.      
      Жалпы Рахым Арыстанбаевтың ғибратты ғұмырымен таныса отырып, оның өңірдің ғана емес еліміздің өркендеуіне зор үлесін қосқан азамат екенін білдік. Өмір жолында ерінбей еңбек етіп, ілгері жүруден айнымайтын азаматтың жүрген жолы, асқан асуы көпке үлгі. «Алма, піс, аузыма түс»- деп омалып отырғаннан қайыр жоқ. Мұны Рахым ата да жақсы біледі. Сондықтан, жастарға ақылын айтып, бағыт бағдар көрсетуді өзінің міндеті санайды. Сан- салада толымды тірліктер атқарып, бастысы, елдің алғысына бөленіп жүрген азаматымыз ғұмырлы болсын дейміз. 
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

9 марта 2025 15:21
Даурен
Maruash, Көп рахмет!...
6 марта 2025 11:31
Гульнар
Сіздерге рахмет! Әкеміздің өмірі кейінгі ұрпақтарына сіздердің осы еңбектеріз арқылы естелік болып қалады. Еңбектеріңіз...
2 марта 2025 13:57
Гульнар
мы члены большой семьи Нуржановых ценим в людях чувство ответственности,человеколюбия и  профессионализма..так...