![]()
Кішіпейілділік, бекзаттығымен баураған
Гүлзар әйел қауымына сұлулықсыз бақ қайда,
Шын сұлулық тереңдікте жатпай ма?
Мұхтар Шаханов
Әрбір адамның жеке бас мәдениеттілігі оның өзіне қоятын талабына байланысты. Қызмет бабында адамның өз ұстанымында тұра білуінен, қиын жағдайларда моральдық дұрыс таңдау жасай білуінен көрінеді. Шыншыл және адал адам өз арына, намысына нұқсан келтіретін әрекеттер жасамайды, адал қалпынан айнымайды.
Жайшылықтағы сыпайылық, мәдениеттілік, кішіпейіл бауырмалдығы басым жанның қызметте темірдей тәртіпті талап етуін, жауапкершілігі зор басшылығын көріп оны сегіз қырлы, бір сырлы деп қабылдайсыз. Сыйласу сырласуға ұласып, бұл ойыңның дұрыстығы дәлелденеді. Көп арасынан ерекше көрінетін сондай жандардың бірі – Аяпова Жанат Рахманқызы. Жылы жүзінен нұр төгілген, мейірімге толы көздерінен жан сұлулығы көрінген жанның кім-кімді де салған жерден өзіне баурап алатыны рас.
![]()
Алдымен Жанат Рахманқызының алты Алаштың анасы атанған Сыр өңіріне келу тарихынан бастасақ. 1954 жылы Өскемен қаласында дүниеге келеді. 1962 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім аудан орталығындағы №1 орта мектебінің табалдырығын шәкірт болып аттады. Алғашқы кезден бастап-ақ өзінің құймақұлақ алғыр оқушы екенін байқатты. Мектептегі барлық пәндерден үздік баға алып қана қоймай, сыныптан тыс өтетін барлық іс-шараларға белсене атсалысатын. Ән салып, би билеуден алдына жан салмайтын өнерпаз Жанат кей кездері сыныптың озат оқушыларының тісі батпайтын есептерді «жаңғақша шағатын», түрлі сөзжұмбақтарды шешуден жалықпайтын. «Ақынға қара сөзден өлең оңай» дегендей, бала кезінде өзін есеп саласындағы мамандықтардың бірімен байланыстыратын. Алайда адам баласына мамандық таңдауда сан түрлі өмір иірімдері, айналасындағы ортаның ықпалы әсер ететін болар, 1972 жылы мектепті үздік бітірген Жанат жүрек қалауымен Семей қаласындағы мемлекеттік медицина институтына түсуге шешім қабылдайды. Аталған институттың «Емдеу ісі» факультетіне қабылданып, оны 1978 жылы ойдағыдай аяқтап шықты. Міне осы институт қабырғасында оқып жүріп, өзінің болашақ өмірлік жары Аяпов Еркебай есімді жігітті кездестірді. Сымбатына ақылы сай көркем жігіт өзі қатарлы жігіттердің ішінен білімділігімен, зеректігімен ерекшеленіп тұратын. Білімнің тереңіне бойлап жүрген жігіт сезімтал қыз жүрегіне жол таба білді. Семей өңірінің қызы Сыр бойының арда жігітімен бас қосып, 1974 жылы маусым айының 20 жұлдызында Сыр елінің келіні атанды.
Оқығаны, көңілге тоқығаны көп өмір баспалдағы атанған еңбек жолын Жанат Рахманқызы 1979 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Катон-Қарағай аудандық ауруханасында аймақтық терапевт дәрігер болудан бастады. Өзінің қызметі туралы көбірек біліп тереңірек зерттеу үшін, сырқат жандарды сауықтыру шараларын іздестіру арқылы халыққа қайтсем сапалы қызмет көрсетем деген оймен том-том кітап беттерін ақтарды. Бала күнгі досын өзіне сенімді серік етті. Бір кітаптан оқыған жас ақынның өлең жолдарын жиі есіне түсіретін:
Әке сөзін зердеме құйып алғам,
Кітаптардан қажетті білім алам.
Жеке шыққан бәйгеде тұлпардай боп,
Мақсатыма жетуге талаптанам.
Қызметін мінсіз атқарып, сырқат жандарға жан жылуын сыйлап, елдің алғысына бөленген ақ халатты абзал жан Жанат Рахманқызы небары үш жылдан кейін аудандық аурухананың меңгерушісі қызметіне тағайындалды. 1986 жылдан бастап қасиетті Қызылорда жеріндегі еңбек жолы басталды. Осы жылдың қыркүйек айынан бастап Қызылорда қаласындағы №3 емхананың аймақтық дәрігері болып жұмысқа орналасып, бірнеше ай өтісімен бас дәрігердің балаларды емдеу ісі бойынша орынбасары қызметіне тағайындалды. Осы қызметінде жүріп Жанат Рахманқызы келіндік міндетіне ешқашан атүсті қараған емес. Әулеттің үлгілі келіні атанып, ата-ананың ақ үмітін ақтау үшін төркінге сирек баратын, жан-жарының қас қабағын бағатын,үлкендерді сыйлайтын келін болуға барын салды.
![]()
Сүйіп қосылған жарының анасын екінші анам деп қабылдады, алдында тік тұрып қызметін жасады. Енесін сыйлап құрметтеді, иіліп сәлемін салып, тездетіп дастарханын жайып, қабағына кірбің түсірмей, мереке сайын сыйлық ұсынып, қайткенде көңілінен шығуға тырысатын. Көзі тірісінде екінші анасымен екеуінің арасынан қыл өткен емес, бір-біріне сүйеніш, демеу бола білді, қиындықтарды бірлесіп жеңді, көзінің ағы мен қарасындай балаларын бірлесіп тәрбиеледі.
Жанат Рахманқызы өзінің әйел бақытына қол жеткізу құпиялары жайлы бізбен бөлісе келе былай деді: «Қазіргі кезде қоғамда іскер адамдар туралы белгілі бір пікір қалыптасқан. Іскер адам өзінің сырт көрінісімен: қимыл-қозғалысы, жүріс-тұрысы, киім киісі, дауыс ырғағы, батылдығы, бейімделгіштігі, еркіндігі, заманауи техниканы меңгергендігі, уақытын тиімді пайдалана білетіндігімен ерекшеленуге тиіс. Іскер адамның белгіленген талапқа сай талғаммен киініп, соған жүріс-тұрысы, қимыл-қозғалысы сай келуі керек. Осы талаптардың барлығы орынды деп ойлаймын. Дегенмен, іскер әйел отбасылы болса, үйіне кіргенде «іскер әйел» кейпін табалдырықтың арғы жағына қалдырғаны жөн. Үйге келгенде, жарының алдында жібектей есіліп тұратын сүйкімді жан, мейірімді ана, ибалы келін бола білу арқылы өзіңіздің үйдегі де түздегі де міндеттеріңізді өз дәрежесінде атқара алатын пысық әйел екеніңізді көрсетесіз. Атақты жазушы Ғабит Мүсірепов ағамыздың әйел жайында айтқан мынадай нақыл сөзі бар: «Қазақ әйелін “жан жолдасым” дейді. Бұл үлкен сөз ғой. Жаны мен жаны үндес, ойы, арманы үйлес, егіз адамбыз дегені ғой». Мен осы сөзге тоқталамын, ерімді жан серігім деп сыйлаймын. Жалпы қолөнер шеберімін, жас кезімде сол кездегі сән үлгісіне сай түрлі көйлектерді денеге қонымды әрі жарасымды етіп тігіп кие беретінмін. Балаларыма арналған тоқыма бұйымдарын түні бойы отырып тоқыған кездерім болған. Қазір барлық қажетті нәрселер дүкен сөрелерінде тұр, әйтсе де әйел адамның әр нәрсеге икемі болғаны жөн-ақ. Қолынан түк келмейтін, үйге келгенде істеген ісін міндетсінетін, мансабын отбасынан жоғары қоятын әйелдерді өз басым «іскер әйелдер» қатарына жатқызбаймын. Әрбір іскер әйел қоғам қайраткері және өз елін, жерін сүйген патриот болуы міндетті деген ойдамын. Кез-келген әйелдің бойында нәзіктік, шыдамдылық сияқты қасиеттер болса, әйелдің бақ жұлдызы жанатына мен кәміл сенемін. Себебі, өзімнің жеткен жетістіктерімнің барлығына ерік-жігерім мен төзімділігім, еңбексүйгіштігімнің арқасында қол жеткіздім. Қай нәрсе де адамға табан ет, маңдай тері мен адал ниетіне қарай беріледі деген пікірге қосыламын».
Көптеген жас мамандарды тәрбиелеп, оларға өз ісімен үлгі болып отырған білікті басшының бұл сөзіне біздің алып-қосарымыз жоқ. Тек өнегелі жанның өмір өткелдеріне тағы бір рет көз жүгіртуді жөн санадық. Жанат Рахманқызы 1994-1997 жылдар аралығында Қызылорда қалалық №2 емханасының филиал меңгерушісі қызметін атқарды. Осы кезге дейін ол тәжірибе жинақтап,қызметінің қыр-сырын меңгеріп, білімін жетілдіріп, медицина саласында болып жатқан өзгерістерді зерттеп, ақпараттармен қаруланып, белсенділігі мен жаңашылдығын іс жүзінде көрсете білген еді. Соның нәтижесінде Аяпова Жанат Рахманқызы 1997 жылдан бастап Қызылорда қаласындағы «Сенім» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры болды және осы қызметті күні бүгінге дейін абыроймен атқарып келеді. «Сенім» ЖШС-і – мемлекеттік тапсырыс бойынша халыққа алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектісі болып табылады. Емхана денсаулық сақтау субъектісі қызметінің Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу стандарттарына сәйкестігінен өткен, соңғы аккредитация талапқа сай 2016 жылы өткізілген.
![]()
«Сенім» емханасы 23 483 халыққа қызмет көрсетуде. Емханада жалпы 155 қызметкер халыққа қызмет көрсетсе, оның ішінде 31 маман дәрігерлер мен 93 кіші медицина қызметкерлері бар. Барлық емхана қызметкерлері жыл сайын шеберліктерін шыңдау мақсатында біліктілікті арттыру курстары мен оқуларға қатысып отырады.
– Елбасымыздың «Адамдарға ақыл-парасат өз өмірін жақсарту үшін берілген» - деген қанатты сөзін өз жұмысымда басшылыққа аламын. Елбасымыз ел басқарған жиырма бес жылдан астам уақытта халықтың үмітін ақтады, елімізді әлемге танытты. Президенттің шағын кәсіпкерлікті дамыту туралы құнды идеясына ерекше мән беремін. Себебі, халқының кәсіпкерлік санасы биік деңгейде дамыған мемлекет қана экономикалық өркендеуге тез арада қол жеткізе алады. Кәсіпкерлік қағидаттарын игерген адамның жалпы өмірдегі көзқарасы да, болмысы да өзгереді, болып жатқан экономикалық құбылыстар мен өзгерістерге байыпты, сауатты баға бере алады. Бәріңізге белгілі, жастар мәселесі қашанда Елбасымыздың айрықша қадағалауында болып келеді. Жастарға қолдау көрсету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Оларға барлық қажетті жағдайлар жасалған, барлық құқығы қорғалған. Енді жастарымыз ел игілігі үшін, Отанымыздың көркейіп-гүлденуі үшін қызмет етсе деймін. Өзім кемел келешекті жасайтын жастар екеніне шүбә келтірмеймін. Қазіргі кезде мен төрт баланы тәрбиелеп өсіріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып отырған бақытты ана, немерелердің қызығына тоймай жүрген әжемін. Балаларым үмітімді ақтап, сенімімнен шыққанына қуанамын. Ұжымда қызмет ететіндердің дені жастар, мен оларды үнемі қолдап отырамын. Халыққа қызмет жасайтын ұжым болғандықтан, біздің қызметкерлер әрбір дертке дауа іздеген жанның көңілінен шығатындай қызмет түрін көрсетуге міндетті. Әрбір адамға ілтипатпен қарап, мәдениетті сыпайы қа
![]()
рым-қатынас жасайтын қызметкерлерімді аса жоғары бағалаймын, – дейді Жанат Рахманқызы сөзін қорытындылай келе.
Денсаулық сақтау саласында қызмет атқарып қана қоймай, қаланың қоғамдық өміріне белсене араласатын Жанат Рахманқызы қалалық мәслихаттың үшінші шақырылымының детутаты болған. Мемлекеттік марапат қоғам және мемлекет тарапынан жалпы жеке адамға құрмет көрсету белгісі және марапаттаудың маңызды элементі болып табылады. Жанат Рахманқызы өзі қызмет жасаған жылдары түрлі марапаттаулардан кенде болған жоқ. Жеткен жетістіктері мен ерен еңбегі үшін 2002 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалі берілсе, 2007-2012 жылдары ҚР Президентінің «Марапаттау хаттарымен» және ҚР Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы төрайымының «Алғыс хатымен», «Нұр Отан» партиясының, қала және облыс әкімінің «Алғыс хаттарымен» марапатталған. «Әлеуметтік гигиена және денсаулық сақтау ұйымы» мамандығы бойынша жоғары біліктілік санаты бар Аяпова Жанат Рахманқызы осы жылдың желтоқсан айында «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төс белгісі иегері атанды.
Жанат Рахманқызы өзінің бекзаттығымен, білмекке құлшынысымен, әдемілікке ұмтылысымен, өмірге деген сүйіспеншілігімен айналысындағы адамдардың сүйініші мен таңданысын тудырмай қоймайды. Адами қасиеттері жоғары, рухы биік парасатты да кішіпейіл жан қай қырынан қарасаң да алтындай жарқырап тұрады екен. Биік өресіне кісілігі сай абзал жанды біз де марапатымен құттықтаймыз, табыс биігіне өрлей беріңіз, халықтың шынайы сүйіспеншілігіне бөленіп, абырой-беделіңіз жыл санап арта берсін!