Қайырымды жандар
Шудаларын шаң баса желіп өткен өркешті жануардың қомына жабысып, төрт тұяғын тең алған тұлпардың жалына жабысып, туған айдың өтерін, шыққан күннің батарын, тілі тоқтамай зырғыған сағатпен өлшеген уақыт өз дегеніне бағындырып келеді. Адымыңды қысқа
![]()
алып, аяғыңды кейін тартсаң, шыққан биігіңнен ысырып, кәсібіңді туралататын, бәсекелестік биіктігіне жетелейтін нарықтық қоғам жаңа технологиялардың жетегіне еріп қарыштап дамуда. Бірақ, осы бір үдеріс көшіне ілесіп, жаһандану деген алып мысықтабандап жақындап келе жатқанда, зор тісінің арасына қыстырылып кетпеуге сеп болатын кәсіпкерлікті үйіріп алып кеткен, өзінің мақсат-мүддесі мен кәсіпкерлігін үйлестіре білген көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар баршылық. Олар, тобықтан қаққан тоқырау жылдары мол тәжірибе жинап, өмір көрген, айтары мен елге ұсынар сапалы қызметі бар кәсіпкер тұлғалар. Жаратқанның бұйрығынсыз жерге бір уыс та шөп шықпайтыны секілді, әрбір ісін «Біссімилласыз» бастамаған, кәсібінен нәсіп тауып, жаңа заман талабына сай жаңа кәсіпті меңгеріп, елге қызмет етіп келе жатқан кәсіпкерлеріміздің бірі – Раев Қайрат Эрджумаевич пен Чайгараева Ляззат Нүсіпқызы.
Әрбір жетістікке жеткен жанның артында жары, жолдасы тұратыны секілді, бір-біріне қолдау көрсетіп, өздерінің туған жері Панфилов ауданы, Жаркент қаласында 300 балаға арналған балабақша салып, 100-ден астам адамды жұмыспен қамтып отырған Ляззат Нүсіпқызы мен жары Раев Қайрат абырой биігіне көтеріле білген жандар. Кейіпкеріміз Ляззат Нүсіпқызының арқа сүйер азаматы, бір отбасының тірегі болып отырған жолдасы туралы айтып өтсек.
Алматы облысы, Панфилов ауданының Жаркент қаласында орналасқан жеке шаруа серіктестігі «Kaisar KK» құрылтайшысы болып, беделді қызмет атқарып келе жатқан Раев Қайрат Эрджумаевич 1970 жылы 17 ақпанда Алматы облысы, Панфилов ауданы, Пенжім ауылында дүниеге келген. Ғасырлар бойы үзіліссіз жалғасып, ел экономикасының өрістеуіне, дамып, алға жүруіне сеп болатын құрылыс саласында қызмет етіп келе жатқан ол 1987 жылы А.Розыбакиев атындағы орта мектебін аяқтаған соң құрылыс әлеміне еніп кеткен еңбекқор азамат. 1987-2003 жылдар аралығында Алматы қаласында құрылыс компаниясында құрылысшы болып еңбек етіп, 2003 жылы Шымкент қаласының Қазақстан халықтар достығы университетіне «Құрылыс» мамандығы бойынша оқуға түсті. Аталған жоғары оқу орнын 2008 жылы «Құрылыс» мамандығы бойынша аяқтады. 1988 жылы шілде айында КСРО қарулы күштер қатарына шақырылып, әскери борышын
![]()
Ресей Федерциясының Жаңа жер аралында әскери құрылыс бөлімінде 2 жыл абыроймен қызметін атқарып келді.
Еліне елеулі еңбегі сіңген марқасқа азаматтың мерейін өсірген, халықтың алғысының өлшемі болған жетістіктерін саралап айтсақ:
- 2017 жылы қараша айында Жалпы ұлттық бизнес орталығының ұсынуымен «Bene merenti de professione» төсбелгісі;
- 2020 жылы қыркүйекте Төле би қоғамдық қорының әрі «ҰОС адаргерлерінің мұрасы және рухани жаңғыру» қоғамдық қорының ұсынуымен «Бауыржан Момышұлының 100 жылдық» мерейтойлық төсбелгісін жарқырата тақты.
Кәсіпкер – ел экономикасының негізгі тірегі, қоғамның ертеңгі күнге жетелер қозғаушы күші. Қарадан шықса да қалың елге қызмет етіп келе жатқан, бала кезіндегі ата-анадан алған тәлімді тәрбиесін өнегелі өмір өрнегімен көрсете білген кәсіпкер Ляззат Нүсіпқызы мен Раев Қайрат атқарған қызметі мен жақсылықтары үшін қалай мақтап жазсақ та жарасады.
Замана ағымымен бірге ағып, қабілеті келген кәсіпті дөңгелетіп келе жатқан Ляззат Нүсіпқызы 1974 жылдың 27 наурызында
Алматы облысы, Панфилов ауданы, Пенжім ауылында дүниеге келді. Тарих тасында таңбаланып қалған қасиетті өлкеде өсіп, балалықтың бақытты әткеншегінде тербелген білім ордасының табалдырығын Пенжім ауылындағы Розыбакиев атындағы орта мектебінде аттады. Жанындағыларды үйіріп алып кететін ұйымдастырушылық қабілеті басым, игі істерді бастауда бірінші болып құлшынып отыратын жалынды жас, мектеп қабырғасында жүргенде де өзінің жақсы жақтарымен көзге түсе білді. Қарлы боран болса да, тек қияға өрлейтін қырандай, оқушы болып жүріп те, мектептің қоғамдық өміріне белсене араласқан Ляззат сынып көшін алға сүйреген, мерейін өсіріп, ұстаздарының мақтауына ие болған озат шәкірттердің сапында болды. Үнемі ізденіс үстінде болып, қандай ортаға барса да еркін араласып кете
беретін жібек мінезді шәкірт мектепті бітірді.
![]()
Үлкен өмірге жаңаша көзқараспен қараған әр оқушының өзіндік арман-мақсаты болады. Ляззат Нүсіпқызының да өміріне серік етіп таңдаған мамандығы медицина саласы еді. Ауылдағы училищені бітіріп медицина саласында еңбек жолын бастаған жас маманның алдында үлкен кедергілер тұр еді. Ол тоқсаныншы жылдары жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы болған тоқырау кезі болатын. Тәуелсіздіктің ақ таңы атты деп бөркімізді аспанға атып қуанғанымызбен, ел экономикасы мен шаруашылығы, тіршіліктің шынтағы мен шапаны жамаулы кез еді. Бірақ, аталарымызға арман болған тәуелсіздіктің нұрлы шуағымен жүзімізді де жүрегімізді де толтырып, сол бір қиын сәттері әупіріммен жүріп жатқан кезде де медицинаның хәлі айтарлықтай емес еді. Бір қазаннан ас ішіп үйреніп қалған ел, тоқ ұрған жануардай есеңгіреп қалған тұс болды. Менмұндалап тұрған зауыттар мен фабрикалардың жұмысы тұралап, мәдениет пен өнер ордаларының есігін қара құлып күзетіп қалған жылдары күнкөрістің қамы үшін көптеген адамдар ала дорбасын арқалап базарға шығып кетіп еді. Міне, осы бір базарға шығу, уақыт өте келе нәр іздеген, тіршіліктің түйіткілін шешуге ұмтылған жандарды кәсіпке бағыттай білді. Міне, осындай өзелерден бұрын көзі ашылған ат төбеліндей топтың ішінде Ляззат Нүсіпқызы да болды.
Өз қарым-қабілетімен кәсібін дөңгелете білген Ляззат Нүсіпқызы жаңарған заманмен бірге санасын да түрлендіріп, үлкен мүмкіндіктерге жол ашып, білім іздеу жолына түсті. Жанарындағы ұшқынды отқа айналдыра білген ол Оңтүстік Қазақстанның Ашық Университетіне оқуға түсті. Жанамын деген жүрекке от берген іргелі білім ордасының қайнаған өмірімен белсене араласып кеткен Ляззат өзі таңдаған саланың білімді де білікті маманы болып шығу үшін аянып қалмады. Осылайша, аталған жоғарғы оқу орнын 2006 жылы психолог маман ретінде аяқтап шыққан Ляззат Нүсіпқызы 2007-2010 жылдары Абай атындағы орта мектептің педагог-психолог маманы болып жұмыс атқарды.
Ғасырлар тоғысында сілкінген елдің жүзіне қан жүгіріп жатқан сол кездері кейіпкеріміз де қайта кәсіп саласына бет бұрып, түрлі істерді атқаруға бел буды. Кәсіпкерлікке деген қабілеті бар, жастайынан балаға деген мейірім-махаббаты жүзінен нұр болып төгіліп тұратын Ляззат Нүсіпқызы ойға алған бастамасын үкімет бекіткен бағадарламамен астастырып, 2014 жылы «Әділет РК» жеке шаруа серіктестігінің құрылтайшысы болды. Қолынан іс келетін кәсіпкерге барлық саланың есігі айқара ашық, абырой мен жетістік, табыстың беткейі де алыс емес. 2014 жылы Алматы облысы, Іле ауданының Комсомол ауылынан 75 балаға, 2016 жылы Көкқайнар ауылынан 40 балаға балабақша ашып ұлт болашағын тәрбиелеуді өзіндік үлесін қосып келеді. Бүгінгі таңда балаға деген махаббаты, ұлт болашағына деген жауапкершілігі мен міндеті, кәсіпкерлікке деген толассыз еңбегін бір қазықтың басына байлаған Лязат Нүсіпқызы еліміздің болашағы сауатты да саналы ұрпақ тәрбиелеуге өз үлесін қосуда адал да абыройлы қызмет көрсетіп, еңбегінің жемісін көріп келеді.
Жаңа ғасыр, жаңа заман – жаңа мүмкіндіктерге толы. Көп жылдар бойы түрлі салада еңбек етіп, тәжірибе жинақтаған Ляззат Нүсіпқызы 2019 жылы 17 желтоқсанда халықтың денсаулығын жақсарта отырып, табысқа жеткізуді мақсат еткен халықаралық «UNIFORES» компаниясының негізін қалады. Қазіргі уақытта Ресей, Туркия, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан, Қарақалпақстан, БАӘ мемлекеттерінде мыңдаған серіктестер компанияның дамуына үлестерін қосып отыр.
Адал еңбектің жемісі де мол, табысы да толағай болмақ. Кәсіпкерлік саласында атқарған ерен еңбегі мен көптеген бастамашы болған игі істерінің өтеуі ретінде жергілікті атқару билігінің Алғыс хаттары, Дипломдары, Грамоталарымен марапатталды. Атап айтар болсақ:
✦ 2015 жылы жылы Іле ауданының әкімі Қ.Медеуовтың Мадақтамасы;
✦ 2016 жылы «ҚР тәуелсіздігінің 25 жылдығына» және «Жекеменшік білім ұйымдары
Республикалық қауымдастығының 10 жылдық» мерейтойында Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Әлеуметтік сала және әлеуметтік әріптестік комитетінің төрағасы Т.К.Доскеновтың Мақтау грамотасы;
✦ Жекеменшік білім саласын дамытуға қосқан үздік үлесі үшін республикалық жекеменшік білім ұйымдары қауымдастығы төрайымы Р.Ш.Садықованың атынан Мақтау грамотасы;
✦ 2017 жылы Ұлттық Бизнес Рейтингтің зерттеуі бойынша «Жыл көшбасшысы» атағы;
✦ 2018 жылы «Мемлекеттің бүгіні мен болашағын құруға көмектесіп жүргені үшін» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің «Алғыс хаты»;
✦ Округтің әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдени-рухани өркендеуіне, ел бірлігі мен саяси тұрақтылығына қосқан үлесі үшін КазЦИК ауылдық округінің әкімі А.Жасымбековтың «Алғыс хаты»;
✦ 2019 жылы «Көп жылғы еңбегі және білім беру жүйесін дамыту мен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі мен жеткен жетістіктері үшін» Білім және ғылым министрі А.Аймағанбетовтың «Алғыс хаты»;
✦ Білім беру жүйесін дамыту мен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі мен жеткен жетістіктері үшін «Bilim INVEST» білім беру саласындағы инвесторлардың ұлттық қауымдастығының президенті Р.Т.Төлегенованың «Алғыс хатымен» марапатталды.
Жомар жүректі, қайырымдылық жасауға ұмтылып тұратын кейіпкеріміз Ләззат Нүсіпқызы 2018 жылы Алматы облысы, Панфилов ауданы, Жаркент қаласынан 100 балаға арналған мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы балабақша салып, қолдануға берді. Карантин уақытында да қарап қалмады. Панфилов ауданы, Пенжім ауылының жағдайы төмен отбасыларына қаржылай көмек көрсетті. Мереке кездерінде ауданымыздағы тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға әр түрлі сыйлықтар таратса, «Мектепке жол» бағдарламасы бойынша балалардың мектепке қажетті құралдарымен қамтамасыз етіп келеді. Бір жылда мемлекетке 20 млн. теңге салық төлегеннен бөлек, мұқтаж отбасыларына ақшалай көмектерді көрсетуін қосқанда жалпы 27 млн. теңге көлемінде көмек көрсетіліп отыр.
Қазақта: «Ер еңбегіне бір тойсын» деген сөз халықтың ықыласына бөленген асыл жүректі пенделер туралы дөп айтылған. Талай іске бастамашы бола білген заманның қыршаңқы тілін тез түсініп, иілуге келмейтін емендей болған жаңа кәсіпті дөңгелетіп, қазақ елінің атын әлемге шығарып отырған кәсіпкерлердің жұмыстарына табыс, отбасына амандық тілейміз!