![]()
Мәдениет марқасқасы
Тұла бойда тұнған өнермен бәзбіреулер биікті бағындыра алмай, сонау құзға қарай құлдилағанын да байқаймыз. Ондайда таудай талап берсе де, бармақтай бақ бұйырмаған екен дейміз сырттай қарап. Расында, бойдағы талантты бағалап, қадірін түсіне білу де – өнер. Мамандығын есепшілікпен бастаса да, мәдениет саласын ұршықша иіріп, өз ортасында абырой-бедел мен мәйекті марапатқа қол жеткізген жандардың бірі – Жұмакүл Сманқұлова. Ол бойдағы ұйымдастырушылық пен өзіне-өзі талап қоя білу қабілетін бағамдап, таразылап, биікке қол созып, бұл күнде Жамбыл облысы, Сарысу аудандық мәдениет үйін басқарып отыр.
Бұл күнде ерлермен иық теңестіре қоғамның әр саласында маңдай терін тамшылата төгіп жүрген әйелдер қауымының рөлі зор. Ел дамуына сүбелі үлесін қосып жүрген нәзікжандылар қауымын Елбасы төл мерекесінде арнайы құттықтайды. Оларды арнайылап Арқа төсіне алдыртып, марапат биігіне көтеріп жатады. Ондайда сұлулықпен үйлесім тапқан жандарға азаматтарымыздың «бәрекелдіден» басқа айтары да жоқ. Сондай еңселі еңбек етіп жүрген әйелдер қауымының арасында Сманқұлова Жұмакүл Якудақызы да бар. Ол талай тарланды тәрбиелеп, арқасынан қағып, биіктерге талпынтқан жан. Өйткені, өзі де осы күнгі деңгейге табанды еңбекпен келді. Жалқаулыққа жаны қас ол еңбексүйгіш өрендердің қабілетін шыңдаудан уақытын аяған емес.
![]()
Жұмакүл Сманқұлова 1959 жылдың 13 қарашасында, қоңыр күздің арайлы таңында Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Саудакент ауылында дүниеге келген. Жастайынан алғыр өскен қыз білім ошағында да белсенділік танытып жүреді. Болар баланы жазбай танитын қайран ел кейіпкеріміздің болашағын да барлай білген тәрізді. Жұмакүл Якудақызы 1976 жылы Б.Қашқынбаев атындағы қазақ орта мектебін тәмамдаған. Қалауындағы мамандыққа қарай қадам басып, Қазақ ССР жоғары және арнаулы білім беру министрінің Жамбыл есеп-санақ техникумына түсті.
Бухгалтер атты мамандықтың ол кезеңдегі атағы жер жаратын. Аталған оқу орнын талапшыл жас 1979 жылы тәмамдады. Өндіріс бухгалтері мамандығын алып, өзі туып-өскен Сарысу аудандық мәдениет басқармасында еңбек жолын бастап кетеді. Сол жылдан бері есептен есе жібермейтін білікті мамандық әлемінде зор тәжірибе жинап, алға қойған мақсат-міндеттерін айқындай бастайды. Осы басқармада саналы ғұмырын өткізіп, 2012 жылдың ақпан айына дейін бухгалтер, бас бухгалтер қызметтерін абыроймен атқарды. Әлбетте, бухгалтерия– қызығынан шыжығы көп сала. Соның бар қиындығына шыдады, төзді, қатарынан озды. Мамандығын шын сүйген жанның кесе көлденең шыққан қандай кедергіге болмасын, тап болғанда да шығар жолды таба білді, кеудесіндегі бағдаршамды жаға білді. Мәдениет атты ұш-қиыры жоқ теңізде тағдыр бағыттаған ағынмен аға білді. Міне, оның кереметтілігі де сонда болатын.
Саланың сала құлаш дамуына өзіндік тер төге білген майталман маманның білігі мен білімі оны даңғыл жолға шығара білді. Бойына біткен қасиеттің арқасында ол 2012 жылдың ақпанында Сарысу аудандық мәдениет үйінің директоры қызметіне тағайындалды.
Саналы ғұмырын саланың өрістеуіне арнаған Жұмакүл Сманқұлова әрдайым марапат мінберінен көріне білді. 1980 жылы мәдениет қызметкерлерінің білімін көтеру бойынша «Әмбебап мәдениет қызметкер» деген зор құрметке ие болды. Ол біліктілігін көтеруді әсте ұмытқан емес. Заман талабына сай жаңарған жүйемен ілесе жүріп, ол 2004 жылы Алматы экономика және статистика академиясын «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша тәмамдады. Араға тоғыз жыл салып, тынымсыз ізденіс нәтижесінде 2013 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Мәдени тынығу жұмысы» мамандығы бойынша бітірді. Оқудың ерте-кеші жоқ. Қай уақытта да білім алу, ғылымға бетбұрыс жасау тәрізді ізгілікті істің тереңіне үңілу кеш болмайтыны анық. Мұны түйсіне білген білікті маман «білетінім бір тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыз» деген ұстаныммен әрдайымы өзін жетілдірумен болды. Өзінің білгенін өзгеге үйретуден де қажымайтын майталман кейінгі толқынның өз мамандығына машықтануына да зор мән берді. Ақыл-кеңесін аямады, жастарды ақылшы болып аялады. Қырық жылға жуық уақыт бойына өзін шыңдаумен де, өзгені баптаумен де, саланы дамытумен де айналысты. Бәріне үлгерді, үйретті, үйренді. Оны осы қасиеті өзгелерден биік болмысты етіп көрсетіп тұрады.
Саладағы ерен еңбегі еленген Жұмакүл Якудақызы «Қазақстан Республикасының мәдениеті мен өнерін дамытуға үлес қосқаны үшін» облыс әкімінің сыйлығымен марапатталды. ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрі Е.Қосыбаевтың құрмет грамотасын (2004 жыл), «Мәдениет саласын дамытуға қосқан және қоғамдық өмірге белсене араласқаны үшін» Жамбыл облыстық мәдениет қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Ж.Алшынбаеваның құрмет грамотасымен (2011 жыл) марапатталды.
![]()
Бұл көрсетіліп жатқан құрметтің басы ғана. Бітімі бөлек жан Сарысу аудандық мәдениет үйінің директоры С.Қырғызбаевтың да (2005 жыл, 16 желтоқсан) алғысына бөленді. Мұндай алғыс хаттар қатарында Жамбыл облысы әкімдігінің, мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының (2014 жыл) құрметі де бар. «Қазақ хандығының – 550 жылдығына» орай өткізілген шараларға белсене қатысып, өзіне берілген тапсырмаларды жоғары деңгейде орындағаны үшін зор Жұмакүл Якудақызына басшылық тарапынан зор ризашылық білдірілді.
Осындай құрметті қатарда Жаңатас қаласының әкімдігі (2015 жыл) Алғыс жарияласа, дәл осы жылы «Қазақстан Республикасы Конституциясының – 20 жылдығына» орай мерекелік төсбелгісін тағынған. Араға бір жыл салып, «ҚР тәуелсіздігінің – 25 жылдығына» орай мерекелік медальмен, 2017 жылы аудан әкімінің «Құрмет грамотасына» қол жеткізді. Мұндай зор бедел мен марапат екінің бірінің маңдайына бұйырмасы анық.
Жұмакүл апай отбасы атты алтын ұяның да іргетасын қалап, бақыт бесігінде тербелуге қам жасады. Отбасында бір ұл, бір қыздың анасы, төрт немереге ақ жаулықты әже болып, бесік жырын айтқан аяулы жан.
Қызы Мухашева Замира Нұрланқызы 1987 жылы Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Байқадам ауылында дүниеге келген. Жаңатас қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияны үздік бітірді. Тараз қаласындағы Қ.А.Иасауи атындағы Қазақ-түрік университетінің шет тілдері мамандығында білім алған ол, Америка Құрама штаттарының Нью-Йорк қаласында өз білімін әрі қарай жетілдірген. Бұл күнде талапшыл жас Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің шет тілі мамандығының оқытушысы. Мамандығы бойынша магистратураны бітірген. Ұжымы арасында беделді жан анасы тәрізді абырой-беделді жиып келеді. Жұмысында тиянақтылық танытқан білікті маман бірнеше мәрте марапат көгіне көтерілген. Бақытты шаңырақтың негізін қалаған жас. Күйеу баласы Егембаев Алмас Астана қаласында құқық қорғау органында бөлім басшысы қызметінде. Алмас пен Замира Жәнібек есімді батырдың ата-анасы.
Ал, ұлы Мухашев Нұржан Нұрланұлы 1988 жылы Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Байқадам ауылында өмірге келді. Ол да әпкесі тәрізді Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияны тәмамдады. 8-сыныптан соң ол Қарағанды қаласындағы жоғары әскери мектебіне түсіп, 2007 жылы аталған білім ошағын үздік тәмамдап, Қ.А.Иассауи атындағы Қазақ-түрік университетін «мемлекеттік жергілікті басқару» мамандығы бойынша үздіктердің қатарында диплом алды. Мамандығы бойынша еңбек жолын бастаған жан ата-анадан дарыған еңбекқорлық қасиетімен ерек, болмысы бөлек.
Нұржан Нұрланұлы Жамбыл ауданы, Айша бибі селолық округі әкімінің аппаратында бас маман қызметінен бастап, облыстық ауылшаруашылық бастармасында қызмет етті. Бүгінгі таңда облыс әкімдігінің аппаратында бас инспектор болып қызмет етеді. Жанұялы. Жұбайы Кәмшат Ералиева Тараз қаласы әкімшілігінде экономист. «Жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренген» Нұржандай талапшыл жас биікке қол созған, бағыт алған. Әлбетте, оның жарқын болашақ пен кемел келешекке қарай өз кемесін бұрып, білікті капитан болары да анық. Жұмакүл апай Бейбарыс, Сұлтан есімді егіздер мен Інжу атты тәтті балақайдың сүйікті әжесі атанған.
![]()
Жұмакүл Якудақызы қызметте де, өмірде де өзгеге үлгілі қырынан танылып, биік белестерді бағындырған жан. Асылы, адам баласы Абайша айтқанда, «білсем, көрсем» және «ішсем, жесем» деген екі түрлі мінезбен туылатынын ескерсек, кейіпкеріміздің айнала қоғамды танып, оқудан қажымайтын, қарапайымдылықтан кішіреймейтін тұлға екенін ұғынамыз. Аласармас арман мен биік мақсаттарды еңсерген мәдениет майталманы талай шәкіртке ұстаз атанған.
Әрбір жанның өмірде меңгеретін екі бағыты болады дейді. Оның бірі – адамдық, алдымен меңгерілуі тиісі. Екіншісі – мамандық, нанын тауып, өмірдегі орнына орнығары. Жұмакүл Сманқұлованың қос иығында ұлы ұғымды арқалаған осы екі нәрсе орнығып тұрған тәрізді...