Іскер азамат – қоғам келбеті ![]()
Амангелді Маханбет... Иә, атының өзі жақсылықтың нышанын аңғартып тұратын іскер азаматты ауыл-аймағы, туған жері бір кісідей жақсы таниды. Азамат болып ат жалын тартып мінгеннен бастап елдік істерге жақын жүріп, тәжірибелі азаматтармен қоян-қолтық араласып келеді. Жақсыны көріп, дұрыс пен бұрысты ажырата алатын, заманауи, жаңашылдықа жақын жүретін азаматтың бүгінде беделі биік, қызметінде құрметті, өз ортасына үлгілі. Ол жасы кішіге қамқорлықпен қарап, үлкенге иіліп тұратын азаматтың бірегейі. Қашанда өз ісіне ыждаһатты, мұқият, тындырымды қарап, оны тиянақты орындауға күш салып жүргенін көресің. Жұмысы бастан асып жатса да асып-саспайтын, бірқалыпты мінезінен ауытқымайтын нағыз сегіз қырлы, бір сырлы ер.
Бүгінгі таңда Амангелдіұлы Маханбет Павлодар облыстық мәслихатының депутаты. Облыстық мәслихатта азаматтардың, шағын және орта бизнес өкілдерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы. «Respublica» партиясының Павлодар облыстық филиалының төрағасы. Кәсіпкер.
Микросфера жуып және кептіріп өңдеп, дайын шикізатты Ресейге және Польшаға экспортқа шығарумен айналысады. Әртүрлі арнайы құрылыс техникаларды жалға берумен айналысады. 1988 жылы 2 сәуір күні Моңғолия елінің Қобда бетінде дүниеге келген. Анасы Әділқызы Сара (марқұм), ашық жарқын мінезді, отбасы мен ағайынның ұйтқысы болған, көпбалалы аяулы ана, медицина қызметкері әрі біраз жылдар Еңбекке баулу пәнінің мұғалімі болды. 90-жылдардағы қиындық пен жоқшылық заманында әкесі екеуі Алла берген 6 баланы тәрбиелеп, өте жақсы білім беріп, балаларының бәрін мемлекеттік грантпен оқытты, жеткізді. Әкесі Сыдықбайұлы Амангелді 1971-1975 жылдары Алматы қаласындағы Абай атындағы педагогикалық институттың Қазақ тілі мамандығы бойынша тәмамдаған, Моңғолия мемлекетінде қазақ тілінде шәкірт тәрбиелеп қана қоймай, саяси өміріне араласып, жаңадан келген жас демократиялық партияны қолдап, жеңіске жетіп 1991-1992 жылдары Қобда сумынының әкімі қызметінде болған. Өзге елде сұлтан болағанша өз еліңде ұлтан бол деген ниетпен, барлығын тастап осыдан тура 30 жыл бұрын отбасымен
![]()
1993 жылдың шілде айында тарихи Отаны Қазақстан Республикасына қоныс аударды. 40 жылға жуық шәкірт тәрбиелеп қазір зейнетке шығып, бір ауылдың ақсақалы асқар тау атасы болып отыр. Маханбет өз ең кішісі, кенжесі. Лебьяжі ауданы, Майқарағай орта мектебінде 1994-2005 жылдары аралығында жалпы білім беретін орта мектебін оқып бітіріп, сол жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде физика-математика және информатика факультетінде, Аспап-жасау мамандығы бойынша 2009 жылға дейін оқып тәмамдады. Оқу бітірісімен ақпарат қауіпсіздігі және бейнеконференция саласында облыс әкімшілігіне жұмысқа тұрып 10 жыл қызмет етті. 2018 жылы әкімшілікті тастап жеке кәсіппен айналысып келіп, 2022 жылы Сырымбек Тау, Айдарбек Ходжаназаров ағалар бастаған «Respublica» идеясына көңіл бөлді. Осы партияның қатарына кіруді алдына мақсат етті. Партияны құруға ат салысып «Respublica» партиясының Павлодар облыстық филиалының төрағасы қызметіне лайық деп танылды. Амангелдіұлы Маханбет өзінің тәжірибесін бөлісіп отырғанды жөн санайды. «-2018 жылы әкімшіліктегі қызметімнен кеттім де жеке кәсіпті қолға алдым. 5 жыл тек кәсіппен айналысып келіп, былтырдан бастап Сырымбек ағаларымыз бастаған «Respublica» идеясы көңіліме сенім ұялатып, «Respublica» партиясының қатарына
![]()
кіруді алдыма мақсат етіп қойдым. Осылайша, «Respublica» партиясының Павлодар облыстық филиалының төрағасы, VIII шақырылымдағы Павлодар облыстық мәслихатының депутаты, облыстық мәслихаттағы азаматтардың, шағын және орта бизнес өкілдерінің құқықтарын қадағалайтын тұрақты комиссиясының төрағасы болдым.
Өзім кәсіпкер болғандықтан бизнес жайлы ойымды ортаға салып, замандастарыма, өзімнен кіші бауырларыма сәл де болса пайдасы тиер деген ниетпен өмірлік жолымдағы аз кем тәжірибеммен бөлісіп жүремін.
Жалпы кез келген кәсіппен айналысу үшін өзімнің ұстанатын 3 қағидам бар. Олар.
1.Адал болу,
2.Тәуекелге бару,
3.Аналитика жасай білу.
Адал болуың - Алланың алдында да, адамның алдында де ашық, уайымың жоқ болуың. Және ең басты байлық - Жүрегіңнің тыныштығы. Мысалы үшін шет елдегі серіктестерің қарызын қайтара алмай қиындықтар тудырса да қорықпайсың. Мен ешкімді алдамап едім, Алланың әділдігімен мені ешкім алдауы мүмкін емес деп. Иә, әрине бұл күмәнсіз жұмыс істейтін заңдылық - қағида. Тәуекелге бара білу - осы ретте еске сала кететін дүние - ақша дегеніміз береке, ал береке тәуекел бар жерде мол болады. Күнделікті әртүрлі деңгейдегі тәуекелдер бізді шыңдай түседі және жемісін береді. Тәуекелге барып жеңсең ақшалы боласың, жеңілсең білімді, тәжірибелі боласың. Сол себепті тәуекел - сіз үшін әрқашанда пайдалы. Бизнестегі тәуекелдің тағы бір көрінісі ол парақорлардың арыны мен қылмыскерлердің арам пиғылы. Осы қиындықтар келгенде де жоғарыда тоқталып өткен Адал болуың маңызды. Сол кезде Жаратушыға тәуекел қылып - қолынан келгенін жасасын деп ешкімнен қорықпай алға жүре бересің. Оған Құдайға деген кәміл сенімің көмектеседі.
![]()
Аналитика - жоғарыдағы айтып өткен тәуекелге барарда осы аналитиканы жасай білген дұрыс. Өйткені, аналитикасыз жасаған тәуекелдің бәрі ақша емес тек тәжірибе ғана әкелуі мүмкін. Ақшасы жоқ бизнесмен жақсы бизнесмен емес. Аналитиканың ең басы ол күнделікті доллардың валюталардың бағамының динамикасын қадағалап отырумен басталып - өзің айналысатын салаға әсер ететін бүкіл факторларды 24/7 режимінде назарда ұстап отыру. Міне, осы факторларды назарда ұстап шешім қабылдай білу ол аналитиканы меңгеру. Оны білген адам әрқашан бір қадам алда жүрері сөзсіз. Ал бір қадам алда жүрсеңіз сіз өз салаңызда ешқашан екінші болмайсыз. Сіз нөмірі бірінші адамсыз»,-дейді Амангелдіұлы Маханбет.
Саясатқа келуіне себепші болған факторлардың бірі ол қоғамдық жұмыс. "Jebe" қоғамдық бірлестігінің белді мүшесі ретінде көптеген қоғамдық жұмыстарға ат салысқаны белгілі. Облыс орталығындағы көшелер мен елді мекендердің қазақша атаулар алуына бірден бір себепші осы "Jebe" қоғамдық бірлестігі.
Жеке өмірінде мешіт құрылыстарына көмектесе жүріп пандемия кезінде облысқа оттегі аппараттарын әкелуге ат салысқан. Жасаған жақсылықты оң қолмен жасағанды сол қолың білмесін деген принципті ұстанатын Маханбет өзі жасаған көптеген қайырымдылықтар жайлы жазбауды өтінді.
Азаматтың қызметте жолының болуы оның таңдап алған жарына да байланысты екені рас. Бұл ретте де Амангелдіұлы Маханбеттің мерейі үстем. Жақсы жар да Жаратушының сыйы. Бүгінгі күні жан жары екеуі 2 ұл, 3 қыздың ата-анасы. Балаларының да еңбекқор, иманды, инабатты, парасатты болып өсуін қалайды. Сондықтан да балаларын жас күндерінен тек адалдыққа, адамгершілікке тәрбиелеп отыр. Ата-анасының, ағайын-туысының, өз отбасының мақтанышы болған Амангелдіұлы Маханбетке үлкен жетістіктер мен толағай табыстар тілейміз!
![]()
![]()
![]()