Ел мүддесін ойлаған азамат
![]()
Ел өмірінде болып жатқан қоғамдық-саяси өзгерістер мен жетістіктер аясында облыс көлеміндегі Азаматтық қоғамды және қазақстандық патриотизмді дамыту үрдісіне ерекше үлес қосып, экономиканың өркендеуі мен әлеуметтік саланың дамуы жолында еңбек атқара білген, Жылыой ауданы мен Құлсары қаласының дамуы мен өркендеуі жолында өзіндік қолтаңбасын қалдырған ардақты азамат Қадіров Тлеген 1942 жылдың 17 наурызында Гурьев (Атырау) облысы, Жылыой ауданы, Арал төбе ауылдық кеңесінде, Жыңғылтоғай елді мекенінде дүниеге келді.
Елдегі үдеріс тың игеруге ауып, еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін егіс даласына кеткен сол кезеңдерде, қатарластары секілді Қадіров Тлеген де еңбекке ерте араласты. Соқаның жүзін жылтыратқан еңбек, кейіпкеріміздің да жүзіне ұмтылыстың қызыл шырайын үйіріп, еңбекке төселіп өсті. Тасқа салса жүзі қайтпайтын қылыштай болып, қандай іске салса да үйіріп алып кете беретін бүгінгі ерекше қабілетінің бастауы сол бала кездегі, қиын болса да тәрбиенің бастауы болған еңбекке ерте араласуында жатыр.
Ақсақалының аузы дуалы қазақтың қай өңірі де құтты мекен емес пе, мектеп табалдырығын өзінің кіндік қаны тамған, аядай ғана ауылдағы білім ордасын аттайды. Өмірдің алғашқы баспалдақтарына
![]()
аяғын салып, адамдық пен өмір құндылықтарды түсіндіретін мектеп партасына шынтағы тиген жас мектепті ойдағыдай бітірген соң, сол кездегі ауылдағы дәстүр бойынша колхоздың шаруасына араласады. Осылайша, еңбек жолын 1958 жылы 20 партсъезд колхозы, «Коммунизм» совхозындағы тракторист, шофер болып бастаған Қадіров Тлеген диірмен тасындай дөңгелей жөнелген ауылдың тіршілігіне араласып кетеді. Еңбек ете жүріп, 1962-1965 жылдары Кеңес Әскері сапында Отан алдындағы азаматтық борышын да өтеп келеді. Соқаның тісін қара жер жалтырататыны секілді, адал жұмыс жасай білген маманның жүзін еңбек жарқырататыны секілді, өзінің еңбексүйгіштігі, қолына тиген істі шыр айналдырып алып кететін ұйымдастырушылық қабілеті мен ісіне деген тиянақтылығының арқасында 1966 жылдан «Коммунизм таңы» совхозының комсомол комитетінің хатшысы, ауылдық клуб меңгерушісі, спорт нұсқаушысы қызметтерін атқарды. Оқырманға түсінікті болу үшін Қадіров Тлеген ағамыздың еңбек жолын одан әрі тарқатып айтсақ, 1974-1976 жылдары Ембі аудандық Мәдениет бөлімінің Автоклуб меңгерушісі, 1976-1987 жылдары Амангелді ауылдық кеңесі атқару комитетінің хатшысы, ауылдық кеңес депутаты, 1987-1988 жылдары Ембі аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1988-1998 жылдары аралығында «Прикаспиймұнайгаз құрылыс» трестнің АТП МПУАТ және №3, 2 құрылыс басқармаларының транспорт, жабдықтау кадрларымен жұмыс жөніндегі орынбасары, база бастығы, соңғы екі жылда Трест кәсіподағы комитетінің төрағасы қызметін бірге атқарып, Қисымбай, Мәтен мұнай алаңдарын игеруге қатысқан.
1999-2003 жылдары Құлсары поселкелік, қалалық әкімінің орынбасары, 2003-2005 жылдары Жылыой ауданы әкімі аппаратының «Ұйымдастыру және кадрлармен жұмыс» бөлімінің бас маманы, 2005-2007 жылдары Құлсары қаласы әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқара білген Қадіров Тлеген ауданның қоғамдық өміріне белсене қатысып, 1969, 1979, 1999 жылдардағы халық санағына қатысқан айбынды азамат. Ел үшін, аудан тұрғындары үшін атқарған істері туралы айтар болсақ, Құлсарының қала мәртебесін алуына, оның абаттануына, санитарлық тазалығы мен көгалдануына және қала тұрғындарының 1993 жылғы су тасқыны кезіндегі зардаптарын жоюға қатысып, Құрсай алабын реттеуге ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетін танытты.
![]()
Сонымен қатар, «Жеңіс» саябағының ашылуына, Ұлы Отан соғысының 70 жылдығы қарсаңында майдангерлер құрметіне қойылған «Ескерткіш тақта», «Жеңісті жақындатқан Кең Жылыой» атты кітаптарының басылып шығуына көп үлес қосты. Ардагерлердің қоғамдық бірлестігінің 30 жылдығы құрметіне өткізілген облыс ардагерлерінің сән байқауында Жылыойдың ардагер әншілерінің жүлделі орынға ие болуы, іскерлік ұйымдастырушылығы - зор мақтаныш.
Қадіров Тлеген - азамат атына лайық, адами қасиеттерге бай қым-қуыт өмірде көппен бірге қайнасып, бірге жүрген қарапайым жан. Кімнің кім екенін азаматтың өткен жолы, атқарған еңбегі, қоғамдағы бедел-бедері, отбасындағы адами қасиеттерінің анықтайтыны рас. Еліне елеулі, халқына қалаулы, қарапайым қасиет пен мінезге бай, Атырау өңіріне белгілі азаматтың бірі Қадіров Тлегеннің жомарттығы, жүрегінің тазалығы, азаматтық өресінің биіктігі, жалпы адамгершілік қасиеті мол. Өзінің қажыр-қайратымен, шыншылдығымен, еңбекқорлығымен талай-талай жандардың алғысын арқалаған осы бір асыл текті азаматты көпшілік қатты сыйлап,
![]()
құрметтейді. 2009 жылдан бастап қазіргі таңда да Атырау облысы, Жылыой ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы қоғамдық қызметін атқарып келе жатқан Қадіров Тлеген ағамыз қызмет еткен жылдары түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды. Алғыс хаттары мен Құрмет Грамоталары көптеп кездеседі. Марапаттарының бірнешеуіне көз жүгірткенді жөн деп таптық.
Атап айтар болсақ:
В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толу құрметіне орай «Ерен Еңбегі үшін» Медалі:
«Ұлы Отан соғысының 20 жылдығы» мерекелік медалі;
«ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» мерекелік медалі;
«Еңбек ардагері» медалі;
2010 жылы Жеңіс күні қарсаңында аудан әкімі Р.Сисатовтың Құрмет Грамотасы;
2011 жылы Ардагерлер ұйымының жұмысына белсене қатысқаны үшін және қарттарға қамқорлық, жастарды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу ісіндегі жемісті қызметі және Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында Атырау облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Қ.Ризуановтың Құрмет Грамотасы; Ауданда өткізілген сайлаудың – еліміздің заңнамаларына сәйкес барлық демократиялық принциптерді сақтай отырып, әділ де қалыпты өтуіне қосқан үлесі үшін Жылыой ауданының әкімі Р.Нұғмановтың Алғыс хаты;
Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаты;
Қазақстан Республикасы Ардагерлер Кеңесінің Құрмет Грамотасы;
«Жылыой ауданының Құрметті азаматы»;
Саналы ғұмырын ел мүддесінің жолына арнаған Қадіров Тлеген ағамыз артында тамырлы бәйтеректей үлкен әулетке айналған, керегесіне құт қонған жанұя. Ауылдық кеңесте қызмет еткен жары Абитова Әсем екеуі 4 ұл, 2 қыз өсіріп, тәрбиелеп, құтты орындарына қондырды. Бүгінде әрқайсысы бір-бір саланың білікті мамандары, бір-бір отбасының отағасы мен отанасы.
![]()
Үлкен ұлы Бауыржан - ЮРСС компаниясында колонна басшысы, Абай - Қарағандының жоғарғы мектебін бітірген, полиция қызметкері, Бағытжан мен Амангелді автотранспорт саласында қызмет етсе, қыз-келіндері Әйгерім мен Перизат нарық талабын түсінген кәсіпкерлер. Үлкен келіні Гүлсім, одан кейінгі Күнсәуле, Кәмшат, Құралай, Ақмоншақ мамандықтары бойынша еңбек етіп, немере-шөберелер тәрбиелеуде.
Ұлы Отан соғысы, одан кейінгі жоқшылық қиындықтарын көп көрген Қадіров Тлеген бүгінде шөбере қолынан су ішкен бақытты ата.
Қазіргі таңда кейіпкеріміз өзіне лайықты беделі, қызметтік ортасында салмағы, халық арасында қадірі бар бірегей азаматтардың қатарында. Тындырып жүрген тірліктерін өз алдына әңгіме етуге әбден болады. Адамдарға пана, жұртына демеу болып жүрген қайырымды ісімен де елінің қадірлісі. Әрине, шағын мақалада кейіпкеріміздің барлық қадір-қасиетін түгендеп шығу мүмкін емес. Бір нәрсе айқын. Іскер де тәжірибелі басшыға (маманға) қандай да бір істің тізгінін берсең оның бағын жандырып, берекесін кіргізері сөзсіз. «Ел тәуелсіздігі баянды болғай, көк туымыз мәңгі желбірей берсін» деген ақ тілегі таңдайынан түспеген Қадіров Тлеген ағамыздың деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!