Cатыбалдықызы Сәуле

Рейтинг:

Денсаулық сақтау саласының ардагері, Жоғары санатты терапевт-дәрігер, Райымбек ауданының Құрметті азаматы, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі және «Шапағат», «Еңбек ардагері» медальдарының иегері

Жүрегі мейірімге толы дәрігер

      Жер бетін билеген тіршілік иесі адамзат үшін бағалы байлық деген не? Бәз біреулер үшін мансап, атақ не ақша болар... Жоқ, адам үшін ең құнды дүние – деніңнің саулығы, соның амандығы. «Денсаулық-зор байлық». Кейде сол байлығымызға немқұрайлы қарап, жанымызға батқан сәтте ақ халаттылардың көмегіне жүгінетініміз анық. Иә, ақ халатты абзал жан. Осынау жағдайда жауапкершілігі жоғары, адам өміріне араша түсіп, қиын сәтте жүрексінбей батылдық танытып, әр күні арпалысқа толы маман иелері нағыз ерліктің күрескер жандары. Иә, дәрігер болып, ақ халатты абзал жан атану оңай емес. Десе де, мұндай қызметке бар ғұмырын арнап, адам өмірін сақтап, шеберлігін көрсетіп, дертіне шипа беріп жүрген батыл жандар қаншама?!
      Сондай қастерлі мамандықты меңгеріп, тұрғындардың дертіне дауа боп, аналардың жүзін қуанышқа бөлеп, ел құрметіне бөленіп жүрген білікті дәрігер – Сәуле Сатыбалдықызы. 
      Сәуле Сатыбалдықызы 1949 жылы 18 сәуірде Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Түзгел ауылында дүниеге келді. Білім ордасының табалдырығын 1956 жылы Ленин атындағы орта мектепте аттап, жүзін жарқын сәулеге сүйдірген қыздың «дәрігер болсам» деген арманы да осы мектеп қабырғасында жүргенде оянған болатын. Қолына алған қандай істі де шыр айналдырып алып кететін бұрымды оқушы 1966 жылы мектепті ойдағыдай бітіріп шыққан соң, бала арманына қадам жасап, Талғар медициналық училищесіне оқуға түседі. 
      Училищені «Мейірбике» мамандығы бойынша бітіріп шыққан соң, өзінің денсаулық сақтау саласындағы алғашқы еңбек жолын Сарыбастау ауруханасында мейірбике болып бастайды.
      Шыңды бетке алған қыранның қанаты қатты болатыны секілді, өзінің білікті дәрігер боламын деген арман-мақсатын тұсбағдар етіп ұстана білген Сәуле Сатыбалдықызы мейірбике болып үш жылдай жұмыс жасап, 1972 жылы Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы медициналық институтының емдеу факультетіне оқуға түседі. 
      Терең білім, табандылық пен сабырлылықты, өз мамандығына деген тиянақтылық пен ұқыптылықты талап ететін дәрігерлік қызметін Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Сарыбастау ауылындағы учаскелік ауруханада дәрігер-терапевт болып жалғастырған Сәуле Сатыбалдықызы осылайша медицина деп аталатын әлемнің қазанында қайнап кете барады. 
      Қақпақ учаскелік ауруханада 1981-1987 жылдары Бас дәрігер және терапевт болып жұмыс істеген Сәуле Сатыбалдықызы 1987 жылдан 2018 жылға дейін Көксай дәрігерлік емханасында меңгеруші және жалпы тәжірибелі дәрігер болып абыройлы қызмет ете білді. 
      Қарап отырсаңыз, денсаулық сақтау саласында үздіксіз еңбек етіп, шыдамдылықпен, ешқашан мойымай, осы уақыт аралығында талай жанға үміт беріп, қуаныш сыйлап, бірде алдындағы науқаспен қуанып, бірде мұңайып, адам жанын түсіне еңбек ету, түсіне білген адам үшін оңай мамандық емес екенін аңғарасың. Қызмет атқару барысында өзін сауатты, тәжірибелі басшы ретінде көрсетіп, өз ортасына сыйластығымен, ізгі қасиетін көрсетіп келеді.
      – Дәрігер жауапты әрі шыдамды болу керек. Сол сияқты мен жас мамандарға көп жылдан бері жинаған тәжірибемді үйретіп, ақыл-кеңесімді айтып келемін. Заман ағымына сай кәсіби біліктілігімді де дамытып, ел болашағы, ұлт саулығы үшін үлесімді қосып келемін. 
      1971 жылы КПСС мүшесіне қабылдандым. Еңбек еткен жылдарда комсомол, партияның қоғамдық жұмыстарына белсене араластым. Сол уақыттарда денсаулық сақтау саласында алған теориялық, практикалық, білімдерімді үнемі жетілдіріп отырдым. Жоғарғы санат дәрігері ретінде ауыл халқын, әсіресе, ана мен баланың, диспансерлік есептегі ауруларды емдеп, сауықтырып отырдым. Халық арасында санитарлық ағарту жұмыстарын жүргіздім. Қақпақ селолық округіне қарасты Коммунизм картоп совхозы мен Көксай қой совхозының малшылары мен еңбек адамдарының денсаулығын жақсартуда сиыр фермасын қыстаудағы және жайлаудағы мал отарларын уақытпен санаспай аралап, күндіз-түні дәрігерлік көмек көрсетіп, халықтың алғысын алып, ризашылығына бөлендім. Жұмыс істеген кезде аудандық облыстық семинар мен конференцияларға қатысып, жергілікті радио торабы арқылы үнемі лекциялар оқып отырдым. Ауылдың тыныс-тіршілігіне, қоғамдық жұмыстарына белсене араласып, жиырма жылдай әйелдер Кеңесінің төрайымы болдым. Еңбегімді бағалап, халық қалаулысы ретінде №5, №6, №16, №32 Қақпақ селолық округі бойынша депутат болып 4 рет сайланып, сайланушылардың арыз-шағымдарының оң шешілуіне ықпал жасап, нәтижелі жұмыс атқардым, – дейді Сәуле Сатыбалдықызы.
      Әрине, осындай берері көп нағыз білікті маманның шәкірттері де осал болмасы анық. Мұндай жауапты қызметке ие болу екінің бірінің қолынан келмейтіні анық. Ал Сәуле Сатыбалдықызы талай мәрте қызмет бабында ел алғысы мен құрметіне бөленіп, талай бөбектің дертіне дауа тауып, кәсіби шеберлігін бірнеше рет көрсете білген білікті маман еді. «Алтын қылыш сандық түбінде жатпайды» демекші, қолы алтын, мейірімге толы жүректілігі мен қызметіне деген жауапкершілігін талай мәрте шеберлікпен көрсете білген маманға барлық аурухана қызмет есігін айқара ашары анық. Сондықтан да, бұл абыройлы еңбегі бағаланып, түрлі марапаттарға ие болды. Атап айтар болсақ:
  •       1969, 1971,1975, 1977 жылдары бірнеше мәрте Алматы облысы, Нарынқол аудандық комсомол комитетінің Құрмет Грамоталары;
  •       1970, 1971, 1986, 1987 жылдары Қазақ ССР Қызыл крест қоғамының Алматы облыстық комитетінің Мақтау Грамоталары;
  •       1984, 1985 жылдары Алматы облыстық Денсаулық сақтау департаменті және кәсіподақ ұйымының Құрмет Грамоталары;
  •       1986 жылы Нарынқол ауданы компартия, халық депутаттары аудандық Кеңесі атқару комитетінің Құрмет Грамотасы;
  •       1991 жылы «Еңбек ардагері» медалі;
  •       2002, 2018 жылдары Райымбек ауданы әкімінің Құрмет Грамотасы;
  •       2016 жылы Райымбек аудандық аурханасының Бас дәрігерінің Грамотасы;
  •       2011, 2012 жылдары Қақпақ селолық округі әкімінің Грамотасы;
  •       2013 жылы «Нұр Отан» ХДП Алматы облыстық филиалы саяси кеңесінің Алғыс хаты;
  •       2006 жылы «Шапағат» медалі;
  •       2014 жылы Қазақстан Республикасы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі;
  •       Райымбек ауданының «Құрметті азаматы» атағы мен төсбелгісі;
  •       2018 жылы Тұрар Рысқұлов атындағы қоғамдық қорының «Ауыл еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
  •       2019 жылы Алматы қаласына қоныс аударған Сәуле Сатыбалдықызы Думан ықшан ауданының «Ардагерлер кеңесінің» мүшесі, «Әжелер» ансамблінің мүшесі және аудандағы түрлі іс шаруаларға ат салысып келеді.
      Бүгінде отбасымен тату-тәтті, бір шаңырақтың отын жағып, өрісі кеңейіп, өсіп-өнген сыйлы әулет. Жолдасы еңбек ардагері, Райымбек ауданының Құрметті азаматы Әмірбайұлы Марат екеуі 2 ұл мен 1 қыз тәрбиелеп өсіріп, сол ұрпақтарынан немере-шөбере сүйіп, бақытты күн кешіп отырған ардақты ата-әже. Ұлдары Серік, Берік – екеуі де кәсіпкер, қызы – Гүлмира Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара академиясында қызмет атқарады. Жолдасы Ғабит – кәсіпкер. Немерелері Бекнар, Мадина, Асылбек барлығы да жоғары білімді. Жиендері Айша, Амина, Айсұлтан – оқу озаттары.
      Иә, бағалай білген кісілерге медицина қызметкерлерінің тұғыры таймас биік тұлға. Жалпы, медицина қызметкері болу адамға жарық сыйлау деген сөз іспетті. Сондықтан, тек ісімен ғана емес, жүрегімен емдей білетін Сәуле Сатыбалдықызы сияқты ақ халатты абзал жандарымыз көп болсын. Елінің амандығы мен ұрпағының саулығын тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

20 сентября 2024 13:55
Амангуль
Сіз бар жақсыға лайықтысыз апа! Ортамызда ақылшы болып жүре беріңіз! Сіз бар жақсыға лайықтысыз апа! Ортамызда ақылшы...
18 сентября 2024 21:29
Галия
АЛШЫН әкей Маңғыстау Халқы үшін, азаматтығымен өте сыйлы, құрметті болғаны мақтаныш. Менің әкем Мұхаш Алғалиұлымен жас...
9 сентября 2024 11:50
Дюсенгалиева Клара
Анашым Алтын кітапқа енуіңізбен шын жүректен құттықтаймын😍😍.Сіз бар жақсылыққа лайықсыз😘❤️.Әрқашан жанымызда аман-есен...