Денсаулық сақтау саласының ардагері, «Денсаулық саласының Үздік қызметкері», «Отан соғысындағы тыл еңбеккерлері» төсбелгілері және «Еңбек ардагері» медалінің иегері
Беделі биік дәрігер
Дәрігердің алдына барған сырқат адам оның қас-қабағына қарап, жылы сөзін естісе, жазылып кеткендей болады. Өйткені үмітпен барған науқастың зіл басқан тұла-бойы жеңілденіп, тіпті сауыққандай әсер алатыны рас. «Дәрігердің дәрісі емес, сөзі ем» дегенді халық бекер айтпаған ғой. «Аурудың емі – саудың сәлемі» деген емес пе?! Кіршіксіз ақ халатымен адал еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген дәрігерлер көңілі жарым болып жатқан науқастың жағдайын сұрауының өзі оларға рухани демеу екені белгілі. Медициналық емімен қатар, науқасқа жылы қабақ танытса, оның сырқатынан толық жазылуына сенім білдірсе, өзін де сендіре алса, міне нағыз мамандыққа деген адалдық осы болады.
![]()
Білімі мен біліктілігін ұштастырған дәрігер Құмарғалиев Идаят ұзақ жылдардан бері денсаулық сақтау саласында тынбай жемісті еңбек ете білді. Көптің ықыласына бөленген дәрігер денсаулық сақтау саласын дамытуға, халықтың денсаулығын нығайтуға зор үлес қосқан жан. Оның мейірімді жүзі, жанға жылу берер сөзі әлі талай жанның дертіне шипа болары анық. Иә, әр адамның өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау кім-кімге де болмасын үлкен жауапкершілікті жүктейтіні белгілі. Өйткені дәрігер адамның жан-дүниесін өте терең білумен қатар, адам тағдырына немқұрайлы қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жан болуы керек. Олай дейтін себебіміз, ақ халатты жандардың алдына күніне қаншама жан келеді.
Міне, осындай салауатты өмір салтының басты негізіне айналған медициналық саласында еңбек етіп, жаңарған ғылыми технологияларды қолдана отырып, медицина саласын дамытуға өз үлесін қосып келе жатқан, шипалы қолымен елдің алғысын алып, абырой биігіне көтеріле білген ақ халатты абзал жандарымыздың бірі – Құмарғалиев Идаят Құмарғалиұлы.
![]()
Идаят Құмарғалиұлы 1937 жылдың 1 қаңтарында бұрынғы Гурьев облысы, Теңіз ауданы, Қошалақ ауылдық кеңесінде оқытушы жанұясында дүниеге келді. Әкесі Тоқсанбаев Құмарғали Қошалақтың 7 жылдық мектебінде орыс тілінен сабақ берген ұлағатты ұстаз болған. 1942 жылы Ұлы Отан соғысына кетіп, Сталинград шайқасында қайтыс болған.
Соғыс жылдарымен балалығы тұспа-тұс келгендердің ауыр еңбекпен есейгені секілді, кейіпкеріміз де тылда еңбек етіп, азамат мен қайсар ұландарын майданға аттандырған ауылдың тіршілігін жасап, жеңіс күнін жақындатуға өздерінше үлес қосты.
Өмірге қанат қақтырып, болашақтың жарқын шұғыласы саналған білім ордасының табалдырығын 1945 жылы Кошалақтағы 7-жылдық мектебінде аттаған бүлдіршін сыныптағы алдыңғы қатарлы оқушылардың бірі болды. Алғыр, зеректігі басым, зейінділігі мол оқушы қай мұғалімнің де мақтанышы емес пе, мектеп қабырғасында жүріп, мектеп бағдарламасымен қатар, сыныптың қоғамдық өміріне белсене араласқан Идаят Құмарғалиұлы ұстазының сенім артар алдыңғы қатарлы оқушысына айналды.
Аудан орталығындағы Абай атындағы мектептің 10 сыныбын 1955 жылы бітіріп шыққан
![]()
жастың сол жылы тұрмыс жағдайына байланысты оқу жалғастыруға мүмкімдігі болмады. Бірақ, Жаратқанның бір есікті жапса, екінші есікті ашатына бар емес пе, Кошалақтың 9-жылдық мектебінде сурет салатын өнеріне байланысты мектепке лобарант болып жұмысқа орналасады. Талант – жүздің емес мыңның еншісіне таңдап берілетін ерекше қасиет емес пе, бұл жағынан келгенде кейіпкеріміздің жолы болды.
Идаят Құмарғалиұлы жұмыс істей жүріп, Украинадағы Харьков қаласындағы суретші дайындайтын институтқа суреттерін жіберіп, байқаудан өтіп, шақыру қағазын алады. Бірақ, аудан орталығына жүретін кірінің (караван) кешігуіне байланысты Гурьев қаласына тамыз айының 10 күні келеді. Харьковдағы оқудан кеш қалып қойып, Гурьевтегі жаңа басталғалы жатқан медициналық училищеғе түсіп, 1958 жылы фельдшер мамандығы бойынша бітіріп шығады.
1958 жылы қазан айынан бастап туған ауылына келіп, Кошалақ ауылдық кеңесіне қарасты Қамбақты медициналық пунктінде фельдшер болып, денсаулық саласындағы алғашқы еңбек жолын бастаған Идаят Құмарғалиұлы 5 ай істегеннен кейін, Кошалақтың
![]()
орталығындағы ауруханаға бас дәрігер және барлық қыр өңіріне участок меңгерушісі болып тағайындалады.
«Менен бұрын Исхаков Абдош, Киматов Муфтах деген атақтары елге тараған ардагер дәрігерлер жұмыс істеген. Олардан кейін жиырма жастағы күні кешегі жесір әйелдің баласына атақ-абырой алып кету оңайға түспеді.
Елді күндіз-түні малшыларды асау тай, үйітпелі тайлақпен аралап екпе жасап, дереу ауру-науқастарға баруға тура келді. Ол кездері елдің түрмысы нашар болған соң, түрліше жұқпалы аурулар да көп болды. 1961 жылы наурыз айының ішінде түн ортасында «Жаңа Жол» колхозының қойшысы Дүйсенғалиев Өтеғали алты бірдей балаларының ауыр науқастанып жатқанын айтып келді. Шұғыл түрде үйіне барсам, балалары жоғары қызумен дем ала алмай, қырылдап жатыр екен. Сол бойда балалардың аса қауіпты ауруы «Дифтерия» болар деп, әкесін қайта жіберіп, сыворотка алдырып, дұрыс ем жасағанның арқасында бәрі де жазылып қатарға қосылды. Дифтериямен ауырған балалар шұғыл дұрыс ем жасамаса 3-4 күнде қайтыс бола береді. Дифтерия аса қауіпті жұқпалы аурулардың қатарына жатады. Сол үйде бір ай жатып, карантин жариялап, ауру ошағын елге таратпай жойдым. Сол кезде көрші Үштаған участогіне
![]()
н Каримов Төлендінің қарауынан 18 бала қайтыс болды» – дейді, Идаят Құмарғалиұлы өзінің қызмет жылдарындағы қиындықтарын еске алып жазған жазбасында.
Заман өзгеріп, медицина күннен күнге дамып жатқан кезде, оны игеріп алу да оңай емес. Бірақ дәрігер бойынан өзгермеуі тиіс қағидалары да бар. Яғни антына адал, қызметіне жауапкершілікпен қарайтын маман болып қалу керек. Себебі дәрігер адам өмірінің арашашысы деп бекер айтылған жоқ. Ол адам өміріне жауапты адам. Жаны ауырып, өзіне шипа іздеген науқас алдымен Алласына сыйынып, сонан соң өзінің жанын дәрігер қолына табыстайды. Соған сенеді. Ал науқастың сенімін ақтау өз кезегінде дәрігердің ар-ожданына беріледі. Нағыз дәрігер болу көптің қолынан келмейді. Қаншама қажыр-қайрат, парасаттылық пен мейірімділік керек. Рас, қандай мамандық иесі болмасын өз ісіне жауапкершілікпен қарауы заңдылық. Соның арқасында беделі артып, ел алғысына бөленеді де. Абыройлы саланың салмағы сәйкесінше ауыр болады. Қиындығын мойнымен көтеріп, өзі қалаған мамандығын жүрекпен қабылдаған маман ғана бұл салада абыроймен жүре алады.
Қызмет ете жүріп, Отан соғысының ардагері Мәсал деген жылқышының арқасынан оқты ота жасап алып тастауы Идаят Құмарғалиұлының абыройын асқақтата түсті. 1961 мамыр айындағы «Мәдениет және Тұрмыс» журналына суретімен мақала шықты. Аудан басшылары елге жасаған еңбегін ескеріп, «Медицина саласының үздік қызметкері» деген атаққа құжат дайындап жатқанда, Ақтөбенің медициналық институтына түсіп кеткеннен кейін бұл жұмыс аяқсыз қалды.
«1961-1968 жылдары Ақтөбедегі Мединститутта оқыдым. Сол жылдары Хрущевтің бастамасымен фельдшер мамандығы бар студенттерге жатақхана да, степендия да берілмейтін болды. Маған әрі жұмыс жасап, әрі оқуға тура келді. Қаладағы емдеу мекемелері көбінесе қазақтарды жұмысқа алмай, қиындық көрдім. Алғашқы мезгілдерде «Қазақстан», «Куль-фронт» деген кино театрлерде суретші болып, афиша жазып, табыс тауып, пәтер жалдап, күнімді көрдім. Соңынан өкпеге ота жасайтын ауруханаға жұмысқа кіріп, атақты оқымысты неміс хирургі Германың қарауында жұмыс істедім. Институттің кафедрасында лаборант болап та жасадым. Оқу үлгерімім жақсы болып, жоғарғы степендия 45 сом алуға қолым жетті. Кафедраларда жұмыс жасап жүргенде бірнеше марапаттар алдым.
Бұл кафедралар институтты бітіргенде өздерінде қалып ординатор болып жұмыс істеуге ұсыныстар жасады. Бірақ мен өзімнің туған ауылыма келіп, өз еліме қызмет істеуді қаладым» – деген, өз ісіне деген адалдығы, медицинаға деген құштарлығы, жауапкершілігі, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында қызметте сатылай өскен Идаят Құмарғалиұлы 1968 жылдың 12 сәуірінде Кудряшов елді мекеніндегі Туберкулез ауруларын емдейтін санаторияға бас дәрігер болып тағайындалды.
Адам өмірі – Жаратқанның аманаты. Сол бір нәрсеге қиянат етіп алмау жолында, тұрғындарға сапалы әрі кәсіби біліктілікпен қызмет көрсету жолында еңбек ету үшін үздіксіз ізденді. «Талпынған жетер мұратқа» деген, тасқа салса да қайтпайтын алдаспанның жүзіндей өткірлік, табандылық пен сабырлылықты жанына серік еткен Идаят Құмарғалиұлы сабырлылықты, табандылықты, ұқыптылық пен үлкен жауапкершілікті талап ететін салада жүріп, мол тәжірибе жинақтады. Еңбек ету барысында өзінің ұстамдылығы мен кәсіби шеберлігін қолдана білді.
«Санаторияда емделетін аурулардың емделу, тамақтану, дем алу сапасын жақсартуға күш салдым. Жаңадан су тарттым. Аулаға 500 түп ағаш ектім, шұбат, қымызбен үздіксіз қамтамасыз еттім.
КСРО Денсаулық сақтау министрлігі Төрегелді Шармановтің қабылдауында болып, шешуін табалмай жүрген мәселерді қойдым. Жаңа рентген аппарат, құрал-жабдықтар, УАЗ автокөлігін алып, санаторияның жағдайын жақсарттым. Қоғамдық жұмысқа белсене араласып, 1969 жылы ауылдық советі депутаты, халықтық бақылау тобының жетекшісі болдым. Санаторияда 7 жыл басшы болып жұмыс жасағанан кейін аудан орталығынан 250 километр қашықтағы Сүйіндік асыл тұқымды қой шаруашылығының малшаларын медицинамен қамтитын 50 төсектік ауруханаға бас дәрігер жұмысына ауыстырды. Санаторияда жұмыс жасап жүргенде Ғылыми зерттеу институтынан туберкулез зерттейтін экспедиция жұмысына араласып, Тарих Омаров, Мухин, Чайко деген ғылым кандидаттармен бірге жұмыс істедім. Т.Омаровтың қолдауымен Туберкулезға қарсы Ғылыми зерттеу институттың профессоры Благодарныйдың басшылығыменен ғылыми жұмысты бастайтын мезділде Сүйіндікке ауысып кетіп, бастамам аяқсыз қалып қойды.
Сүйіндікте малшыларды қыста борандарда тракторменен аралап, ауру-науқастарға барып жүрдім. Қалын қар, қатты борандарда бір қойшының Тілек деген баласы қатты науқастанып, аураханаға алып келе жатып апатқа ұшырап далада қалған кездер де болды. Аурухананың материалдық базасы нашар, көне ғимаратта орналасқан. Мамандар тапшы. Барлық мамандардың жұмысын өзім атқаруға тура келді. Совхоз директоры Аубекеров Асылбектің облыстық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Калжігітов Қайролланың алдарына мәселе қойып, өтініш жасап, ауруханаға жаңа ғимарат тұрғызып, жаңа рентген аппарат, Баклаболатория, клиникалық лаболатория, сүт кухняларын ашып, жедел жәрдем көлігін алып, аурухананың жұмысын дамыттым. Хирургиялық блог ашып, Харабайлы ауданының бас дәрігері Кравцов Алексей Михайловичпен тіл табысып, хирургтерін шақыртып, ауру-науқастарға ота жасайтын жағдай туғыздым. Сүйіндік ауруханасын қабылдап алғанда жоғарғы қызуменен 18 ауру белгісіз диагнозбен жатқан. Оларға шұғыл түрде Іш Сүзегі деген диагноз қойып, облысқа хабарлап, мезгілінде ем жасап, қатаң карантин жарияладым. Ауылда үлкен тазалық жұмыстарын ұйымдастырып, аса қауіпті жұқпалы аурудан халықты аман алып қалдық. Көп ізденіп, еңбек етудің арқасында 2-3 жылдан бері төсекке таңылып, өмірден күдер үзіп жатқан Қожин Абу, Төкестаев Кінама деген науқастарды қатарға қостым. Елдің ризашылығына, сеніміне ие болдым. 1978 жылы 13 маусымда Гурьев облыстық атқару комитетінің мақтау грамотасымен марапатталдым. Союз, республика көлеміндегі үздік участкелердің қатарына ілігіп, Мәскеуде өткен 10 күндік семинар-конференцияға қатыстым» – деп, атқарған қызметі жайлы айтып өткен Идаят Құмарғалиұлы 1980 жылы 18 қырқүйекте 50 орындық Кудряшово селолық ауруханасына бас дәрігер болып тағайындалады.
Төрт ауылдық кеңестің, төрт балық кеңшарының 10 000-ға жуық халқына қызмет еткен Идаят Құмарғалиұлы қызметте де сатылай өсіп, 1987 жылдың 18 маусымында Аудандық медицина бөлімінің Бас дәрігері қызметіне келеді.
«Бұл жылдары жас сәбилердің іштері өтіп, ауырып, шетінеу көп болатын. Жылма-жыл жазда ауруханада орын болмай, мектеп интернаттарында 200 орынға дейін эпидстационар ашып, балаларды емдеп, қиындық көретінбіз. Аудандық Санэпидемстанцияның бастығы Зинуллин Өмірұзақ екеуміз сәбилердің бау-бақшаларға артық пайдаланған химикаттардың, пестецин, гербециттердің әсерінен екенін аңықтадық. Аудан басшыларына оның мөлшерін азайтуды сұрап, үзілді-кесілді мәселе қойдық. Аудан басшылары бізге «Партияның бес жылдық жоспарын орындауға кедергі жасап жүрсіңдер» - деп, қудалауға түсіріп, бірнеше рет партияның бюросында мәселемізді қарады. Ақырында Алматыдан комиссия шақыртып, бала емізетін 30 аналардың сүтін сауып, құрамынан пестецитпен гербецит бар екені анықталды. Эпидстационар жабылып, балалар өлімін төмендеттік. Бұл еңбегіміз «Арай» журналына жарияланып, Республика көлеміне тарады. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы жұмыстан ауысып, бұл дау осымен аяқталды.
Жаңа бастама құрып, аудан тұрғындарын аудан орталығына сабылтып жүргізбеу үшін барлық дәрігерлік амбулаторияларды стомотологиялық, физиотеропиялық кабинетпен, күндізгі стационармен, алғашқы қан зерттейтін лабораториялармен қамтамасыз еттік», деген Идаят Құмарғалиұлы 1992 жылы 29 сәуір күні денсаулығына байланысты бас дәрігер лауазымынан босап, дәрігер-рентгенолог болып, емханада еңбек етіп, 2003 жылы медицина саласындағы қызметінен біржолата қол үзеді.
Өмір көрген, тағылымы мен тәжірибесі мол Идаят Құмарғалиұлы кейін кәсіпкерлікке мойын бұрып, шаруа қожалығымен айналысады. 2007 жылы 70 жасында 40 бас қой, 8 бас сиыр алып, қазақтың ақбас тұқымдас асыл сиырын өз төлінен өсіріп, 200 басқа, қойды да 200 басқа дейін көбейте білген кейіпкеріміз аудан экономикасын облыстағы алдыңғы қатардан көрінуіне өзінің үлесін қоса білді.
Адал атқарған еңбегі, медицина саласына арналған саналы ғұмыр зая кеткен жоқ, Қазақстан Республикасы халқының денсаулығын сақтаудағы мінсіз еңбегі мен қатысқаны үшін, сондай-ақ қоғамдық жұмыстар мен спорттық іс-шараларға белсене қатысқаны үшін көптеген грамоталар мен алғыстармен марапатталды. Атап айтар болсақ:
- 1980 жылы «Денсаулық саласының Үздік қызметкері» атағы және төсбелгісі;
- 1985 жылы 24 қыркүйекте «Еңбек ардагері» медалі;
- 2018 жылы «Отан соғысындағы тыл еңбеккерлері» белгісі;
- 2020 жылы Ұлы отан соғысының Жеңісіне 75 жыл толуына орай Ресей Федерациясының президенті атынан тыл еңбеккері ретінде Ұлы жеңістің мерейтойлық төсбелгісі;
- Құрманғазы ауданының құрылғанына 80 жыл толуына орай Құрмет Грамотасы;
- Сонымен қатар, әр жылдары көптеген бағалы сыйлықтармен, Құрмет грамоталары, Алғыс хаттармен марапатталды.
Дәрігер деген – кең ұғым, қастерлі мамандық. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да ауқымды. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін осынау маңызды салаға бүкіл өмірін арнап келе жатқан абзал жандар қаншама. Осы екі мың жиырмасыншы жылда бізге дәрігерлердің керектігін бәріміз де түсіндік. Адам баласы қолда бар алтынның қадірін түсінбейді деп жатамыз ғой, осы жолда «ақ халатты абзал жан» деген сөздің мағынасын жақсылап санамызға түйіп алдық десек, қателескеніміз болмас.
Тауға да ұрып, тасқа да ұрып сау басын,
Пенде шіркін кеш ойлайды тәубасын.
Дәрігерді жаратқан ғой тәңірім,
Адамдарға рахымы мол болғасын.
Айнымаған адал ант пен сертінен,
Адам үшін еңбек еткен еркімен.
Дәрігерге құтқар дейміз бір сәтте,
Жылдар бойы жиған өмір дертінен, - деп Баянғали Әлімжанов жырламақшы, бағалай білген кісілерге медицина қызметкерлерінің тұғыры таймас биік тұлға. Жалпы, медицина қызметкері болу адамға жарық сыйлау деген сөз іспетті. Сондықтан, тек ісімен ғана емес, жүрегімен емдей білетін Идаят Құмарғалиұлы сияқты ақ халатты абзал жандарымыз көп болса екен деп тілейміз.
Денсаулық сақтау саласында есімі алтын әріптермен жазылып қалған кейіпкеріміз Идаят Құмарғалиұлы бүгінде ортамызда жоқ. 2023 жылдың 16 қазанында мәңгілік сапарына аттанып кете барды. Бірақ, жүзін топырақ жасырғанымен, оның жасап кеткен істері, қолынан ем алған тұрғындардың ыстық ықыласы, алғысымен халықтың есінде сақталып қалды.
Идаят Құмарғалиұлы отбасында да ардақты тұлға бола білді. Ол өзінің әулеті, артында қалған ұрпағы туралы былай деп қағаз бетіне түсірген:
«Алла бұйырып, 6 баламды өсіріп, бәрі де жоғарғы білім алды. Бұл күнде 15 немеремнің, 14 шөберемнің ортасында еліміздің егемендік алып, халқымыздың еркін өмір сүргенін көріп, өткен еңбек жолдарымды ризашылықпен еске алып, елімнің тыныштығын, халқымның амандығын тілеп, бақытты қарттардың біреуі болып отырған жайым бар. Кошалақ топырағында туған алғашқы дәрігермін. Талай жақсы адамдарменен бірге жүріп, өз еліме 45 жыл еңбек еткенімді мақтан етемін. Зайыбым Шарапова Бақтыгерей жоғарғы білімді дәрігер. 1942 жылы дүниеге келген. Биыл 82 жасқа толды. Күміс алқалы ана. 25 мамырда 1982 жылы Советтер Одағының денсаулық қызметкерлерінің үздігі деген атақпен марапатталған».
Бұл жазба кейіпкеріміздің көзі тірі кезінде жазылған болса да, өзі жоқ болса да, әлі күнге өз құндылығын жойған жоқ. Ұрпақ жалғастығы болған перзенттері бұл күнде әр салада қызмет етіп отырған білікті мамандар, бір-бір отбасының отағалары мен отаналары.
Өз ойымызды сараптай келе айтарымыз, денсаулық – ең бірінші байлық екенін ұмытпағанымыз жөн, ал дәрігерлер болса, адам тәнінің шипагері. Сондықтан олардың атын төмендетпей, жоғары көтеріп, бағалап жүрейік.
Дәрігер деген расында ең үлкен әрі қастерлі мамандық. Осы қарусыз майданда адам өмірімен арпалысып жүрген ақ халатты абзал жандардың еңбегі орасан зор. Себебі өздеріне артылған сенімге селкеу түсірмей, өзгенің денсаулығына алаңдап жүретін жандардың есімі ардақтауға лайықты-ақ. Жарық дүниеде адамның бірінші байлығы – оның денсаулығы. Сан мың адам болса, соншалықты тағдыр, соншалықты дерт бар. Еміне шипа іздегендерге табандылық пен терең білімнің нәтижесін көрсете отырып, шипа беретін дәрігер мамандығы әрине мәңгілік.
Қай қырынан алып қарасаңыз да, өмір жолы өзгелерге үлгі Идаят Құмарғалиұлының жатқан жері жайлы, топырағы торқа, иманы жолдас болсын деп дұға бағыштаймыз!