Жумажанова Алия Бақытқызы

Рейтинг:

Жоғары санатты эпидемиолог-дәрігер

Дәрігерлер еңбегі – ерлік

      Адамзаттың бойындағы ар-намыс, қадір-қасиет, абырой, беделі бүкіл ғұмырында жинақтала келе сол адамды тұлға ретінде көрсетеді. Айналып келгенде кісіні адами құндылықтары қадірлі ете түседі. Көне заманнан адамның бойындағы адалдық, әділдік, азаматтық, ауызбіршілік, адамгершілік сияқты құнды қасиеттердің бағасы жоғары болған. Дегенмен, әр заманда әр уақытта да ақ пен қараның, жақсы мен жаманның арасында текетірестің болып отыратыны адамгершілік қасиеттердің құндылығын жойып, құнсыздыққа айналдырып жіберетін іс-әрекеттер, жағдаяттар қоғамда болып жатады. Алайда біздің қазақ халқы қанға сіңген табиғатында көпшілдік, дарқандылық, кеңдік сияқты қасиеттерімен ерекшеленеді. Балаға, жас буынға талбесіктен бастап адамгершілік, адалдық, әділдік, намысты болу, беделділік, әдептілік ұят деген қасиеттерді үйретіп, тәрбиелеген. Отбасындағы ұл мен қыздың бойындағы адами құндылықтар болып табылатын адалдық, ар-намыс, қадір-қасиет, ұят, жомарттық, әдептілік сияқты асыл қасиеттердің барлығы тәрбие түсінігімен байланысып жатады. Мұнымен не айтқымыз келді?! Мақаламыздың кейіпкері Алия Бақытқызы осы жоғарыда айтылған тіркестердің үдесінен шыққан жан. Саналы ғұмырын сүйікті ісіне арнаған, сол еңбегінің жемісін көріп, бүгінде Денсаулық сақтау ісінің озаты, Эпидемиология мамандығы бойынша жоғары біліктілік санатты дәрігер атанып отыр.
      Жумажанова Алия Бақытқызы 1965 жылы 24 мамырда Маңғыстау ауданы, Тұщықұдық ауылында өнегелі отбасында дүниеге келді. Атадан екі ұл, екі қыз. Әкесі Жұмажанов Бақыт Тұрыш орта мектебінде тарих пәнінен мұғалім болған. Анасы Жұмағұлова Шаршаған селолық ауруханада акушерка болып қызмет атқарды. Күн-түн демейді, науқастанған адамнан шақырту келсе, уақытпен санаспай дер кезінде медициналық көмегін көрсететін, мал ауылдарды аралап, шопандардың, жылқышылар, түйешілердің отбасы мүшелерінің денсаулығын қадағалап, одан кейін ауылдың төрайымы ретінде солардың жай-жағдайын қамдап, төрт түлік малды аман алып шығу қамымен іс сапарда жүреді екен. Талмай жасаған адал да абыройлы еңбегінің, ақ пейілінің арқасында сол кезеңдері бір ана, бір бала шетінемеген екен. Алияның ата-анасын үлгі тұтатын замандастары көп болған.
      Мектепке дейін атасы мен әжесінің қолында өскен Алияның балалық шағы ауылдық жерде өтті. Отбасында үлкені болған соң, өзінен кейінгі іні-сіңлілеріне қамқорлық жасап, сабақтарын дайындауға, үй шаруасына көмектесті. 1972 жылы Тұрыш елді мекеніндегі Сам орта мектебінің табалдырығын аттап, 1982 жылы Ақжігіт орта мектебін үздікке бітірді. Класс жетекшісі биология пәнінің мұғалімі, оқу ағарту ісінің қайраткері Көбегенова Шұға өз сабағын жеріне жеткізе, ұрпақ санасына ұғындыра, түсіндіретін айрықша қасиетті жан еді. Соның әсері болар, Алия да білімге бала күнінен әуес болып өсті. Он жылдықты аяқтаған кезде «Алтын медальға» ұсынылды. Алайда, әртүрлі себептермен медальды ала алмады. Ол кезде оқу озаттарын Қырымдағы «Артек» лагеріне жолдамамен жіберетін. 1979 жылы оқудағы жетістіктерінің арқасында 7 сыныпты оқып жүргенінде сол мүмкіндікке ие болды. Шет елдерден келген өзі сияқты балалармен 1 ай әрі демалып, әрі сабақ оқып келді. Онда Белоруссиядан, Прибалтика, Украина, Калмыкиядан жан-жақтан келген балалармен достасып, көпке дейін хат алысып тұрғаны есінде.
      Алия дәрігер боламын деген арманның жетегінде Қарағанды қаласына оқуға кетті. Конкурстық іріктеуден өтіп, Қарағанды мемлекеттік медицина институтының санитариялық-гигиеналық факультетіне оқуға түсіп, студент атанды. 10 жыл бойы мектепте қазақша оқып, медицина институтында орыс тілінде білім алу әрине оған оңай болған жоқ. Күндіз-түні ізденісте болу, оқу өз нәтижесін берді. Сөйтіп, 1989 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтының санитариялық-гигиеналық факультетін ойдағыдай бітіріп, Атырау қаласында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық станциясында (бұдан әрі - СЭС) санитариялық дәрігер болып еңбек жолын бастады. 
      1990-1994 жылдары аралығында Бейнеу аудандық СЭС-те қызмет атқарды. 1994 жылы тұрмыс құруына байланысты Ақтау қаласына облыстық СЭС-ке ауысты. Дәрігерліктен бөлім басшысына, мекеме басшысы қызметіне көтерілді. 2019 жылдан бері «Арчимед іш аурулар және кардиология» медициналық орталығында жұмыс істейді. Санитарлық-эпидемиологиялық бейіні бойынша сараптамалық жұмыстар және инжинирингтік көрсететін қызметтер бойынша сарапшы.       «Қазіргі таңда халықтың денсаулығын сақтау, өмір сүру жасының ұзақтығын арттыруға нақты басымдық беріп отыр. «Ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде», - деп атам қазақ айтқандай, салауатты өмір салтын қалыптастыру (пайдалы тағам қолдану, спортпен айналысу т.б) бағытында жұмыстанамын», - дейді Алия Бақытқызы.
      Адалдық адамның бойындағы құны жоғары қасиет емес пе?! Алияның адамгершілік, адал болу, алдамау, шыншыл болу сияқты қасиеттері өзінің ұжымдық ортасында белгілі. Ол бойына сіңірген тәлім-тәрбиесін, ішкі жан дүниесіндегі білімін, таза жұмыс істеп, барлық қажыр-қайрат күшпен еңбек етуді жанындағыларға үйретіп, өзінің тұлғалық деңгейін көрсетумен келеді. Ол бірнеше мәрте облыстың əлеуметтік-экономикалық дамуына және денсаулық сақтау ісіне қосқанелеулі үлесі үшін денсаулық сақтау министрлігі, облыс əкімінің Алғыс хаттарымен, Мақтау қағаздарымен, төсбелгілермен марапатталды. Атап айтсақ:
  •       2018 жылы «55-летие Актау» төсбелгісі;
  •       2017 жылы Денсаулық сақтау басқармасының Алғыс хаты; 
  •       2016 жылы Тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің Мақтау грамотасы;
  •       Тұтынушылардың құқығын қорғау Комитетінің Мақтау грамотасы;
  •       2015 жылы облыс əкімінің Алғыс хаты; 
  •       2009 жылы медициналық қызметтің сапасын бақылау басқармасының Алғыс хаты; 
  •       2012 жылы мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің Алғыс хаты; 
  •       2008 жылы Денсаулық сақтау министрлігінің Алғыс хаты; 
  •       2008 жылы «35-летие Мангистау» төсбелгісі;
  •       2008 жылы «Кәсібі бойынша үздік» сайысына қатысты;
  •       2013 жылы 1 санында «Қазақ ұлттық медицина университетінің хабаршысы» ғылыми практикалық журналында «Маңғыстау облысы аймақтарының қоршаған ортасының балалардың стоматологиялық жағдайына ықтимал әсер етуі», Қоршаған орта және халық денсаулығы №3/42 Алматы;
  •       2006 жылы «Маңғыстау облыстық перинатальдық орталықта нәрестелер арасында ауруханаішілік аурулардың алдын алу» басылымдары жарық көрді. 
  •       2023 жылы Бейнеу энциклопедиясына анасы Шаршаған, әкесі Бақыт және Алияның өмірбаяны енгізілді. 
      Жұқпалы аурулардың алдын алу жөнінде тұрғындар арасында санитарлық ағарту жұмыстарын жүргізу бағытында аудан, қала, облыс көлеміндегі газет, журналдар беттеріне мақалалары жарияланды, облыстық «Қазақстан-Ақтау» телеарнасында тағам, балалардың ойыншықтарына, тұрмыстық химиялық өнімдерге жасалған лабораториялық сараптама қорытындысы, тұтынушылардың құқығын қорғау, тағы басқа да тақырыптарда сұхбат беріп отырды.
      Ата-анасының, жолдасының қолдауымен өмір жолында кездескен қиындықтарды жеңе білген, әрбір істің шешімін тауып, мақсаттарға жете білген Алия - бақытты әйел. Алдымен өмір берген, оқытқан әкесі мен анасына, атасы мен әжесіне, үзіліссіз еңбек етуіне жағдай жасаған жолдасына шексіз риза.
      Жолдасы Амангелді екеуі 2 бала тәрбиелеп өсірді. Қызы Меруерт - «НИПИ нефтегаз» акционерлік қоғамында ғылыми қызметкер, күйеу баласы Асқар Апақаев «Petro Welt Technologies Kazakhstan» ЖШС Инженер ГРП болып қызмет атқарады. Ұлы Мерей - Алматы қаласында «FREEDOM TELEKOM» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде инженер болып қызмет етуде. 
      Өзінің саналы ғұмырында халықтың санитарлықэпидемиологиялық ахуалын жақсартуға арнаған жан аудандық, қалалық, облыстық деңгейде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласында 32 жыл қызмет етті. Әлі де болса сол бағытта абыройлы қызмет етіп келеді. Қарағанды мемлекеттік медициналық институтын 1989 жылы бітірген соң, Атырау санитарлық-эпидемиологиялық станциясында еңбек жолын бастап, бір жылдан кейін жас мамандарды елді мекендерге бөлгенде өзінің ата-анасы тұратын, өскен жері Бейнеу ауданына эпидемиолог ретінде жолдама алады. Осы мерзімдер ішінде білімін жетілдіру мақсатында әртүрлі республикалық деңгейдегі семинарларға, білімін жетілдіру курстарына қатысып, мамандандырудан өтті. Дәрігер-эпидемиолог, санитариялық-дәрігер жұмысы ауқымының кеңдігі, рөлінің жоғарылығы білімді тұрақты жетілдіруді, теория мен практиканы ұштастырып еңбек етуді талап етеді. 
      Алия мықты маман ретінде Чакликов Тұрар Ескендирович, Сүйінов Жаңбырбай Итібайұлы, Абаев Барақат Тоқжанұлы, Карлова Галина Михайловна сынды тағы басқа білікті мамандардың мектебінен өтті. Тұлға болып қалыптасуына орасан зор үлес қосқан алдыңғы буын әріптестеріне деген айтар алғысы шексіз.
      «Менің жолымда әрқашан жақсы адамдар кездесті. 90-шы тоқырау жылдары қазіргі уақытпен салыстырғанда өте қиын кезеңдер еді. Бірақ жас маман ретінде мен үшін қиын да қызық кездер болатын. Жұқпалы аурулардың, әсіресе іш ауру вирустық гепатит А (сары ауру) бұрқ етуі көптеп тіркелетін. Медицина тілінде «вспышка» дейміз. Ауру тіркелген ошақта жұқпалы аурудың себебін анықтап, эпидемияға қарсы шараларды ұйымдастырылды. Елді мекендерде аудандық аурухана, әкімшіліктің мектеп, балабақша, тамақпен және сумен қамтамасыз ету мекемелері, ауыл шаруашылық, ветеринария қызметкерлерінің қатысуымен жылжымалы медициналық кеңес өткізіп, жұқпалы аурудың одан әрі өршіп кетпеу үшін қатысты мекемелерге тапсырмалар беріліп отыратын. 
      Ол уақытта алдын-ала жұқпалы аурудың ошағына эпидемиологиялық тексерудің қорытындысы бойынша баяндама және хаттаманың жобасын жасаймын. Сондай кездерде есімде қалыпты, аудандық аурухананың бас дәрігері, білікті маман Абаев Б.Т. машина жібереді, «Әй бала, не жазғаныңды оқиық алып кел», - деп. Көп ештеңе түзетпейді, соған қарағанда анықтама ойынан шығатын болуы керек. 
      Өмірлік тәжірибесі үлкен аға буын дәрігердің ойы көпшіліктің алдында мағыналы, тұщымды анықтама болсын дегені болар. Жас маман болсам да жауапкершілік үлкен. Жұқпалы ауру туралы шұғыл хабарлама түскен бойда ойланбастан жолға шығуға дайын болдым. Бірлі-жарым жағдайларға тоқтала кетейін. Кешегідей есімде қалды.
      1993 жыл, қыстың қытымыр боранды күні болатын. Төлеп ауылында мектеп оқушыларына қасқыр шауыпты деген хабарлама түсті. Мекеме басшысы Ж.И.Сүйінов бак лабораториясының меңгерушісі Ж.Т.Хожаева екеумізге Төлеп ауылына барып, эпидемияға қарсы шараларды ұйымдастыруға тапсырма берді. Жаңбырбай Итибавич алыс жолсапарға Жамила Туркпенбавнамен бірге жіберетін. Ол кезде лаборатария СЭС-тің құрамында болды. Алдымыз түн болғандықтан, сенімді көлік тепловозбен баруға тура келді. Соған қарағанда жүк поезд бізше «қара» поездан басқа көліктің реті болмаған болар, оның болғанына мәзбіз. Жүргізушінің қасынан екеумізге орын табылды. Не де болса мақсат түптеген жерге жетіп, балаларды аман алып қалу. Бұл жағдайда балалардың жарақат алуынан бөлек аса қауіпті жұқпалы ауруды жұқтырып алу қаупі де үлкен. Құтыру ауруына үй жануарынан, ит, мысықтан және жабайы аңдардан жарақат алған адамдар шалдығады. Бұл аурудың жасырын кезеңі бірнеше күннен бірнеше айға дейін созылады. Жарақат алған адамға медициналық көмек кеш жүргізілсе, адам өміріне қаупі өте үлкен. Түннің бір уағында станцияға да келіп жеттік. Басшымыз Сүйінов Ж.И. телефон шалып қойған болу керек. Ветеринар қызметкердің үйіне алып келді. Келген үйіміз мектепте бастауыш сыныпта сабақ берген Сара апайымның ата-анасының үйі болып шықты. Бетіміз қап-қара көмір, көзіміз жылтырап тұр. Жуынып-шайынып, демалып, таңертең жұмысымызға кірістік. 
      Оқиға былай болған, кешкісін ақшам кезеңінде сабақтан қайтып келе жатқан оқушыларға қарсақ шапқан. 10 шақты бала жарақат алған. Әдетте ауруға шалдыққан жабайы аң адамдардан қорықпай, ауылдың ішіне кіріп кетеді де, көрінген қарайғанға адам болсын, мал болсын шабуыл жасайды. Байланыста болған – қарсақ қапқан балдарға антирабикалық егу алу, дезинфекциялық жұмыстар мен тұрғындар арасында санитарлық ағарту жұмыстары ұйымдастырылды. Уакытында әкімшілік, мектеп, ветеринарлық қызметпен бірлесіп жүргізілген шаралардың арқасында адам шығыны тіркелген жоқ.
      Осындай эпидемиялық жағдай асқынып жатқанда әріптестер бір-бірімізді түсінісіп, дер кезінде ұйымдастырылған эпидемияға қарсы шаралардың және жасалынған оперативті жұмыстардың нәтижесінде жұқпалы аурудың одан әрі тарап кетпейтініне көзім жетті», - деп еске алады кейіпкеріміз. 
      Өз ісінің нағыз маманы атану екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ал, бәрімізге мәлім, санитариялық дәрігер – ауыр, жауапкершілігі мол мамандықтардың бірі. Осы саланың қыр-сырын меңгеру жолында өзінің саналы ғұмырын арнап келе жатқан Алия Бақытқызының жанкештілігіне қайран қалмасқа тағы болмайды. Шаршауды, жалығуды білмейтін білікті маман әрдайым өзінің жұмысына үлкен махаббатпен қарайды. 
      Иә, бұл салада қиыншылықтар көп болады. Себебі, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету және сол үшін профилактикалық бағыттағы іс-шараларды жүзеге асыру өте күрделі және аса жауапты шаруа. Алия өзінің ұмтылысымен жоғары нәтижелерге қол жеткізген мықты маман. Еңбекқорлығымен және оқуға деген құштарлығымен бәрін жаулап алды, осылайша бүкіл әріптестерінің жұмысқа деген құлшынысын аша білді. Оның орасан зор тәжірибесі, даналығы мен жұмысқа қабілеттілігі жанындағыларды әрдайым жігерлендіріп, санэпид қызметінде белгілі бір биіктерге жетуге көмектесіп отыр.
      Ұлы Абайдың: «Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер-білімінде» дегеніндей, өнегелі, ауыл-аймаққа сыйлы Алияның болмысы көпке үлгі.
      «Жақсылық көрсем өзімнен, жамандық көрсем өзімнен» демекші, адамның жақсы болуы, жақсы өмір сүруі ең алдымен өзіне байланысты. Азды-көпті өмірдің қызығы мен қиындығының дәмін сезіп, осы күнге жеткен Алияның бүгінгі тіршілік баяны осылай. Отбасына амандық, өзіне денсаулық тілеп, қызметте абырой биігінен көріне беріңіз демекпіз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

19 января 2025 19:21
Баян
Роза - удивительная, позитивная, обоятельная женщина! По жизни ставит цель и смело идет к ней! Очень много мечтала...
18 января 2025 18:19
Жанболат
Анам туралы жазбаларыңа көп рахмет!!!...
16 декабря 2024 23:39
Роза
Менің Әкем.❤️Аллаға шүкір.Ата анам жүз жасасын!...